Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:43, 15 Наурыз 2022

«Базис» пен BI Grou-ты нарықтан қуу керек

None
None

 Баспананың 1 шаршы метр неге 590 мың теңге?!

Елдегі баспана бағасы рекордтық көрсеткішке дейін қымбаттап барады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шаршы метрдің құны қазір бірден 5,5 пайызға көтерілген. Мамандар «бұл – соңғы сегіз жылдағы ең жоғары көрсеткіш», деп дабыл қағып отыр. Жаңадан салынып жатқан құрылыстарда 0,4 пайыздық өсім бар. Ол әсіресе, елордада жоғары, мұнда үй бағасы 10 пайызға қымбаттады. Қазір бір шаршы метрдің бағасы 590 мың теңге тұрады. Одан кейінгі өсім Атырау мен Талдықорған қалаларында байқалады. Алматыда пәтер бағасы 3 пайызға қымбаттаған.

Ал енді нақ осы қымбатшылыққа қатысты сала мамандарының болжамынша,  үкімет болашақта баспана құрылысы нарығынан ынсапсыз инвесторларды қуа алмаса, онда қарапайым халыққа үй алу – қол жетпес арман күйінде қала бермек.

   Жалпы, деректерге жүгінсек Қазақстанда 2,5 млн адам, яғни халықтың 14 пайызы баспанаға мұқтаж. Бұл – ресми дерек. Ал бейресми дерек бойынша елде баспанаға қолы жетпей жүрген бұқараның саны 5 миллионнан асып жығылады. Негізінде, халықты баспанамен қамтуға қатысты БҰҰ-ның арнайы белгілеген стандарты бар. Оған сәйкес, елдің әрбір тұрғынына 30 шаршы метр тиесілі болу керек. Алайда біз тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, бұл стандартты әлі бағындыра алмай келеміз.

Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, енді баспана бағасын арзандатуға үкіметтің ықпал ете алуы екіталай.

      – Баспананың бір шаршы метрі 590 мың теңге болуы ақылға қонымсыз дүние. Нақ қазіргі жағдаймен салыстырғанда, азық-түлік қымбаттап, теңге құлдырап, халықтың басым бөлігі айлығын шайлығына жеткізе алмай отырған тұста баспанаға деген сұраныс төмендеуі керек еді. Қазір ипотекалық сұраныс та аз. Сұраныс төмендегеннен кейін баспананың да бағасы арзандауы тиіс. Бірақ біздегі баспана нарығында өзінің қамын ғана күйттейтін ірі инвесторлар халыққа арзан үй сатқысы келмейді. BI Group, «Базис» сияқты және бұлардан өзге ірі компанияларды қарапайым халықтың жағдайы қызықтырмайды. Оларды – өздерінің қалталары ғана қызықтырады. Меніңше, үкімет болашақта баспана құрылысы нарығына жаңа инвесторлар тартуы керек. Сондай-ақ халықты қолжетімді баспанамен қамтитын бағдарламалар легін қайта ойластыру қажет, – дейді қаржыгер.

Негізінде, біздің билік бұған дейін бұқараны «баспанамен қамтимыз» деп, бірнеше бағдарламалар легін ұсынды. «Қолжетімді баспана 2020», «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Баспана-хит», «7-20-25» дейсіз бе, толып жатқан тұрғын үй бағдарламалар. Бірақатары әлі де бар. Бірақ Арман Мусиннің  айтуынша, мұндай реформалардың қызығын халық көре қойған жоқ.

  – Мен баспана нарығындағы құрылыс компанияларын нарықтан неге қуу қажет шығар, деп отырмын. Себебі бізде құрылыс жүргізетін компаниялар жерді мемлекеттен жеңілдікпен алады. Коммуникацияны мемлекет есебінен жүргізеді. Салық төлеуге берілетін жеңілдікті пайдаланады. Ендеше, инвесторлар салған үйлерінің бағасын неге арзандатпайды? Үй бағасы елде өте қымбат. Сондықтан үкімет баспана бағасын арзандатуға бел шешіп кіріскісі келсе, ең алдымен мемлекеттік жеңілдік берілген инвесторларға нақты талап қойылуы қажет, талапты орындамайды екен, онда олардың нарықтан кеткендері жөн, – дейді сарапшы.

Жалпы,  сала мамандары «сауатты әрі салмақты тәсілін таппасақ, 2025 жылға қарай елде баспанасыздар саны екі есеге көбейіп кетуі мүмкін», – деп  те дабыл қағып отыр. Бірақ мемлекеттен жеңілдік алып, тұрғын үй құрылысын жүргізіп отырған ірі компаниялар мұндай алаңдаушылыққа пысқырмайтын  да сияқты. Мысалы, мамандар сөз етіп отырған BI Group құрылыс компаниясы былтыр үлескерлерімен жасалған брондау келісімшартын біржақты бұзатындарын мәлімдеп, басы дауға қалғанын біз ұмытқан жоқпыз.  Олардың сол сәтте үлескерлерге қойған талабы – «не пәтерді жаңадан қойылған қымбат бағаға сатып аласың, не салған ақшаңды қайтарып аласың», болатын-ды. BI Group компаниясының өкілдері: «Әлемдік және жергілікті нарықтағы ахуал осылай жасауға мәжбүрледі. Құрылыс материалдары, техникасы мен монтаж жұмыстары 50 пайызға дейін қымбаттады. Осыған байланысты біз енді баспананы арзан бағаға сата алмаймыз», – деп ақталды. Бір ғана  BI Group емес, елдегі өзге де құрылыс компаниялары үш ай сайын баспана бағасының шаршы метрін шарықтатып жіберіп, қарап отырады. Мәселен, бұған қатысты бәсекелестікті қорғау агенттігі өткен жылы маусым айында ғана 25-тен астам ірі құрылыс компанияларына ескерту хатын жіберген-ді.  Алайда бас пайдасын көздеген инвесторлар ескерту хатты да, басқа шараларды да ескеріп отырған жоқ. Осы орайда, атап айтарлығы, инвесторлар мен компанияларға бұған дейін де үкіметтің тоқпағы да өтпеген-ді. Айдың күннің аманында бағаны аспандатып отыратын құрылыс компаниялары қазіргідей, геосаяси жағдай ушығып тұрған сәтте елдің жағдайын ойлай қояр ма екен?! Доллардың қымбаттағанын, құрылыс заттары бағасының аспандағанын желеу етіп, баспананы одан әрі қол жетпес қиялға айналдырары даусыз. Ендеше, Смайылов үкіметінің ең бір шешуі тиіс өзекті мәселесінің бірі – баспана бағасын арзандату болу керек.

Тегтер: