Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:07, 12 Тамыз 2023

Бейбіт Сарыбай. Иірім (әңгіме)

None
None

Алақандай ауылдың шеткі көшесіндегі бос тұрған үйге екі баласы бар Әйкен атты әйел көшіп келді.

Әйел деп даралап айтып отырғанымнан-ақ күйеуі жоқ екенін бағамдап отырған боларсыз. Ал күйеуі жоқ екен деген сөз еркектің де, сол еркектің үйіндегі әйелдің де мазасын қашыратыны сөзсіз...

Еркек деп әдейі айтып отырмын. Қазақта «жігіт, ер, азамат» деген сөздер баршылық. Ол сөздерді бұл жерде қолдану орынсыз. Осы бір еркек деген сөздің о баста қадірі болса болған-ақ шығар. Уәдесін орындаған, сөзінде тұрған, ерлік жасаған адамды еркек дегені сөзсіз. Бұ күнде бұл атаудың қадірі жоқ. Аяқты алшаң басқанның, талтаңдағанның бәрі еркек. Оның үстіне итті де еркек, ұрғашы деп бөледі емес пе? Сол себепті де мен бұл жерде еркек сөзін арзандаған мағынасында қолданып отырмын.

Иә, шеткі көшедегі шеткері үйге жесір әйелдің көшіп келгені ауыл азаматтарының, жігіттерінің емес, дәп осы еркектерінің мазасын қашырды. Өзі өңді, керім келіншек болып шықты. Жасы отыздан асып, қырыққа таяп қалған көрінеді. Он сегізде дерлік келіншектің нақты жасын айту қиын-ақ енді. Мамандығы тіс дәрігері екен. Ауылға жаңа салынған ауруханаға ауданнан жіберілген екен. Еркектердің неге мазасызданатыны белгілі. Сол баяғы жабайы инстинкт. Ал әйелдердікі не? Соқыр, соқыр болғанда да көрсоқыр қызғаныш. Ол әйел кім, қандай адам, ақылды ма, ақымақ па, салиқалы ма, жеңілтек пе, қарап жатпайды. Дұрыстап қадағаламаса тап қазір байын тартып алардай қызғанады. Бұл өзі бұрыннан келе жатқан бәлелі нәрсе. Қауіп қоңсы қонғандай, қатер қатар төнгендей болғандарын қарашы.

Әйкенді бауырлары көшіріп әкеліп, орналастырып кеткен. Дегенмен жаңа орнығып жатқан адамның қайбір дүниесі түгел бола қойсын, оны-мұны керек болып қалады. Сондайда көрші отырған Кәдірбектің үйіне сегіз жастағы үлкен баласын жүгіртеді. Аралас-құраластың басы солай басталды. Еркек қолы керек кезде көмек сұрады. Кәден қолынан келгенін аянбайтын жігіт, жасап-ақ берді. Кәдірбек жігіттің жақсысы. Құдайға шүкір, балпанақтай сары қарын қатыны мен сол қатыны туып берген төрт баласын өсіріп, ұйып отырған отбасы. Әлікүнге махорка орап тартатыны болмаса, жаман әдеттен ада-күде. Әйелінің де адамдығы ғой, көшіп келген күннің ертеңінде-ақ Әйкенді екі баласымен қосып ерулікке шақырып, қонақ қылған. Туысқандықты солай бастап кеп жіберген. Бала болғасын тәтті жемей тұра ма, тәтті жеген баланың тісі құрттамайды деймісіз. Осы тұрғыдан алғанда Кәденнің әйелі Құдайым берді деп жүр. Ал Кәден тісін көрсетуге намыстанады. Отыз жыл шеккен темекі оның тістерін сарғыш қоңыр қылып бітірген.

Дүйсенбі күні түс әлетінде ауыл әкімдігінде жиналыс болды. «Ауыл активі» жаңа келген дәрігермен танысты. Жиынды әкімнің өзі жүргізді.

— Бұрынғы тіс дәрігеріміз қалаға көшіп кеткелі бері он жыл болды. Оның өзі қатырмайтын. Тісім ауырды деп бара қалған адам болса, емдеудің орнына ауырған тісін қолына ұстатып қоя беретін. Сол себепті де ауыл азаматтарының көбінің ауызы үңірейіп қалған. Біз секілді мүмкіндігі барлар қалаға барып емдетіп жүрдік. Бірақ елдің бәрі біз емес қой. Енді, міне, жаңа аурухана салынып, өзіңіздей білікті мамандармен толығып жатыр. Ендігі үміт өзіңізде, – деді.

Ауылдастар бірден түскен тістері бүтінделіп кеткендей қуана қол соқты. Шындығында бұл ауылдың адамдары тіс ауруының зардабын бір кісідей тартқан. Баяғы Манап дәрігер де жақсы екен, емдемесе де, ауруыңнан айықтырып, біржола жұлып тастайтын. Ол кеткелі бері тісі ауырған адамдар ем-домдарын өздері жасаудың жолына көшкен. Емнің де небір түрін тапты. Ауруды басудың ауызды тұзды сумен шаю, тістің құрт түскен қуысына шегілген шылымның сүзгісін қою, он екі вольтті тоқпен ұрғызу сынды небір тәсілдерін жасап жүре беретін. Балалар анальгин ішіп, үлкендері қырлы стақанмен ащы су тартып та жататын. Енді, міне, Құдай жарылқап, білікті маман, жақсы дәрігер келіп жатыр. Жиын соңында жас дәрігердің өзі сөз алды.

— Мен түсіп қалған тістеріңіздің орнын толтырып бере алмаймын. Бірақ барлық аурудың алдын аламыз. Әсіресе өсіп келе жатқан жас балалардың денсаулығын сақтауымыз керек, – деді.

Не керек, алғашқы күннен-ақ жас дәрігердің алды босамады. Аудан орталығына, әрідегі қалаға жете алмай жүрген бейбақтардың бәрі үлкенді-кішілі балаларын жетелей жөнелді. Мектеп бітіргеннен кейін үйленіп жүріп қалған сүрбойдақтар өз аяқтарымен барады. Көрікті келіншекке жақындай түсіп, ауыздарының суы құриды.

Кейде бір екі-үш күн қатарынан тоқтамай жауған ақ жауынның артынан жарқ етіп күннің шыға келетіні бар ғой. Айнала бірден шуаққа бөленіп, нұрға толып кететін. Мына келіншектің келгені сондай болды. Ауыл жап-жарық болып кетті. Өзі де бір күн сынды жап-жарық, ақшыл-сары келіншек. Айналасына сәуле шашып тұрады. Келіншектің көркемдігі туралы әңгіме желдей есті. Шүкір, әзірше жаманаты жоқ. «Күйеуі қайтыс болған ба екен, айырылысқан ба екен?» деген қызығушылар да жоқ емес. Айналайындар-ау оның сендерге не қатысы бар? Күйеуі қайтыс болса тағдырдың жазғанына көнген бейбақ та, айырылысқан болса, бұзылған болып шыға ма? Айрылысыпты десе неге айырылысты екен деп оған да бас қатырмақпысыңдар?

Сұлулықта бір түрлі мыс болады емес пе. Әркім жөні жоқ қылжақтай алмайды. Себепсіз жақындамайды. Әрдеңені әңгіме қылып кететіндей, бұрыннан бірге тұратын ауылдас та емес. Қазірге тіл қатысқандары әкім бастаған, Кәден қостаған бірді-екілі адамдар ғана. Айтпақшы, бастауыш сыныпта оқитын екі баласын орналастыруға барғанда деректірмен жолыққан. Деректір жас жігіт еді, ол да өзін көрсетіп қалуға тырысып бақты. Өзінің айтысына қарағанда қалада тұратын-ақ жігіт көрінеді. Оған мүмкіндігі де бар екен. Тек елге жаны ашығандықтан, мектептегі білім сапасын арттыру үшін, болашақ ұрпақ үшін ғана тұрып жатса керек. Осы айтқандары рас болса, азамат-ақ екен дерсің. Қайдам. Білім сапасы дей ме, құдай-ау. Арттырам десе директор болып отырған осы алты жылда арттырып-ақ жіберер еді ғой... 

Екі балалы жалғызбасты жас келіншекке қызығатындардың қатары көп. Бәрі бір-бірінен жасырған, білдірмеген болады. Бір қызығы – ешкімнен опа жоқ. Отбасылы еркектердің жайы белгілі, бойдақтардың да қылар қайраны жоқ. Екі балалы келіншекті кім оларға алдыра қойыпты. Есекке теріс мінгізіп жіберер. Сонда бұларға не керек, неге иектері қышып жүр? Ұқсам бұйырмасын. Бәрі де әйтеуір біртүрлі қарайды. Өтіп бара жатқанында ұрланып, көз сүзіп, қарамайтындары кемде-кем.

Ауылдың ортасында қатар-қатар тұрған төрт дүкен бар. Үшеуін әйел адам, біреуін Сержан деген ер адам ұстайды. Әйкен бір күні қажет нәрселерін түгендеу үшін сол дүкендерді сүзіп шықты. Бағаларын салыстырып, арзан, тауарының сапасы жақсы дегенінен сауда жасамақ болды. Үш әйел қалай бар, солай көрсетті. Ал Сержан әр заттың бағасын арзандатып айтты. Кейбір затты тіпті қаладан алған бағасынан да түсіріңкіреп айтып жіберді-ау деймін. Ой, Алла-ай, ол бұрын дәл бұндай жанашыр емес еді. Тіпті он теңге түсірмейтін. Әйкен, әрине, бағасы арзан болғандықтан, сол Сержаннан сауда жасады. Алған заттары тым ауырлап бар жатқасын Секең есіктің алдында тұрған Ауди-100 көлігімен зыр еткізіп жеткізіп бере салды. Әкетіп бара жатып: «бізде доставка бесплатно» деп мұртынан күліп қойды. Айналайын-ау, жеткізу шынымен тегін болса анау жетпіс, сексен жастағы апаларыңның алған дүниесін неге жеткізіп бермейсің? Он келі боларлық оны-мұнысын мықшыңдап көтеріп бара жатқанында уатсаптан келген уағыздарыңды тыңдап отыра беруші едің ғой. «Жеткізіп берсеңші» деп өтініш қылғандар болса: «Апа, дүкенді жабуға болмайды, время – деньги» деп бедірейіп тұрған сәттерің ше? Енді келіп қайырымды бола қалыпты. Келіншек оның әңгімесін өтірік деп ойлаған жоқ. Осылай болуы қалыпты нәрсе сияқты. Алған заттарын үйіне жеткізіп бергенінде де тұрған ештеңе жоқ. Ал ауылдағы әйелдер үшін бұл деген сұмдық. Сержан артқы орындықта отырған Әйкенге ішкі айна арқылы көз алмай қарап келе жатып, көлігін соғып ала жаздағаны тағы бар.

Ауылда әңгіме жата ма? «Бұл келіншек неге Сержанға үйірсек болып алды, ондағы бар зат бізде де сол бағада тұр, Сержан неге оны үйіне жеткізіп тастағыш» дейді ғой бәсекелес қатындар. Оның да шеті шықты. Әйкен бір күні Сержанның дүкенінде жоқ дүниені іздеп, көрші тұрған шағын маркетке кірген. Соның сатушысы базына қылып айтты.

— Бізге де кіріп тұрсаңшы, бізде де жақсы тауарлар бар, – деді сатушы әйел.

Әйкен:

— Әрине, келіп тұрайын. Бірақ сіздердікі қымбаттау. Бір айлыққа қарап отырғасын үнемдегіміз келеді, – деп жауап қайырды.

— Сонда Сержанның дүкені біздікінен арзан дегіңіз келе ме? Қойыңыз қымбат болмаса, арзан емес, – дейді анау нық сеніммен.

— Расымен, көп арзан. Мысалға, сіздегі мына май 650 теңге болса, ол кісіде 500 теңгеден, – дейді бұл.

Содан-ақ белгілі болды. Бәсе деді ішінен, бетін шымшым тұрып. Оңбаған Сержан.

Бір әйел білген сырды бүкіл ауылға жайылды дей беріңіз. Біреуден біреу естіп, бұл әңгіме ақыры Сержанның әйеліне жетіп тынады. Соның ертесі күні Сержанның дүкені ашылмады. Қалаға тауарға кетіпті дейді. Құдай білсін.

Ауруханада таблетка аталып кеткен «Уаз» автокөлігі бар еді. Ауыл тұрғындары қатты ауруға шалдыққан жағдайда аудандық ауруханаға жеткізуге арналған. Соның жүргізушісі бір күні «ауыл активін» қонаққа шақырды. Әкімнің жасырын тапсырмасы екен. Өздері отырып, шай үстінде әңгіме қылып, келіншекпен кеңірек таныспақ ниет сол. Кімдерді шақыру керек екенін де, қай күнге шақыру керегін де әкім өзі белгілеп беріпті. Әкімнің өзі, мектеп деректірі, балабақша меңгерушісі, учаскелік полиция бөлімшесінің лейтенанты, мәдениет үйінің қызметкері сынды азғантай адамды шақыр деген. Балабақша меңгерушісі әйел адам. Оны қосқан себебі кілең еркектер жиналыпты деген сөзден қашқаны. Мектеп деректірі алдын кеспейтін інісі. Мәдениет үйінің қызметкері кепкен ағашын сабалап ән салып, көңілдерін көтеретіні анық. Лейтенантты да сондай бір есеппен шақырған. Қорыта айтқанда, сол «ауыл активі» жиналған есеп. Қысқасы, ауыл имамынан басқасы осында. Имамды айт мейрамдарында, наурыз мерекесінде шақырғаны болмаса, көп жағдайда қоса бермейді. Мынандай отырысқа мүлде жолатпайтыны анық. Ерулік деген аты болмаса, еркін отырыс қой. Ел деп шапқылап жүрген азаматтардың бір уақыт демалуы дегенге келер. Бәрі жақсы, бәрі дұрыс. Бірақ ана ноқалай шопыр бәрін бүлдіріпті. Шақыр деген қонақтарын әйелдерімен қосып шақырып тастапты.

Әкімнің өзі сол күні аудандағы жиынға кеткен. Шақырылған уақытқа туралап келді. Бұл уақытта қонақтар жиналып қойған екен. Әкімнің келуін ғана күтіп, абың-күбің әңгімемен отырған. Әкім кіріп келіп, көзі шарасынан шыға жаздайды. Бәрі әйелдерімен келіпті.

Ана ноқалайда ес жоқ:

— Жеңгем қайда, неге жалғыз жүрсіз, – дейді.

Әкім бірден есін жинап алды. Кемі аудан басқарарлық әккілігі бар адам негізі, ауылға қор болып жүр. Сол әккілігіне салып сыр білдірмеді.

— Әй, қонақты шақырған өзің ғой, шақырмап па едің? – деді.

— Ой, аға, мен өзіңіз ерте келер деп ойлағам. Қазір машинаммен барып, зыр етіп әкеле қояйын, – деп анау жік-жапар бола қалады.

— Жарайды, әбден тақалғанда жүре ғой дегеніміз ыңғайсыз болар. Мен ылғи ат үстінде салт жүретін болғандықтан, жеңгең де үйреніп қалған, өзіміз отыра берейік, – деді.

Шопыр жігіт жақсы дайындалыпты. Дастарқанды молынан жасаған. Ішімдіктің де жақсысы қойылған. Бірақ… Арқа-жарқа отыратын-ақ жөндері еді. Ендігі отырыстары мынау – бірін-бірі аңдып. Әйелдердің бәрі күйеулерін бағып отыр. Күйеулері де әйелдерінің қабағынан ығып, тәртіпті бала образына еніп алған. Әзіл-қалжыңы аздау, бір сыдырғы әңгіме. Біреудің бір нәрсе бүлдіре қоймайтыны анық. Бірақ өзара әзілдесіп, қауқылдасып отырса жақсы-ақ болар еді. Мынау бір кәдімгі соғым басы болды да қалды. Дегенмен ерлер жағы аз-кем алып қойып отырды. Барлық нәрсенің бағасы салыстырмалы түрде айқындала түседі емес пе. Бұрын байқалмай жүрген екен, енді қараса бәрінің әйелдері тым қарапайым екен. Жұпыны деуге келмес, бірақ түр-әлпеттері де, бітім-болмыстары да, тіпті киім киістері де солғын. Ауылдық әйелдер қалалық келіншектің қасында өздерін қор сезінбесе де қорашсынып-ақ қалған. Күйеулері сый-құрмет көрсетіп, жік-жапар болса, іштеріне қыжыл бітеді.

Тілектің бәрі Әйкенге арналды. Қолдан келер барлық жақсылық та Әйкенге жасалмақ. Әйкен, Әйкен, Әйкен...

Әйелдердің табиғаты қызық. Жалғызбасты әйел көрсе жиырыла қалатындары несі екен? Еркек деген сұлулыққа құштар неме. Ол қарайды, қызығады, бірге отырғанын мәртебе санайды. Онда тұрған не бар? Сенің күйеуің ұнатты екен деп құлай кетеді деймісің? Ондай арзан келіншек екенін сен қайдан білдің?               

Әйкен олардың жаман күйеулерінің бірін місе тұтатын емес. Өзімен-өзі жүрген адам. Ал аналар өздерімен-өздері әлек. Ана жақта Сержанның үйі де өздерінің шырқын өздері бұзып отыр. Сержандікіндей мысалдар баршылық. Таудан отын жеткізіп берген шопыр жігіт Әйкеннің үйіне кіріп шәй іше қойған екен, ол да біраз әңгіме болды.

Ауылдың шетінде тереңдігі адам бойынан асатын өзен бар еді. Жүзе білетін жігіттер түсіп жататын. Әйкен бір күні сол өзенге шомылуға барды. Сыртқы жұқалтаң көйлегін шешіп, суға түсуге арналған іш киіммен суға күмп берді. Судан шыққасын жайылған орамалға етпеттеп жатты. Мәрмар денесі күнге шағылысып жарқырап жатты. Дүние тына қалды. Сонда жүрген бірді-екілі жігіт пен төрт-бес бала тілдерін жұтып қойды. Әйкеннің бұл қылығы өз ұғымында ешқандай тәртіпсіздік емес. Еш сөкеттігі жоқ. Шет елдерді былай қойғанда, анау Алакөлде, берідегі Қапшағайда әйелдер осылай суға түседі, жағада күнге қыздырынып жатады. Сол сияқты нәрсе бұл. Әйкен сондай көлдердің талайында болған, солай суға түскен. Сонда ол жақта ұят емес нәрсе бұл жақта неге ұят болуы керек? Иә, Әйкен үшін жәй нәрсе болғанымен, ауыл үшін бомба түскендей болды. Өйткені бұл ауылдың әйелдері суға түспейді, түсе қалған бірді-екілі әйелдер көйлекпен түседі. Ал мынадай жалаңаш деуге келерлік жағдайда түсу деген сұмдық жағдай. Жігіт желең жасырына қарап қалғанымен, шок алған ұсақ балалар ауылға тұра жүгірді дейсің.

«Тіс дәрігері елдің көзінше жалаңаш денесімен суға түсіп жүр». Еркектер апыр-ай десіп, әйелдер беттерін шымшып кетті. «Бұл не деген сұмдық? Бұзылған қатын болып жүрмесін». Өзен жағасынан әріректе қой бағып жүрген Қойшыбай шал дүрбі салып, көз зинасына мейлінше батты.

Келіншек өзенге қайыра түсіп жүзіп бара жатқанында сонда тұрған жігіттің бірі: «Ол жаққа қарай бармаңыз, иірім ғой, тартып кетеді» деп есі шықты. Иә, байқамаса иірім тартып кетеді.

Иірім – Әйкен...

Иірім – сезім...

Иірім – ауыл адамдары...

Иірім – өсек-аяң, пыш-пыш әңгіме...

Әйкен сол иірімге қарай жүзіп бара жатып Мұқағалидың екі жол өлеңін есіне түсірді.

«Жауыздық біткен менімен ғана бірге өлсе,

Бүгін-ақ өліп кетер ем...»

Тегтер: