BBC бас директоры Трамптың сөзі бұрмаланғаннан кейін отставкаға кетті
Британдық BBC телерадиокорпорациясының бас директоры Тим Дэви және жаңалықтар қызметінің жетекшісі Дебора Тернесс отставкаға кетті.
Бұл шешім АҚШ президенті Дональд Трамптың 2021 жылғы Капитолий шабуылы алдындағы сөзін бұрмалау фактісі жария болғаннан кейін қабылданған.
Бұл туралы британдық Daily Mail басылымы хабарлады. Даудың туындауына BBC Panorama деректі фильмі себеп болды — онда Трамптың сол күнгі мәлімдемесі монтаж арқылы өзгертіліп, көрерменге жаңсақ әсер қалдырғаны анықталған.
Ішкі меморандум жанжалы
Даудың бастауында The Telegraph газетінде жарияланған ішкі меморандум тұр. Оны бұрынғы BBC журналисі Майкл Прескотт жазып, компанияның директорлар кеңесіне жолдаған.
Меморандумда Трамптың 2021 жылғы 6 қаңтарда, Капитолийге шабуыл қарсаңында жасаған сөзінің контексті әдейі өзгертілгені айтылған.
«Эфирде сол күнгі оқиғалардың хронологиясы бұзылып берілген, президенттің сөзі көрерменге жалған түсінік қалыптастыратындай өңделген», — делінген құжатта.
Мақала жарияланғаннан кейін BBC басшылығына қысым күшейіп, бірнеше тәулік ішінде Тим Дэйви мен Дебора Тернесс өз еркімен қызметінен кететіні туралы өтініш берген.
Ақ үйдің реакциясы
АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт The Telegraph басылымына берген сұхбатында BBC-ді қатаң сынға алды.
«BBC — бұл солшыл насихаттың құралына айналған жалған ақпарат таратушы ұйым. Олар көрерменге шындықты емес, өз идеологиясын сатады», — деді ол.
Левиттің мәлімдемесі Трамп әкімшілігінің BBC-ге деген бұрыннан келе жатқан сенімсіз көзқарасын қайта күшейтті.
2021 жылғы Капитолий оқиғасы
Еске сала кетсек, 2021 жылдың 6 қаңтарында АҚШ-тағы президенттік сайлауда жеңіліс тапқаннан кейін Трамптың жақтастары Конгресс ғимараты — Капитолийге басып кірген еді. Сол күні Конгресс Джо Байденнің жеңісін ресми түрде бекітуі тиіс болатын.
Қақтығыс кезінде бес адам қаза тауып, 140 полиция қызметкері жарақат алған. Бұл оқиғадан кейін Трампқа қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалды, бірақ оның билікке қайта келуінен кейін істердің көбі жабылған.
BBC тарихындағы бұл жанжал медиасаланың сенімділігіне ауыр соққы болды. Бұған дейін корпорация бірнеше рет редакциялық бейтараптық пен саяси қысым арасындағы тепе-теңдікті сақтай алмады деген сынға ұшыраған.