Байден – мақтаншақ, Трамп – жоспарсыз, Зеленский – мұқтаж
Байденнің көзқарасындағы Қытай, Таяу Шығыс және Украина
Президенттік мерзімі аяқталып жатқан Джо Байден АҚШ-тың мемлекеттік департаментінде жиын өткізіп, президенттік жұмысын қорытындылады. Ақ үйдегі қызметі кезіндегі сыртқы саясатының бір жемісі ретінде Ресейдің басқыншылығына қарсы Украинаны қолдауын атады. «Путин Украинаға басып кіргенде, Киевті бірнеше күнде аламын деп ойлады. Бірақ соғыс басталған соң Киевтің төрінде ол емес, мен тұрдым. Путин дегенін істей алмады. Осыны да ойлаңыздар» деді Байден мемлекеттік департаментте айтқан сөзінде. «Соғыс аймағында америкалық әскер болмаса да, сол жаққа барған жалғыз бас қолбасшы мен болдым» деп тағы қосты.
«Біз Украинаға Путинді тоқтатуға көмектестік. Міне, үш жыл өтті, Путин бірде-бір стратегиялық мақсатына жете алған жоқ. Украинаны әлі өзіне бағындыра алмады. НАТО-ның бірлігін жоя алған жоқ. Шекарасын да кеңітпеді» деді Украинаға жасаған көмегін қорытындылап.
Бірақ соғыстың аяқталмағанын, Украинаны көмексіз қалдыруға болмайтынын да айтты. Естеріңізде болса, 2023 жылдың ақпан айында – соғыс басталғанына тура бір жыл болғанда Байден Киевке барған болатын.
20 қаңтар күні Ақ үйдің төріне Дональд Трамп шығады. Байден мен Трамптың Украинаға көмек қолын созу саясаты ұқсамайды. Трамп соғысты тезірек тоқтатуға мүдделі. Ол үшін Путинмен кездесуге де дайын екенін айтты. Әлемдік экономиканы зерттейтін Киль институтының дерегі бойынша, соғыс басталғаннан 2024 жылдың қараша айына дейін АҚШ Украинадағы соғысты қолдауға 88 миллиард доллар жұмсаған. (Еуропа елдері 125 миллиард еуро көлемінде көмектескен).
Көптеген республикашылар Байденді Украинаға өте көп қолдау көрсеткеніне, сол арқылы конфликтіні асқындырып жібергеніне қарсы. Олардың ойынша бұл қадам Үшінші дүниежүзілік соғысқа апара жатыр. Бірақ кей украиналық және еуропалық сарапшылар, керісінше, Байден көмек көрсету кезінде көп сақтық танытып, дер кезінде қаржылық жағынан, қару-жарақ жағынан көмектескен жоқ. Ресеймен тікелей конфликтіге келіп қалудан қорықты дейді. Зымырандар, HIMARS қондырғысын, көліктерді жеткізу кезінде АҚШ шешімді ұзақ уақыт қабылдады. Бұл майдан даласындағы шығынның көбеюіне ықпал етті дейді сарапшылар.
Байден сонымен қатар өзі президент болып отырғанда АҚШ-тың дұшпандары әлсіреді деп мақтанды. «Ол үшін соғыс ашып та әуре болған жоқпыз» деді. Әлемдік экономикалық конкуренцияда да алда келетінін, Қытайдың жақын арада оларды оза алмайтынын да алға тартты.
«Бәріңіз білесіздер, сарапшылар Қытай экономикасы АҚШ-тан озады деді. Бірақ қазір олай емес. 2030 жылы солай болатын шығар, тіпті одан кейін болмаса» деді Байден.
«Бірақ біз барлық болжамдарға «жоқ» дедік. Өзімізге инвестиция салдық, жұмысшыларымызды қорғадық, технологиямызды дамыттық. Ол болжамдар орындалмайды. Қазіргі жағдайға қарасақ, Қытай бізден экономикалық тұрғыдан ешқашан оза алмайды. Болды» деді.
Байден Таяу Шығысты да сөз етіп, Иранды, ол қолдау отырған ХАМАС, «Хезболла» ұйымдарын да әлсіреткенін айтты. Сириядағы Башар Асад режимінің құлауын да өз пайдасына шығарды. «Барлық параметр жағынан қазір Иранның позициясы соңғы он жылға қарағанда әлсіреді. Бұған біздің әрекетіміз ықпал еткені сөзсіз» деп желпінді Джо Байден.
АҚШ президенті Израиль билігі мен ХАМАС-тың арасында келісім болатынына үміті барын, тұтқындағы израильдік азаматтар босап, Газа секторында тыныштық орнайтын шығар деді.
«Келісім тұтқындарды босатуға қол жеткізеді, соғыс тоқтайды. Израиль қауіптен құтылады. Палестинаға гуманитарлық көмектің көп баруына ықпал етеді», – деді Байден.
Палестиналықтардың құқығы үшін күресетін белсенділер Байденді Израильге ХАМАС-пен күрес кезінде көмектескені үшін айыптайды. Газа секторында соғыстың күшеюіне әсер етті дейді. ХАМАС-тың шабуылынан 1200 израильдіктер қаза тапты, олардың көбі бейбіт тұрғындар еді. 250-ден астамы тұтқынға түскен. Израильдің Газадағы қарымта шабуылы кезінде палестиналық шенеуніктердің дерегі бойынша 46 мың адам өлген. Сектордың көп бөлігі қирап, халқы босқындауға мәжбүр болған.
Байден қалай мақтанса да, оның жұмысына сын айтушылар көп. Бірақ президенттіктен кетіп бара жатқан адам қалай өз жұмысын сынайды, оны да ойлап қойыңыз.
Трамп не дейді?
Ақ үйге кіруі жақындаған сайын Дональд Трамп та үнсіз отырған жоқ. Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуге дайындық жүріп жатқанын айтты. «Оның кездескісі келеді, біз дайындалып жатырмыз» деді Трамп журналистерге Флоридадағы резиденциясында республикашыл-губернаторлармен кездесуі алдында.
«Президент Путиннің кездескісі келеді. Ол сөзін ел алдында да айтты, біз бұл соғысқа нүкте қоюымыз керек» деді. Бұған дейін де Украинадағы соғысты аяқтайтынын, бірақ қалай жүзеге асыратынын айтпаған еді. АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті келіссөздерді бастау үшін қызметіне кірісуді күтіп жүргенін айтты. Трамп Путиннің Украинадағы соғысты тоқтатуға мүдделі екеніне сенетінін айтқан.
АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен келесі аптада АҚШ президенті қызметіне кіріскеннен кейін «бірден» кездесуді жоспарлап отыр деді. Ол Ресейдің Украинаға қарсы соғысы 2022 жылдың ақпанында басталғаннан бергі екі ел басшыларының алғашқы кездесуі болатын кездесудің күндерін нақтыламады.
Трамп Newsmax-қа берген сұхбатында соғысты аяқтау стратегиясы туралы сұраққа: «Бір стратегия бар және ол Путинге байланысты. Мен оның кездескісі келетінін білемін» деп жауап берді.
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі қызметіне кіріседі деп күтілетін конгрессмен Майк Уолц 12 қаңтарда Трамп пен Путиннің телефон арқылы сөйлесуін «таяу күндер мен апталарда» күтетінін айтты.
Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 10 қаңтар күні президенттердің кездесуіне байланысты нақты жоспар жоғын айтқан. Бірақ Мәскеу Дональд Трамппен диалог жүргізуге қарсы емес екенін білдірген. Песков кездесу үшін алдын ала келісімнің қажеті жоғын, тек екі президенттің өзара шешімі болса жеткілікті екенін алға тартқан. «Егер президенттік қызметіне кіріскеннен кейін Трамптың жоғары деңгейде байланыс орнатуға саяси ерік-жігері сақталса, әрине, президент Путин қарсы болмайды», – деді.
Reuters агенттігі 2024 жылдың қараша айында Путиннің соғысты тоқтатуға дайын екенін, бірақ шарттары бар екенін жазған. Ол дәл қазір Ресей әскері тұрған жерлерден бас тартпайтыны және Украинаның НАТО-ға кіруіне қарсы екенін айтқан.
Бұған дейін Трамп президенттік қызметке кіріскеніне алты ай ішінде Путинмен кездесуі мүмкін екенін айтып жүрген. Песков америкалықтардың тарапынан әлі ондай ұсыныс түспегенін айтты. Путиннің өзі болса, желтоқсан айында Трамппен кездесуге дайын екенін мәлімдеген болатын. Washington Post газеті өткен жылдың қараша айында, Трамп жеңіске жеткеннен кейін Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы соғысты талқылады деп жазған. Бірақ Кремль бұл ақпаратты «ойдан шығарылған» деп мойындаған жоқ.
Трамп соғысты қалай тоқтады енді? Президенттікке түсіп жатқанда Трамп Украинадағы соғысты «24 сағаттың» ішінде тоқтата алатынын айтты. Бірақ сайлаудан кейін бұл амбициясы басылып қалды. Қаңтар айында Конгресс сайлаудың нәтижесін қабылдаған соң, жарты жылда тоқтататынын айтты.
Әлі қызметіне ресми кіріспесе де, АҚШ-тың Украина мен Ресей бойынша арнайы өкілі деп Трамп тағайындаған Кит Келлог Fox News телеарнасына берген сұхбатында: «Жаңа сайланған президент жуық арада жоспарын таныстырады» деді. Оның мақсаты соғысты 100 күнде тоқтату екенін де айтты.
Financial Times басылымы 9 қаңтар күні Еуропаның шенеуніктерінің атын атамаса да, пікірлерін жариялады. Олардың сөзінше, Трамптың командасы Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатудың жолдарын қарастырып жатыр. Бірақ дәл қалай соғысты тоқтату керек екенін әлі білмейді. «Трамптың командасы мықты боп көрінуге бар күшін салып жатыр. Сол үшін Украинаға қалай ықпал ету керегін ойлану үстінде делінген жазбада.
Биыл бұл соғыстың басталғанына үш жыл болады. Путин қасарысып отыр. Трамп қалайда соғысты тоқтатуға мүдделі екенін белгілі. Бірақ оның пиғылы мен шарттары Украина президенті Зеленскийге түк ұнамай отыр.
Зеленский
Өткен аптада АҚШ-тың Германиядағы «Рамштайн» әскери базасында Ресей агрессиясына қарсы Украинаға күресуге көмек беретін одақтас мемлекеттердің кезекті кездесуі өткен болатын. Дональд Трамп таққа отырар алдында өтіп жатқан бұл басқосудың соңғы отырысы болуы мүмкін деген пікір бар.
Бұл жиынға Украина президенті Владимир Зеленский, АҚШ-тың қорғаныс министрі Ллойд Остин (бұндай саммиттің өтуіне мұрындық болған адам) және Киевке тілектес еуропалық елдердің қорғаныс министрлері қатысты. Трамптың соғысты тоқтатуға берген уәдесі әлі де сөз жүзінде ғана қалып отыр. Оның ниеті болғанымен, нақты жоспары жоқ екенін айттық. Джо Байденді көп көмек бергені үшін сынап келе жатқан Трамптың Ресей президентімен кездесуін бәрі күтіп-ақ отыр.
«Рамштайндағы» жиында Зеленский сөзін Украинаға беріліп жатқан көмектердің тоқтамауын сұраудан бастады. Сөзіне қарағанда, Трампқа қарата айтылған ләм. «Еуропа үшін де, әлем үшін де аз уақыттан кейін жаңа кезең басталады. Біз бұрынғыға қарағанда белсенді әрекет етіп, күш біріктіруіміз керек. Бұрынғыдан да жақсы нәтижеге қол жеткізгіміз келеді» деді Зеленский жақындап келе жатқан Трамптың инаугурациясын меңзеп.
«Біз ұзақ жол жүріп өттік. Енді қорғаныс коалициясын құрмай, бос отыра берсек, есуастық болар еді. Коалиция бар және нәтиже де жаман емес. Осы уақытқа дейін соған күш жұмсап, енді әрекетсіз қалсақ ұят. Әркім өз мемлекетін картадан жойғысы келмейді», – деді Зеленский.
Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус егер АҚШ «Рамштайн» форматында кеңесуден бас тартса, Еуропа елдерін жауапкершілікті өз мойындарына алуға тура келетінін айтқан. Және Трамп билікке келгенше оның не істейтінін жорамалдаудың қажеті жоғын да ескертті.
Күні кеше Берлин Киевке Leopard 1 танктерін, жаяу әскерлердің жауынгерлік машиналарын, бронетранспортерлерді және басқа да әскери көмектерді жеткізіп берді. Бұл шешім өткен жылдың соңында қабылданған болатын. Борис Писториус Германия билігі Польша, Франция, Италия және Ұлыбританиямен Украинаға әскери қолдауды күшейтуді талқылап жатқанын айтты. «Бестіктер тобының» бірінші отырысы өткен жылдың қараша айында Берлинде өтті, келесісі Парижде өтеді», – деді.
Талқыланған негізгі бағыттардың қатарында Украинадағы бірлескен қорғаныс кәсіпорындарының мүмкіндіктерін кеңейту, Еуропа елдері мен Украина арасындағы ынтымақтастық деңгейін арттыру және бір-бірінен озық тәжірибелерді алуды атады.
Өз кезегінде Украина президенті Владимир Зеленский Украина өзін қорғау арқылы Еуропаны, ортақ құндылықтарды, демократия мен еркіндікті қорғайтынын атап өтті. «Біздің әскери қызметшілер қай жерде болмасын: бірінші, екінші немесе үшінші болып барлығын қорғайды. Менің ойымша, бұл ең маңыздысы», – деді.
Польшаның қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камыш та бұл осы форматтағы соңғы отырыс болуы мүмкін екенін айтқан. Жыл басында Украина президенті Владимир Зеленский американдық подкастер Лекс Фридманға үш сағаттық сұхбат берді. Сол сұхбаттың басында Владимир Зеленский АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Украинаға ұшақпен ұша алатын алғашқы әлемдік көшбасшы болуы мүмкін екенін айтқан. Ресей агрессиясы басталғалы бүкіл Украинада әуежайлар жабылды, ал шетелдік саясаткерлер қазір көрші елдерге ұшып, ол жақтан Киевке пойызбен барады.
Зеленский Путиннің мақсаты оны Дональд Трамппен жанжалдастыру деп санайды және Трамп Украинаның қауіпсіздігіне елеулі кепілдіктерсіз атысты тоқтатуға келіссе, Путинге мүмкіндік береді деп есептейді. «Путин біздің аумақты басып алуды аяқтауды ойлайды, мен бұған толық сенімдімін, сондықтан Путиннің соғысты тоқтатуды қалауын күтпей, оны соғысты тоқтатуға мәжбүрлеу керек» деген еді Украина президенті.
Байденнің президенттік мерзімі аяқталуы мен Трамптың таққа отыруы Зеленский үшін де, Украина халқы үшін де елеулі оқиға болды. Трамптан үмітін үзбегенмен, Зеленский бұрынғыдай көмек болмай қала ма деп алаңдайтыны орынды. Бұл алаң – тек бір халықтың емес, бейбітшілікті жақтайтын адамзатқа ортақ сезім. Зеленскийдің айтқанындай, Путинді соғысты аяқтауға мәжбүрлеу мүмкін бе екен...
Қасым Арықбай