Бектенов Байқоңырды музей қылмақ
Осыдан тұп-тура отыз жыл бұрын Қазақстан мен Ресей арасында келісім орнап, көрші ел Байқоңырды 20 жылға жалға алған.
Кейін 2050 жылға дейін жалға алу мерзімін ұзартып, қазынаға қаржы құйылғанымен «жұлдызды қалашық» бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шырмауында қалды. Қалашықтағы әкімшілік құзыреттің әралуандығы, қаржыландыру мен аймақтық бөліністегі кемшіліктер Байқоңырға қатысты талай әлеуметтік бағдарламалардың орындалмай қалуына ықпал етті. Жергілікті халық Байқоңырды «аты қазақтыкі болғанымен, заты Ресейдікі» деп те қынжылды. Бүгінде жұрт Ресей заңына бағынатын қалада өмір сүрудің қиындап кеткенін, азық-түлік, коммуналдық төлемдер бағасындағы ала-құлалық, білім, денсаулық саласындағы түйінделген мәселелер шешімін таппай жүргенін ашық айта бастаған.
Ал енді жуырда Ресей тарапының Байқоңырдағы Қазақстанға тиесілі 234 нысанды өзімізге қайтаратыны белгілі болды. Оған себеп – қалаға инвестициялар тарту. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Байқоңыр кешені бойынша үкіметаралық комиссияның 8-отырысы өткенін; хаттаманы орындау шеңберінде Ресей тарапы жалға алған құрамынан шығаруға 234 нысанның жаңа тізбесін ұсынғанын; олардың базасында 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын құра отырып, өндірістерді ұйымдастыру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Сөйтіп, Ресейдің Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағы аумағындағы нысандарды қарқынды түрде босатып, «Қазақстанға арендасы төленетін объектілер» қатарынан шығарып тастап жатқанын үкімет те растады. Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, дәл қазір Ресей тарапы қайтаратын 234 ғимараттың ішінен Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне 57 ғимаратты беру туралы шешім қабылданған. Бүгінгі күні оларды беру үшін тиісті құжаттар рәсімделіп жатыр. «Өзге қайтарылатын нысандардың одан әрі мүмкіндігін айқындау бойынша жұмыстар жүргізіліп, жаңа жұмыс орындарын ашу жоспары қарастырылуда», – дейді министрлік өкілдері.
Әлбетте, бос қалған 234 ғимаратты қайтарып алып, оған жан бітіру үшін үкіметке біраз тер төгуге тура келеді. Өйткені осы уақытқа дейін Байқоңырда қазақ баласына бизнес жүргізу қиын болған. Байқоңырдағы қазақстандық кәсіпкерлер мемлекеттік қолдауға зәру болып келді. Себебі оларда Қазақстан азаматтығы болса да, аймақты жалға алып отырған Ресей тарапы болғандықтан, кәсіпкерлер салықты Ресей бюджетіне аударады да, бізден берілетін субсидиядан қағылып отыратын. Енді Ресейден Қазақстанға 234 нысан қайтарылатын болса және ол кәсіпкерлікке берілетін болса, бұл отандық бизнеске үлкен мүмкіндік болмақ. Бірақ ол мүмкіндіктер нәтижелі болу үшін біздің атқарушы билікке батыл қадамдар жасау қажет болады.
Рубльдің орнын теңге баса ма?
Бизнес аналитика және экономика мамандығын зерттеп жүрген сарапшы Жақсыбек Мұқышев:
«Ресей қайтаратын нысандардың ішінде Байқоңырдағы әскери бағытта пайдаланып келген 9БТ алаңындағы 27 ғимарат бар екен. Өндірістік база ретінде пайдаланған ғимараттар барын да көзім шалды. Негізінде мұндай ғимараттарды өндіріс орындарын ашуға пайдаланған жөн. Аралдың балығынан консервіленген өнімдер өндіру, ет және ет өнімдерін өндіру, мал шаруашылығын дамыту, мал бордақылайтын алаңдар ашып, малды тірідей Ресейге экспорттауды арттыруды қолға алу керек. Осы мақсатта ірі-ірі кластерлер, цехтар құру жобасын жасаған абзал. Қайтарылатын баспаханаларды мектепке айналдырса немесе техникалық жөндеу орталықтары, балабақша, кілем жуатын орталықтар, наубайханалар, сауда үйлерін ашуды ойластыру керек. Қазақ тілінде балаларды дамыту орталықтары құрылса, қанеки. Жалпы, осы уақытқа дейін қазақстандық кәсіпкерлерге Байқоңырда кәсіп жүргізу оңай болған жоқ. Ресей рублінің құнсыздануы, көрші елдегі геосаяси тұрақсыздық пен экономикасының төмендеуі кәсіпкерлерге айрықша әсер етті. Байқоңырда сауда-саттықта, бизнесте, басқа да төлем жасауда теңге мен рубль қатар жүретіндіктен екі елдің заңына бірдей жүгінеміз деп ондағы кәсіпкерлер әрі-сәрі күй кешті. Ресей тарапы осы уақытқа дейін ондағы барлық нарықты жаулап алып келді. Байқоңырдағы тұрғындар теңгені көбінесе жақын маңдағы Төретам және Ақай ауылдарынан сауда жасауға ғана жұмсайтын. Сондықтан мына 234 нысанның қайтарылуы біздің кәсіпкерлерге мүмкіндік болмақ. Енді осы сәтті пайдаланып, ұлттық экономика министрлігі, қаржы министрлігі, үкіметтің басқа да мүшелері Байқоңырға қатысты жол картасын ұсынғаны жөн», – дейді маман.
Сондай-ақ сарапшы «Ресейден қайтарылатын нысандарда жұмыс орындары ашылатын болса, жұмысшыларға жалақының теңгемен төленіп, сауда-саттық орындары ашылса теңгемен төлем қабылдануын міндеттеу керек» деп есептейді. Себебі бұған дейін «жұлдызды қалашықтағы» кәсіпкерлер ғана емес, ресейлік кәсіпорындарда жұмыс істейтін отандастарымыз да қиналып келген. Оған себеп: рубль құнсызданып кетсе, жалақыны рубльмен алатындардың жалақысы қоса құнсызданады. Мұндайда жалақылары арзандаған Байқоңыр халқына теңгемен сауда жасау тиімсіз. Өйткені олар рубльді теңгеге айналдырса, ұтылады.
«Былтыр отандық өнім өтпегеннен кейін қазақстандық кәсіпкерлердің өзі Ресейден тауар тасып, соны көтерме бағамен сатуға машықтана бастады. Ол жақтың тұрғындары тұрмыстық техниканың денін Ресейден алады. Азық-түлік нарығын онсыз да ресейліктер жаулап алған. Осылайша, қазақстандық өнім ол жақта бәсекеге бәс тіге алмай отыр. Бұл арада біздің үкімет талап қоя алуы керек. Отандық өндірісті қорғау үшін Ресейден келетін тауарларға белгілі бір шектеу енгізу қажет. Олай етпесек, біз Байқоңырда бизнестік орта қалыптастырып, жаңағы Ресейден босаған нысандарды кәсіпкерлерге бергенімізбен, күні ертең саудасы жүрмесе, бизнесі өркендемесе, олар қайта жабылып қалуы мүмкін. Сондықтан үкімет ол жақта ұлттық валютаның беделін арттыруға күш салған абзал», – дейді Ж.Мұқышев.
Туризм, музей және әлеумет
Бірақ біздің үкімет әзірге «арендадан» босатылған объектілерде музей жасауды, аймақта туризмді дамытуды жөн көріп отыр. Үкімет басшысы Бектеновтің айтуынша, бұған қатысты тиісті тапсырмалар берілген. Қазір тапсырмаларды іске асыру үшін аймақ базасында ғарыш техникасының үлгілері мен макеттерін орналастыра отырып, музей кешенін жасауға кіріскен. Осы мақсатта «Гагарин старты» 1-ші және 2-ші алаңын одан әрі пайдалану жөнінде ұсыныстар әзірленген. «Зенит-М» ғарыштық зымыран кешені нысандарының туристік тартымдылығын жақсарту үшін тур бағдарламасы ойластырылған. Зымыран қозғалтқыштары, «Союз-5» зымыранының макеті орнатылды, киіз үй қойылып, «Этноауыл» экспозициясы жасалған.
Алайда туризмнен қысқа мерзімде табыс табамыз деу қиын. Себебі Байқоңырдағы туризмнің тізгіні толығымен Ресей қолында. Мәскеу ғарыштық туризмнің операторы ретінде көпжылдық тәжірибесі бар ресейлік «Вежитель» компаниясын бекіткен. Байқоңырды аралағысы келетін туристер содан туржолдама пакеттерін сатып алады. Сондықтан бірнеше жыл осы нарықты әбден иемденіп алған «Вежитель» компаниясын бірден нарықтан ысырып тастай алмаймыз.
Ал біз хабарласқан Байқоңыр тұрғындары Ресей тарапы инфрақұрылым, нысандарды жаңарту ісіне салғырт қарайтынын айтады. Мәселен, осы уақытқа дейін Ресейдің меншігінде болған балабақшалардың жағдайлары нашар болған. Қазір Қазақстан меншігіне бірнеше балабақшалар алынып, жаңартылып, қазақтілді балабақшалар ашыла бастапты. Байқоңыр тұрғыны Алмас Сәлменовтің сөзінше, Байқоңырда 16-дан астам балабақша бар. Соның тек үшеуі ғана қазақстандық білім стандартымен жұмыс істеген.
«Қазір қала қазақ тіліндегі тағы екі балабақшамен толықты. Олар қазақстандық білім стандартымен жұмыс істей бастады. Мектеп мәселесі де шешіліп жатыр. Әкімшілік бұл ретте қалада 21 жайлы мектеп салынады деп отыр. Негізінде, Байқоңырдың жанды жері – коммуналдық мәселе. Қаланың жылу электр станциясы қымбат мазутпен жұмыс істейді. Бұл тарифтерге қатты әсер етеді. Сондықтан біз жылу жүйесіне жыл бойы төлем жасап отырамыз. Негізі, қалада төрт қазандықтың екеуі өзіміздің газға қосылған. Соған қарамастан, жылуға төлейтін ақы аспандап тұр. Қала газға қосылса, ай сайын төлейтін ақы арзандайды деп үміттенген едік. Бірақ олай болмай шықты. Билік осы мәселені реттеп берсе деген тілегіміз бар», – дейді қала тұрғыны.
Бұдан бөлек, халық сапалы медициналық көмекке де зәру. Денсаулық сақтау саласындағы түйткілдердің де түйіні тарқамай келе жатқанына талай болған. «Емдеу мекемелері ғимаратын Қазақстан меншігіне қайтарса, біраз мәселе шешімін табар ма еді» дейді қала тұрғындары.
Негізінен, жалпы аумағы 5 497,5 гектар болатын Байқоңыр қаласында 57 мыңның үстінде халық тұрады. Оның ішінде 40 615 адам – Қазақстан азаматы. Бірақ қала халқы жабық қалашықта құқықтары ескеріле бермейтінін айтып қынжылады.
Жалпы, Байқоңырда Ресей заңы үстемдік ететіні, мектептерінде Ресей бағдарламасы оқытылатыны осыған дейін де айтылды, жазылды. Байқоңырдың экологиялық жағдайы да қанша мәрте сөз болды. Бірақ кезінде 2013 жылдары Байқоңырдан протон құлағанда бірқатар шенеуніктер «қоршаған ортаға, адамдарға қауіп жоқ» деуден танбады. Тіпті сол кезде «Қазғарыш» агенттігін басқарған Талғат Мұсабаев: «Бұл апат Ресейдің ішкі шаруасы» дегенді де айтты. Сол жылы қараша айында Қазақстанның қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Байқоңырда шілдеде болған апаттан экологияға 89 миллион АҚШ доллары көлемінде зардап келгені жөнінде Ресей тарапына хабарлағандарын айтты. Бұл жағдайдан кейін елімізде «Антигептил» қоғамы құрылып, Астанада қарсылық шарасы ұйымдастырылды. Алайда белсенділердің уәжі діттеген жеріне жетті деп тағы айта алмаймыз. Кейбір деректерге көз жүгірсек, 600 тонналық гептилмен ұшатын протонның Қазақстан жеріне 30-дан астамы құлапты.
Қазір сарапшылар Байқоңырдың қаржы әкелетін қала екенін, бүгінгідей ғарыштық технологиялық даму заманында өзіміз игеруге барымызды салуымыз керектігін жиі айтады. Ал бізде 2023-2025 жылдары ғарыш саласына республикалық бюджеттен 4,9 млрд теңге бөлінгенмен, іс жүзінде 2023-2024 жылдарға арналған шығыстар көлемі 1,8 млрд теңгеден аспаған. Сарапшылар қазір әлем өзгеріп жатқанын, дамыған елдер жасанды интеллект арқылы ғарышты игеруге әрекеттеніп жатқанын мысал етіп отыр. Алайда ғалам осылай жанталасып жатса, бізде, керісінше, «Байқоңыр» ғарыш айлағына ұшуға сұраныстың төмендеген, кадр дайындау мәселесі де төмен деңгейде. Мұны өткенде сенаторлар үкіметте де қозғады. Ал енді Ресейге керек болмай қалған нысанның тағдыры қалай болады?! Бұл нысандарды қайтарып алып, ұқсата алар ма екенбіз?! Байқоңырда бизнеске жайлы орта қалыптасып, отандық бизнестің бағы жанар ма екен?! Қазір ондағы елді осы сауалдар да мазалап жүр.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ