Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:40, 05 Тамыз 2021

Бекшин мен Қиясовтың қаулысы елді індеттен құтқара ма?

None
None

2 тамыздан бастап карантинге қатысты жаңа қаулы күшіне енді. Алдағы уақытта Алматыда «Ашық» жобасына қосылмаған кәсіпорындар жұмыс істей алмайды.

Қаланың бас санитары Жандарбек Бекшиннің қаулысына сәйкес, коронавируспен күресте Алматы енді осы тәсілді ұстанады. Бекшиннің бұл бастамасын еліміздің бас санитары Ерлан Қиясов та құптап отыр. Қиясовтың айтуынша, тамыз айынан бастап «Ашыққа» қатыспайтын кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметі тоқтатылады.

         Жалпы, осы бір індет елге келгелі бері Бекшин мен Қиясов түрлі қаулыларды қабылдап-ақ жатыр. Кәсіпорындар мен нысандардың, сауда ұйымдарының жұмысын шектеу, сенбі-жексенбіде базарлардың жұмысын тоқтату, қоғамдық көліктердің жүрісін тоқтату дейсіз бе, осыған дейін толып жатқан карантиндік шараларды бастан өткердік. Бұдан бөлек, маска тақпағаны үшін елді айыппұлға көміп,  42 500 теңге – ең төменгі жалақы алып отырған қарапайым халыққа 83 мың теңге айыппұл салып, зар қақсатқан кездер де болды. Елдің бас санитары Ерлан Қиясовтың вакцина алмағандарға қатысты «вакцина алмағандар жұмыстан шығарылмайды, тек жұмысынан шеттетіледі» деп, түсініксіздеу мәлімдеме жасағанын да ел әлі ұмыта қойған жоқ. Тізе берсек,  індет келгелі Бекшин мен Қиясовтың шығарған қаулылары том-том кітапқа айналатын болды. Ал, шынтуайтында, осы қаулы-қарарлар бізді вирустан құтқарды ма, жоқ, керісінше, індет іргені одан әрі кеулеп кетті емес пе?! Ал  болашақта мұндай қаулылардан пайда бар ма?

       Қазір қоғамды шынымен де үрей билеп тұр. Мылтықсыз майдан жүріп жатқандай, абдыраған ел кімнен, неден сауға сұрарын білмей сандалуда. Жұмысты үйлестіруі тиіс үкіметтің көзге сызып көрсетер «минустары» да жетіп-артылады. Мамандардың дені «Мамин үкіметі президент айтып отырғандай, менеджменттің жаңа стилін қалыптастыра алған жоқ» деген сыни пікірді ашық айтуда. Ақиқатын айту керек, бүгінде тәжтажал елдегі ірі  қалаларды қойып, алыстағы, шалғайдағы ауылдарға да әлдеқашан еніп алды. Халық көп шоғырланған үлкен қалалардағы жағдай тіптен ушығып барады. Мұны ел арасында «бақсы» атанып кеткен Бекшин де, «болжаушы-балгер» атанып кеткен денсаумин Алексей Цой да мойындап отыр. Тіпті Жандарбек Бекшиннің пайымынша, қазір біз «вирустың төртінші толқынымен» күресіп жатырмыз.

        Бірақ қалай күресіп жатырмыз? Мәселе сонда болып тұр. Бұған қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмаған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі былай деген болатын: «Бастапқы кезеңде бұл жұмыстар жақсы ұйымдастырылды. Бірақ мемлекеттік органдар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жіберді. Бірыңғай нақты ақпараттар дерегі жоқ. Індетке қарсы күресте жауапты шенеуніктер теріс ақпарат беріп, халықты одан әрі адастырады. Ең жаманы – осы. Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды. Олардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермейді. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей торығуда».

      Дегенмен қаулы қабылдап, статистиканы тізу бізді вирустан құтқармайтыны белгілі. Халықты қазір карантинге қамаудың өзі қауіпті. Былтыр екі ай локдаунда отырғанда халық қатты қиналды. «Ашпыз, тамаққа қаражатымыз жоқ» деп, көмек сұрағандардың қарасы көбейді. Ал қазір қымбатшылық  дендеп тұр. Дәрі-дәрмек, азық-түлік, халыққа қажетті өнімдердің барлығы былтырғыға қарағанда үш есеге қымбаттап кетті. Шағын және орта бизнес өкілдерінің біразы жұмысшыларының санын қысқартып жатыр. Кіріс жоқ, шекарада шектеу болғандықтан, базар жағалағандардың да табысы азайды. Болашақта халық «нан таппай қалмаймыз ба» деп қорқып отыр. Ал мұндай жағдайда елді қайтадан карантинге жабу, бір ғана «Ашық» жобасының аясында кәсіпорындардың жұмысын шектеу, табысынан айыру әлеуметтік наразылықты қоздырып жіберуі мүмкін емес пе?!

       Сөзімізді қуаттаған сала мамандарының пайымынша, қазіргі жағдайда, керісінше, кәсіпкерлерге жеңілдік беріп, шағын және орта бизнестің еңсесін тіктеуге мән беру маңызды болмақ.

    – Меніңше, мемлекеттің ендігі міндеті карантиндік шектеу емес, елге қажетті дәрі-дәрмектердің аспандап кеткен бағасын түсіруді шұғыл қолға алу керек. Халықты  толыққанды дәрімен жабдықтаудың барлық мүмкіндіктерін қарастыру керек. Былтыр төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалған елді жұмыспен қамту мәселесі шешілуі қажет. Шағын және орта бизнесті қолдау керек. Карантиннен, қаулыдан енді пайда жоқ, енді мемлекет халыққа пайдасын тигіземін десе, осы жайттарды қолға алу керек, – дейді әлеуметтанушы Қаламқас Шырахметова.

        Негізінен,  бүгінгі ахуалға қатысты бірқатар мәселені тізген мамандар қазір, ең бастысы, халыққа  елдің мұң-зарын еститін, сезінетін мемлекет керек екенін ашық айтты.  Бұған қатысты медицина ғылымының докторы Мақсат Қалдыбаев былай дейді:

     – Былтыр дәріханаларда сағаттап кезекке тұрып, тіпті түнгі сағат үштен бастап орталық дәріханалардың есігін күзетіп, дәрі-дәрмек таппай жүрген елдің саны  жетіп-артылды. Биыл да ауруханаларда орын жоқ. Сараптама жасайтын зертханалар жүктемені көтере алмай жатыр. Былтырғы жағдай қайталанбауы үшін үкімет ахуалды қатты қадағалауы керек. Медицина саласының кем-кетігі бақылауда болуы тиіс.

          Мамандардың пайымдауынша, біз үшін қазір ірі қалалардың бас санитарлары қаулы қабылдап қана қоймай, қаладағы нақты қалыптасқан жағдайды үкіметке емес, тікелей президентке жеткізіп отыруға машықтануы қажет.

      Шындығын айтқан жөн, қазір «елді мұндай ауыр індеттен мемлекет аман алып шығады» деп 100 пайыз кепілдік беріп, ешкім айта алмайды. Амал жоқ, бұл арада халық бірінші кезекте өзіне сенуі керек. Сақтық шараларын әркім өзі үшін қолдану қажет.  Ал үкімет сол халыққа барынша көмектесуі тиіс. Ол үшін сауатты шаралар қабылданып, елдің қиындығын жеңілдетуге күш салған жөн.  Анығында, халықты Бекшин мен Қиясовтың қаулысы құтқармайды. Бұл тығырықтан шығу үшін үкімет мәселені көрмейтін, білмейтін қалыптан шығып, бір сәт халыққа жақындауы тиіс деп ойлаймыз. Әйтпесе бүгінде үкімет халықтың, халық үкіметтің тілін ұқпай, кежір қоғамға айналып кеттік емес пе?!  

Тегтер: