Бектенов ешкімді баспанасыз қалдырмауға уәде берді
Қазақстанның тоғыз өңірінде жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланды. Олар Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау облыстары.
Су тасқынына байланысты күрделі ахуал әлі де сақталып отыр. Жалпы, су тасқыны басталғаннан бері су басқан аймақтардан барлығы 19 мыңнан астам адам эвакуацияланған.
Бүгінгі таңда солтүстік, шығыс және орталық аймақтардың 65%-дан астамы әлі күнге дейін қалың қар астында. Сондықтан алдағы уақытта су тасқыны қаупі бар өңірлерде алдын алу шаралары күшейтілді, ТЖМ-нің қажетті күштері мен құралдары дайындалды, дейді үкімет.
Қаржы министрі Мәди Такиев Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында су тасқыны салдарынан шаруашылық қызметі бұзылған жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілерінің барлығына берілген өтінішіне сай несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру ұсынылатынын баяндады. Сондай-ақ Қаржы министрлігі су тасқынынан зардап шеккен бизнес субъектілері үшін салық есептілігін тапсыру және салықтарды төлеуді кейінге қалдыруды ұсынады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су басқан үйлердің барлығы құжаттардың бар-жоғына қарамастан, қалпына келтірілетін болады. Мемлекет ешкімді баспанасыз, далада қалдырмайды. Осындай қиын жағдайда ірі, орта бизнес, сондай-ақ кішігірім компаниялар және елдің тағдырына бей-жай қарамайтын қарапайым азаматтар қол ұшын созып жатыр. Бюджет қаражатына қосымша тұрғын үйлерді қалпына келтіруге, жоғалған мүлік пен мал шығынын өтеуге бағытталатын қомақты сома жиналды. Мердігер компаниялар осындай қиын жағдайды бизнеске айналдырмайды және барлық қаражат мақсатты түрде жұмсалады деп сенемін», — деді Бектенов.
Фото: ҚР Үкіметі