Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 30 Шілде 2024

Бекбол Ұртаев: Кішігірім құқықбұзушылықты елемеу үлкен қылмыстарға апарады

Халық заңгері-2024
Фото: ашық дереккөз

Бүгінде әлемде түрлі геосаяси жағдайлар орын алып, әсіресе Орталық Азиямен тікелей шектесетін аймақтарда тыныштықты сақтаудың маңызы арта түсті.

Саяси, экономикалық, әскери, ақпараттық және басқа да салалардағы геосаяси бәсекелестік өзгеріп, мемлекеттің ішкі тыныштығын сақтау саласындағы саясаттың маңызы арта бастады. Осы орайда ішкі тыныштық пен ұлттық қауіпсіздікті сақтау жолында елдегі құқық қорғау органдарының маңызы туралы полиция полковнигі Бекбол Ұртаевпен сұхбат құрдық.

– Бекболат мырза, елімізде құқықбұзушылықты елемеу, назарға ілмеу әлі де бар. Көре тұрса да байқамайтын, байқаса да, құқық қорғау органдарына жүгінбейтін жайттар өте жиі кездеседі. Халықтың құқықбұзушылыққа төзе беруіне, жақыны қиын жағдайға ұшыраса да елемей, полицияға жүгінбеуіне не себеп?

– Күнделікті өмірімізде құқық бұзу факторларының саналуанымен бетпе-бет келеміз. Орынсыз жерге қоқыс тастаудан бастап, тірі жанға зиян келтіру фактісіне дейінгі жайттарды назарға ілмеу, елеп-ескермеуден пайда болатын жайт. Бұл жерде халықтың «сен тимесең, мен тиме» деп отыратыны көп әсер етеді. Күнделікті кездесетін кішігірім факторларды елемеу кейін үлкен қылмыстарға апарады. Бұл рухани енжарлықтан туындайтын әдет болса керек. Құқықбұзушылық әлде қылмыс туралы хабарласам, басым дауға қалады деген қорқыныш тұрады. Бұл жағдайда құқықтық сауаттылықты арттыру керек деп ойлаймын.

– Құқықтық мәдениетті арттыру, халықтың құқықтық санасын дамыту тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет құрудағы маңызды шаралар. Өзіңіз атап өткендей, құқықтық сауаттылық деңгейінің төмен болуының қоғамда ықпалы мол. Осы орайда халықтың құқықтық сауаттылық деңгейін қалай бағалар едіңіз?

– Құқықтық мәдениет құқықтық санадан туындайды. Құқықтық сана – адам құқығына белгілі бір көзқарас, құқық туралы білім, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мінез-құлыққа ие болу, тыйым салулар мен шектеулер туралы білу. Құқықтық санасы қалыптасқан азамат басқаның шекарасы мен құқығына құрметпен қарайды. Мұндай азаматтар құқықбұзушылыққа бармайды, сәйкесінше, құқықбұзушылыққа төзбейді. Жеке адамның құқықтық санасы күнделікті алуан түрлі байланыстар мен қатынастардың ықпалымен және өзінің білім деңгейі, мәдениетіне қарай қалыптасады. Қоғам мүшелерінің әлеуметтік жағдайы мен қабілетінің әртүрлі болуы заңды, сондықтан қоғамдағы құқықтық сана деңгейі де біркелкі болмайды. Заңды білу деген оны тек өз мақсатына пайдалану ғана емес. Сондықтан да, қоғамда құқықтарды, адам еркіндігін, сөз бостандығын қоғам, мемлекет мүддесіне нұқсан келтіру, қиянат жасауға дейін жеткізетін жағдайда пайдаланатындар кездесіп жатады. Олар ізгі мақсатты көздеп те заңсыз әдістерге баруы мүмкін. Бұл көріністер әлеуметтік-құқықтық белсенділіктің оң және теріс жағы болатынын білдіреді. Дегенмен мұндай көріністер қоғамдағы құқықтық мәдениет деңгейінің көрсеткіші екені де сөзсіз. Еліміздегі жемқорлық, алаяқтық, зорлық-зомбылық немесе басқа да ауыр қылмыстардың дендеп кетуіне құқықтық мәдениеттің төмендігі ықпал етіп жатыр.

– Ал тағы бір себебі – елімізде әлі күнге құқық қорғау немесе сот жүйесіне деген сенімсіздік басым болғаны шығар деп ойлаймын. Мысалы, интернет-ресурстары жүргізген сауалнамаларда құқық қорғау органдарының бір-бірінің өкілетін иемденіп кету, құзыретті өз жағына тарту әрекеті туралы жиі айтылады. Енді осы жайында сөз қозғасаңыз.

– Әдетте, көп адам жағдайдың өзі көргісі келетін тұсын ғана көреді, сол арқылы бәріне баға береді. Бірақ құқық қорғау органдарының бәрі бірдей әділетсіз, сенімсіз деген ұстанымды қалыптастыруға болмайды. Сонымен қатар елімізде құқық қорғау органдарының ішкі тәртіп мәселесі өзекті мәселеге айналғанын да жоққа шығара алмаспыз. Өйткені кей органдарда теріс әрекет немесе әрекетсіздік, бас-басына билік ету, қылмыс әлемімен бітеқайнасу, заңды белден басу сынды, тағы да басқа жүгенсіздіктер болып тұрады. Әдетте біз әріптестермен әділдік, адалдық жайлы жиі сөз қозғаймыз. Аталмыш жағдайларға қарсы шаралар да жүзеге асып жатыр. Соңғы жылдары құқық қорғау органдары мен заң жүйесіне халық сенімінің артқанын статистикалық деректер дәлелдеп отыр. Оның үстіне, осы жолда шаралар мен жобалар жиі атқарылады. Біздің басты ұстаным – өз ар-ожданымыздың алдында таза болу, қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, әділдікке жүгіну.

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: