Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:01, 19 Қазан 2023

Бегмановтың әлсіз ғана қарсылығы

2
Фото: из открытых источников

Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Шаға ауылында Қасымхан Бегманов атындағы мектеп-гимназия ашылды. Бұл туралы Айдар Сейдазым ФБ парақшасында жариялаған.

«Бүгін Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Шаға ауылында қазақтың көрнекті ақыны, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Түркістан, Кентау қаласы мен Сауран ауданының құрметті азаматы Қасымхан Бегманов атындағы мектеп-гимназиясының ашылу салтанаты өтті. Құтты болсын дейміз, осы мектептен талантты ұл-қыздар шыға берсін! Жеке мектеп салып, ауыл оқушыларына қуаныш сыйлаған жеке кәсіпкер Дүйсенбай Серікбайұлы Нарсейітовке мың алғыс», дейді жазба иесі парақшасына.

Қасымхан Бегманов 1958 жыл Түркістан облысы Кентау қаласында дүниеге келген. Ақын, журналист, этнограф. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері деген атағы бар. Биыл 65 жасқа толып отыр.

Қазір Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен қаламгерлердің өңірдегі сапары өтіп жатыр. Осы сапар аясында күні кеше Қасымхан Бегмановтың шығармашылық кеші өткен. Артынша Сауран ауданына қарасты Шаға ауылында Қасымхан Бегманов атындағы мектеп-гимназия ашылды.

Жалпы, қазір біздің қоғамда көзі тірі адамға мектеп ашу, саябақ атауын беру, сол мектептердің ішінен белгілі бір адамдардың атына сыныптар ашу үйреншікті жағдайға айналып барады. Мысалы, Сауран ауданының орталығы Шорнақта, Қасымхан Бегманов білім алған Бабайқорған, Үлгілі мектептерінде ақынның атына берген екі бірдей кабинет бар екен.

Негізінде, Түркістан облысы Сауран ауданы жекеменшік мектеп ашып, оған атау беруде озық шығып тұр. Былтыр бұл ауданда бір кәсіпкер 5 жекеменшік мектеп ашқан және сол мектептердің біреуіне өзінің анасының атын берген. Жергілікті жұртшылық мұндай үрдіске әбден дағдыланып, үйреніп алған. Қаражаты бар кәсіпкерлер мектеп ашып, оны қалаған адамының атына бере береді дейді білетіндер.

Өзінің атына мектеп атауы берілгенін ақынның қалай қабылдағанын білмек ниетте Қасымхан Бегмановқа қоңырау шалдық. Ақын былай деді:

«Бұл мемлекеттік мектеп емес, жекеменшік мектеп. Дүйсенбай Нарсейітов деген азамат өз қаражатымен осы мектепті салды. Маған екі жылдай келіп жүрді. Бастапқыда рұқсатымды бермей жүргенмін. Бірінші келгенде «Менен де басқа еңбегі сіңген адамдар бар ғой. Көзі тірі адамға мектеп атауын берген қалай болар екен, тірі адамның мәселесі көп болады. «Ел қалай түсінеді, жұрт қалай қабылдайды» деп бастапқыда келіспей жүрдім. Содан бұл кісі өзі де, зайыбы да педагог, филологтар екен. Өте білімді азаматтар. Менің өлеңдерімді оқып, шығармашылығымды бағалайтын болуы керек. Әйтеуір осы мектепті ашты. Мектептің құжаттары, барлығы бар. Мектептің құрылысына, құжат жағына ештеңеге мен араласқан жоқпын. Бар бітіргенім, мектептің ашылуында 500 кітапты сыйға тарттым, болды. Меніңше, бұдан ілік іздеудің қажеті жоқ деп ойлаймын».

«Қалай болар екен...» Бұл қарсылықтан гөрі «берсеңдер беріңдер» деген емеурінге келіңкірейді. Әзілге сүйеп айтылатын «әлсіз ғана қарсылық көрсету» деген сөз еске түседі. Қасымхан Бегмановтың пікірінен кейін аталмыш мектептің құрылтайшысы филология ғылымының кандидаты, доцент Тоты Иманқызын іздеп тауып хабарластық.

«Бұл мектеп-гимназиясы 100 балаға арналған. Математика, логика, ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Лицензиясы, барлығы бар. Құжаттары дұрыс. Айта кету керек, мектепке рұқсат алу, мәслихатта отырып талқыланатын, дауыс беріп қаралатын дүние емес. Құжаттарға қатысты оқу ағарту министрлігіне қарасты Түркістан облыстық білім басқармасының сапаны қамтамасыз ету комитеті рұқсат береді. Осы бойынша лицензия беріледі. Ал «мектептің атауы неге Қасымхан Бегмановқа берілді, ол кісінің көзі тірі ғой» дегенге келсек, адамды көзі тірісінде қадірлегенге не жетсін?! Қасымхан Бегманов Түркістанның тумасы. Ол кісінің бүкіл түркі дүниесі құрметтейтін Мұстафа Шоқайды зерттеуінің өзі үлкен еңбек. Осы жағынан алғанда Бегмановқа мектептің атауын беруді әбестік санамаймын. Біз өзінен рұқсатын алып барып осындай шешім қабылдадық», – дейді Тоты Иманқызы.

Қадірлі оқырман! «Жас Алаш» бұл тақырыпқа қатысты кеңірек материал дайындап жатыр. Алдағы нөмірден оқисыздар.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Тегтер: