Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:37, 31 Тамыз 2021

Бейбіт күндегі бес жарылыс бұл қашанға дейін жалғасады?!

None
None

       Өткен аптада Жамбыл облысында мамыражай отырған елден маза кетті. Аталмыш облыстың Байзақ ауданында әскери қоймада жарылыс болып, әскери қызметкерлер қаза тапты, аймақтағы ел эвакуацияланды, халық дүрлігіп, ел іші абыр-сабыр болды.

Қақ іргеден снаряд жарылғанда жүрегі ұшпаған, Жамбыл жаққа алаңдамаған адам қалмаған шығар. Дүйім жұрттың дегбірін қашырып, біраз шенеуніктің есін алған жарылыстың екпіні басылғанымен, оқиға жайында пікірлер тасқыны толастар емес.

       Жарылыс болған күні қорғаныс министрі, төтенше жағдайлар миинстрі Жамбыл жаққа ұшып барды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыс фактісі бойынша қылмыстық із қозғалғанын мәлім етті. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев «отставкаға кетуге сұранамын» деп, «толқыды». Қаза болған азаматтардың отбасына барлық көмек көрсетіліп, қажетті шаралар қабылданатыны мәлім болды.

       Хош, сөйтіп, болған жағдай бақылауға алынды.  Бірақ бізде мұндай оқиға болып тұрғаны бір бұл емес. Алысқа ұзамай-ақ, соңғы 10 жылдың есебін тізіп көрсек, бейбіт күнде бес мәрте жойқын жарылыс орын алыпты.

        2009 жылдың наурызы. Арыстағы «Қазарсенал» ЖШС-сінде снарядтарды жою кезінде бірнеше жарылыс болды. Алапат өрттің салдарынан үш адам оқиға орнында көз жұмды. Компанияның 17 жұмысшысын күйік шалып, ауруханаға түсті. Кейінірек қаза болғандардың саны төрт адамға дейін өскені хабарланды. Үкіметтің арнайы комиссиясы қайғылы жағдайға қатысты қауіпсіздік техникасы ережелерін өрескел бұзу (жарылу қаупі бар заттар дұрыс сақталмаған) себеп болғанын анықтады.

       2014 жылдың маусымы. Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысында «Қазақжарылысөнеркәсібі» АҚ-ның оқ-дәріні жою зауытында төтенше жағдай болды. Арыс қаласына жақын маңдағы учаскеде жарылғыш қоспасы жарылған. Ауысым басшысының денесін күйік шалып, ер адам мен әйел оқиға орнында қаза тапты. Жарылыс қоспасы аптап ыстықтан жарылған болуы мүмкін екені хабарланды.

        2015 жылдың 8 қарашасы. Арыс маңындағы «Қазтехнология» ЖШС-нің жару алаңындағы полигонында қалдықтарды жою кезінде жарылғыш заттар жарылды.Салдарынан «Кәдеге жарату орталығы» филиалының технологы, 1974 жылы туған Ермұрат Иманқұлов көз жұмды.Жарылыстан кейін өндірістің оқ-дәрі мен қалдықтарды жою жұмыстары уақытша тоқтатылғаны хабарланды. 

       2019 жылдың 24 маусымы. Арыс қаласында жойқын жарылыс орын алды. Жергілікті тұрғындардың үрейі ұшып, үйлерін тастап қашты. Халықты эвакуациялау басталды. Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты. Төтенше жағдайдан келген шығын мөлшері 20 миллиард теңгеден асып жығылды. Бұл жарылысқа қатысты Қылмыстық кодекстің 462-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалып, 16 адам сотталды. 

        2021 жылдың 26 тамызы.  Арыс оқиғасынан кейін тұп-тура екі жыл екі ай екі күн өткенде Жамбыл облысының Байзақ ауданында кезекті жойқын жарылыс орын алды. Тағы да сол әскери қойма жарылды. Әскери қызметкерлер қаза болды. Ел іші тағы дүрлікті. Зардап шеккендердің саны жетерлік. Осы қайғылы жайтқа байланысты қарапайым халықтан бөлек, саясаттанушылар мен сарапшылардың өздері наразылықтарын жауапты билік өкілдеріне ашық айтуда. Мәселен, саясаттанушы Әзімбай Ғалидың айтуынша, бұл жайттың орын алуына жол берген министрлер отставкаға кетіп қана қоймай, жауапкершілікке тартылуы керек. 

     – Бұл жайт атқарушы биліктің кез келген оқиғадан сабақ алмайтынын тағы бір рет әшкерелеп отыр. Демек, жауапты министрлерді жауапкершілікке тарту керек. Өздерінің айыпты, қылмысты екенін сезінсін, – дейді саясаттанушы.

       «Айыбын, қылмысын сезінсін» дегеннен шығады, бұл арада «жауапты министрлер соны сезіне қояр ма екен» деген сауал туындайды. Мысалы, 2019 жылы Арыста жарылыс болғанда қорғаныс миинстрі Нұрлан Ермекбаевқа «Халықтан кешірім сұрағыңыз келмей ме?» деп сауал қойғанымызда, Ермекбаев мырзаның «Ол табиғи нәрсе. Әрбір арсеналдың қауіптері бар. Мен кешірім сұрайтын себеп көріп тұрған жоқпын» деп жауап бергені біздің әлі есімізде. Ал осы жолы Жамбылдағы жарылыс тәубесіне түсірді ме, әлде мезгілсіз жарылыстар шаршатты ма, министр Ермекбаев «отставкаға кетуге бел будым» деді. Дегенмен министр солай десе де, «отставканы қабылдау жоғарғы басшылықтың құзырында» деп, барлық жауапкершілікті мемлекет басшысының мойнына арта салды, яғни «жылы орнымен» қоштасқысы жоқ. Бірақ бір министрдің отставкасы саладағы іріп-шіріген жүйені қалпына келтіре ала ма?

         Заң ғылымның кандидаты Әрсен Ариновтың айтуынша, мәселе туындағанда министрлердің отставкасы түйінделген түйткілді шешпейді. Бұл арада темірдей тәртіп, заң мықты болуы керек.

   – Егер тап осындай жағдай өркениетті елдерде болса, онда саланы басқарып отырған министрдің үстінен қылмыстық іс қозғайды. Мысалы, Оңтүстік Кореяда дәрігер кісі өліміне себепкер болса, міндетті түрде ол дәрігердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, қайтыс болған науқастың отбасына берілетін шығынды дәрігердің өзі толыққанды өтейді. Сондықтан олардың медицина қызметкерлері қателеспеуге, науқасты барынша жанын салып емдеуге тырысады. Сол тәрізді басқа салаларда да солай. Жол сапасы сын көтермесе, жол-құрылыс министрі шығынды өз қалтасынан төлейді. Тұрғын үй саласына сызат түссе, сол саланы басқарған министрден сұралады. Ал бізде мұндай жауапкершілік жоқ. Шығын шықса мемлекеттік бюджеттен өтеледі. Мемлекет қаражатын әкесінен қалған байлықтай жұмсап жүрген шенеуніктер жетіп-артылады. Сондықтан болашақта заңды нықтамай, мәселе азаймайды. Заңды қатайту қажет, – дейді заңгер.

       Жалпы, маман айтып отырғандай, әрбір саланың жарасы ұлғайып, кез келген салада толғауы тоқсан проблемалар жетіп-артылады. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, «мынау осы саланы гүлдендірді, жайнатты» деп, бір министрді болмаса бір әкімді үлгі ете алмаймыз. «Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған» шенділер бүгінде елдің жүйкесін жұқартып болды. Соның салдарынан бейбіт күнде қайта-қайта жарылыс орын алып, жоқ жерден жау шапқандай күй кешіп отырмыз.

        Ал  мұның артында, адам өлімін айтпағанда, қаншама материалдық, моральдық шығын жатыр. 2019 жылы Арыста болған жарылыс салдарынан адам өлімінен бөлек, мемлекеттік бюджетке 20 миллиард теңге шығын келгенін біз жоғарыда мысал еттік. Мұндай шығындардың өте көп екенін ескерсек, еріксіз күйінесің. Топан су басу, қуаңшылықтың алдын ала алмау, құрылыстың сапасыздығынан тұрғын үйлердің құлауы, бақылауға көнбейтін өрт, жарылыс – осының барлығы қазір мемлекеттік бюджетті зор шығынға ұшыратып жатыр. Мұндай жайттардан кейін қараша халық шенеуніктерге тілін беземегенде не істейді?! Бірақ халық ашынды, ел тарықты, ел күрсінді деп қоса қайғыратын шенеуніктер бізде жоқтың қасы. Олар істеген олқылықтары үшін көп болса отставкаға кетеді. Артынан түк болмағандай келесі бір креслоға жайғасып, саяси сахнаның көрігін қыздырып жүре береді.  Біз қазір «обалды біліп өссең, алғысқа кенелерсің» деген бір шенеунікке зәруміз. Айналып келгенде, мұның салдарынан мәселе ұлғайып, елдің жүйкесі жұқара береді. Ал бұл жағдайдың қашанға дейін жалғасатыны беймәлім.

Тегтер: