Бейбіт САРЫБАЙ. БАҚ
Баяғыда жұрт газетке сенетін. Құдайындай сенетін. Сол Құдайындай көретін газет бұқара халықты «Құдай жоқ» дегенге ғана сендіре алмады.
Басқасының бәріне иландырды. Біреу әлдеқандай жаңалық айтса, ол айтқанына өзгелерді сендіре алмаса, «газетке солай жазыпты, өз көзіммен оқыдым», деп жеңетін. Жаңағы айтып отырған газеті қолында болса, бетіне жапсырып тастайтын. Оған ешкім қарсы шықпайтын.
Расында солай. Газеттің сөзі салмақты сөз! Онда жарияланған әр сөзге жіті мән беріледі. Әрбір ақпарат нақтыланады. Сол себепті де газеттің сөзі – шын сөз, рас сөз болатын. Газетке кісі баласы екі түрлі мағынада жарияланады. Не мақтау мен мадақ тұрғысында, не тұқыртып тастайтын сыни тұрғыда. Мақталып шыққандардың үйінде үлкен той болатын. Әлгі газеттің кейіпкер мақталған беті сол үйдің келген қонағы бір қарамай өтпейтін айнасына қыстырылатын, бір данасы фото альбомның алдыңғы беттеріне жапсырылатын. Еткен еңбек, төккен тердің өтеуіндей болатын. Қысқасын айтқанда, газет бетіне шығу, жариялану үлкен мақтан-тұғын. Содан да болса керек, қайбір жылы біздің ауылдың екі жігіті ішіп алып төбелес шығарып, «02 хабарлайды» деген рубрикамен аудандық газетке жарияланған күні қайталап ішіпті. Бұларың не дегендерге – газетке шыққанымызды жуып отырмыз дейтін көрінеді. Енді ше, ауыл дүрліккен жаңалық болған ғой. «Ойпырмай, біздің ауылдың екі жігіті газетке шығыпты» деп шулаған ғой жұрт. Ана екі делқұлы соны да мақтан көрген. Әкелері қанша жыл тер төксе де сол газеттің бұрышынан он сәнті жер бұйырмады ғой. Бұлар тіке жол тауып, орталық көшедегі дүкеннің артында ішімдік ішіп отырып-ақ шығып кетті. Жә, бұл жеңіл нәрсе. Ауыр жағдайлар да орын алған. Қайбір жылы қыс қатты болып, шаруашылық тұралап, мал қырылғанда, соған тікелей жауапты адам ретінде колхоз председателі жайында сыни мақала жарияланған екен. Тілшінің тілі тотияйынға тұнып тұрса керек, онсыз да ащы ақпаратқа зәһарды аямай қосқан екен. Ана мақала у болыпты. Сол у әлгі колхозбастықтың көзі арқылы миына жетіп, сол мидағы ұсақ қан тамырларды жарып жіберсе керек… Аянышты. Иә, газеттің сөзі салмақты сөз болатын.
Қазақ жеріне кейіннен келген радио да, теледидар да газет салған сара жолдан таймады. Олар да шындықтың сөзін айтты. Тексерілген сөз, нақтыланған ақпарат. Ауа-райының өзін дәл болжайтын ғой жарықтық. Кейде теледидар жаңбыр жауады деген күні күн шақырайып шығып тұратын да кездер болатын. Онда да телеарна кінәлі емес-тін. «Ой, тоба, мына Құдайдың күні телебізіріңе де бағынбайтын болыпты» деп, бар айыпты ауа-райына аудара салатын. Бірі – «сағат оннан он кетті» деп, екіншісі – «жоқ, он емес, он екі кетті» деп сөз таластырып қалған екеудің өзінің бірі «мен түнде ғана «Времямен» түзегем деп жеңетін. Әлгі «Время» басталарда экранның бетіне сағат шығып, секундына дейін көрсетіп беретін еді ғой. Қазір қолыңдағы телефоның сағатыңды өзі дәлме-дәл түзеп, ауа-райы болжамын жаңылыспай көрсетіп бере алады. Бірақ ауылды жерде болмаса, қалалықтарыңа ауа-райы болжамының дымға керегі жоқ. Егін егіп, мал бағып жатпағаннан кейін адам дегеніңіз күн райына бағынып та жатпайды екен. Бүгінгі кеп – осы. Ал бұрынырақта сондай да заман болған. Баяғы газетке шыққан кісілердің балалары радиодан сөйлеп, телеарналардан жылт ете қалса ол да мақтан болатын. Қысқасын айтқанда, теле, радио арналардың да сөзі сөз болатын. Барды бар, жоқты жоқ дейтін.
Кейіннен интернет деген шықты. Бұның сөзі әу басында қымбат сөз еді. Газет – басуға, радио – айтуға қорқатын сөзді айтатын, телеарна көрсетуге батылы бармайтын шындықты көрсететін. Оған әркімнің қолы жете бермейтін. Биік-биік ғимараттарда, емен есіктердің ішіндегі адамдарға ғана қолжетімді еді. «Қазақгейт» тақырыптары сондай мысал. Сол себепті де жаға ұстататын жаңалықтардың бәрі де интернетке шығыпты деп айтылатын. Кейіннен бұл құрғырың әркімге қолжетімді болды. Әркім ойына келгенін айтатын, жазатын жер болды. Сол себепті де ол енді аузының баяғы дуасын, өзінің айбынын жоғалтты. Бір күні әкем: «ойпырмай, осындай сұмдық болғалы жатыр екен, мынандай сұмдық болыпты» деп «жағасын ұстап» отыр екен. – Оны қайдан естідіңіз? – десем, – интернеттен оқыдым, – дейді. – Әке, интернет деген мына менмін. Міне, қараңыз, кірдім, елден естігенімді жаздым, шықтым, болды, – дедім. А-а-а, – деп аңтарылып қалды.
Газет, радио, теледидар дегендеріңіз бір сөзбен айтқанда бұқаралық ақпарат құралдары. Қысқаша, БАҚ дейміз. Бас әртіптермен жазылады. Енді осыны кіші әріптермен бақ деп жазсақ, екі түрлі мағына береді. Біріншісі – кәдімгі адам басына қонатын бақ. Иә БАҚ о басында елдің, халықтың басына қонған бақ еді. Адамдардың көзін ашты, сауатын арттырды, түрлі ақпараттармен сусындатты, мәдениеттерін қалыптастырды. Енді екінші мағынасына келейік. Жеміс-жидек өсетін, құстар сайрайтын бақ. Рас БАҚ дегеніңіз – кезінде саялы бақ еді. Адам демалатын, саялайтын. Қазір орман болып кетті. Онда да қауіпті джунгли дерсіз. Маймылдар да, арыстандар да жүр. Бір бұрыштан қолтырауын шыға келіп, жұтып қоятындай қорқынышты. Аңдамасаң, аз-кем сауатың болмаса, адасып кетесің… Бұл бақ өзінің қызметшісі болып жүрген адамдарға аса қорқынышты емес шығар, бірақ шенеуніктер қатты қорқады. Ішіне кірмек түгілі, сыртынан қарауға қорқады. Ел-жұрт баяғыдай қызыққұмар.