Беделді біреу мен белсенді бесеудің бәсекесі
Қазақстан президенттігінен үміттілердің беделді біреуін былай қойғанда, қалған белсенді бесеуінің – артық саусақ секілді көзге қораш көрініп тұрғандарын айтып жүрген жұрттың аузына қақпақ қоя алмайсыз.
Ақиқаттан алшақ емес, ойлы сөзге орын бересіз. Олардың белсенділік танытып, батыл шешім қабылдап, бағын сынап, жүректері дауалап бәйгеге ат қосып жатқандарын ерлікке санамағанмен, обалы нешік, бағалауға тұрарлықтай іс болып тұр. Сол белсенді бесеу болмаса қайтер едік. «Сен айтсаң, мен де айтамын айым-қайым» деп биік лауазымнан үміткерлердің табыла кеткеніне қуанасың. Әйтпесе, «Жалғыз шапқан ат жүйрік» дегендей, атынан ат үркетін беделді бір ғана адамды таңдап, қамшы басып, қарауылға қарай айдап салып отыра берсек, болар-болмас, толар-толмас демократиямыздың алдында ұятқа қалып, досқа күлкі, дұшпанға таба болар едік. Сайлау сценарийі бекіп, үміткерлердің аты-жөні анықталып, науқанды бастап жібергенде «Той той болмады, бала-шаға жеп кетті» деген көңілсіз ойды қауашағымыз қорыта алмаған еді. Амал нешік, тағдыры қиын болғанымен, арманы тәтті қаймана қазақтың бәріне қанағатшыл қабақпен қарайтын асыл қасиеті – сайлаудың қойыртпақ, кір-қоқыстарын жуып-шайып жіберді. Сайлау сахнасына көтерілген бесеудің аяқтан шалып, тобықтан қағып тұрған бар кінәсі: белсенділігі бар да, беделі жоқ, талабы бар да, танымалдығы жоқ, қабілеті болғанмен қайраткерлігі жоқ. Үміткерлердің арасында ел тұрғындарының назарын өзіне аударатын, билік тізгінін ұстауға лайықты бірде-бір ірі тұлғаның болмағаны көңілге күдік ұялатады. Неге болмасын, «Ел болса ер туғызбай қоймайды». «Болмаса да ұқсап баққысы» келетін, ниеті түзу бес белсендіні «Әуре етеді ішіне қулық сақтап» (Абай) демей-ақ қояйық, сабыр сақтап, сәттілік серік болғанын тілейсің.
Бірде, аяғын көкке көтеріп шалқасынан түсіп жатқан Аспантырақы атты құсты, сонау биікте қалықтап ұшып жүрген қыран құстың көзі шалыпты. Алып құс аспаннан төменге құлдилап келіп: «Ей, бұл не жатыс?» деп сұраса керек-ті. Сонда Аспантырақы: «Апат айтып келмейді, аспан жерге құлап кетсе, аяғыммен тіреп қалмақшы едім», – деген екен. Сол айтпақшы, біздің Құдай бере салған белсенді үміткерлеріміздің елді «айрандай» ұйытқан үгіт-насихат жұмыстарына зер салсаңыз. Қазақстанда қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман орнатуға аса сенімді көрінеді. Апыр-ай, ә, дерсіз. Кемеңгер Абайдың: «Азат басың болсын құл, Қолдан келмес іске ұмытыл» деген өсиетіне қанша жерден адал болғандарымен, аса жоғары лауазымнан дәмеленіп жүргендердің тірлігі күлкілі, бірақ ниеті түзу әлгі Аспантырақы атты құсты еске түсіреді.
Қазір сайлаушылардың көзі ашық, көкірегі ояу: қиял-ғажайып ертегіге сене қоймайды, айдағанға жүріп, айтқанға көне бермейді. Несін жасырайық, сайлау жайлы ойлап жүрген адамдардың өзі некен-саяқ. «Ораза, намаз тоқтықта» демекші, күнкөріс қамымен күйбең тіршілік кешіп жүрген адамдар саяси науқанның салмағын сезіне бермейді. Саясаттан азды-көпті хабары бар бір танысым: «Кезектен тыс сайлау өткізудің қандай қажеттіліктен туғанын түсінбеймін. Қалыпты бұзбай, қатардан қалмай, ырғақтан жаңылмай жүре беруіміз керек еді. Босқа шашылып жатырмыз. Сайлау науқанына жұмсалатын 20 млрд теңгеге 25-30 мектеп салуға болар еді», – дейді. Пікір айтуға әркімнің де бар таласы.
Ескі аңыздардың бірінде, афиналықтар биік ғимарат тұрғызуға ықылас танытқан екі құрылысшының бірін таңдап алулары керек болыпты. Құрылысшының бірі тілінен май тамызып ұзақ сөйлеп, болашақ ғимараттың сәні мен салтанатын, көз жауын алатын сұлулығын, керемет көркем келбетін тәптіштеп түсіндіріп беріпті. Тыңдаушылардың түгелге жуығын өз ығына жығып алуға таянған тұста, екінші құрылысшы: «Қымбатты афиналықтар, оның осы айтқандарын мен іске асырамын» деп қысқа қайырыпты. Үміткерлердің қала кезіп, ауыл аралап, көне сүрлеу ескі соқпақпен майда-шүйде, бос белбеу мәселелерді көтеріп жүргендері өздеріне жарасып тұрғанымен, сайлаушыларға тың серпін беріп, сенімін арттырып, селт еткізіп жатқан жоқ. Өйткені «қолдан келмес іске ұмтылып» жатқандарына көпшілік күмәнмен қарайды.
Президенттікке кандидат алтаудың арасында нәзік жандылар қауымының екі бірдей өкілін өкпелеткіміз келмейді. Әлемді аузына қаратқан Тансу Чиллер, Беназира Бхутто, Ангела Меркель сияқты қазақтың қайраткер қыздарын көргің-ақ келеді. Бірақ олар көне құрлықтың қаңсығы – гендерлік саясаттың құрбанына айналып, қуыршақ театрының қойылымдарын еске түсіреді. Көңіліміз толмай, сөзіміздің қатқылдау шығып отырғанының себебі: олардың бірі – ақжаулықты әжелермен бірге ән салып, екіншісі колледж ұжымымен кездесіп, айтылып та, жазылып та әбден жауыр болған, отбасы, ошақ қасындағы әңгімені қайта маздатып мезі еткені болмаса, жарқын болашаққа жол ашатын жасампаздық идеялардан жұрдай. «Ішінде дәнегі жоқ жаңғақ жарылғанда ұятқа қалады» дегендей, қаракөздеріміз үшін қиналғанымызбен, қолдан келер қайран жоқ.
Баяғыда Голландия елінде бір наубайшыны әйелін өлтірді деп айыптап, өлім жазасына кесіп жіберіпті. Кейін әйелдің аман-есен, наубайшы айтқандай көрші қалада тыныш өмір сүріп жатқаны анықталыпты. Сол оқиғадан кейін Голландия сотында «ескерту» жасап тұратын арнайы қызмет орны ашылыпты. Ол қызметкер судьялар орындарынан тұрып, көрші бөлмеге кеңесуге кетіп бара жатқанда: «Наубайшы естеріңізде болсын!» деп дауыстап айтып тұрады екен. Сол айтпақшы, қай істе болсын, әр басқан қадамымызға, әрбір әрекетімізге ар-ұятты қарауыл етіп қоймасақ, шыңға өрмелеп шығуға қосатын өз үлесі бар өтірікке көміліп қала береміз.