Байбазаров Тоқаев айтқан көзді таба алмапты
Өткен аптада Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) Қазақстан бойынша миссия басшысы Николя Бланше премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровпен кездесіп, қит етсе Ұлттық қорға қол салғанды және банктерді мемлекет тарапынан қолдағанды доғару керек деп кеңес беріп кетті.
Мұны Ұлттық банк пен қаржы министрлігі өкілдері де естіп отырды.
Бланше «Қазақстан үкіметіне Ұлттық қордан ақша алуды шектеу үшін қосымша құн салығын (ҚҚС) арттыру керек» деп есептейді. Оның ойынша, ҚҚС-ны өсірсе, бюджетке түсетін түсім артады да, Ұлттық қорды сақтауға мүмкіндік көбейеді. Сондай-ақ Қазақстанның биылғы экономикалық өсу болжамын 3,9 пайыз деп есептеді. Ал президент Тоқаевтың тапсырмасы бойынша экономикалық өсім жыл сайын 6 пайызға артуы керек. Бланше бұған қатысты да айтты. Ол 6 пайыздық тұрақты өсімге қол жеткізу үшін де ҚҚС мәселесін реттеп алыңдар деп отыр.
Еске салсақ, ХВҚ миссиясының өкілі былтырдан бері Қазақстанға 12 пайыздық ҚҚС-ны 16 пайызға көтеру керегін ұсынып жүр. Былтыр Бланшенің осы ұсынысына сүйене отырып жоспар құрған сол кездегі ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ҚҚС-ның көтерілуі бюджетке 2,4 трлн теңге көлемінде қосымша түсім әкелетінін айтқан. Қуантыровтың сөзінше, бұл қаражатты республикалық бюджетке Ұлттық қор арқылы түсетін кепілдендірілген трансферттердің көлемімен салыстыруға болады.
Қуантыров былтыр жыл бойы Бланшенің ҚҚС туралы ұсынысын жүзеге асыру туралы айтып жүрген. Алайда жыл соңында президент Тоқаев үкіметке ҚҚС өсірмеуді, бюджетке түсетін кірісті басқа көздерден іздеуді тапсырған соң жым болды. Сөйтіп, 12 пайыздық ҚҚС өзгеріссіз қалған. Бірақ, басқа көз президент айтты екен деп табыла салмайды екен. Николя Бланше құн салығын өсіру ұсынысын неге қайталап отыр дейсіз, күткеніміздей, үкімет бюджетке кіріс енгізетін басқа көздерді таба алмаған. Әлемдік нарықта мұнай бағасы құбылып тұр. Бюджеттің тапшылығы 3 трлн теңгеден асты. Ұлттық қордан алынатын трансферттер көлемі ұлғаймаса азайған жоқ. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2025-2029 жылдар аралығында Ұлттық қордан 3 трлн теңге алынатынын да мәлімдеп қойды.
Бланше біліп айтып отыр
Ал енді қайтпек керек? Бюджетке түсім түсіретін басқа көздерді қайдан табамыз? Ұлттық қорды қалай сақтап қаламыз?
Экономист-ғалым Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, бізде әу баста Ұлттық қорды басқару жүйесі дұрыс қалыптаспаған. Оның ойынша, Ұлттық қорды Ұлттық банк басқармауы керек. Ұлттық қор тек президент пен үкіметтің бақылауында болуы тиіс.
«Ұлттық банк Ұлттық қорды басқаратын инвестициялық компания емес. Сондықтан бұл банктен Ұлттық қорды басқару құзыретін алу керек. Сосын Ұлттық қордан алған қаржыны әртүрлі жобаларға, бағдарламаларға бюджеттік несие ретінде құя бергенді доғару керек. Бизнесті несиелендірудің басқаша тетіктерін ойлап табуға болады. Мысалы, ауыл шаруашылығын несиелендіру үшін Агробанктер құру керегін, ауылға салалық банктер апару керектігін қанша айттық. Бірақ ұсынысымызға құлақ асқан ешкім болмады. Ол банктерден ауыл кәсіпкерлері аз пайызбен несие алып, ауылдық жерлерде өндірісті дамытып, өнім алу қабілеті артатын еді де, экономика содан күш алатын еді. Экономика күшейген сайын біз бір ғана салықтан түсетін түсімге иек артып отырмайтын едік. Күшті экономика салыққа телміріп отырмайды. Керісінше, экономика қарқынды дамыған кезде салық түсімдері өзінен-өзі көбейеді. Елде бір емес, бірнеше кәсіпорын пайда болса оның бюджетке төлейтін салығы да артады емес пе?! Біз экономиканы шалажансар жобалармен тұншықтырдық. Осының барлығын біліп отырған ХВҚ өкілінің «енді ҚҚС өсіру арқылы кірістеріңді арттырыңдар» демеске амалы жоқ. Олай етпесек, қысқа мерзімде бюджетке түсім әкелетін басқа көздерді табу қиын. Алайда ҚҚС көтеру бизнеске одан әрі салмақ салады», – дейді Бейсенбек Зиябеков.
Қазір бізде 100 миллион теңгеден астам таза пайда тапса, кәсіпкер онсыз да мемлекетке 42 пайыздан астам салық төлейді. Біріншісі корпоративті табыс салығы – 20 пайыз, екінші жеке табыс салығы – 10 пайыз, үшінші ҚҚС – 12 пайыз. Бұл тіпті әлемдік стандарт бойынша да көп. «Сондықтан кәсіпкерлер көлеңкелі бизнеске басымдық беріп кетті. Ал мұндай бағытпен экономиканың дәуірлеуі екіталай», – дейді сарапшы.
Адам түсінетін Салық кодексі жоқ кезде...
Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық одақ заңдылықтары да кәсіпкерлерді ығыр еткен. 2014 жылы аталмыш одаққа енгенде үкімет берген уәделердің бәрі керісінше шығып жатыр. Мысалы, 2022 жылдан бастап аталмыш одақтың заңы бойынша Қазақстанда дәрілік заттардың цифрлық таңбалануы және қадағалануы енгізіле бастады. Содан бері дәрі-дәрмек қымбаттап кетті. Фармацевтика саласында жүрген отандық кәсіпкер Альбина Шаяхметованың сөзіне сүйенсек, дәрі-дәрмектерді цифрлық таңбалау, олардың қорабын маркалау тегін емес, әрине, ақылы. Тиісінше, дәрілерді көтерме бағамен жеткізушілер мен дәріханалар оның құнын қарапайым тұтынушылардан өндіреді. Оған енді ҚҚС көтеру қосылса, онда бұл кәсіптен біраз кәсіпкерге кетуге тура келеді.
«Ресей енді цифрлық таңбалауды аяқкиім бизнесіне де енгіземіз деп отыр. Былтырдан бері Ресейден келетін аяқкиімдер де күрт қымбаттады. Еуразиялық экономикалық одақ елдері «контрабанданы осы цифрлық таңбалау арқылы жеңеміз» деп ойлайды. Цифрлық «маркировка», яғни цифрлы таңбалау көлеңкелі экономикадан құтқармайды. Алдымен елдегі басқа мәселелерді шешіп алу керек. Салықты көбейтіп, кәсіпкерді қыса бергеннен Ұлттық қор толысып, бюджеттік түсім артады дегенмен келіспеймін. Бізде өзі қарапайым халық та, кәсіпкер де түсінетін Салық кодексі жоқ. Негізінде өндіріс қуаты мен қаржылық көрсеткіші жоғары олигархтардың жеңілдігін азайту керек деп ойлаймын. Ал шағын және орта кәсіпкерлердің жүгін жеңілдеткен абзал», – дейді А.Шаяхметова.
Экономист-сарапшы, қаржыгер Дәурен Арын ҚҚС-ны реформалау керек болса, онда алыс-жақын көршілеріміздің салық заңдарын ескеру қажет деп есептейді. Себебі Қазақстанда импортқа тәуелділік деңгейі өте жоғары. Импорт тауарды тасымалдау кезінде қай елдің Салық кодексінде айқындылық басым болса, заң солардың сөзін сөйлейді.
«ХВҚ-ның өкілі біздің Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы заңдардың олқылығын білмеуі де мүмкін. Жалпы, салыққа қатысты айқындылық саясаты жоқ екенін, бір ғана байлыққа салынатын салық шкаласын әлі реттей алмағанымызды, табыс салығының шкаласын айқындай алмай отырғанымызды білмейді. Сондықтан өз басым мұның барлығын зерттеу керек деп есептеймін. Бір ғана салықты өсіру арқылы Ұлттық қорды толтырамыз, қордан алатын қаражатты азайтамыз деуге тағы болмас. Себебі бірқатар мемлекеттерде елдің өмір сүру құнының негізсіз қымбаттауына жол бермеу үшін азық-түлік өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салықтан босатылады. Елдің денсаулығына қызмет ететін дәрі-дәрмек шығаратын кәсіпорындарға, медициналық қызметтерге де құн салығы салынбайды. Салықты көтергеннен кейін оның артында қаншама мәселе бар. Қымбат салық төлеген кәсіпорын шығарған өнімін, әкелген тауарын халыққа қымбатқа сатады. Осыны да ескеру керек. Қосымша құн салығын көтеру инфляцияны одан әрі арттырады», – дейді Д.Арын.
Сарапшы Қазақстанның Ұлттық қорын 1990 жылы Норвегия мемлекеті мұнай өндіруден түсетін қаржыны жинақтау мақсатында құрылған – Норвегия Мемлекеттік зейнетақы қорымен салыстырады. Ескеретіні, соңғы сегіз жылда еліміздегі мұнай өндірудің деңгейі Норвегия елінің мұнай өндіру деңгейімен бірдей (тәулігіне 1,8-2,0 миллион баррель) болды. Алайда Ұлттық қорымыздың көлемі Норвегияның тобығына жетпейді. Бүгінгі таңда Норвегия Мемлекеттік зейнетақы қорының есебінде 1,4 триллион АҚШ доллары бар, ал біздегі Ұлттық қордың қаражаты 60,2 млрд доллардан енді асты. Алдымызда алдағы бес жылда Ұлттық қорды 100 млрд долларға жеткізу жоспары тұр. Осы уақытқа дейін бірнеше мәрте дағдарыстан өтсек те, экономиканы әртараптандыруға, инновация мен индустрияны жетілдіруге асықпаған үкімет енді Ұлттық қорды салықты көтеру арқылы толықтырғысы келеді. Бұған қатысты атқарушы билік біресе – банктерге қатысты салықты көтереміз десе, енді бірде – уран өндіру салығын өсіру жайлы бастама көтеріп әлек. Ал енді оған ҚҚС-ны өсіру ұсынысы қосылды.
Жоғарыда қосымша құн салығын көтеру былтыр да көтерілгенін айттық. Былтыр бұл әуенді экс-министр Әлібек Қуантыров біраз «жырлаған». Биыл ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың да сол әуенді тағы жалғастыратын түрі бар. Ең қызығы, президент «бюджетті толықтырудың басқа көздерін қарастырыңдар» деп тапсырма берсе де, премьер-министр Бектенов пен министрлері жыл сайын бәз баяғы ескі әуенді түрлендіріп айтудан жалықпайды. Олардың бұл әрекеттері «Әләуләйлім таусылса, хәләуләйлім тағы бар» деп әумесерлікке салынатын Қожанасырдың қылығына көбірек ұқсайды.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ