Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй

20.11.2018, 02:35

16

ҚАЛА ШЕТІНДЕГІ ҮЙәңгіме[caption id=«attachment_19842» align=«alignnone» width=«200»]Автор Б.ЫБЫРАЙЫМ[/caption]Алматының аэропорт жақ шетіндегі қушиған, шолақ көшелерде – кілең ескі үйлер. Әрқайсысында – бір-бір иттен. Ауладағы, көшедегі «жаңалықты» бірден хабарлайтын – солар. Әрине, тегі мен тәжірибесіне қарай жеткізу тәсілі әртүрлі.  Әсима әжейдің Тузигі де сондай амалдан құралақан емес.Сол Тузик аяқ астынан шәуілдеді де, тына қалды. Ә-ә, «құрдас» келе жатыр. Басқа біреу болса, Тузик өршеленіп, жуық арада тоқтамайды.Көп жылдан бергі көршісі Нина Федоровнаны немерелері «Баба Нина» десе, есіміне әкесінің атын қосақтап жатуды қиынсынған Әсима әжей кейде «құрдас», кейде «Нійнішке» деп оңайлатып атайды. Оған құрбысы да мәз, қашан көрсе де, «құрдас, құрдас» деп, жаны қалмай жүргені. Қазақшаға судай. Қолы тисе, келіп-кетіп, шүйіркелесіп тұрады. «Сен біздің үйге келмейсің» деп, наз артқанымен, ренжімейді, етжеңді денесіне қарамай, елгезек, үнемі бас сұғып, халын сұрайды.Ішкі жағынан жабылатын сықырлауық ағаш қақпаның саңылауынан қолын сұғып, тиекті жылжытып ашуды көрсетіп қойған, өзі шығып әуреленбейді.Басқаларға өршеленіп, жеп қоярдай аласұратын, үшкір тұмсық, шақар ақ кәндек Тузик «бұ гім?» деп, сұрағандай шәу-шәу еткенімен, «құрдасты» иісінен-ақ сезеді. «Тузик, бұл мен» деген таныс дауыстан майдай еріп, «ыҺ-ыһылап» қоя береді. Құлақтары елеңдеп, бір көтеріліп, бір басылып, құйрықтары бұлтың-бұлтың етіп, арсалаңдап, қақпаның алдында ерсілі-қарсылы жүгіреді кеп. Соған қарап, кімнің келгенін Әсима әжей көше жаққа қараған асбөлменің терезесінен қарап тұрып-ақ біле қояды. Әне, Нина Федоровна көрінді. Қоңыр пәлтесі тізесін соғып, қалтасынан бірдеңе шығарды. Аузын ашып, арсалақтап, аяғына оратылған ақ кәндекті сипалап-сипалап алды: — Ақылы бар өзінің, кә-кә, мә.Тузик тыпыршып, бір орнында тұра алмай, шыркөбелек айналып әлек. Осы ит болмаса, әжейдің бір дүниесі жетпей тұрғандай көңілінен алаң кетпес еді.Әне, есік бірқалыпты баппен жайлап ашылды. Тек Нина Федоровна ғана осылай ашады. Есікті жаны ашығандай баппен, жайлап ашқанынан-ақ осы үйді құрметтейтін адамның кіріп келе жатқанын іші сезетін әжей шай қоя бастайды.Бір-екі кесе ішкеннен кейін барлай қарап алған көршісі бүгін байсалды әңгімеге ойысты. — Құрдас, қобалжыма. Бізбен бірге Ресейге көшсеңші. Бармайын десем ұлым Коля қоятын емес. О жақтан тұратын үй де, жұмыс та тауып қойыпты. Екеуміз бірге тұрамыз. Балалар өздері бөлек. Былайғылар не деп оттаса да, өздері біледі.  – Нина Федоровна сақтана сөйледі. – Кіші немерең күйеуімен Ресейге көшіп кеткен деп ең ғой. Саған келіп тұруына оңай. — Нійнішке, «ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген. Тамағымды тойдырам деп, еріп кете берем бе?! Ата-бабамның, зайыбымның сүйегі жатқан жерді, өсіп-өнген мына елімді қалай қиып тастап кетемін? — деген әжей қабағын түйіп, басын шайқады. — Ой, ой, кешір. Жүрегіңді ауыртайын деп ойлаған жоқпын. Қайтсе, жақсы болады деген далбаса ғой менікі, — Нина Федоровна қалбалақтап, орнынан тұрып кетті. Жабырқап қалған құрбысын бір құшақтады да, қайта отырды. – Сені мұнда қалай жападан жалғыз қалдырам?  Мазам кетіп жүр. — «Жазмыштан озмыш жоқ» деген. Жүдеп отырған жалғыз мен емес. Құдайдың басқа салғанын көрерміз. — «Адам – өз өмірінің қожасы» деген де рас па деймін. Баяғыда елуінші жылдары сонау Сібірден тың игереміз деп комсомолдық жолдамамен Целиноград облысына келемін деп ойладым ба? Құдайға шүкір, жаман болғанымыз жоқ. Тыңнан Алматыға келгенімізге де биыл…  – саусақтарын бүгіп санады, – биыл 1993 жыл ма, тұп-тура 32 жыл болыпты. — Коляға ол жақтан табылғаны әйтеуір дұрыс жұмыс па? — Иә, әрине. Ол — мықты паркетші, әрі балташы. Паркеттен «кілем» тоқиды. «Тез кел, жұмыс көп, заказ көп» деп асықтырып жатыр. Мен ғой Қазақстанды қимай отырған. Қызым Германияға күйеуге тиіп кетті. Одан пайда жоқ. «Немерелеріммен осында қала берейін» десем, ұлым үзілді-кесілді қарсы. Енді амал нешік, соның айтқанына көнеміз. Қазақстанға рахмет. Сәбет өкіметінің арқасында бақытты ғұмыр кештік. Енді қандай өмірге тап боламыз, білмеймін.Түсіңе де кірмейтін сұмдық болды бұл. Сәбет өкіметі құлайды деп кім ойлаған. Күні кеше ғана ғой, өзіміз құбыжық көретін капиталист, буржуазия дегендер жер астынан жік шыққандай демде пайда болып еді. Енді кеп сумаңдап,  қойқалаңдап жүр. — Оу, Нійнишка-оу, оған бас қатырып қайтеміз? Біздің қолда не бар? Кәрі қойдың жасындай жасымыз қалғанда... — Иә, Әсимішка, екеуден екеу отырып, мемлекеттің шаруасын шешіп тастайтынымызды білсе, бастықтар бізге келіп: «апа, ақылыңызды айтыңызшы» деп өтінер еді, — Нина Федоровна кеңкілдеп күлді. — Иә, сұрар жаманғатты. Сұрамақ түгілі есігінен сығалатпайды деп жатыр ғой барып көргендер. «Ел құлағы — елу» деген. Ондай сөздер маған да дүңкілдеп жетіп жатады. — Әй, бірақ… – Нина Федоровна ренжіңкіреп, басынан асыра көтерген қос қолымен ауаны салып-салып қалды. – Не десең, о де. Капитализм дегенге еш келісе алмаймын. Адамды адамның қанауына жол берілсе, мыңдаған жылдар бойғы күрестен не шықты? — Нійнішке, оның бәрі заңға байланысты. Жарайды, қойшы. Доғарайық бұл әңгімені. Онсыз да ауырыңқырап отырмын. Басым қатып кетті. Кешегі күннің бәрі бүгінгілерге ертек сияқты. Әттең, қу дүние-ай. Мен бір әке-шешеден 10 ағайынды едім. Жалғыз қалдым. Менен басқасының бәрі 1932 жылғы аштықта қырылды. Солардың өтеуі қайда? Неге сонша қорлады бізді? — Мәссаға-ан, солай ма еді? — Нина Федоровна үркіп, алақанымен жүрек тұсын ұстады. – Аштық туралы талай естідік. Бірақ тура сен айтқандай сұмдық деп ойлаған жоқпын. Біздің Сібірде де аштық жайлаған. Бірақ өзендер мен ормандардан несібе теруге мүмкіндік бар еді. — Ал, бізде күн көріп отырған ауылдағы азын-аулақ малдан тігерге тұяқ қалдырмай, тартып алып кеткен соң, жұрт аштан қырыла бастады. Алматыға жетеміз, қайыр сұрасақ та, аштан өлмеспіз деп ек. Қайда-а, жолда шешем екеумізден басқасының бәрі көз жұмды. Алматының шетіне іліккенде, шешем жан тапсырды. Ғабдулвалиев деген бұрынғы көпестің сауда үйінен екі жүз қадамдай жерде, кәзіргі Жібек жолы көшесіндегі «Қызыл таң» деген дүкеннің төменгі жағында, есім кіресілі-шығасылы жатқан жерімнен бір жас жігіт көріп, үйіне әкеліп, әупіріммен аман қалдым. — Бұған дейін қалай естімегем, неге айтпағансың? — Айтуға қорықтық. Айтсаң, ұстап әкетеді деп, екі елі аузымызға төрт елі қақпақ қойылғанын өзің де жақсы білесің. Горбачев келіп, сексен бесінші жылдан бері қарай жариялылық деп, талай-талай былық-шылықтың басын ашып жатқан жоқ па? — Ол рас енді. Отызыншы жылдары Сібірде де солай болатын. Жазықсыз қаншама адамдарды алып кетті. Оралған ешқайсысы жоқ. Айтпақшы, сені құтқарған жаңағы жігіт аман қалды ма? — Иә, ол – менің күйеуім Жарас қой. Есімді жиып, өз өзіме келген соң, сол жылы Жарастың етегінен ұстадым.   — Отыз сегізінші жылы халық жауы деп ұсталып, атылды деген Жарасың ба? — Иә. Құдай көп көрді ме, ажалдың аузынан аман алып қалған асылымнан айырылдым, көзімнен қанды жас ақты. Тұла бойы тұңғышым -отыз үшінші жылы дүниеге келді. Өткір, батыл жігіт болсын деп әкесі Қанжар деп жаздырды атын. Екі жылдан кейін қызым Күләйді тудым. Ақыры… міне, екі немеремнен басқа ешкімім қалмады. Тағдырдың ісіне не шара... — Кейінгі жағдайды білем ғой. Ұлдан да, қыздан да айрылу… Құдай басқа бермесін. Немерелерің бар, әлде де көрер жарығың бар, күдер үзуге болмайды. — Қайтем енді? Бәрі солар үшін деймін дә. Бірақ… балаларым өліп, өзім солардың артында сорлап қалам деп ойладым ба? – Әсима әжей кемсеңдеп, алақанымен бетін жапты. Нина Федоровна орындығын қасына тақап, кең  құшағына алды да, тез-тез орысша сөйлеп кетті. — Не плачь, пожалуйста, не плачь. Прошу тебе…  Қайғы шөктіреді. Мына  шайдан ұрттап жіберші.х   х   хКейін институт бітірген Қанжар үйленді. Әжей келінінің сиқын көріп, іштей қарны ашса да, үндей алмады. Жалғыз ұлдың қалауы сол болса, не амал бар? Не қазақ емес, не орыс емес, әлденеше ұлттың қаны араласқан келін өзі де нақты қай ұлт екенін айта алмай, ыржалақтай береді. Аты да қазақша емес: Таися, мамандығы — бухгалтер. Тойдан кейін үйде бір-ақ апта тұрды да, «ақша табамыз» деп, екеуі қол ұстасып, Камчатка жаққа кетті.Үлкен немересі Света дүниеге келген соң, Алматыға оралды. Ол жүруге жарағаннан кейін қайта кетті. Араға үш жыл салып, 1967 жылы Мария туды да, «витамин жетпейді. Жеміс, көкөніс керек» деп, Алматыға біржола қайтты. Бірақ Қанжар әбден суыққа ұрыныпты. Дәрігерлер диагнозын туберкулез деп шошытты да, жанталаса емдеуге кірісті. Бірақ ажырасуға ден қойған Таися бет бақтырмады: «Қыздарыма жұқтырасың!» деп. Онымен салғыласуға құлқы жоқ, соттасуға шамасы жоқ, дімкәс Қанжар орталықтағы үш бөлмелі пәтерді соларға тастап, шешесінің қолына келді. Қыздарынан тірідей айырылған жігіт аурулығына қарамай, араққа салынды. Қойдыра алмады. Жүрегі қан жыласа да, шыдап бақты. Сырты бүтін, іші түтін жылдар ұзаққа созылған ауыр сынақтың жалғасындай үнемі мүжіп, әлсіретсе де, мұқалмай, ұрпақтарының есендігін тілеп, «бір аштықтың бір тоқтығы бар шығар» деп, күдер үзбеді.  х              х                 хСол күні үйде Күләй екеуі ғана еді. Ауаны күйдіріп, адамды қуырып жіберердей шыжыған шілде. Қанжар таң атар-атпастан өз суаты — сыраханаға бет алған. Күнде ертемен тұрып шай қоятын Күләйдің дауысы шықпағанға «ауырып қалды ма?» деп алаңдап, қызы жататын оңаша бөлмеге бас сұқты. Расында сырқаттанып қалыпты. — Мама, кеудем ысып, басым ауырып жатыр. Кешір, саған шай да дайындай алмадым бүгін, — деді қызы қинала. Жасы қырықтан асса да, жеті жасар баладай кішкене Күләй шидей арық, құр сүйек. Әзер жылжитын қаңқа сияқты. Шодырайған омыртқасынан, құныстығынан қорынып, көшеге көп шықпай, ешкім жоқта ауланың ішінде ғана гүлдерге су құйып, алма бақтың ішін бүкірейіп, аралап жүретін. Бүгінгі жатысы біртүрлі сұлқ, онсыз да қысық көзі жұмулы, көзілдірігі – қасындағы тумбочкада. Ернін тигізіп еді, маңдайы күйіп тұр. — Ойбу, салқын тиіп қалған ба?! Қазір дәрі берейін. — Мама, әзірге керегі жоқ, дәрі жүрегімді айнытады. Біраз ұйықтайыншы. Онсыз да жазылармын. Түске дейін демалайын. Сосын көрерміз, — деді Күләй ауыр дем алып. — Жарайды, жаным, жарайды. Ұйықтай ғой. – Есікті ақырын жауып, жайлап, жылыстап шығып кетті. Жалғыз ішкен шайы шай болмады, жүрегі өрекпіп, не істеп, не қойғанын білмей, аулаға бір шығып, үйге бір кіріп, мазасы кетті.Сағат түскі бір болды. Әлі тұрған жоқ. Қатты ұйықтап жатыр-ау шамасы. Ұйқысы қанса, кәдімгідей тынығып, әл жинап қалар.Сағат екі болды.                    Үйге кіріп-шығып жүріп, тың-тыңдайды. Тырс еткен дыбыс жоқ. Қарны ашты-ау. Түнімен жөнді ұйықтай алмай,  шаршады ма екен?Сағат үш.Қой, не де болса оятайын. Жүрек жалғап алсын.Бөлменің есігін абайлап ашып еді, қызының көздері ашық жатыр. «Оянып алғасың ба?» — деп айтуға оқтала бергенде, жүрегі су етті. Мұздай суық көздері қорқынышты бірдеңе көріп тұрғандай төбеге қарап, қадалып қалған, кірпік қақпайды. — Ой-ба-ай, құдай, құдай-ау, Күләйім-ау… – шешесі қызын құшақтап, боздап қоя берді.Көздері жасқа шыланып, еңіреген шеше терең көлдің астына дік етіп түсіп, беймәлім, бұлыңғыр дүниенің ішіне кенет еніп кеткеніне шошынғандай, қолдарын мағынасыз ербеңдете берді. Буалдырланған әлемдегі жалғыз тиянақ — қызын іздегендей қарманғанымен, тірек таба алмай, қолдары ербең-ербең етіп, әлсіреген даусымен бірге қисайып барып құлады. Қанша жатқанын білмеді. Есін жиғанда, күн кешкіріп қалыпты. Еңіреп жүріп, есін жимасқа амалы қалмады. Жедел жәрдемге, Нина Федоровнаға телефон шалып үлгерді.        Удай мас Қанжар түннің бір уағында тәлтіректеп, сүйретіліп жетті. «Аа-а, умерла? Жаль. Она мне, я ей никакой поддержки не могли оказать. Хотя, были взаимно обязанные. Очень жаль. — Басын шайқады. — Ну, что ж, придется похоронить» деді де, өз төсегіне қисалаңдап барып, киімшең құлай кетті...х      х     х        Алыстан шаршап келе жатқандай дауыс құмығып шықты. Қайталанғанда, қаттырақ естілді: — Светадан хабар бар ма? – Нинаның дауысы. Әсима әжей селт етіп, есін жиып алды: — Таися келін маған ештеңе айтпайды, екі немеремді де бізге жолатпай, олар жатбауыр болып өсті. Қашан екенін ұмыттым, әйтеуір бір келіп кеткені бар. Оқу бітіріп, жұмысқа тұрғаннан кейін ат ізін салмай қойды. Мүлдем. Италиядағы біреуге тиіпті деп ұзын құлақтан естігенмін. — Өкінішті, өкінішті... — Қанжар туберкулезден жазылып, диабетпен ауырғанда ғой деймін, екі қызының бір жүздескені бар. Қанша дегенмен әкелері емес пе. Содан қайтып, қараларын көрсетпеді. Әкесінің жерлеуіне де келмеді. — Қанжар қайтқалы біраз болды ғой?.. Жақсы жігіт еді. — Одан бері үш жыл өтті. Биыл, міне, 1993 жылдың желтоқсаны. Ә, айтпақшы, әнеугүні Таися бір төбе көрсеткен шай-қантын әкеліп. Түлкі ғой, түлкі. Күлмең-күлмең етеді: «Ренжіп қалған шығарсыз. Бәрі сол сіздің немерелеріңіздің бақыты үшін, апашка. Олар бақытты болмаса, біз қалай бақытты болмақпыз? Олар қуанса, көңіліміз тоқ. Егер Қанжар жұқпалы ауруға шалдықпаса, алшақтамас едік. Сіздің немерелеріңіздің денсаулығы үшін амалсыздан іргемді аулақ салуға тура келді. Қазіргідей емес, ол кезде туберкулез деген жазылуы неғайбіл ауру екенін өзіңіз де білесіз ғой. Менікі — «қыздарымыз ауырып қалмасын» деген жандалбаса.Айтпақшы, Мария Москвадан хабарласты. «Жаман айтпай жақсы жоқ, әжем үйді көзі тірісінде менің атыма аударып кетсе деген тілегімді жерге тастамайтын шығар» деп, телефон соғып, сізге көп-көп сәлем айтты. Бір жағынан халіңізді білейін деп, екінші жағынан немерелеріңізге жаным ашығандықтан, алдыңызға арнайы келдім»  - деді. — Зымыстан! — Нина Федоровна тістеніп, орнынан тұрып кетті. — Сондай адамнан қалай жақсылық күтесің?! Сен түгіл туған әкесіне көз қырын салмаған қыздардың барынан жоғы… — ашулана қолын сілтеп қалғанда, пәлтенің салбыраған жеңінің лебі желпіп өтті. — Шіріген жұмыртқа — олар. Алматыға қолы жете алмай жүрген адам қаншама? Мыңдаған! Арасында өз туыстарың да бар шығар. Егер менімен бірге көшпей, осында қалам десең, үй үшін саған өле-өлгенше қарайтын, бір қайырымды қызын қолыңа алып, соған мирас етпейсің бе? Одан басқа дұрыс жол көріп отырған жоқпын. — Ой, Нійнішке, өз ұрпағым опа бермегенде, басқадан жақсылық күту қиын. — Құрдас, мен сен үшін ғана алаңдап отырмын. Бұл көшеде екеумізден басқа қазақ пен қазағуар да, кемпір-шал да жоқ. Айналаңның бәрі – қалың орыс. Сені жөнді танымайды. Мен кетсем, олардың саған қарайлауы, әй, қайдам. Туысың болса, қалай дегенмен, бүйрегі бұрар еді. Мен баламмен бірге көшіп кетсем, сен жалғызсырап қаласың ба деп қорқам. — Қайтем енді. Маңдайыма жазылғаны сол шығар. Айтпақшы… – Әжей шымқай жасыл панбарқыт көйлегінің жеңдерін кезек-кезек түріп, еті қашқан жалаңаш білектерін созды. – Мә, мынау күміс білезік шешемнен қалған. Саған менен естелік босын. Мәскеуге барасың ба, Сібірге барасың ба – қайда жүрсең де бізді — Қазақстанды еске алып жүрерсің. Қой деймін, бас тартпа. Бері… бері әккеші білегіңді. — Неужели, неужели все так неожиданно… так быстро… – Нина Федоровна толқып кетті. Көздері жасаурап, орнынан аса бір құрметпен тұрып, білезікті ала берді. – Неужели расстанемся? Ах, Совет өкіметі неге құлап қалды? Ары-бері көшіп әуре болмай, тып-тыныш, шайымызды ішіп отыра беретін едік. Тыныштығымызды кім бұзды, білмеймін. Басшылар бізді – қарапайым елді неге ойламайды? Ойласа, өстіп жылатып қояр ма еді? Россия қайда, біз қайда? Қаңғып, көшіп жүрген өмір өмір ме? – Құрбысын құшақтады. – Неужели больше не увидимся. Доживем ли до встречи… – Иығы селкілдеп, жылап қоя берді. — Жылама, Нійнішке, сен менің көргенімді көрген жоқсың. Көрмей-ақ та қой. Менің көзімнен жас емес, қан аққанын сен білген жоқсың. Заман өзгерген соң ғана тіліміз шешілді. Тәуелсіз ел болдық деп жатырмыз, кім біледі, бұл баянды ма, жоқ па? Күндердің күнінде тағы бір дүрбелең, зауал келмесін деп тілейік одан да. Ұрпақтарымыз жыламасын. Артымызда қалатын ел аман болсын деп тілейік.  Сол елге құт әкелетін ақылды, мейірбан басшылар болсын деп тілейік. Басшының алаяқтығы халыққа жауыздықтан бетер екенін сәбет өкіметі де, басқа мемлекеттер де көрсетіп, көзімізді жеткізді әбден. Кім біледі, бәлкім, мен қателесіп отырған шығармын. Олай дейін десем, шыққыр көзім көрді ғой қисапсыз аштан өлгендерді. Оны қалай жасырамыз? Мүмкін емес. — Жыламайын, құрдас, жыламайын. Кейде қарадай күйіп кетем, өз ішіндегі адамын бір-біріне айдап салатын, бірін біріне аттыратын мемлекет кімге керек? деп. — Ойла, ойлама, біздің қолда түк жоқ. Барған жеріңде бақытты болыңдар Нійнішке.Нина Федоровна шәлісін қымтанып, қинала түрегелді: — Ал, жарайды, құрдас. Мен Ресейге алдымен бір барып келсем деймін. Дайындалып қойғамыз, ертең ұлым екеуміз жолға шығамыз. Келген соң, өзіңмен дұрыстап қоштасамын. Қазір түріңнен көріп тұрмын, ыстығың көтеріліп, ауырып отырсың. Пажалыста, жылы оранып жатшы, дәрің бар ма?
  • Бәрі бар. Алаңдамай, жолыңа дайындала бер. Бірдеңе болса, телефон соғармын.
  • Құдай сақтасын, абай бол, өзіңді өзің сақта. Әлде де ойланып көрсейші. Мүмкін бірге барармыз?
Әжей езу тартты: — Ж-оо, Нійнішке, ол – болмайтын әңгіме. Қазақтың бір жақсылығы, әлде бір кемшілігі – ата жұртын ешқашан қимайтындығында. — Шетелге көшіп жатыр ғой қазақтар да. — Е, ақша іздегендер шығар. Ақшада Отан боушы ма еді?Тузик өршелене үріп қоя берді. Екі кемпір бір-біріне қарады: «Келген кім?»Алдымен қозғалған Нина Федоровна:
  • Суық ұстап қалар, отыра бер. Мен барып келейін.
Қақпаны ашқанда, шашын сап-сары ғып бояп алған, төсі қайсы, қарны қайсы екенін ажырату қиын, тұтасып кеткен, біртегіс дөңбек омырауы ондатр тонды жыртып жіберердей керген, аққұба, жуан әйел көрінді:
  • Здравствуйте, я к апашке.
«Сіз кім боласыз?» деген сұрақты көзінен оқыған әйел бірден жауап берді:
  • Я ее сноха. Меня зовут Таися.
  • Хорошо, хорошо. Добро пожаловать. Я – соседка, Нина Федоровна.
  • Очень рада вас видеть.
Келіннің келгеніне әжей бәлендей қуана қоймаса да, зорлана жымиып, сыр білдірмеуге тырысты. Амандық-саулықтан кейін құрбысына бір, Таисяға бір қарап, не істерін білмей сасқалақтаған Нина Федоровна үйіне асыға бастады:
  • Жарайды, құрдас. Мен барайын, хабарласам ғой.
  • Жарайды, жолың болсын, — деді Әсима әжей сабырмен.
  • О-о, қазақшаға судай екенсіз. Мен Сізге орысша сөйлеппін… – Таися қысылғансып, басын қисайтты. – Алаңдамаңыз. Апашка ауырып қалған сияқты ғой. Мен қарай тұрамын, – деді Таися тонын бұрыштағы киім ілгішке іліп жатып.
х      х     х — Апашка, ыстығыңыз көтеріліп тұр ма? Жата тұрсаңызшы. Мен тамақ істеп берейін. — Мейілің. Басым айналып барады.Әсима әжей жататын шағын жатын бөлме залға қарама-қарсы. Сүйретіліп барып, кереуетіне жатқан бойы ұйықтап кетті. Таися кәстрөлге кішкене етті жуып салып, газға қойды. Терезенің желдеткішін ашты да, ойланып біраз тұрды. Қарсы тұрған залдың терезесіне көзі түсті. Ашпалы! Қатты ұйқыға кеткен әжейге бір, терезеге бір қарап, әлдебір шешімге тәуекел етер-етпесін білмей мүдірді. Алакөңіл күйден арыла алмай, ерсілі-қарсылы жүріп, ақыры қолын бір-ақ сілтеп, залдың үлкен терезесін түгелдей ашып тастады.Екі сағаттан кейін ет пісіп, қамырын салып, Таися тамақ ішіп отырғанда, Әсима әжейдің: — Тайыса-аа, — деп, әлсіз ыңыранған дауысы шықты. Келін орнынан еріне тұрып, маң-маң басып барды: — Бірдеңе дедіңіз бе? — Тоңып қалдым, қалқам. Үйдің ішінде жел соғып тұр ма, немене? Басым айналып барады. Көзім қарауытып… Доғдыр шақырасың-ау. Бомаса, Нійнішкаға телефон соға салшы. — Ой, апашка, ол ертең жолға шығам деді ғой жаңа ғана. Бөгет жасап қайтеміз? Қәзір мен сізге дәрі берейін. Жедел жәрдем келгенде, не істейді, кәрі адамсыз. Кәрілікке дауа жоқ деп, дәріні уыстап тастайды да, жөніне кетеді.Айтпақшы, апашка, ұмытып кетпей тұрғанда, мына доверенностьқа қол қоя салыңызшы. Әйтпесе, ұйықтап қаласыз. Мен ертең нотариусқа баруға келісіп қойдым. — Неменеге? – Әжей түсіне алмай, қабағын шытыңқырады. Дірілдеп-қалшылдап жатқанда, беймәлім нәрсеге қол қойдырғысы келген келініне іштей ренжісе де, қарсы сөз айтуға шамасы келмеді: — Қарағым… мен кәзір бірдеңе түсінетін халде емеспін. Уһ, өзің де көріп отырсың. Ыстық сорпа әкеші, ішіп, есімді жинайын. Ертең… ертең қол қойып берейін. — Жоқ, қазір қойыңызшы. Ертең тағы не деп жүретініңізді мен қайдан білем. Мә, қазір мынаны ішіп алыңыз, жақсы ұйықтайсыз, — деп, ұйықтататын дәріні жарты кесе сумен зорлағандай етіп, басын сүйемелдеп, ішкізіп жіберді. – Ұйқтап қалмай тұрғанда, қол қоя салыңызшы.Әжейдің оң қолын көрпенің астынан алтын суырғандай сақтана тартып шығарды да, қолына қалам ұстатты. Қасындағы орындықтың үстіне қағазын қойып, қолынан тартты: — Міне, мына жерге.Әжейдің дір-дір еткен шидей саусақтары икемге келмей, зордың күшімен қыстырылған қалам ирелеңдеп, ирек-ирек сызықтар парақтың жарты бетіне жайылып кетті: — Специально что ли? Скорее всего да. Какая хитрая! Ну и свол...! –естілер-естілмес сыбаған Таися тістеніп, қаламды жұлып алды. – Все равно заставлю подписывать. Өлетін адамға үй неге керек? — Терезелерді жапшы, қатты тоңып жатырмын. — Әжейдің ыңырсыған жалынышты үніне келіні құлақ аспады. Есікті тарс жауып, асбөлмеге кетіп қалды. Тас қараңғы, суық бөлмеде Әсима әжей өзінің жалғыз қалғанын біліп, шағынғысы келіп еді, шамасы жетпеді.Бір уақытта шам жарқ ете қалды. Көз алды буалдырланып, есеңгіреген әжей кірген адам келіні екенін түйсінді. — Сорпа берші-і… – өлеусіреп әрең естілген жалынышқа сексиген сары шаш елең етпеді: — Когда подпишешь, вот тогда и получишь. А пока спи. Спи говорю тебе. И успокойся. На нервы не действуй! – деп, шаңқ етті шегір көздерінде ашу ұшқындап.Есік қайтадан тарс етіп жабылды. — Сорпа… сор… сор… – жалына өтінген әлсіз дауыс есіктің арғы жағында тұншығып қалды.Асбөлмеде кешкі тамаққа тынқия тойып алған Таися терісіне симай долырып, ерсілі-қарсылы адымдап кетті. Ертең кешке ұшақпен Москваға кетуі тиіс. Келген шаруасын түске дейін реттеп үлгіруді ұйғарып, нотариуспен келісіп кеткен. Кемпір есін жыйып, тыңайып алса, «маған бір күн де қарамаған немере менің немерем бе? Одан да мына Нійнішканың өзіне, не балаларына бермеймін бе?» деп жүруі де ғажап емес. Болмаса, қалаға жете алмай, әркімнің үйін жалдап, жылтыңдап жүрген, астанаға қаптап, қаңғып келген қайдағы бір мамбет туыстарының «біріне бермеймін бе?» десе де, ешкім қолын қаға алмайды. Осындай есі кіресілі-шығасылы, қысылшаң сәтін пайдаланып, қолын қойдырып алу керек. Сорпа ішіп, әлденіп алса, тағы не ойлайтынын кім біледі?Өзі жақында Қазақстанның азаматтығынан шықты, енді көп кідіруге мұршасы жоқ. Иә, пайдаланып үлгеру керек. Мария болмағанда, әлі жүре берер ме еді, қайтер еді. Сол ғой асықтырған. «Қазақстан тәуелсіз ел атанды, елден кететіндерге үйін саттырмайтын заң шығарып қойса, қапыда қаламыз. Тездет, мама, билетіңді алып қой күнбұрын», — деген соң, көнді. Мынадай мүшкіл халімен кемпір де көп алысқа бара қоймас. Ертең бүгінгіден де нашарлайтыны шәксіз. Мейлі, жатсын солай. Таң атсын.    х           х          хЕртеңіне таңғы сағат тоғыздан бес минут кеткенде, ойда жоқта Нина Федоровнаның даусы шықты. Оның келе жатқанын Тузиктың ақырын шәу етіп, бірден тиылғанынан шамалаған Таися жалма-жан терезелерді де, желдеткіштерді де жапты. — Ой, как хорошо, что вы пришли! — жайраңдап қарсы алған Таисяға сәл ғана жымиып амандасқан соң: — Қимадым, сапар алдында тағы бір көріп кетейін деп едім, — ақтала сөйлеген Нина Федоровна сұлқ жатқан Әсима әжейді көріп, шошып кетті: — Мәссаған! Не болды, Әсимішка?Кілбиген қысқа кірпіктерін күштеп көтерген әжей еріндерін де зордың күшімен ажыратып, аузын ашып, бірдеңе айтқысы келіп еді, нәтиже шықпады. Еріні сәл ғана дөңгелектеніп: — Со-ор… – дей бергенде, кіріп қалған Таисядан сескеніп, үндемей қалды. Нина Федоровна еңкейіп, құлағын тосты. — Не? Не дейсің?.. «Сор, сор» дегенің не? — Ой, апашка сорпа ішкісі келіп, кеше кішкене ғана ет асқам. Беріп едім, ішпей қойды. Дәрі беріп, ұйықтаттым. Бүгін жақсы болады. — Үй неге сондай суық?! — Бағана ертеңгісін «тұншығып барамын, желдеткішті ашшы» деген. Соны бекер аштым ба, деп, өзім де өкініп тұрмын. Алаңдамаңыз, Нина Федоровна, жолыңыздан қалмаңыз. Мен бармын ғой үйде.Нина Федоровна сенер-сенбесін білмей, барлай қарады: — Шын айтып тұрсың ба? Мен енді екі жетіге бармаймын. Бір жетіде ораламын. Әсима мынадай халде жатқанда, о жақта қайтіп алаңсыз жүрем? Бармай-ақ қояр едім. Билет алып қойдық, амал жоқ. Ол жақтағы үй менің атыма жазылмақшы екен. Коля өкіметтен үй аламын дейді. Сондықтан мен бармасам, болатын емес. Жақсылап қарарсың деп сенем. Өйткені бұл үй Марияға қалады деп өзі айтқан.Таисяның көзінде қуаныш ұшқыны жылт етті: — Рас па? — Рас. Өз құлағыммен естідім. — Басқа ешкімге аударып немесе доверенность берген жоқ па? — Жоқ деймін. Бағып-қағатын туыстарыңа жазбайсың ба деп едім, үзілді-кесілді қарсы шықты. Өз ұрпағымның шырағы өшпесін. Кім біледі, күндердің күнінде еліне қайтар деді. Міне, өтірік емес, көзі тірі, естіп жатыр. Солай ғой, Әсима?Әжей жауап орнына кірпігін қаққанын көріп, көңілі орныққан Таися орнынан елп етіп тұрды: — Нина Федоровна, сіз қандай жақсы адамсыз. Бұл сөзіңізді ешқашан ұмытпаймын. — Алғысыңды Әсимаға айт. Бірақ көзі тірісінде ренжітуші болма. Егер бірдеңе естісем, Сібір түгіл жердің түбінен болса да, жетем. Менімен ойнама! – деп, сұқ саусағын безеді. — О не дегеніңіз, о не дегеніңіз, — күлмеңдеген Таися Нина Федоровнаны қарсыласқанына қарамай құшақтап, бетінен сүйіп алды.Соның арасынша, көше жақтан шаң-шұң дауыстар шықты. Жайшылықта шәңк-шәңк етіп барып басылатын Тузик шабаланып үруін қоймады. Сыртта ер адамдардың дабырласқан дауыстары естілді: — Давай, ұста. Кәне, кесе бер. Тезірек. — Әсима, сен демала тұр, біз барып біліп келейік, — Нина Федоровна Таисямен бірге сыртқа шықты.Ай-шай жоқ, екі жас жігіт үйге газ келетін құбырды дәнекерлейтін аппаратпен кесіп үлгеріпті. «Басқа дұрысырақ құбырмен алмастырайын деп жатыр ма?» деп, ойлаған Нина Федоровна сонда да болса анығырақ білгісі келіп, даусын көтере сөйледі: — Жаңасымен алмастырасыңдар ма? — Жоқ, кесіп жатырмыз. — Неге? — Үш-төрт ай болыпты газдың ақысын төлемегеніне. Бастықтар бұйрық берді: «без предупреждение кесіңдер» деп. – Мұрны сүңкиіп, қырбық мұртына тірелген сүлік қара қазақ жігіт сыздана жауап қайтарды. — Оу, жігіттер, бұл үйде жалғыз кемпір ғана тұрады. Пенсия алмағалы бақандай төрт ай! Қалай төлейді? Тамағына таныстарынан жалынып жүріп қарыз алады. Сөйтіп әрең-әрең күн көріп отыр. Пенсия алған соң, төлейді. Немене жау шауып бара ма? Қойыңдар кескенді! — О жағын біз білмейміз, апай. Бізге бастықтар не айтты, соны істейміз. Қай үйде кім тұрады, о жағында біздің шаруамыз жоқ. Айтқандарын істемесек, бізді жұмыстан шығарып жібереді, — деді сүлік қара сызданып. Дембелше келген орыс жігіт құр қалғысы келмегендей басын изеп қоштады. — Сондықтан бізге ренжи көрмеңіздер. Ал, сау болыңыздар, — десті олар машина будкасына кіріп бара жатып. — Әй, қарақтарым, ауру кемпір мынадай суықта қатып өлмей ме? Тым құрыса, бір қалақ көмірі жоқ. Жағатын ағашы және жоқ. Құдай аяған адамды сендер аямайсыңдар ма? Қалай жандарың ашымайды, а? Бастықтарың аң емес, адам шығар? Кішкене шыдасын да. Айтсаңдаршы былай… адам құсап түсіндіріп. — Апай, айттық қой сізге. Бізге емес, соларға айтыңыз, — жіңішке, сүлік қараның басы оқжыландай шайқалып-шайқалып қойды. — Тұра тұрыңдаршы, айналайындар, қарызы қанша? Қазір мен көршілерден қарыз сұрап келейін. Қанша берешек еді? Қанша берешек екенін біз білмейміз, — дембелше иығын қомдады. — Енді қайтадан газды қосу үшін, айып төлеуге тура келеді. Ол үшін тиісті мекемелерге арыз жазып, қайтадан газды қосуға рұқсат сұрайсыздар. Егер бастықтар рұқсат етсе, қарызды төлеп болғаннан кейін ғана бізге құбырды қайта жалғауға бұйрық береді. — Қара жігіт енді асықпай, тәптіштеп түсіндірді. — Оның бәріне қалай жүгіреміз? Мекемелердің қай-қайсысы да бұрынғы орындарында емес. Әдрістері өзгеріп кеткен. Сәбет өкіметі құлап, апалаң-топалаңы шықты. Әрең жүрген ауру кемпір ол мекемелерді, сендерді қалай табады? — Шамасы келмесе, біреуге нотариус куәландырған сенімхатын беріп, қалған шаруаны соған тапсырсын. — Мәссаған, мынауың — кем дегенде, екі-үш айдың жұмысы. Құдай-ай, адамға жаны ашымайтын өңкей безбүйректер қайдан ғана бізге тап келді? Біреуді  жұмсауға ақшамыз қайсы? – Нина Федоровна кетіп бара жатқан машинаның артынан айқай салды. Таися былқ етпей, қаннен қаперсіз тұра берді. «Не болса, ол болсын. Кемпір өліп қалса, бәрібір Мариядан басқа мұрагер жоқ.  Сенімхатсыз-ақ үйді аламыз», — деген ой оны қоқитып қойды. Ойын қатты ашудан қалшылдап кеткен Нина Федоровнаның ащы айқайы бөліп жіберді: — Оңбағандар! Қорғансыз, ауру кемпірді азаптайын деп келіп пе едіңдер? А? Аналарың жоқ па? Анау билігіңе айт! Мен айтты де! Мен!.. Безбожные, безбожные! Твари… Ыы-ыы… – Одан ары сөйлей алмай, жылап жіберген құрдас өз денесін игере алмай, теңселіп кетті.Таися таңдана қарады: «Мәссаған, мына кемпірдің тізесі бүгіліп,  талып құлағаны несі?!» Амал жоқ, жедел жәрдем шақыруға тура келді. Дәрігерлер жүрек талмасы ұстады деп, Нина Федоровнаны бірден ауруханаға алып кетті. Оларға Әсима әжей туралы Таися ләм демеді.Оқыстан мұндайды күтпеген Таися сәл абдыраса да, өзін өзі ұстауға тырысты. Кейін тағы да бір келіп, алдап-сулап көндіре жатармын деп ойлаған.Не көрмеген кемпір, оған дейін өле қоймас, бір амалын табар. Ас бөлмесінде электр плитасына тамақ істесе де, аштан өлмес. Қалың киініп, бірнеше көрпе жамылып ұйықтаса, үсіп кетпейді. Алда-жалда өле қалса да, мұрагерлікке Мариядан басқа ешкім таласа алмайтыны анық. Қанжардың туберкулезі жазылған соң, диабеттен ақыры өліп тынғаны қандай жақсы болған. Әйтпесе, қанша кедергі келтірерін құдай білсін. Дегенмен кемпірдің ақылы бар, үйді басқа ешкімге қимай, өз немерелеріме берсем деген ниеті дұрыс-ақ. Немерелеріне кінә арта ма, жоқ па, енді бәрібір.Қыздар тұрмысқа шықпай тұрғанда, Қанжар өлгеннен кейін бір күні көңілі жібіп, «әжелеріңе барып, халын біліп келіңдерші» деп, қояр да қоймай жібергенде, көкейінде үй жатқанын қыздар қайдан білсін.Екі қыз бірге баруын барды, бірақ бұлқан-талқан ашуланып, қайтып келді. «Қайдағы бір қоңырсыған ескі үй. Сыз иісі қандай жаман,  кеңсірік ашып, бас айналады. Ауасы тар, төбесі аласа. Бақшасы – талайы қураған қалың ағаш, белуардан келетін қалың шөп, ұйысқан тікен. Арасынан адам жүруге қорқады.Терезелері кішкентай. Есіктері шиқылдағанда, құлағыңды кесіп-тесіп жібере жаздайды. Едені сықырлағанда, қазір сынып кететіндей. Есік-терезе жақтауларының бояуы әбден оңып кеткен, түсі белгісіз, күңгірт. Оның үстіне түгелдей тілініп-жарылып, біраз тұстарда түсіп кетердей қабыршақтанып, жалбырап тұр.Кемпірдің көзі көрмей ме, төбедегі бұрыштардың кей жерінде өрмекшілердің ақ сүңгі торлары салбырайды. Залда ілінген баяғы заманғы қалың, көне кілемнен елу жыл бұрынғы шаң-тозаңның ауыр исі шығып, тынысыңды тарылтып жібереді.Ауланың көше жағындағы темір тордан тұтқан шарбақтың кейбір тіреулері шіріп қисайған, құлауға жақын. Сырланбай қарайып кеткен тор әр жер-әр жерінен ойылып, шіріп түскен, ешкім тиіспей-ақ, қатты бір жел ұйтқып соқса, сетінеп, шашылып қалуға әзір.Кемпірдің үстінде бір жаңа киім жоқ, бояулары оңған гүлдері ұсқынсыз, жасыл орамалы, әлі іри қоймаған  көйлегі, өңірі сәл-сәл жырымдалған камзолы, оның сыртынан киген жеңсіз тері кеудешесі – бәрі-бәрі қараған көзді кірлетіп жіберетін сияқты. Саусақтарындағы күміс сақиналар мен білектерінде ілгері-кейін сырғып жүрген екі күміс білезігі жеті қабат жердің астын қазып тауып алғандай кіртүс. Былғары байпағының тобық тұсындағы ақ жемденіп, түтеленген қатпарлары тесіліп, арғы жағынан қоңырайған жүн шұлығының қылшықтары көрінеді. Ой, қандай ужас!Айтпақшы, байпақтың сыртынан үшкір тұмсық галош киген екен, өкшесінің арты әлдеқашан мыжырайып қалған, қоқысқа лақтыра салатын бірдеңе. Как можно так жить?! Никак, не представляю. «Үйін бір тазалап бере салыңдар» деп, жіберіп едің, какой тазалаған!Бізді қуанып, күліп қарсы алудың орнына кісі өлгендей жылап құшақтады. Маңдайымыздан сүйгенде, киімнің бе, өзінің бе, иісінен лоқсып, жүрегіміз айнығаны-ай. Біз оны практический жөнді көрген де жоқпыз ғой. Өзің айтпап па едің: «үйлене салып, Камчаткаға кеттік» деп. Біз қайдан білеміз, кішкентай болдық. Басқа бір бейтаныс қайыршы кемпірдің үйіне келгендей намыстанып, кетуге асықтық. Біреу көріп қойса, күлкі ғып жүрер деп, «сау болыңыз» деп, екеуміз де тұра қаштық.Мама, осыдан бізге ұшық шығып, ауырып қалсақ, сен кінәлі боласың».      Қыздарының бірін бірі толықтыра, жарыса сөйлегеніне қуанып, айызы қанған Таися екеуін кезек-кезек құшақтады: «Міне, сондықтан да мен сендерді ол әжеден де, алмай қоймайтын ауруға шалдыққан әкелеріңнен де бөлектеуге бар күшімді салдым.Әкемізбен бірге тұрып, мейірімін дұрыстап көре алмадық деп кейде ойлайтын шығарсыңдар, – басын шайқады. – Ондай романтик болуға болмайды. Пайдасы тисе – әке. Ал, зиянна
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 18:56
Тығырыққа тірелген Тұғыл
11.08.2020, 21:58
«Мәдени астана» аясында 7 шара өтеді
11.08.2020, 21:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 21:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 21:50
«Шәмші аллеясы» жаңарып жатыр
11.08.2020, 21:47
Коронавирустан 3 мыңнан астам адам емдлеліп шықты

Аңдатпа


  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27