Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:25, 14 Маусым 2023

Базардың күні бата ма?

None
None

Шығыс халықтарындағы базар мәдениетінің биік деңгейде болғаны мәлім. Сауда жасау мәдениетінің де осы өркениетте қалыптасқаны белгілі.

Бұл Ұлы Жібек жолының әсерінен болса керек.

Керуен жүретін жолдарда алғаш рет керуен тұрақтар пайда болып, олар кейіннен қалаларға айнала бастады. Ескі қалалардың бәріне ортақ екі ұқсастық бар. Бірінші олардың өзенге жақын орналасуы. Яки бүкіл өркениет өзен жағасынан басталғандай. Екінші ұқсастық, ол қалалардағы базарлар. Базарсыз қала болмайды. Егер тереңдей келсеңіз, қала базар айналасына тұрғызылуы да ғажап емес. Осы тұста қазақ өркениеті туралы бірер сөз айта кетсек. Жайық пен Сыр бойында, Жетісуда қазақтың ірі қалалары болды. Бірақ көшпенді халықтың қала салуы мүмкін бе еді? Асқар Сүлейменов қазақы өркениетті – бицивилизация деп атаған. Яғни көшпенділікпен қатар халқының біраз бөлігі отырықшы болған, егіншілікпен айналысып, жер емген. Қазақта отырықшылық болмаса, егіншілік фольклор да болмас еді. Төрт түліктің пірлерінен бөлек, Дихан баба туралы да мифтер сақталған халқымызда. Ал Дихан баба – егіннің пірі.  

Кейбір тарихшылардың айтуы бойынша, қазақ даласындағы қалалар көбіне қазіргі сауда үйлерінің қызметін атқарған. Яғни онда базар және басқа да ойын-сауық орталықтары болған. Көшпенді халық керек-жарағын алу үшін, етігін жөндетіп, киімге мата сатып алуға ғана кіріп отырған. Бұл да логикаға сиятын сияқты. Өйткені біздегі қалалардың көбінің цитаделі кішкентай. Ал отырықшы халықтың көбі қала маңындағы шахристан, рабат бөліктерінде болған.

Базар түсінігі қазақ халқында кеңес өкіметі тұсында әлсіреп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қайта жанданды. Өйткені Кеңес өкіметінде барлығы мемлекеттік дүкендерде сатылып, адамдар жеке саудамен айналыса алмайтын. Сондықтан болса керек, барлығы біркелкі өмір сүрді. Мәскеу көшесіндегі жұмысшы мен Алматы көшесіндегі қарапайым адамның айырмашылығы жоқтай. Өйткені бүкіл дүкендерге түсетін киім, көйлек – бәрі бірдей. Тек қайта құру кезінде ғана адамдардың киім үлгілері өзгере бастады. Алғаш рет джинсы деп аталатын киім кірді елге. Ал оны мемлекеттік дүкендерде сатуға болмайды. Сондықтан ірі қалаларда жасырын базарлар ашыла бастаған. 1984 жылы Алматыда атақты Барахолка базары пайда болды. Қала әкімдігі ол жерді кітап саудасы үшін тағайындап берсе де, түнде жасырын шетелдік тауарлар сатылып жататын.

Жалпы барахолка деп аталатын базарлар 15 одақтас республиканың бәрінде бар. Өйткені мұндай жерлер алғашында ескі киімдер мен заттар, яғни «қоқыс (барахло)» сататын жер еді. Шымкент қаласының барахолкасы қазіргі «жабық базар (крытый рынок)» болған. Онда әлі күнге ескі заттар сатылады.

1990 жылдары «тауарлық жарылыс» болды. Қытайдан және алыс-жақын шетелдерден тауарлар кіргізіліп, еркін сатыла бастады. Міне осы шақта Алматы барахолкасының бағы жанды. Қаладағы ең қарбалас жерге айналды десек те болғандай. Бұл базардың әбден дамып, шарықтау шегіне жеткен 2010 жылдардағы зерттеу бойынша, Алматы барахолкасының бір жылдық тауар айналымы 1 млрд 742 млн доллорды құраған. Онда 15 450 сауда нүктесінде 40 мыңнан астам адам жұмыс істеген. Бірақ бұл көрсеткіш 2014 жылдан бері толассыз төмендеп келеді. Осы жылдан бастап барахолканың берекесі кетті. Өртенді, өртеді… тағы бірнеше себеп бар.

Базарға бармағалы біраз болды және айналамдағы адамдардың да базарға барып, сауда жасап жүргенін байқамаймын. Барахолкаға екі жылдан бері жолымыз түспеген. Ауылдан 11 сыныпты бітіру кешіне киетін киім іздеп інім келген. Екеуіміз қала ішіндегі сауда үйлерін аралап, смокингтер мен пиджактардың бағасынан шошып, Розыбакиев көшесімен төмен түсіп келеміз. «Оптовка» базарынан өтіп, «ADEM» сауда үйіне түстік. Ол жердің де бағалары көз шарамызды шығарардай болған. Төмендеп «Ақ бұлақ», «Кенжехан» базарларына барғанда ғана көңіліміз орнына түсе бастады.

Інім киімін іздеп, мен сондағы саудагерлермен сөйлесе бастадым. Жалпы әңгіме ауанынан сауданың көп төмендегенін дәп басып айтуға болады.

– Сауда жылдан-жылға азайып келеді. Қаладағы сауда орталықтары біздің көп тұтынушыны тартып алған. Расына келгенде бағаларымызда айырма баршылық. Базарда көп дүние арзан ғой. Тек адамдар келуге еріне ме, білмеймін. Сырт киімдер мен салтанатты жиындарға киетін киімдердің саудасы біраз бар дегенмен, бұрынғыдай емес. Пандемия тіпті күйретіп кетті. Расын айтқанда біздің саудамыз 30 пайызға азайды деуге болады. Сондықтан киім сатушылардың көбі көтерме (оптовый) саудаға ауысып кетті.

Расында біраз дүкеннің есігінен «тек көтерме сауда» деген жазуды аңдадық.

– Қазір жекелей сатудан табыс өндіру мүмкін емес. Өйткені біздегі тауарларды жұрт сапасыз деп ойлайды. Бірақ мен көтерме бағамен бірнеше адамға сатамын. Олар әлеуметтік желі арқылы сатып, үстінен тағы пайда көреді. Халықты түсінбейсің, базардан арзанға алудың орнына, әлдекімге тағы пайда түсіріп шашылып жатады, – дейді көтерме саудамен айналысатын Алмас есімді азамат.

Екі саудагердің де ортақ сөзі «пандемия». Олардың айтуына қарағанда базар бүгінде тек қаладағы сауда үйлерімен ғана емес, тұтас интернетпен бәсекелес екен. Пандемия кезінде телефон арқылы тауар сатып алып үйренген халық сол әдетінен шыққысы келмей қалған. Сондықтан базар барып жүруді жөн көрмейді. Айтуларынша, қолынан келгендердің бәрі дерлік интернет дүкендерін ашып алған қазір. Ал ойыншық саудасымен айналысатындардың әрбірінің kaspi.kz бағдарламасында онлайн дүкені бар екен.

Жағалай жүріп, алтын-күміс сатушы Алатау базарына да соқтық. Ондағы саудагерлердің де айтары осы. Нұрсұлу атты әпкей: «Қазір адамның бәрі онлайн тапсырыс беріп алдыратын болды. Соңғы 1-2 жыл ішінде 40 пайызға жуық табысымыздан айырылдық. Кейбір саудагерлер орындарын жауып, тұрақты жұмыстарға ауыса бастады», – дейді.

Алатау базарының мата, перде сататын бөлігіне ауыстық. Бір қызығы киім мен алтын-күміс, ойыншықтар саудасын құлдыратқан пандемия бұл салаға әсер етпегендей. Үй алған жылы келіншегім перде тіктірген Гүлнара ханым сөз арасында: «Пандемия кезінде сауда әбден құлады. Адамның үйіне жаңа перде алып немесе киім тіктіріп жатар қандай қауқары болды дейсіз ол шақта?! Бірақ пандемиядан кейін бұрынғы табысқа қайта жеткендейміз. Тіпті өсіп те келе жатыр деп ойлаймын. Мата сатып алушылар өте көп. Олардың айтуынша, тігіншілеріге өздері қалайтындай киім тіктіреді екен», – деп қалды.

Бұрындары Кенжехан базарында велосипед саудасымен айналысып, кейіннен шетелден тауар жеткізу ісіне ауысқан Елшат Қаппас атты танысымызбен де телефон арқылы сөйлесіп көрдік:

– Бір ғана цифр айтайын. Былтыр осы уақытқа дейін 35 мың дана велосипед сатқан едік. Биыл ол көрсеткіш 20 мыңға түсті. Екі есе құлады деуге болады сауданы. Адамдардың бәрі дерлік онлайн саудаға, үйінен шықпай тауар алуға үйреніп алғалы бері базардағы адам қарасы мүлде азайып кетті.

Бұл туралы өзінің дизайнерлік дүкенін ашқан кәсіпкер-дизайнер Ақерке Тәменова:

– Қазір адамдар саудаға, бизнеске емес, адамға және брендтерге сенеді. Мысалы мен әлеуметтік желілерде өзіме аудитория жинай алдым. Олар айтқан сөзіме, мен жасаған тауардың сапасына сенеді. Сондықтан қаншалық қымбат болса да тапсырыс беруге даяр. Бүгінде сауданың орны маңызды емес. Мысалы мен дүкенімді адам аз келетін сауда үйінен аштым. Бірақ одан саудам төмендеді деп ойламаймын. Мені танитындар әлеуметтік желілер арқылы келіп, алып кетеді. Кейбірі үйіне тапсырыс бере салады. Өйткені тауардың сапасына алаңдамайды.

Мата саудасы жайында айтқанымда:

– Әлгі саудагер кісінің сөзі орынды. Адамдар ерекшеленген үстіне ерекшелене түскісі келеді. Әсіресе әйел адамдардың киімге қарауын, дәл өзінікіндей киімді өзгенің үстінен көрсе ашуы келетінін білесіз ғой. Сондықтан болса керек, жеке дизайнерлерге киім тіктірушілер көбейіп жатыр. Дизайнерлік киімдер бір адамға ғана арналып тігіледі. Оның өзге өлшемдері немесе басқа да көшірмелері болмақ емес, – деп жауап берді.

Барахолка базарының киім-кешек бөлігінде кездестірген тұтынушылардың айтуы бойынша қаладағы сауда үйлерінде киімдер арзанырақ және олардың сапасына сенім көп көрінеді. Бірақ сырт киімдер мен майда киімдерді базардан алған тиімді екен. Сауда үйлері мен интернет дүкендердің базардан тағы бір артықшылығын айтуға болады. Бөліп төлеу мен кредитке сатып алу мүмкіндігі.

Сонымен, базардың бұл тенденциясы нені білдіреді? Қоғамнан қандай өзгерістерді аңдаймыз.

Біріншіден, адам уақытының тығыздығы. Бүгінде халық жұмыс пен үй арасында өмір сүріп жатыр. Ортасында кептеліс бар. Бес күнін осындай қарбалас тіршілікке арнап, жүйкесі тозған халықтың демалыс күндері базар аралауға зауқы соқпайды. Одан онлайн дүкендерден тапсырыс беріп немесе үйіне жақын сауда үйінен қымбатқа ала салу ыңғайлы. Яғни адамдар бүгін тыныштығы үшін артық ақша төлеуге даяр.

Екіншіден, халықтың базардағы тауар сапасына сенімсіздігі. Әрине базардағы бүкіл тауарды сапасыз немесе сапалы деп кесіп айтуға болмайды. Тіпті кез келген сауда үйінің тауары жөнінде де бұлай айтуға болмас. Бірақ таза және орныққан сауда нүктелері адам көңіліне сенім ұялатады.

Үшіншіден, жастардың адаммен араласудан қашуы. Социападтық көңіл күй көпшіліктің бойында бар. Олардың көбі виртуалды қатынасқа төселіп, қарапайым өмірде ешкіммен сөйлескісі, араласқысы келмейді. Сауда жасауға бейімдері де жоқ. Тіпті бүгінгі қоғамда саудаласудың өзі «ұят» деңгейіне көтеріліп бара жатқан сыңайлы. Бір кездері мәдениет саналған дәстүрдің мәні теріс айналғандай.

Жалпы «саудаласу – сүннет» делінетін дін де дұрыс сіңбей, базары да аз қазақтың бұл қасиеті түсінікті десек те, ертеден базары мен саудаласу мәдениеті қалыптасқан көршілес Өзбекстанда да мұндай тенденция бой көрсете бастаған. Нұрғиса Камалбек атты көрші елдегі танысымның айтуы бойынша, ол жақтағы базарлардың да жағдайы қазір мәз емес. Өйткені халықтың көбі сауда үйлерінен киім алып, онлайн тапсырыс беруге бейімделіп келеді екен.

Өзбекстанда болған біраз адамнан «саудаласпасаң саудагер ренжіп қалады» деген сөзді естіп едік. Бұл мифтің де өтірік екенін және қазір мүлде олай еместігін Нұрғиса досымыз айтып берді: «Қай-қай саудагер де тауарының өзі айтқан бағасына өтіп кеткенін қалайды». Ондағы сауда мәдениеті туралы: «Тек Қазақстанда ғана емес, Өзбекстанда да саудаласпайтын, «алсаң ал, алмасаң жолың әне» дейтін кәсіп иелері жетіп-артылады», – дейді.

Осы тұста қаладағы бір ғана Mega сауда үйінің жылдық кірісіне назар аударайық. MEGA Alma-Ata және MEGA Park, MEGA Silk Way (Астана) деп аталатын үш сауда үйінің 2018 жылы жылдық кірісі 23,26 млрд теңгені құраса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 31,7 млрд теңгеге жеткен. Бұл шамамен 72 млн доллар. Яғни бұл сауда үйлерінің тауар айналымы Алматы барахолкасының жылдық айналымынан (2014 жылғы көрсеткіш бойынша 1 млрд 742 млн доллар) әлденеше аз. Тіпті тамшы десек те болады. Тек «Барахолка» көтерме сауда орнына айналып, қала ішіндегі сауда үйлерінің үлесі көбейіп келе жатқаны анық. Статистика солай дейді.

Орбита ықшамауданында тұрып жатқаныма 2 жылға жуықтады. Ауданның ойын-сауық орталықтары, сауда үйлерімен қоса кішігірім базары да бар. Ол атақты Magnum сауда үйімен қатар тұр. Екеуінің бағаларын салыстыра отырып, базарда азық-түлік аз да болса арзанырақ екенін аңдаймын. Бірақ Magnum сауда үйінде бәрі-бір адам қарасы көп. 3-4 тұтынушымен сөйлесіп көрген едік.

«Magnum-да сауда жасаған тиімдірек көрінеді. Ол жердегі азық-түлік сапасына сенім мол. Оның үстіне әр тауардың бағасын біліп, таңдап алуыңа болады. Базардағыдай сөмкелеріңді көтеріп жүрмей, арнайы арбасына салып, еркін аралайсың», – дейді. Тағы бір тұтынушы: «Таза жерде тұрған тауарды алғың келеді ғой», – деп жорта жауап беріп өте шықты. Ал үшінші кісі:«Magnum-де kaspi-red бар ғой», – деп шынын айтты. Бір жағынан қуанып, бір жағынан еңсем түсті. Өйткені мен де осы сауда үйінің тұтынушысымын ғой және еріксіз тұтынушысымын.

Ауылда «қарыз кітабы» бар дүкендер болатын. Адамдар алдыңғы айдағы қарызын жауып, жаңа айда қайтадан қарызға сауда жасайтын. Бөліп төлеу қартасы да дәл сол қарыз дәптері секілді болған. Алғашында тек киім-кешек, керек-жарақ алу үшін пайда болған бөліп төлеу карталарының азық-түлік алуға түсіп кетуі – біздің қоғамның ең үлкен трагедиясы деуге болатындай.

Kaspi bank-ке хабарласып, kaspi.red картасының статистикасын сұрап едік. Яғни қанша тұтынушы оны киім-кешек алу үшін, қаншасы азық-түлік алуға жұмсайды деген сауал жолдадық. Бірақ ондай статистиканың берілмейтінін айтып, банк қызметкерлері жылы жауап қайтарды.

Әлеуметтану ғылымына «ипотекалық шаршау» деген термин енді соңғы жылдары. Ол ай сайын кредит төлеп, табысын рахатына жарата алмайтын адамдарда, тіпті қоғамда болатын ұғым. Көшеге шығып қараңызшы, көбіне айналасына назар аудармай, өз іштеріне үңіліп, ой үстінде кетіп бара жатқан адамдарды көресіз. Олар өмірдің мәні туралы емес, келесі айдың кредиті жайлы ойланып бара жатқанына кепілдік беремін. Тапқан табысы кредитке кетіп, тағы біраз бөлігі бөліп төлеу карталары мен сауда үйлерінің арасында жүрген адамның базар аралап, нарықты бағамдауға мүмкіндігі болмас...

Осылай базардың күні батып барады. Тек жойылып кетпейтінін анық айтуға болатын шығар. Кем дегенде көтерме сауда жасап, ірі жеткізушілер мен онлайн немесе қала ішінде дүкені бар кәсіпкерлер арасындағы делдал болып қала бермек.

Тегтер: