Бекінісі қираған «Хезболла». Тыныштық Таяу Шығысқа жақын
Таяу Шығыста дүмпу азайып, Украина даласында жер кеудесі қарс айырылардай жарылыстар болып жатыр.
Харьков, Запорожье, Одесса қалаларына Ресей әскері толассыз шабуыл жасап жатыр. Shahed және әлі типі анықталмаған дрондармен атқылап, тұрғын үйлер мен ғимараттар қирап, қарапайым халық жапа шегіп жатыр. Газетіміздің өткен санында ахуалдың ушыққанын жазған едік. Украина алыс қашықтыққа ұшатын зымырандармен Ресей территориясын атқылауға рұқсат алғалы бері есі кетті. Путин де қарап отырмай, қарым жауап беріп, халыққа видеоүндеу жолдап, сес көрсетті. «Орешек» зымыранымен атқылаған видео жариялап, Батыс елдерін де қорқытып қойды. Күні кеше Украина әсері 145 дронды құлатқанын мәлімдеді. Бұл өңірде қазір дүние тыншығып, тыныш табар түрі байқалмайды.
Әлемнің назары түгел Украинаға ауғанда, Ливан астанасы Бейрут қаласында Израильдің әуе шабуылынан 20 адам қаза тауып, 60 адам жарақат алды. Сегіз қабатты тұрғын үй тұтас қирап, жанындағы тағы бес ғимаратқа зақым келген.
Израиль Иран қолдап отырған «Хезболла» тобының көзін құртамын деп жанталасып жатыр. Сенбі күнгі шабуылдың мақсаты топтың сыртқы қауіпсіздігін басқаратын көсемін өлтіру болу мүмкін. «Хезболла» қарулы тобы өздерінің баспасөз хатшысы әрі БАҚ-пен байланыс басшысы Мохаммад Афифтің қаза тапқанын растады.
Ливанның жаңалық тарататын ұлттық агенттігінің ақпаратына сәйкес Бейрут қаласының Баста ауданына кем дегенде бес зымыран тиген. Зымыран тек қана үйлерді қиратуға емес, сонымен қатар бункерлерді де жоюға бағытталған. Өйткені жарылыс орнында терең орлар пайда болған.
«Жарылыстың қатты болғаны соншалық, ғимарат төбемізге құлап кетер деп ойладық» деп пікір білдірген AFP агенттігіне Самир атты Бейрут тұрғыны. Ол зымыран құлаған үйге қарама-қарсы ғимаратта отырған.
Шабуыл жергілікті уақыт бойынша таңғы төртте болған. Ол уақытта халық қалың ұйқыда жатады. Ешкім соншалықты ауыр жарылыс болады деп ойламаса керек. Самир үйінен екі баласымен, әйелін жетектеп, далаға атып шыққан. «Біз жерде өліп жатқан екі адамды көрдік. Балалары жылай бастады, әйелім олардан бетер жылады», – дейді Самир.
Әдетте бұндай шабуыл жасайтын кезде Израиль алдын ала хабар таратып, тұрғындар эвакуацияланып үлгеретіндей уақытта айтатын. Бұл жолы ондай ақпарат таратылмаған. Ештеңе ескертілмеген. Бұрын осындай да тосын шабуылдар болған. Ол кезде Израиль қала шетіндегі аудандарда жасырынған, я мекендеген «Хезболланың» жоғары басшыларын жоюды көздеген соққылар жасалған. Ал бұл жолғы шабуылдан топтың бір мүшесі өлді ме, жоқ па, әлі белгісіз. Израильдің ресми өкілдері әлі бұл жағдайға байланысты пікір білдірген жоқ.
Қазір қирандының астын аршып, құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Қайтыс болғандардың саны артуы да мүмкін. Ливанның денсаулық сақтау министрлігі идентификация жасау үшін ДНҚ тестін қолданатынын айтты.
Осымен Израиль Бейрутқа бір аптаның ішінде төрт рет әуеден соққы жасап отыр. Зымырандар тұрғын үйді қиратқаннан кейін, Израиль әскері Бейруттың оңтүстігіндегі аумақты да атқылаған. Бұл жақ «Хезболланың» бекінісі саналады. Бұл ауданға шабуыл жасалатын кезде Израильдің қорғаныс әскері тұрғындарды эвакуациялауға бұйрық берген.
Жексенбі күні Израиль АҚШ-тың араласуымен «Хезболлаға» қарсы шабуылды тоқтатуға келісті. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху жексенбі күні кешке осы мәселеге қатысты ақылдасу жиынын өткізген.
Бейрутқа жасалған әуе соққысынан кейін «Хезболла» да Израильді зымырандармен атқылаған. Сол уақытта екі «жаудың» арасындағы атысты тоқтату бойынша келісім қатар жүріп жатқан.
Израильдің Ynet, Haaretz ақпараттық агенттіктері мен Kan телеарнасының ақпараты бойынша АҚШ, Израиль, Ливанның ресми өкілдері атысты тоқтату бойынша ұсыныстарға өзара келіскен. Бірақ соңғы тоқтам жасалмаған. «Хезболланың» бас хатшысы Наим Касем атысты тоқтату бойынша келісімге өз жауаптарын берген, енді Израиль тарапы жауап беруі керек.
Бұл келісім үш кезеңнен тұрады. Бірінші, атысты тоқтатып, «Хезболла» әскері солтүстікке қарай Ливан өзенінен ары кетуі керек; екінші, Израиль әскері оңтүстік Ливаннан шығу керек; үшінші, Израиль-Ливан арасындағы даулы шекараны реттеу үшін демаркация келісімі жасалуы керек.
Егер аяқ астынан тағы бір оқыс жағдайлар араласып кетпесе, Таяу Шығыстағы дүмпу біраз уақытқа тоқтауы керек. Біржола деп айта алмаспыз. Өйткені атыс пен жарылысқа бір бой үйретіп алған аймақтың тыныштықта ұзақ уақыт отыра алмайтыны көпке белгілі жайт.
Израиль мен «Хезболла» арасындағы әскери жағдай палестиналықтарды қолдап, «Хезболла» Израильдің солтүстігін атқылаудан басталған. Бұл 2023 жылдың 8 қазаны. Келесі күні ХАМАС та Израильдің оңтүстігіне үлкен шабуыл ұйымдастырған болатын.
Конфронтация Ливанның оңтүстігіне Израиль кіргенде ушықты. «Хезболланың» қару-жарағы мен инфраструктурасын қиратамыз деген Израиль бір жылдан бері үсті-үстіне шабуылдап келеді. Соңғы айларда «Хезболланың» бірнеше командирін ажал құшты, олардың ішінде топ лидері Хасан Насралла да бар.
Қасым Арықбай