Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 11 Маусым 2024

Байбазаровтың оптимистік сценарийі пессимистік көңіл күй сыйлайды

Байбазаров
Фото: Ашық дереккөз

Биыл әлемдік экономиканың дамуы баяулайды. Халықаралық ұйымдар мен Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) болжамдары осыны көрсетіп отыр. Әлемдік экономиканың төмендеуі Қазақстанға қалай ықпал етеді?!

Қарапайым халықты қайдам, біздің ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ақпан айында министр қызметіне кірісе салысымен-ақ, үкімет отырысында «экономикада анықталған резервтерді ескере отырып ел экономикасын 6 пайызға өсіреміз» деді. Министрдің ойынша, өңдеу өнеркәсібіндегі, құрылыс өндірісіндегі, көлік қызметтері мен ауыл шаруашылығы саласындағы өсімдерді есепке ала отырып, бұл мақсатқа жетуге болады.

Негізінде, бұған дейін Әлібек Қуантыров ұлттық экономика министрі болып тұрған тұста да, экономикалық дамуымызға, өсімімізге, жалпы ішкі өнімнің өсуіне қатысты «өнеміз, өркендейміз» деген жоспарларды жиі айтатын. Экс-министр Қуантыров та экономикамызды 6 пайызға өсіруді армандап кеткен. Бірақ ол «бұл межеге 2026-2028 жылдары жетеміз» дейтұғын. Ақыры былтыр арманы асқақ күйінше Қуантыров орынтағын босатты. Нұрлан Байбазаров келе салысымен ұлттық экономиканы реформалайтынын, жаңа экономикалық саясат ұстанатынын, экономикада құрылымдық өзгерістер жасайтынын мәлімдеді.

Уәдеге тойып отыра берер едік, оған әбден үйренгенбіз. Алайда халықаралық сарапшылардың «ғалам экономикасының өсімі төмендейді» дегені алаңдатпай қоймады. Экономикасы дамыған, адами капиталы нық тұрған, өндірісі өскен, ЖІӨ өсім беріп отырған елдердің экономикасы баяуласа, біздің күй не болмақ?! Бұған қатысты отандық сарапшылар «түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» дегенді айта бастағанда ұлттық экономика министрлігі де 2025-2029 жылдарға арналған экономикалық болжамын жария етті. Әдеттегідей базалық, оптимистік және пессимистік сценарий бойынша жазылған болжамда қорқатындай дәнеңе жоқ.

Ведомство ақпаратынша, әлемдік экономика тұрақты, қарқынды дамығанда біздің де экономикамыз екпін алады. Министрлік болжамынша, мұнай нарығындағы бағалар әлемдегі геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты құбылады. Мысалы, 2024 жылдың қаңтарында Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 79,15 АҚШ доллары болса, қазір мұнай бағамы 80 доллар болып тұр. Болжам бойынша қара алтын бағасы жыл соңына қарай 83,7 АҚШ доллары болады. Ал 2025 жылы – мұнай баррелі 80,2 долларға тұрақтайды. Осы болжамдарды ескере отырып, министрлік елдің бюджетін мұнай бағасы 73 долларға дейін түссе де ортаймайтындай етіп жоспарлапты. Ал Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) мұнай бағамына қатысты болжамы тіптен басқаша. Аталмыш қор 2024 жылдың соңына қарай мұнай бағасы барреліне 78,6, 2025 жылы 73,7 доллар болады деп біраз елдің көңіл күйін бұзды. Дүниежүзілік банк те мұнай бағасы 2024 жылдың соңында барреліне 81, 2025 жылы 78 АҚШ доллары болады деп болжайды. Ал біздің министрлік базалық және оптимистік сценарийге көбірек иек артып, дамимыз деуден бір танбайды.

Экономиканың жауы жалған статистика

Экономикалық бақылаушы, саясаттанушы Әсем Қасымханованың сөзіне сүйенсек, ХВҚ әлемдік экономиканың өсімін 2024 жылы 3,2 пайыз деп болжап отыр. Ұйымның болжамынша, 2025 жылы да әлем экономикасының өсімі 3,2 пайыз деңгейінде, өзгеріссіз қалады. Ал Дүниежүзілік банк бұл болжамды тіптен төмендетеді. Банктің жорамалынша, 2024 жылы әлем экономикасы 2,4 пайыз ғана болса, 2025 жылы 2,7 пайыз.

«Әлем экономикасына қатысты БҰҰ-ның болжамы мен Дүниежүзілік банктің болжамы бір-бірімен сәйкес келеді. Қатарынан екі жыл әлемдік экономиканың төмендейтіні айтылып жатыр. Еуро аймақты қоспағанда, АҚШ, Қытай және Ресейде 2024-2025 жылдары экономикалық өсу қарқыны біршама төмендейді деген болжам бар. Мысалы, Ресейдің экономикалық өсу болжамы 2024 жылы 3,2 пайыз болса, 2025 жылы 1,8 пайыз деңгейінде болады деген болжам жасалған. АҚШ экономикасы да биыл 2,7 пайыз, 2025 жылы 1,9 пайызға дейін баяулайды. Қытай экономикасының да 4,1 пайызға төмендейтіні айтылды. Ал енді мұндайда Қазақстан экономикасы тек қарқынды өсім береді деп айту қисынға келмейді. Негізі, біз осы уақытқа дейін экономиканың жауы жалған статистика екенін айттық, жаздық. Бірақ атқарушы билік бұдан сабақ алар емес. Нақты дәлел келтіретін болсақ, былтырдан бері экономикалық өсімнің төмендейтіні белгілі еді. Себебі былтыр бірқатар мемлекеттер инфляциямен күрес саясатын қатайтты. Әр мемлекеттердің бас банктері базалық ставкаларын өсірді. Бұдан барып өндіріске, зауыт-фабрикаларға, бизнеске алатын несие қымбаттады. Бизнесте жүргендер несие алуды азайтты. Өндіріс орындары шығындарын қысқартып, өнім көлемін де санаулы етіп шығара бастады. Міне, бұл биыл жыл аяғында жемісін беруі керек еді. Инфляциямен күресеміз деп біз де былтырдан бері базалық мөлшерлемені жоғары ұстадық. Ұлттық банк тек сәуірде ғана базалық ставканы 14,50 пайызға төмендетті. Қазақстанның да бизнесте жүрген кәсіп иелері қымбат несие алмау үшін шығындарын қысқартып, өндірістерін азайтты. Осының барлығы жалпы экономиканың өсіміне әсер етері даусыз. Сондықтан биыл біздің экономикалық өсім 6 пайызға жетеді деуге ерте», – дейді Әсем Қасымханова.

Маманның ойынша, әлемдік экономикалық өсімнің төмендеуі, Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға өз әсерін береді.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин де Ресейге салынған санкциялардың салмағы Қазақстанға ауыр болып жатқанын жасырмайды. Жұманғарин жағдайдың шын мәнінде қиын екенін, санкцияның салдарынан көптеген логистикалық және сауда тізбегі үзілгенін мәлімдеді. Осылайша, біздің санкция салып отырған коалицияның мүшесі емес екенімізді, санкция саясатын біржақты қолдамасақ та, талабын орындауға мәжбүр екенімізді еске салды.

Санкция мен салық

Алайда атқарушы билік «байланыстамыз, диалог орнатамыз» дегенімен, Ресейге салынған санкциялар әсерінен біршама салаларда түсім азайып кеткен. Қаржы, экономика және сақтандыру ісінің маманы, сарапшы Жұлдыз Алдажарованың айтуынша, 2023 жылы негізгі экспорттық тауарлар бағасы 11,3 пайызға төмендеген.

«Логистика проблемалары мен Ресейге қарсы салынған санкциялар себебінен Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда көлемі 9,3 пайызға азайған. 2022 жылғы сауда көлемі 19,3 млн долларға жуық болса, 2023 жылы шамамен 17,5 млн доллар болған. Ресейге салынған санкциялар ауыл шаруашылығы саласына, оның ішінде астық өндірісіне, бидай тасымалына әсер етіп жатыр. Еуропалық одақтың Ресей мен Беларусь бидайына баж салығын енгізуі өте салмақты аргумент. Өйткені біз Ресей арқылы Еуропаға астық экспорттаймыз. Енді сол Ресей арқылы өтетін бидайымызға салық салынатын болса онда бұл нарық бізге жабылады. Бұдан түйетініміз, астық өндірісінде жүргендерге қиын болмақ. Сондықтан үкімет ауыл шаруашылығында диқандарға қолдау көрсетуі керек. Солтүстікте, Батыста су тасқынына байланысты егіс жұмыстары биыл онсыз да кеш басталды. Көктем басталмай жатып бірқатар елдерде төтенше жағдай жарияланды, Мұның барлығы бюджетке ауқымды шығын әкелді. Осының барлығын ескерсек, биылғы жылы экономикалық өсім өседі деу қиын. Оның үстіне әлемдік мұнай нарығында баға төмендейді, бірқатар елдердің өндірістік қабілеті баяулайтыны белгілі болып отыр», – дейді сарапшы маман.

Әлем экономикасының төмендеуі және Ресейге салынған санкциялар бізге өз әсерін береді. Еліміздің ауыл шаруашылығы саласына, оның ішінде астық шаруашылығына, жылыжайлар саласына, өндірістік қабілетімізге тау-кен өнеркәсібіне, мұнай-газ саласына және көлік өндірісіне, азық-түлік қауіпсіздігіне қосымша инвестициялар тарту керек болады.

Жалпы, Қазақстанның негізгі сауда әріптестері – Еуроодақ елдері (тауар айналымының 40 пайызы), Ресей және Қытай. Бұл елдердің экономикасында өсім байқалмаса, барлық елдерде құлдырау болатыны белгілі. Бірақ біздегі ұлттық экономика министрлігінің есептері көңіл тоғайтады. Олардың есебінше, алдағы уақытта ЖІӨ өседі. Жұмыссыздық төмендейді. Айтпақшы, бұған қоса алда 2030 жылға дейін Ұлттық қорды 100 млрд долларға дейін өсіру межесі тұр...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ