BBC мен «Медиазона» Ресейдің 133 мың сарбазының қаза тапқанын растады

BBC агенттігі мен құқық қорғау бағытындағы «Медиазона» онлайн жобасы Украинадағы соғыс кезінде қаза тапқан ресейлік әскерилердің аты-жөнін ашық деректер арқылы анықтап отыр.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Ресейдің Украинаға соғыш ашқанынан бері 133 117 әскери қызметкердің қаза болғаны белгілі болды. Бұл көрсеткіш 5 қыркүйекте жарияланған алдыңғы есеппен салыстырғанда 5 мыңға артық.
Деректер қалай жиналды?
Есеп құрастырушылар ашық дереккөздерді пайдаланған:
-
БАҚ-та жарияланған қаралы хабарландырулар;
-
әлеуметтік желілердегі жазбалар;
-
ресми органдардағы деректер.
Қаза тапқандардың құрамы
Зерттеуде көрсетілгендей, құрбандардың 28 пайызы соғыс басталғаннан кейін армиямен келісімшартқа отырғандар. Авторлардың айтуынша, мұндай әскерилердің үлесі әлі де өсіп келеді.
Құрбандар саны бойынша екінші орында – түрмелерден майданға жіберілген сотталғандар тұр.
Бұл мәліметтер Ресейдің Украинадағы соғыс шығынын ресми көрсеткіштерден әлдеқайда көп екенін айғақтайды.
Негізінен соғыстағы нақты шығын мұнымен шектелмеуі мүмкін. Себебі Ресей билігі әр сарбаздың өлімі туралы ақпаратты ашық жарияламайды, көп деректер құпия сақталады.
Бұған дейін, 14 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуде НАТО бас хатшысы Марк Рютте 2025 жылдың басынан бері Ресей Украинада 100 мың сарбазынан айырылғанын айтқан. Ал сәуір айында НАТО деректері бойынша 250 мың адам мерт болған, тағы 650 мың ресейлік жараланғаны хабарланған.