Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:04

Байқоңырдан ұшқан зымыранның бөлшегі Ұлытау облысына құлаған

Зымыран
Фото: скриншот

Байқоңырдан «Союз МС-28»   атты зымыран ұшқаннан кейін Ұлытау облысы аумағында зымыранның бөлшектері табылып, жергілікті тұрғындарды алаңдатты.

Әлеуметтік желіде тараған видеода жол үстіне құлаған ірі металл фрагменттері көрінеді. Бейнеролик авторы:

«Сірә, зымыранның тұмсық бөлігі құлаған сияқты. Бәрі жолдың үстіне шашылып жатыр», – деп айтады.

Оқиғаға байланысты Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ресми түсініктеме берді.

Ведомство мәлімдемесінде:

«27 қараша 2025 жылы, Астана уақытымен 14:27-де Байқоңыр ғарыш айлағынан “Союз МС-28” зымыран-тасығышының ұшырылымы штаттық режимде өтті. Ракетаның бірінші сатысы Ұлытау облысындағы белгіленген аймаққа, елді мекендерден алыс жерге құлады. Халыққа қауіп жоқ», – делінген.

Қазір оқиға орнында Ресейдің «Роскосмос» мамандары және Қазақстан мен Ресей экологтары жұмыс істеп жатыр. Жер мен ауа сынамалары алынып, радиациялық және химиялық тексерістер жүргізілуде. Алдын ала мәлімет бойынша, экологияға зиян анықталмаған.

Байқоңырдағы 31-алаңда техникалық ақау тіркелді

Желіде тараған тағы бір ақпаратқа сәйкес, «Союз МС-28» ұшырылғаннан кейін Байқоңырдың 31-алаңында қызмет көрсету кабинасы белгісіз себеппен құлап кеткен.

Министрлік тұрғындарға қауіп жоқ екенін мәлімдегенімен, зымыран бөлшектерінің елді мекендерге жақын аймаққа түсуі қоғамда алаңдаушылық тудырды. Оқиға бойынша толық сараптамалық қорытынды тексеріс аяқталғаннан кейін жарияланбақ.