Бейсенбай Сүлейменов: Біз болашақ ұрпақ үшін қолдан келгеннің бәрін істеуіміз керек

«Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» жарияланысымен, балаларға арналған тақырыптар жиі қозғалып жүр.
Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігі де балалар іс-шарасына қаржы бөліп, қамқорлық танытуға кіріскендей. Дегенмен, балаларға жасалынып жатқан қолдау қандай деңгейде жүргізілуде. Бұл жөнінде балалар шығармашылығына үнемі қамқор болып, қалам тартып жүрген жазушы Бейсенбай Сүлейменовпен әңгімелескен едік.
— Бейсенбай аға, сіздің ұсынысыңызбен былтыр «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осы орайда, қазір балалар жазушыларына қандай қолдау жасалынып жатыр?
— «Балалар әдебиеті жылына» орай Мәдениет және спорт министрлігі жылына балалар мен жасөспірімдерге арналған 4-5 кітап шығарып жүрген. Былтыр қырықшақты кітап жарық көрді. Бұл кітаптар балалар мен жазушылар үшін үлкен бетбұрыс болды. Қуанарлық та, ұптарлық жағдай. Ал, биыл «Балалар жылы» болып жарияланды. Биыл да балаларға арналған көптеген әдеби, көркем кітаптар шығады деп ойлаймын.
— Жалпы балалар әдебиетіне қандай қолдау қажет?
— Шыны керек, балалар әдебиетіне көп көңіл бөлмей кеттік. Баяғы Кеңес Одағы кезінде «Бар жақсы – балаларға!» деген ұран болатын. Соның аясында жеткіншектерге көптеген игі жұмыстар жасалынатын. Мәселен, жыл сайын көптеген кітаптар шығарылып, спорттық ойындар мен мәдени шаралар ұйымдастырылатын. Оның тағы бір ерекшелігі, балаларға қамқорлық жасалынып, жұмыстарын қадағалап, оларға қамқорлық көрсететін жауапты адамдар тағайындалатын. Ал, қазіргі кезде балаларға ешкім жауап бермейді. Әр бала өзімен өзі. Бар жауапкершілікті мектептің мұғалімдеріне сілтеп, міндеттеп қойдық. Бірақ мектеп ұстаздар баланың тәрбиесімен емес, олардың сабағымен айналысады. Сондықтан балалар тәрбиесінде, оларды әдебиетке баулуда бүкіл халық болып, ата-ана болып жұмылуымыз керек. Өйткені балалар мәселесі, балалар әдебиеті, балалардың кітап оқуына көп көңіл бөлінуі керек нәрсе. Біз селқос қараймыз. Сол себепті, ең біріншіден әр ата-ана өз баласына еге болып, арнайы уақыт бөлуі қажет. Баланың сабағын қадағалаумен шектелеміз аз. Кейде ерініп қадағаламаймыз. Ал балаларға кітап сатып алумен ғана шектелеміз. Олармен бірге оқып, талдап, қалай түсінгені жайлы ойын білуіміз қажет. Өйткені, әр баланың ойы, түсіну қабілеті әртүрлі. Оны тек көп көңіл бөлсек қана түсіне аламыз.
Балалардың болашағы үшін көп еңбектенуіміз керек. Өкінішке орай, бұл мәселе бізде ақсап тұр. Баланың аты бала ғой. Соңғы кездері балалармен кітапханаларда, мектептерде көп кездесіп, сөйлесіп жүрмін. Олардың кітапқа деген құлшынысын, бетбұрысын байқаймын. Кітап оқымайды деген ойдан аулақ болуымыз керек. Жоқ, балалар кітап оқиды. Егер сапалы, қызықты жазылған, көркем безендірілген кітап болса, балалар қызығады. Мәселен, өз басымнан өткен бір жағдайды айтайын. Алматыдағы С.Бегалин атындағы кітапханада жиі кездесу өткізетінмін. Кездесуге 50 бала келсе 50, 70 бала келсе 70 кітап апарып, қолтаңбамды жазып сыйлайтынмын. Сондай бір кеште бір балаға кітап жетпей қалды. Әлгі бала кітап жетпей қалғанына ыңғайсызданып, көзіне жас алып, жылап жіберді. Сол кезде баладан қатты ыңғайсызданып, кешірім сұрадым. Ертеңіне алып барып арнайы беретінімді айттым. Солай істедім де. Сондағы бала мен ата-анасының қуанғаны әлі күнге дейін көз алдымда. Қазір кітапқа қызығушылық артып келеді. Біз оған қуануымыз керек.
— Қазіргі заманның балаларын қандай тақырыптар қызықтырады деп ойлайсыз? Сондай-ақ кішкентай бүлдіршендерді телефоннан қалай құтқара аламыз?
— Телефонның жақсы жақтары да, жаман жақтары да бар. Қазір жылаған балаға телефон беріп, алдандыратын болдық. Ал, бала тыңдасын, тыңдамасын, ермек қылып, соған алданып отырады. Бірақ бала телефоннан қандай дүниелерді тыңдап, көріп отырғанын біз білмейміз. Сондықтан әрбір ата-ана баласының қандай бағдарламалар мен мультфильмдерді көретінін қадағалауы қажет. Олардың жаман пиғылдағы фильмдерді көруіне барынша тосқауыл қойып, түсіндіріп, жақсы бағыттағы фильмдерді көруге ұмтылдыру міндетіміз. Шынын айтсақ, өзімізден де кінә бар. Олардың көңлінен шығатын, тамсана қарайтын, сүйсіне оқитын туындылар жасай алмай жатырмыз. Жазылған кітап, шығарылып жатқан мультфильмдердің көбісі талап деңгейінен төмен. Оны бәріміз білеміз. Мұның барлығы қаржыға келіп тіреледі. Азғантай қаржымен мультфильм шығарамыз. Балалар кітабына да көңіл бөлмейміз. Кітапты маңдай терімен жазған жазушыға керекті мөлшерде қаламақы берілмейді. Мен ойлаймын, ең алдымен балалардың жағдайын ойлауымыз керек. Олардың оқуына, демалуына, спортпен айналысуына аса көп көңіл бөлуіміз қажет. Онсыз болмайды. Осы мәселелерді шешетін уақыт жетті! Біз болашақ ұрпақ үшін қолдан келгеннің бәрін істеуіміз керек!
Сондай-ақ балалар мекемесінде жұмыс істейтін педагогтар мен балалар басылымдарының журналистеріне екінші сорттағы маман есебінде қараймыз. Мұндай көзқарастан арылайық. Ең алдымен, балалармен жұмыс істейтін мамандарға көңіл аударылмаса, баланың алғашқы фундаменті де дұрыс қаланбайды. Жеткіншек төменгі сыныпта нашар оқыса, ұстазы нашар болса, баланың ары қарай жақсы оқып кетуі, жыл сайын өзгеріп жатқан мектеп бағдарламасын игеріп кету өте қиын.
Осыдан екі жыл бұрын балалар мәселесі көтеріліп, балалар әдебиетіне көңіл бөлінетін кезде жазушыларды іздестіргенде жеткіншектерге қалам тартатын жиырмашақты ғана жазушысы бар болып шыққан. Былтыр «Балалар әдебиетінің жылы» болып жарияланғаннан кейін, олардың саны күрт көбейіп, 200-ге дейін жетті деген ақпарды естідік. Олардың көп болғаны қуантады. Жазушылар бір-бірімен таласып, бәсекелеспей жақсы туынды тууы мүмкін емес. Сондықтан, ең алдымен, балаларға арналған кітаптарды шығарған кезде солардың ішіндегі ең таңдаулыларын ғана пайдалануымыз керек. Біз қазір қолымызға түскен шығармаларды балаларға ұсынумен әлекпіз. Оны оқыған оқырманның әдебиетке деген көзқарасы өзгереді. Үлкендерді алдауға болады, ал балаларды алдауға болмайды. Жақсы дүниеге бала да оның ата-анасы да мәз болары сөзсіз. Кітап бірінші сөйлемінен өзіне баурап алатын болуы керек. Балалар әдебиетіне қойылатын талап та жоғары.
— Қазіргі кездегі балалар тақырыбына қалам тартып жүрген ақын-жазушылардан кімдерді айрықша айта аласыз?
— Балалар жазушыларынан мықты деп Нұрдәулет Ақыш, Байбота Қошым-Ноғай, Ділдар Мамырбаева, Сәбит Дүйсенбиев, Талғат Айтбайұлы, Қанат Қайым, Қайып Мұнар Тәбеев, Дүйсен Мағлұмовтарды, т.т. айта аламын. Бір топ жас толқын жазушылар қанат қағып келеді. Олардың көбісімен кезінде балалар мен жасөспірімдер басылымдарында бірге қызмет істедім. Осы жазушылардың әрқайсысы әдебиетті өнер деп қарайтын, бар күш-жігерін жеткіншек тәрбиесіне бағыштаған қаламгерлер.
— Алдағы уақытта тағы қандай кітаптар шығару ойыңызда бар?
— Былтыр «Балалар әдебиетінің жылына» 5 кітап шығардым. Бүкіл шығармашылығымның барлығын жүйелеп, зерделеп, жас оқырмандардың алдында есебімді бердім деп ойлаймын. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Түркістан облысының бірқатар аудандарында кездесулер өткіздім. Шығарған кітаптарымды балаларға тегін таратып берудемін. Енді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаға жазған екінші хатымда «Балаларға арналған жаңа әдебиет жазуымыз керек. Сондай-ақ балалар жазушылары мен журналистеріне қамқорлық көрсетілсе. Олардың мәртебесін өсіруіміз қажет» деп мәселе көтергенмін. Сол бағытта тағы біраз жұмыстар жасауға тура келіп отыр. Қазір балаларға арналған қуанарлық бетбұрыс жасалынып жатыр. Үкімет тарапынан, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан жасалынған жұмыстарға қарап қалмай, біздер балалар мен жасөспірімдер басылымдарының қызметкерлері, ата-аналар барлығымыз бірігіп, балаларға жағдай жасауымыз қажет. Олардың оқуына, тәрбиесіне, дем алуына біраз жұмыс жасалынады деп ойлаймын. Өзім соңғы жылдары С.Бегалин атындағы балалар кітапханасында, Ш.Уәлиханов атындағы №12 мектеп-гимназиясында балаларға «Журналистік шеберлік пен жазушылық өнер» тақырыбында сабақтар жүргізіп келдім. Бірақ індетке байланысты тоқтап қалды. Алдағы уақытта қайтадан жалғастыру ойымызда бар. Негізі қазіргі балалардың ой-өрісі, әдебиетке деген құлшынысы өте жоғары. Оны кездесулерден байқап та жүрмін. Сол себепті, балалардың үмітін, құлшынысын сөндіріп алмауға тиіспіз.
— Министрліктердің «Балалар жылында» атқарып жатқан жұмыстарына көңіліңіз толады ма?
— Көңіл толады деп айтуға әзір ерте. Жұмыстар жасалынып жатыр. Ал үлкен шараларды ұйымдастыруға енді белсене кірісетін шығар. Бір қуанатыным, сең қозғалды. Балаларға деген көзқарас өзгеріп келеді. Оларды жақсы кітаппен қамтамасыз етуге барлығымыз да жұмыла кірісуіміз керек. Бір туындыда, мейлі ол кішкентай әңгіме-ертегі, хикаяттар болсын, қазақ халқының ұлттық құндылықтары, жақсы дәстүрлеріміз, отаншылдық сезім орын тапса деймін. Балалар біздің болашағымыз екенін ұмытпайық!
— Сұхбаттасқаныңызға рақмет!