Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:42

Байкал көлінде жеті қытайлық турист қаза тапты

Байкал
Фото: Риа Новости

Ресейдегі Байкал көлінде мұз астына автокөлік түсіп, жеті қытайлық турист пен жүргізуші қаза тапты.

Бұл туралы РИА Новости  хабарлады.

Қайғылы оқиға 20 ақпан күні күндіз болған. Шамамен сағат 15:00-де жүргізуші Хужир кентіндегі демалыс базасынан жолға шыққан. Экскурсия тобы көлдің мұзы үстімен Хобой мүйісіне қарай бағыт алған. Қозғалыс кезінде «УАЗ» маркалы автокөлік мұз ойығына түсіп кеткен.

Көлікте барлығы тоғыз адам болған, оның сегізі — Қытай азаматтары. Салдарынан жеті турист және 44 жастағы жергілікті жүргізуші қаза тапты. Құрбандардың арасында 2013 жылы туған бала да бар. Бір турист аман қалып, өздігінен сыртқа шыға алған.

Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзевдің мәліметінше, қаза тапқандар арасында Қытайдан келген бір отбасы — ерлі-зайыптылар, олардың 14 жастағы баласы және тағы бір туысы болған. Олар туроператор арқылы емес, жүргізушімен тікелей келісіп, жеке турист ретінде келген.

Алдын ала дерек бойынша, көлік ені үш метр болатын мұз жарылуына тап болған. Оқиға болған жердегі тереңдік шамамен 18 метрге жетеді.

Тірі қалған жолаушы қазір демалыс базасында, оны жақын арада тергеушілер сұраққа алмақ.

Тегтер: