Байбазаров Ұлттық экономика министрі қызметінен босатылды

Қасым-Жомарт Тоқаев сенбі, 21 желтоқсанда министрді отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Байбазаров Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі қызметінен босатылды», - делінген хабарламада.
49 жастағы шенеуніктің отставкаға кету себептері айтылмады.
Байбазаров бір жылдан аз уақыт Үкімет басшысының орынбасары және бір мезгілде экономика министрі қызметін атқарды. Ол ақпан айында тағайындалды.
Нұрлан Байбазаров мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда 1997 жылдан бері жұмыс істеген. Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінде қызмет атқарған. Қазақстанның Даму банкінің (2022-2023 жж.) және «Бәйтерек» холдингінің (2023 жылдан 2024 жылдың ақпанына дейін) басқарма төрағасы болды.
Қазан айының соңында Байбазаров 2025 жылы ЖІӨ өсімі 5,6 пайызды құрайтынын айтты. Бұған дейін үкіметке келесі жылы ішкі жалпы өнімнің өсімін 6 пайыздан төмен түсірмеу міндеті жүктелген болатын.
2024 жылдың қаңтар-қараша айларында ішкі жалпы өнім, үкіметтің ақпараты бойынша, 4,4 пайызды құрады. Министрлер кабинеті мұны мұнай өндірудің болжамды көрсеткіштеріне қол жеткізілмеуімен түсіндірді.
Қазақстан билігі экономиканы әртараптандыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту қажеттігін көп жылдар бойы айтып келеді, бірақ мемлекеттік бюджет әлі де көп жағдайда экспортталатын мұнай мен басқа да шикізат бағасына тәуелді.