Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:10

Бексұлтан Нұржекеұлы, жазушы: «Моңғолдың құпия шежіресін» Шыңғыс ханның өзі жазғызған

Бексұлтан Нұржекеұлы
Фото: Жас Алаш

Жақында көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының «Ғылыми Шыңғыс қаған және оның құпиялары» атты жаңа еңбегі жарық көрді. Автор бұл кітабында ғасырлар бойы талас тудырып келе жатқан «Шыңғыс хан қазақ па, моңғол ма?» деген күрделі сауалға ғылыми деректер мен тарихи дәлелдер арқылы жауап беруге талпынады.

 Даулы тақырыпқа тың көзқарас ұсынған қаламгермен біз жаңа зерттеудің мән-маңызы, архивтік материалдар және Шыңғыс хан төңірегіндегі қалыптасқан стереотиптер туралы сұхбаттастық.

***

Бексұлтан аға, еңбегіңізді неліктен «Ғылыми Шыңғыс қаған және оның құпиялары» деп атадыңыз?

– Кітаптың атауын әдейі осылай атадым. Себебі ғылыми деректерді негізге алдым. Шыңғыс хан жайында әлемде жазылған кітап өте көп. Өзімнің оқығандарым 50-60-қа жетеді. Соның ішінде бұл еңбегімді жазуға, сөздәйек іздеуге 25 құнды кітапты пайдаландым. Қазір Шыңғыс хан жайында оқығаны да, ештеңені оқымағаны да, тіпті елден естіген өсек-аяңды, Кеңес заманында өтірік, бұрмаланған деректерді айтып жүргендері де жетерлік. Соның көбі мен оқыған кітаптың бетін ашпаған. Құрғақ сөз әшейін. Жазғандары да солай.

Ортағасырда өмір сүрген араб тарихшысы ибн әл-Асир Шыңғыс ханды көрмеген де, оның еліне келмеген. «Иерусалимді қырғандар Шыңғыс ханның жанында түкке тұрмайды. Ол екіқабат әйелдердің қарнын жарып, балаларды өлтірген...» дейді. Таңғалғаным, мен оқыған деректерде ондай сөз жоқ. Ол қайдан алып отыр? Шыңғыс хан батысқа қарай жүргенде ол жақтағы адамдар «Шыңғыс хан деген бір құбыжық келе жатыр екен. Өзі ештеңеден қорықпайды, қамалды да бұзып, қаланы да басып алады» деп үрей туғызады. Мұны жауларды қорқыту үшін әдейі айтуы мүмкін. Сол ибн әл-Асир түркі ғалымы Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінің алғашқы бетінде тұрған Шығыс Түркістанның картасына қарап, сөйлей берген. Әрине, оның айтқанының көбі өтірік. Ал оған сенетіндер Шыңғыс ханды «қатыгез», «жауыз» деп ойлайды. Шын мәнінде, тарихта екіқабат әйелдерді қырған Ескендір Зұлқарнайын емес пе?

Ең сорақысы, тарихшы Әлімғазы Дәулетхан «Бүкіл өмірімді Шыңғыс ханға арнадым» депті. Егер өмірін арнаса, Шыңғыс хан туралы кітаптарды оқуы керек қой. Бірақ ештеңе оқымай-ақ айта береді. Ол нақты деректер жазған ғалым Тілеуберді Әбенайұлын «тарихшы емес, құрылысшы» дейді. Құрылысшы бола берсін. Тарихты жазған Әбілғазы Баһадүр ханның да, Қадырғали Жалаиридің де, Рашид ад-Диннің де «тарихшы» деген атағы жоқ. Олар да көрген-білгенін жазды. Ал Тілеуберді Әбенайұлының басқадан артықшылығы – Қытайда туып, білім алып, көне қытай тілін меңгерген, көне пішігін (иероглифті) оқи білген. Ол тарихи деректерді, әсіресе Шыңғыс хан тарихына қатысты материалдарды түпнұсқадан (қытай жылнамаларынан) қазақ тіліне тікелей аударып, түркі тектес екенін дәлелдеген. «Моңғолдың құпия шежіресі», орыстардың «Сокровенного сказания монголов», тағы басқа еңбектің бәрінің шын аты «Шыңғыс қағанның құзауыры» екенін айтады. Мұны Тілеубердіден бұрын орыстардың өзі айтқан.

1926 жылы көне моңғол тілінде жазылған «Алтын топшы» қолжазбасы Моңғолиядан табылды. Рашид ад-Диннің «Жамиғат-тауарих» («Тарихтар жинағы») еңбегін тәржімалаған орыс оқымыстысы Илья Березин «Алтын топшыны» «Золотой сборник» деп аударады. Сонда «алтын» дегені – алтын, «топшы» дегені – топтама, жинақ болғаны ғой. Бұл қалмақтың емес, түріктің сөзі. Қазан университетін бітірген орыстың қытайтанушылары Кафаров, Бичурин, Березин арасында Шыңғыс хан жайындағы Қытай мұрағатында сақталған қолжазбаларын бізге жеткізген қытайтанушы Кафаров болды. Ол діни білім алуға барып, Архимандрит Палладий атағын алады. Одан кейін 1930 жылдары Парижге кетіп қалады. Қандай байланыс болғанын білмеймін, бірақ 1935 жылы Константин д'Оссон «Шыңғыс ханнан Темірланға дейін» деген кітап жазады. Меніңше, ол Кафаровқа жолығып, көп дерек алған сияқты.

Әлгінде кітапты жазу барысында 25 қолжазба дерекке сүйенгеніңізді айттыңыз. Сонда Шыңғыс хан туралы негізгі мәліметтердің бәрі түпнұсқадан емес, аудармалар арқылы ғана жеткені ме? Бұл тарихи шындықтың бұрмалануына қаншалықты әсер етті?

– Бұл – жазба деректер. Өзім осы кітапты қолға алғанда ешқандай өсек-аяңға жол бермеймін дедім. Пайдаланған құнды еңбектердің аты мен бетіне сілтеме беріп, сөзбе-сөз келтіріп, өз тарапымнан түсініктеме жазып, талдадым. 1970 жылы Мәскеуде шыққан «Алтын топшының» алғы сөзінде «Бұл еңбек әуелгіде «Шыңғыс қағанның құзауыры» деп аталған» делінген. Одан бері 70 жыл өтіп кетті. Яғни, Шыңғыс ханның ататегі, түп-тұқияны деген сөз. «Құзауыр» деген түрік тілінде «арғыдан тарту» деген мағынаны береді. Демек, қисынға сүйенсек, кітап та түркі тілінде жазылған. Өкініштісі, қазаққа қимай, кітаптың атын бұрмалап, «Тайны истории монголов» («Моңғолдың құпия шежіресі») деді, одан кейін «Секретная история монголов», қазір «Сокровенное сказание монголов» дейді. Осылайша, үш рет құбылтты. Ал тарихи дүниенің атауын әркім өз білгенінше өзгертуге болмайды ғой. Тарихта қалай жазылды, солай берейін десе, түрік жазған болып шығады. Бұлар бұлтақтатып, «Мұны сары ұйғыр жазған. Шыңғыс ханның халқы қараңғы, оларда жазу болмаған» дейді.

Шыңғыс ханды бәрі «Темучин» немесе «Темужин» деп жазады. Орыс тарихшысы Кафаров Шыңғыс хан жайындағы Қытайдағы қолжазбаларды қарап отырғанда мұрағаттан түпнұсқасын сұрайды. Сонда ондағылар «Оның бәрі астананы оңтүстіктен солтүстікке көшіргенде жоғалып кеткен» дейді. Архивтегі дүние көшіп-қонғанда қоржыннан түсіп қалатын нәрсе емес қой. Демек, бұлар жасырған. Ондағысы – түпнұсқаның қай тілде жазылғанын ешкім білмесін деу. Сондықтан бүгінге дейін жазылған еңбектің бәрі Қытайдың аудармасы, көшірмесі. Яғни, қалғанымыз аудармадан аударма жасап келеміз.

1861 жылы Рашид ад-Дин кітабын тәржімалаған Березиннің еңбегі кітап ретінде емес, Петербургте ғылыми журналға жарияланған. Бұл біздің Ұлттық кітапхананың сирек қорында бар екенін білгенде қатты қуандым. Осы еңбектің алғы сөзінде: «Шыңғыс ханның ата-бабасы Оғыз хан екенін оқыдым. Оғыз хан – түріктің бабасы» дейді. Бұл ғалымның артықшылығы – парсыша, арабша жазылған сөздерді сол күйінде қалдырады. Бірде Ираннан келген шығыстанушы ғалым Ислам Жеменеймен сөйлескенде парсылар «ң» әрпін айта алмайтынын жеткізді. Біреу «моғол», енді біріміз «моңғол» дейміз. Мұның түп-төркіні «мұңгұл» дегеннен шыққан. Яғни, түріктің «мұңлы ұл» деген сөзі.

«Шыңғыс қағанның құзауырын» қытай тілінен қазақшаға аударған Тілеуберді Әбенайұлы: «Шыңғыс хан Құлжадағы ақ татарды шауып, жеңіске жетеді. Айналасына қараса, 7-8 жастағы жетім бала жылап тұр екен. Аттан түсіп, баланың жанына барғанда мойнынан алтын тұмар көреді. Содан Теміршін «Мына баланы бауыр ретінде асырап алайын» дейді. Қатыгез, жауыз деген Шыңғыс хан әлгі баланы туған төрт інісімен қатар бауырына басады. Оған «Сызған Құтқа» деп ат береді. Былайша айтқанда, құтты жазушы деген сөз. Оны оқытып, тәрбиелеп: «Сен жазып, мен бекіткен. Жосықты жөндеп жаз. Оны бұзған адам жазаланатын болсын. Бұл болашаққа өзгермей, бұлжытпай жететін болсын» дейді. Өкіл інісі хат танып тұрса, ол тарихты неге сары ұйғырға жазғызады? Өзі де «Сен жазып, мен бекіткен» деген жоқ па? Сондай деректе «Біздің әскер наймандармен соғысқаннан кейін пәлен жаққа бұрылды» дейді. Шыңғыс ханның өз ұрпағы, жанындағы адам болмаса «Біздің әскер» деп жаза ма? Жарайды, қазақшалағанда біреу бұрмалап жіберді дейін десек, «Сокровенное сказание монголов» атты еңбекті орыстар бірнеше рет қайталап шығарады. Өйткені оқуға қызығушылық білдіргендер көп. 2012 жылы да, 2021 жылы да жарық көрді. Екеуінде де «...Біздің әскер» деп тұр. ХVІІ ғасырда өмір сүрген адам ХІІІ ғасырда бұлай айта алмайды ғой. Бұлар «Қазақтарда білім жоқ. Біздің жазғанымызды аңғармайды» деп қорлап отыр. 1926 жылы шыққан «Алтын топшыда» да соның бәрі қайталанады. Демек, Шыңғыс хан мен оның ұрпағы жайында шежірені Сызған Құтқа және оның ұрпақтары жазып отырған. Яғни, «Моңғолдың құпия шежіресін» Шыңғыс ханның өзі жазғызған. Тағы бір мәселе – ол алғашқы он жылда Қытайдың тұтқыны болады. Сол кезді өзі тарихқа жазғызбаған екен. Тіпті Юань әулетінің негізін қалаған Шыңғыс ханның немересі Құбылай хан туралы да дерек бар. Бұл біздің тарихшыларға жұмбақ болмауы керек еді. Бірақ мұны айтпайды, мән бермейді. Сондықтан жазбаша тарихқа ғана сену керек деп, кітаптың атына «ғылыми» деген сөзді қостым. Соның төңірегінде ғана әңгіме өрбітемін.

– Сіз қарастырған деректердегі жер-су атаулары бүгінгі карталармен қаншалықты қабысады? Шыңғыс хан дәуіріндегі топонимдердің кейін өзгертілуі немесе бұрмалануы тарихи ақиқатқа әсер етпеді ме?

–Жер-су аттарына да аса мән бердім. 100 пайыз сәйкес келеді. Мұндай атаулар қазіргі Моңғол республикасында жоқ. Дегенмен тілдік өзгеріс бар. ХІІІ ғасыр мен ХХІ ғасырдың тілін салыстыра алмайсың ғой. Тіл – құбылыс. Ол да дамиды. Мәселен, ең алдымен, Теміршіннің дүниеге келуінен бастадым. Ол 13 жасқа толғанда Бауыршы, Желме деген сенімді екі нөкері болады. Шыңғыс хан Бөртеге үйленгенде Желменің әкесі келіп: «Сен Өнен мұранның Теліген Бөл­тақ жерінде туғанда, саған бұлғын жөргек бе­ріп едім», – дейді. «Теліген» деген қазақтың сөзі. Ал «бөлтақ» – бөлек тау. Осы жерде Тілеуберді Әбенайұлы мұның «жанасқан екі тау» деген сөз екенін айтады. Мен осы өңірде туып-өскендіктен, бір-біріне телігендей Қос Қотырқай тауының іргесінде Шұбар, Аралтөбе деген жерлердің де бар екенін жақсы білемін. Екеуі қатар болғанмен, бөлек тұр. Арасынан су ағады. Меніңше, жанасқан екі тау осы шығар. Олар Орбұлақтан 7-8 ша­қырым ғана жерде. Бұған дәлел ретінде Тілеуберді Әбенайұлы «Шыңғыс ханның туған жері Екі Бөлектаудың маңында Телігенбөлтақ, Шұбар, Аралтөбе» деді. Бұл да қазақтың сөзі және Кербұлақта екі Шұбар бар. Теміршін мен Жамұқа екеуі соғысқан сай 9 ғасыр өтсе де, осы күнге дейін Керей сайы деп аталады. Жер-су аттары өзгерсе де, оны дәлме-дәл айта алмаймыз. Себеп – архивте тығулы жатқан түпнұсқаны ешкім оқымаған. Сондай-ақ онда кездесетін Аралтөбе Жаркент жақта бар. Онда осы күнге дейін андас пен жалайыр руы тұрады. «Андас» деген қайдан шықты? Жамұқа Шыңғыс ханның өміріндегі ең жақын досы (андасы) болды. Жамұқа өлген соң екі ру бірігіп, «андабас» аталады. Кейін андас болып кеткен. Мұның бәрі қазақтың шежіресі емес пе?!

Ал Қытайға талай сапар жасаған, қытай тілін білген Шоқан Уәлихановтың бес томдығында: «Қытайлар басын кесіп алсаң да, «р» әрпін айта алмайды» деген. Олай болса, Темучинге «р» әрпін қоссақ, «Теміршін» шығады. 1776 жылы жарық көрген Қ.Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабында Шыңғыс ханды «Жалайыр Темір», оның шын аты «Шыңқұз» дейді. Дәл солай екенін Сәкен Сейфуллин де, Шәкәрім Құдайбердіұлы да айтады. Мәселен, Шәкәрім: «Теміршін атын бұзып, Шыңғыс қойды» десе, ақын Мағжан Жұмабаев «Түркістан» атты өлеңінде Шыңғыс ханды түркі әлемінің ұлы билеушісі, данышпан әрі ержүрек тұлға ретінде дәріптейді. Ақын оны қазақ халқы үшін қымбат, түрік қауымының басын қосқан тарихи тұлға ретінде суреттеп, одан тараған Шағатай, Үгедей, Жошы, Төле сияқты ұрпақтарының ерлігін жырлайды. Олар айдаладағы қалмақты бұлай жырға қосып қайтсін?! Ал Мұхтар Мағауин төрт томдығында «Шыңғыс – «Шыңқұз хан». Ол хан болғанда лақап ат беріліп: «Сен бұрын Теміршін едің». Енді шың сияқты биік, құз секілді терең хан болдың» деген» деп жазады.

– Сіз пайдаланған тарихи деректерде «қазақ» атауы кездесе ме? Әлде, Шыңғыс хан дәуіріндегі халық атаулары кейінгі аудармалар мен түсіндірулерде ғана «қазаққа» телініп жүр ме?

– Бар. «Моңғолдың құпия шежіресі» еңбегінде «қазақ арба» деген сөз кездеседі. Бұл – биік оқшау. Қазақ – басқадан оқшау бөлініп кеткен дегені. Қазақта шежірені Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім қажы жазды, кейін «Ана тілі» газетінде қызмет атқарған Жарылқап Бейсенбайұлы «Қазақ шежіресі» деген кітап шығарды. Соның ішінде ең толық шежіре – Қазыбек бек Тауасарұлының кітабы. Тіпті орыстың Левшин, Крафов сияқты тарихшылары «Қалша Қадыр» туралы бізден естігенін жазған. Кейбір деректерде ол шапырашты руының арғы бабасы, Алаштың әкесі немесе «қазақ» этнонимінің шығу төркініне қатысты тұлға ретінде сипатталады. Алаштың немересі – қазақ. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі атау. Ал қазақтың немересі – Арыс. Арыстың алты баласы болды. «Ұлы жүзді – Ақарыс, Орта жүзді – Жанарыс, Кіші жүзді – Бекарыс» деп бөлген. Үшеуі де бір-біріне жақын бауыр. Міне, осыған іріткі салып, «бөліп ал да билей бер» саясатын ұстанғандар кеңес заманында шежіре айтқан адамды «ескішіл», «ұлтшыл» деп түбіне жетті. Себебі шежіре – қазақтың шығу тегі. Ру – әр адамның ата-бабасы. Бірақ бізде, керісінше, руын айтса «рушыл» дейді. Шын мәнінде, өз руынан, халқынан басқаны жақтырмау – астамшылдық. Шежірені білмеу арқылы бізді бір-бірімізге айдап салып, алауыз етті. Біздің тарихшылар осыны түсіндірмейді. Өздері оқымайды. Кітап – тарихшыға да, жазушыға да, құрылысшыға да бірдей. Менің мақсатым – оқымай айта беретіндерге жауап беру.

Бексұлтан Нұржекеұлы
Фото: Жас Алаш

Жарайды, Шыңғыс ханды қазақ дейік. Бірақ сіз оның жалайыр руынан шыққанын да алға тартасыз. Мұндай тұжырым нақты қандай дереккөздерге сүйенеді, әлде бұл кейінгі интерпретация ма?

– Бұрын Шыңғыс ханды «бізге қатысы жоқ моңғол болса, моңғол шығар» деп жүргенмін. Менің көзімді ашқан – шығыстанушы Тілеуберді Әбенайұлы. Ал Қазыбек бек Тауасарұлы «Теміршін – жалайыр, оның ішінде андас» дейді. Одан кейін жырау Қазанғап Байболұлы «Шыңғыс хан Іленің бойында туып-өскен» дейді. Бұлардың бәрі халық аузынан естігенін жазып кетті.

Бір деректе өзара сөйлесіп тұрған екі жігіт: «Екеуміздің де бабамыз – Есугей. Екеуміз де – жалайырмыз. Ендеше, мына тұрысымыз не?» дейді. Олардың аузына бұл сөзді 800 жыл бұрын мен салған жоқпын ғой. «Алтын топшыда» жазылғандай, Есугей жалайыр болады да, сонда баласы Шыңғыс хан жалайыр болмай ма?

Әлгінде оқыған құнды еңбектің бәрінде «Теміршін әуелі Жамұқадан бөлініп, жалайырға хан болды» делінген. Мұны тарихшылар неге білмейді? 1943 жылы Қазақстан КП(б) Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Мұхаметжан Әбдіхалықов екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Алматы қаласына арнайы келген орыс тарихшысы Анна Панкратоваға «Қазақ КСР-нің тарихын» жазғызады. Бұл еңбекте Шәкәрім қажы айтқан мысалдар кездескен. Бұған қарсы шыққан тарихшылардың өзі 1943 жылы алғаш тарих жазылғанын білмейді, білмегенсиді.

Шыңғыс ханды «қазақ» дейтініңізді ғылыми ортада қолдайтындар көп пе?

– Бар. Бірақ тарихшылардың өзі мойындамайды. «Ол кезде қазақ болған жоқ» дейді. Жарайды, найман, керей, қоңырат – қазақ емес пе? Бұлар қазақтың ата-бабасы десек, неге қазақ болмайды? Осылай десең, «Олар – түрік» дейді. Түріктің өзі 552 жылы ғана пайда болған. Оның арғы жағында Ғұн, Сақ мемлекеті бар. Сонау Италияны жаулаған Еділ Қаған (Аттила) да біздің тұқым емес пе? Кеңес өкіметі сіңірген саясаттан ажырауымыз керек қой.

Қытай оқымыстысы, елшісі болған Чжао Хуноның 1221 жылы «Мэн-да Бэй-лу» кітабы шыққан. Бұл еңбек Мәскеуде 1975 жылы «Полное описание монголо-татар» деп жарық көреді. Ол Шыңғыс ханның әскери қосынында болып, өз көзімен көреді. «Шыңғыс ханның ордасын, тағын көрдім. Оның астындағы тақ алтынмен апталған, ал Мұқали тағы күміспен күптелген. Бар айырмасы сол» деген.

– Ал Шыңғыс ханның ұстанған діні туралы деректер бар ма? Ол нақты бір сенімге табынды ма, әлде кейінгі тарихи еңбектерде бұл мәселе әдейі бұрмаланып немесе көмескіленіп кеткен бе?

– Қытай елшісі Чжао Хуно әлгі еңбекте «Шыңғыс хан қосынында үлкен ақ ту ілінген. Оның ортасында айдың бейнесі бар» деген. Айдың бейнесін мұсылман ғана салады. Бұл – толық болмаса да, жанама дәлел. Сосын «Мұқалидың да қосынында да ақ ту тұр. Оның тоғыз шашағы бар» деп анық айтады. Содан кейін Махмұд Қашқаридың түрік сөздігін қарасам, «Түрік патшаларының ең атақтыларының бәрінде ту тоғыз шашақтан артық болмайды» дейді. Сонда тоғыз шашақты ту түріктің туы емес пе? Ол қайдан моңғол, қалмақ болады?

Одан бөлек, Шыңғыс хан «Аруаққа сыйынып, құлшылық жасайық» дейді. Бұл сөз қазақшасында да, орысшасында да тұр. Оған нанбасаң, Әбілғазы Баһадүр ханның, Рашид ад-Диннің еңбегінде солай жазылған. Айталық, Әбілғазы бабаның «Родословная история о татарах» деген екі томдық кітабында: «Бір күні Шыңғыс хан аң аулап жүреді. Шаршаған соң жазық жердегі бір түп ағаштың көлеңкесін саялайды. Нөкерлерін шақырып «Мына жер жақсы екен. Өлсем, осы жерге жерлеңдер!» дейді. Мұны Рашид ад-Дин де айтады. Кейін Шыңғыс хан қайтыс болғаннан соң сенімді адамы мәйітін ат арбаға салып келе жатқанда тау етегінде баптаққа батады. Сөйтіп, баяғы жанына жайлылық сыйлаған саялы жерге жерленген дейді. Артынан ұрпақтары қорым жасап, аза тұтқан. Жерленген бейітіне 28-ші сүренің 88-ші аяты жазылып қойылған екен. Онда «Кез келген нәрсе жоғалады. Бірақ оның болмысы жоғалмайды. Болмыс мәңгі жасайды» деген. Әй, мұсылман емес адамның бейітіне Құраннан сүре жаза ма?

«Қанішер Шыңғыс хан Отырарды шапқан» дейді. Оның басқа амалы болған жоқ қой. Ол Мұхаммед Хорезмшахқа «Менің туған-туыстарыма Отырардағы үлкен базарды аралауға рұқсат бер» дейді де, 500-дей адамды жібереді. Бұған Қайыр хан қызығады да, бәрін тонап, байлықты тартып алады. Қашып шыққан бір бала ғана Шыңғыс ханға келіп «түгел қырылдық» деген. Сонда Шыңғыс хан үш күн бойы «Алла Тағала, менің жазығым жоқ. Ағайынның кегін аламын деп қана келдім» деп құлшылық еткен. Ол қарапайым халықты емес, Қайыр ханға шабуыл жасаған. Қайыр ханның әскерінің біразы Шыңғыс ханға келіп қосылады. Өйткені ол да, бұл да – қазақ.

Бұл ғылыми зерттеу «Шыңғыс хан қазақ па, моңғол ма?» деген ғасырлық дауға нүкте қоя ма?

– Өзім де «Осы дауға нүкте қою керек» деп жаздым. Бірақ оған қазақтың білімдарлығына сенбеймін. Өйткені Шығыс Түркістанда қаза болған Қажығұмар Шабданұлы «Қазақты дамытпайтын төрт төте қырсық бар. Олар – рушылдық, жалқаулық, жікшілдік, көреалмаушылық» деген. Сол сияқты тарихшы қауым «Біз жазбаған дүниені мына жазушы жазыпты, құптаймыз» демейтініне кәміл сенемін. Олар мойындамайды. Бұларға халықтың тарихы түкке керегі жоқ. Сол әлгінде айтқан төрт қырсық – іштарлығы, көреалмастығы, рушылдығы, деректі салыстырып қарауға жалқаулығы жібермейді. Тарих пен ғылымның, мәдениет пен руханияттың, ең ақыры ауызбіршілігіміздің дамымай отырғаны сол. Жақында тарихшы Нұрлан Кенжеахмет «Қазыбек бек Тауасарұлының да, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының да кітабы өтірік» депті. Енді өтірік екенін дәлелдемей ме? Өтірікті кім жазады? «Ақтабан шұбырындыдағы атақты батырлар – Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбайды көзімен көріп, бірге соғысқан адамның кітабы шықты» деп қуанудың орнына көбі кері тартып, «Бұл біздің рудың кітабы емес» дейді. Сондықтан «Ру деген не? Рушыл деген не?» деген мақала жаздым. Ру – менің ата-бабам. Оны қалай жамандауға болады? Қазақ үш арыстан тарады десек, сонда өз бауырларымды жек көруім керек пе? Міне, бізде осы идеологияны тықпалап, бір-бірімен араз қылып қойған. Кеңес өкіметі «Қазақтың бірлігін құртпай, біз дамымаймыз» деп шежірені құртып, жырауларды, молдалардың көзін жоюға тырысты. Осыны түсінбейтіндер қалай өзін «мықты тарихшымын» дей алады? Бұл құнды еңбек көпшілік оқырманға арналған. Әзірше мың данамен шықты. Үзеңгілес достарым оқып, құптап жатыр. Бірақ тарихшы ғалымдар үндемейді. Себебі олар бір-бірінен қорқады. Егер мақұлдаса, «Сенің есің дұрыс па? Қайдағы жазушының сөзін сөйлегенің не?» дейді. Олар кезінде «Жазушылар тарихты бүлдірді» деген. Тарих – ешкімнің жекеменшігі емес, халықтың қазынасы. Қайта «бұлар бізге көмектесіп жатыр. Пікірін пайдаланайық» деп неге айтпайды?! Дегенмен болашақ оқитын ұрпақ шығатын шығар деп үміттенемін. 85 жасқа келсем де, әлі де осы мақсатта ізденіп, тарихты жазуды тоқтатпаймын деп отырмын.

Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы