Be Woman: Әйел бол да, Путин бол!

Қазақстандық ақпарат кеңістігінде соңғы кездері жиі талқыланатын есімдердің бірі – Жанна Кан.
Ол іскер әйел ретінде сән, мәдениет, қайырымдылық жобаларымен танылған. Алайда кейінгі уақытта оның ұйымдастырған форумдары қоғамда дау тудырып, жұртшылықтың қатты сынына ұшырап жүр. Негізгі мәселе – шақырылатын қонақтардың сипаты мен олардың айтқан сөздері.
Алматыда өткен соңғы форумда ресейлік саясат технологиялары саласында аты шыққан Алексей Ситников сөз алып, Владимир Путинді «көшбасшылықтың символы» ретінде дәріптеді. Ресейлік коуч Путинді «55 елмен жалғыз соғысып жатса да жеңіп келеді» деген мазмұндағы пікір айтты. Бұл сөз қоғамда бірден қарсылыққа ұшырады. Әйелдер көшбасшылығын қолдау деп жарияланған алаңда соғыс пен саяси пропаганданың айтылуы орынсыз деп бағаланды. Себебі халық әйелдерге арналған форумнан шабыт пен даму жайлы ой күтсе, саясатқа бұра тартқан, әсіресе Кремль басшылығын ақтайтын риториканы күтпеген еді. Жанна Кан форумдары мұнымен ғана көзге түскен жоқ. Бұған дейін де ол ресейлік тұлғаларды жиі шақырған. Ресей зиялылары соғысқа ашық қарсы боп елінен кетіп жатқанда, сол жерде қалатынын, не жақтайтынын, не өзгесін анық білдірмей отырған Ксения Собчак пен Алена Долецкая соның айғағы. Собчак – саяси ұстанымын құбылтып, бірде оппозицияға, бірде билікке жақындап жүрген адам. Ал Долецкая – ресейлік медиа әлемінің өкілі, КСРО элитасының ұрпағы.
Ситниковтың сөзі әлеуметтік желілерде кең талқыланып, «қазақстандық форумда Ресей мүддесін дәріптеу дұрыс па» деген сұрақты алға шығарды. Саясаттанушы Досым Сәтбаев мұны «ақшасы бар кейбір адамдардың көрші елдің инфо-цығандары мен пропагандистерін Қазақстанға тасуға әуестігі» деп бағалап, мұндай мінберлерге интеллектуалды өнім өндіретін тұлғаларды шақыру керек екенін айтты.
Қоғам белсендісі Арман Шораев тіпті украиналық әріптестеріне жүгініп, Жанна Кан мен Алексей Ситниковты «Миротворец» базасына енгізуді сұраған. Ол «соғысты ақтайтын» сөз айту – демократиялық құндылықтарға қайшы» деп санайтынын мәлімдеді.
Қазақ қоғамы кейінгі жылдары деколонизация, өзін-өзі тану секілді ұғымдарды батыл талқылай бастады. Мұндай кезеңде форумдардағы спикер таңдауы жай ғана ұйымдастыру емес, құндылықтық таңдау болып қабылданады. BeWoman-ның ресейлік тұлғаларға жиі шақыруын да қазір жұрт түсінбей отыр.
Әлеуметтік желіде айтылып жатқан сын, шын мәнінде, Жанна Канға ғана емес, билікке де бағытталған. Өйткені қазақ қоғамы бейбітшілікті және жаңа құндылықтарды іздеп отырған шақта, кейбір ықпалды топтар әлі де Мәскеуге қарап бой түзеп жүргендей әсер қалдырады. Саясаттанушылар бұл жағдайды Ресейдің «жұмсақ күш» стратегиясымен байланыстырады. Яғни, әйелдерге арналған форум сипатымен саясаттың берілуі. Ал мәдениеттанушылар Қазақстан элитасының жаңа заман талабын емес, «ескі элита» өкілдерін үлгі қылып отырғанын айтады.

Мұндай мінберлерде айтылып жатқан ойлар кейде жеке көзқарастан асып, тұтас қоғамның атынан сөйлегендей әсер қалдырады. Ал оны ұйымдастырып отырған Жанна Кан кім?
Ол, ең алдымен, олигарх Сергей Канның жұбайы. Оның есімі қоғамға сәнді дүкендер ашумен, элиталық жобалармен белгілі болған. Ал соңғы уақытта өзін ірі қоғамдық қайраткер деңгейінде көрсетіп, әйелдер форумдарын ұйымдастырып, беделді мінберлер құруға ұмтылып жүр.
Жанна Кан – Zhanna Kan Group-тың негізін қалаған кәсіпкер. Қазақстанда Damiani зергерлік үйінің серіктесі және La Perla брендінің ресми дистрибьюторы ретінде танымал. Сонымен бірге Constella, Zardozi, Zardozi Home секілді жобаларды дамытып келеді. Forbes Kazakhstan рейтингіне сай, Сергей Кан 2025 жылы ең бай 75 кәсіпкердің ішінде 22-орында, байлығы шамамен 470 млн доллар. Ол АО «ЦАТЭК» (50%) және АО «ЦАЭК» (47,1%) үлестеріне иелік етеді. Сондай-ақ Circle Maritime Invest (50%), Rixos Almaty қонақүйі мен «Теңіз Star» сияқты активтері бар. Бұл мәліметтер BeWoman форумын жеке бастама ғана емес, ірі бизнес-топтың имидждік жобасы ретінде қарауға негіз береді.
«Қаңтар оқиғасы қайталанбауы үшін» салық төлеу керек
Жанна Канның аты дауға қалған бір оқиға оның салық туралы шешімге қатысты айқан пікірі еді. Ол қазақстандықтарды салық төлеуге шақырып, бұл қадамды елдің тұрақтылығы мен әлеуметтік дамуы үшін маңызды деп санады. Оның айтуынша, «Қаңтар оқиғасы қайталанбауы үшін» мемлекет пен халық арасындағы сенім артуы қажет, ал оған апаратын басты жолдардың бірі – салық төлеу. Жанна Кан салық мәселесін тек мемлекеттік табысты толықтыру тетігі емес, азаматтық жауапкершіліктің өлшемі ретінде қарастыратынын айтқан. Ол халықтың салық төлеуге әлі толық үйренбегенін, мемлекетке бөтен мүлік секілді қарайтынын атап өтті. Оның пікірінше, қоғамда сән-салтанатты өмірге ұмтылу бар, бірақ азаматтық борыш – салық төлеуге келгенде белсенділік байқалмайды. Мұндай көзқарас өзгермейінше, тұрақты даму мен әділдік орнамайды дейді ол. Оның ойынша, қоғам тек құқықтар мен артықшылықтарға ғана емес, сонымен қатар міндеттерді орындауға да бейімделуі тиіс. Алайда бұл сөздер халық тарапынан тағы да наразылық отының тұтануына себеп болды. Көпшілік «мемлекетке салық төлеп отырмыз, бірақ оның қайда жұмсалатынын көрмейміз» деген уәж айтты. Кейбірі Жанна Канның сән-салтанатты өмір сүретінін еске салып, «қарапайым халыққа ақыл айту әділетті ме?», «Жұмыстан көз ашпайтын халыққа байдың әйелі неге кеңес айтады?» деген сияқты сұрақ қойды. Әлеуметтік желіні қолданушылар тіпті оны «еріккен байдың әйелі» деп те атады.
Айымгүл Мақсұтқызы