БББР – Бейсембаевтың бұзылған ботқасына рақмет!
Оқу-ағарту министрлігі оқу жылын 460 баланы улаудан бастады.Маңғыстау облысында жүздеген бала астан уланды деген хабар тарап, ел шулап жатыр. Тіпті премьер-министр араласып, іс үкіметтің қарауына алынғанын айтқан.
Алдымен, 6 қыркүйек күні Мұнайлы ауданындағы №8 мектептің 21 оқушысының қызуы көтеріліп, іші ауырған соң жедел жәрдем көмегіне жүгінген. 7 қыркүйек күні олардың саны 67-ге жетті. Ал 9 қыркүйекте ауырғандардың саны 460 екені, оның 83-і ауруханада жатқаны мәлім болды. Олардың бәрі бастауыш сынып оқушылары көрінеді. Соңғы деректерге сүйенсек, жансақтау бөліміндегі екі бала палатаға ауыстырылған.
Алғашқы күндері ауырып келгендердің кезегі қалыңдап, ауылда орын жетіспеушілігі де байқалыпты. Олардың көпшілігі Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылған. Аталған медициналық мекеме өкілдерінің айтуынша, балалар құсып, іштері өткен, қызулары түспей қойған.
Бұл бірінші жағдай емес
Жағдайы тұрақталғандар үйге жіберілсе, қалғаны әлі де дәрігерлердің бақылауында. Ата-аналар аурудың себебі асханада берілген тамақ деп күмәнданады. Өйткені ондағы тамақ балаларға бұрыннан ұнамайды екен, сапасы сын көтерерлік болмапты. Бұл туралы оқушылардың бірінің анасы Дариға Аманова былай дейді:
«Асхананың мәселесі жаңадан пайда болған жоқ. Бұл бірінші жағдай емес, өткен жылы да осы секілді мәселелер көрініс берген. Бірде балам асханада берген ботқаның қышқыл екенін айтты. Сол кезде басқа ата-аналарға хабарласып, балаларыңыз мектепте тамақ ішіп жүр ме деп сұрадым. Олар да шағымдары бар екенін жеткізді. Бәріміз барып, тексерейік, қарайық, осы мәселені бақылауға алайық деп ұсыныс айттым. Десек те, ешкім мән бере қоймады. Енді, міне, 460 бала уланып отыр. Сол күні оқушыларға котлет пен картоп езбесі әзірленген».
Осы оқиғадан кейін қоғамда мектеп асханаларының тендер арқылы анықталатыны, кәсіпкерлер мен мектеп басшыларының жемқорлыққа жиі баратыны айтылып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары: «Мектепте тегін тамақ беріледі деген кезде-ақ қорқып едім»; «Оқу жылы басталмай жатып жаппай улану... Біздің шенеуніктер осындай!»; «Асханадағы «ИП-шниктер» ең арзан азық-түлікті алып келеді, май деп маргарин береді, тартылған еттің келісін 700 теңгеден алады. Медициналық тексерістерді «ақшасына» өтіп, СЭС келгенде де амалын жасайды. Бала мен денсаулықты ойлап, әуре болып жатқан ешкім жоқ»; «Кішкентай ғана мектептегі асхананы бақылай алмай отырмыз, соған қарамай, АЭС саламыз деп тыраштанамыз» деп, ойларын ортаға салып жатыр. Ал кейбір ата-аналар балаларының мектепте тегін тамақ берілетініне қарамастан, тамаққа ақша сұрайтынын айтады. Өйткені бүлдіршіндер асханадағы тамақ ұнамаған соң дүкеннен тіскебасар ала барғанды жөн көреді екен.
Елімізде тамақтан улану, балалардың жаппай ауруханаға түсуі бірінші рет емес. Бұған дейін де бірнеше шулы жағдай тіркелген. Мәселен, маусымда Түркістан облысы Келес ауданындағы балабақшаның 34 тәрбиеленушісі уланған. Өткен жылдың аяғында Жамбыл облысы Байзақ ауданында 7-10 жас аралығындағы оқушылар мектеп асханасынан ас ішеміз деп «жіті тамақ токсикоинфекциясы» диагнозымен ауырып қалған. Ал Алматы облысы Қарасай ауданындағы ауыл мектептерінің бірінде бастауыш сынып оқушыларына жарамдылық мерзімі 2 жыл бұрын өтіп кеткен йогурт берілген. Қарағандыда 14 бала зардап шегіп, екеуі қаза тапқаны да ұмытыла қоймады. Осындай оқиға болған сайын оқу ағарту министрлігі де, денсаулық сақтау министрлігі де бақылаудың күшейетінін, тағы сол секілді шаралардың қабылданатынын айтып, есеп береді. Қылмыстық іс қозғалады. Алайда асханадағы тамақ сапасы артқаны шамалы. Сол уәделер орындалғанда 460 бала уланар ма еді? Бұл жолы да әдеттегі сценарий мен шаблон. Тексеріс, брифингтер, әкімдік пен министрліктің жаттанды сөзі, премьер-министрдің ескертуі...
Кәсіпкер мектепті кінәлай ма?
Кінәлілерді анықтау үшін облыстық полиция департаменті улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет тексеріс бастаған. Бұл орайда жергілікті СЭС қызметкерлерінен бөлек, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығына қарасты Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының мамандары да Маңғыстауға арнайы барған. Олардың немен айналысып жатқанын, қандай қорытындылар жасағанын білу үшін орталық директорының оперативті қызмет жөніндегі орынбасары Ғазиз Дүйсенбекұлымен сөйлестік.
«Орталық мамандары прокуратурадан рұқсат алып, Маңғыстаудағы жергілікті мамандармен бірге жоспардан тыс тексерісті бастады. Негізінен зертханалық тексерулер жүргізіліп, патогенді микрофлора назарға алынды. Сол күнгі тағамнан, қоймадағы еттен, шайындылардан, ауырған балалардың дәреті мен құсығынан сынамалар тексеріске берілді. Арнайы оперативті қызметкерлер азық-түлікті тасымалдау, сақтау, дайындау кезеңдері бойынша бақылау жүргізген. Себебі қателіктің қай тұстан кеткенін білуіміз қажет. Эпидемиологиялық тергеу тез арада біте қоятын шаруа емес. Сондықтан тиісті жұмыстар толық аяқталған соң ғана нақты қорытындысын айта аламыз.
Негізінен, бұл ситуацияда адами фактор рөл ойнап отыр. Себебі кәсіпкерлер ішкі бақылауға баса мән бере бермейді. Заңға сәйкес, бизнесті кез келген уақытта тексеруге құқық жоқ. Тек алдын ала айтып, бір ай бұрын хабарландыру беріп, күнін белгілеп барады. Ол уақытта кәсіпкерлер «жуынып-шайынып», дайын отырады, кем-кетігін көрсетпейді. Ал басқа кездегі жағдайдың қандай екенін біле алмаймыз... Жоспарлы тексеру жарты жылда бір рет қана өтеді. Оны аудандық СЭС жүргізеді. Демек, бәрі айналып келіп кәсіпкердің жауапкершілігіне тіреледі. Сондықтан осы тұстағы жұмыстарды күшейту керек. Заңда бәрі бар, айтылған, тек орындау ақсап жатады», – дейді Дүйсенбекұлы.
Осы мәселені айтып, №8 мектептің асханасын жүргізіп отырған жеке кәсіпкер Дәметкен Шәкенованың өзіне хабарластық. «Шакенова Д» ЖК-нің мемлекеттік сатып алу бойынша 224 шарты бар екен, жылдық табысы 2,5 млрд теңге. Тамақтандыру саласында 2007 жылдан бері келе жатқан кәсіпкер облыстағы 4 мектеп асханасына иелік етеді.
«Мен осы мектеппен қосқанда 4 мектептің асханасын жүргіземін. Бірақ тек №8 мектепте қиын жағдай орын алып отыр. Оқиға күні аспаздар әдеттегі жұмыстарын істеген. Азанғы және түскі ауысымдарға жеке-жеке ас әзірлеген. Өзімді ақтамаймын немесе басқаларды кінәламаймын. Себебі қолымда нақты тұжырымдама жоқ. Десек те, мәселе басқа жақтан болуы да ықтимал екенін де ұмытпау керек. Мысалы, мектептегі су. Осыған дейін онда фильтрлер болғаны рас, бірақ қазір жоқ. Балалар сол суды ішеді. Асхана да сол суды пайдаланады. Мектеп өз жауапкершілігіндегі осы бір жұмысты тиянақты орындамаған. Оқушылар уланып, тексеріс келе жатқанда ғана 1-2 фильтр орнатқан секілді.
Әрі тамақты дайындаудан бұрын оны сатып алу мен жеткізу ісі бар. Азық-түлікті жеткізуде арнайы термомашиналар қолданамыз. Сақтау жағынан да барлық қажетті шаралар жасалған. Ал азық-түліктің өзін сертификатталған жерлерден ғана әкелеміз. Яғни жеткізуші мен сертификатқа сенеміз. Алайда оның арғы жағындағы не болып жатқанына жауап бере алмаймыз. Мәселен, сатушы жалған сертификат қолданса да, тауардың сапасына қатысты өтірік айтса да сатып алушы оны білмей қалады ғой.
Сол күні бізде балық котлеті берілуі керек еді. Рационда балық көп болсын деген тапсырмамыз бар. Бірақ мен әуел бастан-ақ ол мәзірден бас тартқанмын. Себебі жақын маңда сертификатталған балық сататын нүктелер кездеспейді. Жеке саудагерлерден немесе базардан алу сенімсіз. Сондықтан тауық етін алдырғанбыз.
Дәл қазір, тергеуге шақырып жатыр. Сонда барамын. Бір ескеретіні, ауданда дәл сондай белгілермен ауырып жатқандар көп секілді. Бүтін отбасылар, ересектер де. Желіде инфекция жүріп жатқаны туралы да жазылуда. Менің қызметкерлерімнің бірінде де сондай жағдай. Әрине, дөп басып ештеңе айта алмаймыз. Десек те, мәселені тек асханаға немесе кәсіпкерге ғана байланыстыруға әлі ерте. СЭС-тің протоколы шығыпты дейді. Бірақ маған әлі бермеді. Адвокат арқылы талдау нәтижелерін сұратып отырмын», – дейді кәсіпкер.
Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі нақты нәтижелер шықпағанын, алдағы уақытта жарияланатынын айтты.
11 қыркүйек күні облыстық ауруханаға Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева барған. Ол: «Үлкен мәселелердің бірі – СЭС-тің тексерісті тек нақты шағымдардан кейін ғана жүргізе алатыны. Бір жылдан кейін әйелдер құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң аясында СЭС-ке ережелерге сәйкес тексерістер жүргізуге мүмкіндік беретін норма күшіне енбек», – дейді. Тағы мектептегі тамақтандыруды ұйымдастыруда проблема көптігін, бірқатар заңнамалық өзгерістер қажет екенін айтты.
Ал осының бәрін алдын ала ескеруі тиіс оқу-ағарту министрлігі премьер-министр тапсырмасын орындау үшін өңірлерде мониторинг жүргізетін мобильді топтар құрылғанын айтумен шектелді. Басқа-басқа, «Бастауыш сынып оқушыларының бәріне тегін ыстық тамақ ұйымдастырылған» деп, әр есебінде мақтанып жүретін министр Ғани Бейсембаев осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасағаны былай тұрсын, тамақтан ұшынып, ауруханада, үйлерінде жатқан оқушылардың көңілін сұрап барып, жағдайымен танысып қайтуы керек еді. Ал ол науқастардың көңілін сұрау үшін комитет мамандарын жұмсап жіберіпті.
Айтпақшы, былтыр денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова биыл ғана «мектеп асханаларындағы тамақтандыру сапасының көңілден шықпайтыны» туралы ескерткен. Оқу-ағарту министрлігі тегін беріп жатырмыз, одан артық не керек деді ме екен, елеусіз қалдырғанға ұқсайды. Егер кәсіпкер айтқандай оқушылар мектептегі судың сапасыздығынан уланса, оқу-ағарту министрлігіне екі есе сын болайын деп тұр.
Ел ішінде, ертеректе СССР-ді «Союздың сасық сорпасына рақмет!» деп талдайтын бір әзіл болатын. Осыны сәл өзгертіп, «Бейсембаевтың бұзылған ботқасына рақмет!» деп, БББР қозғалысын құрып, оқушы атаулы тегін тамақтан бас тартып жатса таңғалмаңыз...
Баян Мұратбекқызы