Бейсембаевтың біліктілік сертификаты қанша тұрады?
![None](/static/img/image.jpg)
Жаңа оқу жылы басталарда оқу-ағарту саласына қатысты қилы-қилы қызықтарға тап боламыз.
Өткенде еліміздің бас мұғалімі Ғани Бейсембаев қоғамдағы хиджаб дауын қыздырып, өзі де, сөзі де қызу талқыға түскен соң ақыры «мұның бізге қажеті жоқ» деп басын арашалап алған болды. Бірақ бұл салаға қатысты өзге де мәселелер жетіп артылады.
Оқу, білім саласындағы жемқорлық, педагогтардың біліктілігін көтерудегі шикіліктер, мектептегі құжатбастылық, оқушы мен мұғалімнің арасындағы түйіні көп жайттар, қағазбастылықтан әбден қажыған ұстаздар, оқу бағдарламасындағы оқушы түгілі оның ата-анасын зәрезап қылып, адамның миына қонбайтын тапсырмалар. Осының барлығын біз айтқалы қанша жыл?! Аталмыш мәселелер жылдағыдай биыл да күн тәртібінен түспеді. Бірақ бұл саланы басқарғалы бері министр Ғ. Бейсембаев түйінді тарқатып, тиімді шешімдер айта алмады. Әйтеуір Бейсембаевтың бар ойы қазір «Жайлы мектептердің» жайы болса керек, жыл басынан бері ол елде қанша комфортты мектеп салынатынын, мұндай мектептерде қанша бала оқитынын жарналамап әлек. Ал сол мектептерден бөлек, педагогтардың арасында қазір аласапыран шабылыс. Елдегі мұғалім мамандығын меңгергендердің біразы бүгінде мектептердегі бөлінетін сағатқа таласып шу-шұрқан. Енді бірі төрт жыл ЖОО-да оқып, қолына педагог мамандығының дипломын алғанымен мектепке жұмысқа кіре алмай қайран.
Кезінде Асхат Аймағамбетов білім және ғылым министрі болып тұрған тұста еліміздегі педагогтардың біліктілігін көтеру жайы жиі айтылды. Алғаш басшы болып тағайындалғанда экс-министрдің «Мұғалім деген мамандықты «әлсіз» түлектер таңдайды. Мұндай әлсіз маманнан сабақ алған оқушылар да әлсіз болады, мектептегі білімнің сапасы нашарлайды. Одан кейін осы оқушылар ЖОО-ға түседі. Нәтижесінде экономикаға әлсіз мамандар келеді. Осы мысал мәселенің маңыздылығын көрсетеді» дегені әлі есімізде. Аймағамбетов осылай деп алды да, педагогтардың біліктілігін көтеру ісіне кірісіп кетті.
Бұдан соң ол – педагогтарды жұмысқа қабылдау жаңа форматта жүзеге асырылады деді. Оның ойынша, бұл өзгерістер мұғалімдерді жұмысқа орналастыру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және жұмысқа қабылдау кезінде меритократия қағидаларын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бағыт бойынша жұмысқа орналасу кезінде үміткер конкурсқа қатысу туралы өтініш береді. Өтініш беруші өзінің бағалау парағын қоса ұсынады. Онда барлық жетістігі, нәтижелері, еңбек өтілі, әкімшілік немесе әдістемелік қызмет тәжірибесі, курстық дайындық және басқа да ақпарат көрсетіледі. Ең негізгісі және қызығы, енді мұғалім болып жұмысқа кіргісі келетін маман Ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп, «педагог» біліктілігін алуға міндетті. Бұған қатысты экс-министр Аймағамбетов: «Мысалы, төрт жыл бойы математика мұғалімі мамандығын оқыған студент мектепке жұмысқа орналасу үшін Ұлттық біліктілік тестін тапсыратын болады. Тестілеу сұрақтарында математика бойынша мектеп бағдарламасы мен сол пән бойынша сабақ беру әдістемесі қамтылады» деген болатын.
Сөйтіп, былтырдан бері конкурстық, комиссиялық шешімнен бөлек, мүғалімдер мектепке тест тапсырып, «педагог» біліктілігін алғаннан кейін ғана жұмысқа қабылданатын болды. Осылайша, экс-министр бұл реформа жұмысқа алу кезінде мектеп басшыларына пара алуға жол бермейді, осы үрдіспен білім ордаларындағы жемқорлықты тізгіндейміз деп үміттенді. Алайда жемқорлық бұдан жүгенделе қоймапты. Елімізде нақ осы «педагог» біліктілігін алу үшін пара беріп, сертификатты сатып алып жүргендер де баршылық екен.
Анықтағанымыздай, мектепке мұғалім болып кіріп алғаннан кейін де алынуы тиіс «модератор», «сарапшы» «зерттеуші», «мастер» біліктіліктері де оп-оңай сатылатын болып шықты. Ондай біліктіліктерді алу үшін тесттен өткізіп беруге көмектесетіндерді де табу бізге аса қиынға соқпады. Сұрастыра жүріп, бірді-екілісінің телефонын да таптық. Әрине, оларға журналистпіз демедік, өзіміз педагог кейпіне еніп, «педагог» біліктілігін алуымыз керектігін жұқалап жеткіздік. Уатсап мессенджерімен сөйлесіп, біліктілікті алудың бағасын сұрадық. Суыртпақтап отырып мектепке кіру үшін алынатын педагог мәртебесінен бөлек мектепке енгеннен кейін де алынатын барлық біліктіліктерді де 650 мың теңгеге сатып алуға болатынын білдік. Мұндай соманың өте қомақты екенін, қолымызда ондай қаражат жоқ екенін, сондықтан бағаны біраз түсіруді өтінуді ұмытпадық. Бізге «көмектескіш» қыз аса мәрттік таныта қоймады. Тек 20 мың теңге ғана «скидка» жасай алатынын жеткізді. Айтуынша, сұраған соманы беріп, қалауын тапқандар, тестілеуден сүрінбей өтіп, қажетті біліктіліктерін сүрінбей алып жатқан көрінеді.
Мұндайды естіген соң, әрине, тек тұрмадық. «Салада осындай заңсыз әрекеттердің бар екенін оқу-ағарту министрлігі білетін шығар, дерек пен дәйектерді тарқатып айтар» деген оймен аталмыш министрліктің баспасөз қызметіне хабарластық. Минстрліктің баспасөз хатшысы Мереке Нұрмаханова мұндай әрекеттермен антикор айналысатынын айтып жөн сілтеді. Бірден антикорды қоңыраулаттық. Бізге пікір білдірген антикор өкілі «Мұндайда статистиканы тізе бергеннен гөрі педагогтардың парасаттылығын арттыру керек деп ойлаймын. Нақ осындай жағдайға түскен педагогтар еліміз бойынша 1424 нөміріне хабарласып немесе өзінің аумағындағы антикордың филиалдарына шағым айтса болады», – дегенмен шектелді.
Оқу-ағарту министрлігі мен антикор өкілінің пікірлері осындай болды. Байқағанымыздай, екі тарап та «салада парақорлық болып жатыр екен-ау, қай аймақта, қай жерде мұндай факті кездесті?» деп, мәселеге терең үңілуге аса бір қызығушылық танытып тұрған жоқ. Рас, антикор өкілінің сөзінің жаны бар. Бұл арада педагогтардың парасаттылығы, әділдігі, шындыққа жетуге ұмтылуы керек-ақ. Бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуі тиіс педагогтың образы осындай болуы заңды да. Бірақ ол педагогқа әлгі біліктілік сертификатын қайтсе де алуы керек болып тұр ғой. Өйтпесе, оны мектеп әкімшілігі жұмысқа алмайды. Сертификаты болмаса, мектептің есігінен де сығалай алмайтынын біліп тұрып, ол маман қайдан антикорға шағымдана қойсын?! Керісінше, тамыр-танысқа сөзін өткізіп, ебін тауып, ақшасын беріп, сол сертификатты сатып алғаны олжа емес пе?! Сертификат қолда болса, жұмыс та бар, бала-шағасы да асыраулы. Әрине, біз ұстаздардың барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Өз еңбегімен өсіп, жетіліп жүрген ұлағатты ұстаздар барын да білеміз. Әділдік туын жықпай, мектептегі заңсыздықтарды әшкерелеп, ашық айтып, артынан өздері мектеп директорының қудалауына түскен мұғалімдер да баршылық. Бұдан кейін педагогтардың арыздануын, шағымдауын, пара сұрағанды өздері ұстап беруін күту де қисынсыз ғой. Сонда қайтпек керек?!
Аталмыш мәселеге қатысты ардагер ұстаз Сандуғаш Сақатқызы былай дейді:
– Ұстаздарды мұндай жағдайға түсірген біздегі сауатсыз жүйе. Білім саласында бұған дейін де қаншама реформа болды? Бірақ соның барлығы жемісті болды дей алмаймыз. Мәселен, былтыр оқу жылы 30 мамырға дейін ұзартылды. Биыл министр Бейсембаев бұл өзгерістің тиімсіз екенін жариялап, оқу жылын қайтадан бұрынғы мерзімге ауыстырды. Қазір мұғалімге артылар жүктеме көп. Мәселе жетіп артылады. Оқушыларды тестілеу, ұстаздарды тестілеу аясында да шикіліктер өте көп. Нақ сол біліктілікті арттыру тестерінен мұғалімнің біліктілігі көтеріледі дегенге өз басым сенбеймін. Тест тапсыратын ұстаздың бар ойы – баланы оқыту емес, сол тесттен өту ғана. Оны сатып алып жатқандарды да естіп жүрміз. «Оқушыларды қойып, енді мұғалімдердің басын қатырып қойдық» деп, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы мен министрлік неге бұған қатысты үкіметке сауатты ұсыныстарын айтпайды?!
Рас-ау, олар неліктен үкіметке сауатты ұсыныстарын өткізбейді?! Шынтуайтында, тәуелсіздік алғалы елде өзгеріске жиі түскен саланың бірі осы – оқу, білім саласы. Кезінде министрлікті басқарған Бақытжан Жұмағұлов, Асылан Сәрінжіпов, Ерлан Сағадиевтердің де реформалары сәтті болды дей алмаймыз. Министрлікті басқарған еңбек жолында Ерлан Сағадиев сонау 1913 жылдан бері келе жатқан «Әліппені» оқу бағдарламасынан алып тастап, тарихта қалды. Одан соң министр болып төрт ай ғана отырған Күләш Шәмшидинова «Әліппені» қайтарып алу туралы бастама көтерді. Артынша, Асхат Аймағамбетов «Әліппені» «қайтарып алуымен» жұртқа сүйкімді болды. Ойлап қарасаң, бұл министрліктің осындай шаруалармен бас қатырудан қолы босамайтын тәрізді. Бір министр келеді, ол реформасын ұсынады, үлгермей жатса оны келесісі жалғастырады. Оқу бағдарламасына да түрлі өзгерістер енгізіліп жатыр. Министрлерге біздің балаларымыз тәжірибе тышқаны сияқты.
Мәселені одан әрі зерттей түскіміз келіп, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығына да хабарластық. Аталмыш орталықтың жемқорлыққа қарсы әрекеттер бөлімі, Әдеп жөніндегі уәкілі Фархат Сұлтабаевтың телефонын тердік. Сауалымызды орталықтың баспасөз қызметіне жеткізетінін айтқан ол бізді солай қарай бағыттады. Қызықтырған сауалымызға жауап берген ҰБТ баспасөз хатшысы Перизат Қашақбайқызының айтуынша, мұғалімдердің біліктілігін тапсыруда ешқандай парақорлық әрекеттері кезікпеген. Биылғы педагогтарды тестілеу мерзімі әлі аяқталмаған. Былтыр еліміз бойынша 201 415 мұғалім педагог біліктілігін тапсыруға өтініш білдірген.
Ал биыл тамыз айында тестілеуден өтуге өтініш білдіріп, тесттен өте алмай қалған жас маманның бірі Әсел Нүкебаева былай дейді:
— ЖОО-да төрт жыл оқып, физика пәнінің мамандығын меңгеріп, дипломымды алдым. Мектепке жұмысқа кірейін деп «Еңбек.кз» сайтына тіркелдім. Барлық құжаттарымды орналастырдым. Оның арасында педагог біліктілігі сертификаты болуы керек екен. Тамыздың 20-ында барып тест тапсырдым. 1 балл жетпей қалды. Сертификат ала алмадым. Жұмысқа қабылданбадым. Жеті мәрте тапсырып, тесттен өте алмағандар бар екен. Сертификатты сатып алып жатқандар да бар. Сертификатты алған күннің өзінде мектепке кіре алмай жүргендер де кезігеді. Ол үшін жақсы танысың болуы керек. «Мектеп директорлары ебін тауып, әлі де қомақты пара алады» деседі. Оқуды жаңа бітірген менде сертификат алуға бір беретін, мектеп директорына тағы беретін ондай қомақты сома қайдан болсын? Биыл жұмысқа кіре алмадым. Келесі жылы тағы бір жаңалық ене ме? Сонда біз қалай жұмыс істейміз? Төрт жыл оқыған еңбегім қайда?!
Міне, жұмыс таппай жүрген мұғалімдердің оқу-ағарту министріне қоятын сауалы – осы. Қазір мектепте жұмыс істегісі келетін әрбір мұғалімді «мектепке кірудің жолы бір ғана сертификатқа қарап қалған болса, төрт жыл ЖОО-да не үшін оқыдық?» деген сауал мазалап жүр. Мұның артында «елдегі жұмыссыз мамандардың көрсеткіші одан әрі артып кетпей ме?» деген сауал да тұр.
Жұмыссыздық демекші, өткен аптада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың қатысуымен білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің пленарлық отырысы өтті. Сол кеңесте «Мектептің жаны – мұғалім» деп сөз бастаған Дүйсенова мектептерде осындай проблемалар барын біле ме екен?! Әдеттегідей, бұл конференцияда оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев саладағы қыруар жетістіктерді тізбектеді. Негізінде мұндай конференцияларда нақты мәселелер ашық талқыланып, оның түйіні тарқатылып шешіліп жатса игі емес пе?!
Осы жолы тамыз конференциясын жаңа форматта өтеді дегеннен біз саладағы мәселелер талқыланып, ұстаздар тапшылығы, жұмыссыз жастар мәселесі, мектептегі парақорлық, ақша жинау, қағазбастылық, біліктіліктен өтудегі кемшіліктер, конкурспен жұмысқа кірудегі шикіліктер жөнінде ұтымды дүниелер айтар деп үміттенгенбіз. Өкінішке қарай, 20 аймақтан 12 мыңнан аса ұстаз қатысқан конференцияда бұл мәселелер жетесіне жете талқыланбай да қалды.
Жалпы, министрі де, басқасы да білім саласында парақорлық барын біледі. Заңсыздыққа тосқауыл қою үшін реформалар да ұсынылуда. Бірақ ол бастамалары олқылықтарды түбірімен жоюға келгенде нәтижесіз. Әйтеуір білім саласында сауда жүріп, базар қызып жатыр...