Байқоңырдан «Сұңқар» зымыранының алғашқы сынақ ұшуы алдағы аптаға жоспарланған
«Сұңқар» («Союз-5») зымыран тасығышының алғашқы сынақ ұшуын 13-16 сәуір аралығында орындау жоспарланған.
«Ұшыру мерзімінің бұрын жоспарланған 4 сәуірден 13-16 сәуір аралығына ауыстырылуы ұшыру кешені жабдықтары мен зымыран тасығыш жүйелерін қосымша тексеру қажеттілігіне байланысты. Қажетті тексерулер жүргізіліп, кемшіліктер жойылғаннан кейін Мемлекеттік комиссия ұшу күні туралы нақты шешім қабылдайды», - деп хабарлады сенбі күні ғарыш айлағындағы ақпарат көзі.
Еске сала кетейік, бастапқыда «Сұңқар» зымыранын 27 наурызда ұшыру жоспарланған болатын. Алайда техникалық себептерге байланысты старт күні резервтік күндерге ауыстырылып келеді.
«Бәйтерек» жобасы туралы
«Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені – бұл «Байқоңыр» кешенінде отынның экологиялық таза компоненттерімен жұмыс істейтін зымыран арқылы ғарышқа ұшуды жүзеге асыру үшін жерүсті ғарыш инфрақұрылымын құру бойынша Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы. Жоба 2004 жылы құрылып, 2005 жылы Қазақстан мен Ресейдің сол кездегі президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің Байқоңырға сапары кезінде ресми түрде басталды.
Бастапқыда «Ангара» зымыран тасығышын пайдалану көзделген болатын. Ол үшін 200-ші алаңдағы «Протон» зымыранына арналған №40 бұрынғы ұшыру қондырғысының орнына жерүсті стартын салу жоспарланды.
Алайда кейінірек Ресейдің жоспарлары өзгеріп, құрылыс үшін 250-ші алаңдағы, кезінде «Энергия» зымыранын сынауға арналған әмбебап стенд-старт алаңы ұсынылды. Бірақ бұл нұсқа да іске асырылмады.
Кейінірек «Зенит» зымыран тасығышын ұшыру бағдарламасы аяқталған соң, 42-ші (монтаждау-сынақ корпусы) және 45-ші (ұшыру кешені) алаңдардағы барлық жерүсті инфрақұрылымы Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін жалға алу шартынан шығарылып, қазақстандық тарапқа – «Бәйтерек» БК-ға меншікке берілді.
Құрылысы басталмаған «Ангара» зымыранының орнына жаңа «Союз-5» зымыран тасығышы бекітілді. Ол үшін «Зенит» кешенінен қалған жерүсті инфрақұрылымын қайта жарақтандыру арқылы пайдалану мүмкіндігі туды.
«Сұңқар» («Союз-5») техникалық сипаттамасы
«Союз-5» зымыран тасығышы (бұрынғы жобалық атауы «Иртыш», қазақша атауы «Сұңқар») – орта класты екі сатылы зымыран, Ресейдің «Прогресс» РКЦ» АҚ кәсіпорнында шығарылады.
-
Биіктігі: бас бөлігіне байланысты 58,8 метр немесе 65,2 метр.
-
Диаметрі: 4,1 метр.
-
Старттық салмағы: 526-531 тонна.
-
Пайдалы жүктеме: төмен жер маңы орбитасына 17,4 тонна, геостационарлық орбитаға 2,5 тонна.
-
Жанармай: экологиялық қауіпсіз нафтил (керосин түрі) және сұйық оттегі.