«Бекіре – 2022» шарасы басталды
Биыл 1 сәуірде еліміздің Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре-2022» ауқымды балық қорғау шарасы басталды, аталмыш науқан 31 мамырға дейін созылады.
Иә, жыл сайын балықтардың бағалы түрлерінің уылдырық шашу кезеңінде табиғатты қорғау және құқық қорғау органдарының қызметкерлері балықтардың, оның ішінде, бекіре тұқымдастардың уылдырық шашу орындарына қоныс аударуын қамтамасыз ету мақсатында балықтардың заңсыз аулануына және айналымына қарсы іс-қимыл бойынша күш-жігерін біріктіреді.
Балық қорғау шараларының тиімділігін арттыру үшін экология, геология және табиғи ресурстар, ішкі істер министрлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының «Бекіре» – балық қорғау акциясын өткізу туралы» бірлескен бұйрығына қол қойылды.
Бұл бұйрық шеңберінде балық қорғау акциясын өткізу кезінде құқық қорғау және табиғат қорғау органдарының өзара іс-қимылы жөніндегі үйлестіру штабының құрамы, сондай-ақ акция кезіндегі бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. Үйлестіру штабына басшылық ету ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетіне жүктеледі.
Шара аясында браконьерлік фактілердің орын алуы ықтимал жерлерде стационарлық және жылжымалы бекеттер, мобильді рейдтік топтар ұйымдастырылады. Негізгі күштерді Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясына және Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағалық кеңістіктеріне шоғырландыру ұсынылады, өйткені бұл жерлерде браконьерлік фактілері жиі тіркеледі. Сонымен бірге акция кезінде әуежайларда, вокзалдарда және ірі автотрассаларда балық және балық өнімдерін республикадан тыс жерлерге әкетуге бақылау күшейтіледі. Сондай-ақ республика аумағында балықтың заңсыз айналымы фактілері анықталып, жолы кесілетін болады.
Өткен жылдардағы балық қорғау акциясының нәтижелері көктемгі науқан кезеңінде браконьерлік топтардың қызметі жандана түскенін көрсетеді. Мәселен, «Бекіре-2021» акциясы барысында құқық қорғау және табиғатты қорғау органдары табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 1262 фактісін анықтады, оның ішінде, Атырау облысының аумағында – 952, Маңғыстау облысында – 137 және Батыс Қазақстан облысында – 173 құқық бұзушылық тіркелген.
862 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 56 қылмыстық іс тіркелді.
Акция қорытындысы бойынша балық қорғау заңнамасын бұзушыларға 15,4 миллион теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды, бұзушылардан 35,7 тонна балық, оның ішінде, 4,6 тонна бекіре тұқымдас балық түрлері, 118 бірлік жүзу және көлік құралдары, сондай-ақ 3943 бірлік аулау құралдары тәркіленді.