Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:17, 28 Ақпан 2024

Бектеновке қалған мұра – 24 жыл мүжілген майлы жілік

Даму банк

Қазақстанда экономиканың «тіреуіші» болады, «елді дамытады» деп құрылған көп жобаның бірі – «Қазақстанның Даму банкі» АҚ. Аталмыш банк 2000 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен құрылған.

Банктің миссиясы да зор – экономиканың шикізаттық емес секторын тұрақты дамыту және экономиканың өсуін қамтамасыз ететін инфрақұрылым құру есебінен ұлттық әл-ауқатты жақсарту. Тиісінше, бұл банк қызметін бастағанда «енді шикізаттық емес сектор қаражатқа қарық болады, елге тиімді инвестициялар келе бастайды, отандық шағын және орта бизнеске жан бітеді, ауылға арзан несие барады» деп сендіріп баққан. Алайда құрылғанына 24 жыл болса да бұл банк уәдесін әлі орындаған жоқ.

Осыдан екі жыл бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Даму банкінің» жұмысын сынға алып, бұл банктің жеке банкке айналғанын, тек арнайы таңдалған адамдарға ғана қызмет ете бастағанын, олардың кім екені де жақсы белгілі екенін айтқан. Өзі премьер-министр болып тұрғанда өмірге келген банктің о бастағы мақсатынан ауытқып кеткеніне қынжылған болар. Артынша, үкіметке «Қазақстан Даму Банкінің» (ҚДБ) жұмысын реформалауды тапсырды. Сөйтіп, Әлихан Смайылов үкіметті басқарған тұста банктің жұмысын реформалауға қатысты арнайы кеңестер жиі өтті. Ондай жиындарда даму банкі бай-манаптарды «жарылқаудан» бұрын отандық шағын бизнесті қолдауға, отандық өндірісті қаржыландыруға басымдық беруі тиіс екені айтылатын. Қызметтің ашықтығын арттыру, бизнес-процестерді оңтайландыру, банк қызметтерінің қолжетімділігін кеңейту жөнінде де жиі сөз қозғалатын. Әйтсе де Смайылов қайта-қайта кеңесіп, жиын өткізгені болмаса, Тоқаевтың тапсырмасын орындамаған күйі кетті. Банктен олигархтар әлі де ақша «сауып», ауқатты байлар ҚДБ-ның арзан несиесін алу үшін әлі кезекте тұр екен.

«Қазақстан Даму банкінің» сайтын ақтарып көрсеңіз, небір қызық деректерге тап боласыз. Банктің мақұлдауын күтіп, несие алуға өтінім бергендердің арасында Форбстың тізімінде жүрген атақты байлар Владимир Ким, Эдуард Огай, Владимир Жұманбаевтар да бар. Бұлар Қарағанды ​​облысындағы қуаты 50 МВт Балқаш күн электр стансасы құрылысының екінші кезеңін жүзеге асыру үшін ҚДБ-дан қаражат сұрапты. Форбстың сараптауы бойынша, Владимир Ким Қазақстандағы ең бай адамдардың көшін бастап тұр. Оның капиталы 4,6 млрд долларды құрайды. Сол тәрізді банктен арзан несие «дәметіп» отырған Эдуард Огайдың да 750 миллион доллар капиталы бар. Огай ең бай қазақстандықтар тізімінде 11-орында тұр. Аталмыш банктің арзан несиесін алғысы келетіндердің бірі – Владимир Жұманбаев болса 440 миллион доллар байлығымен ең бай қазақстандықтар тізімінде 19-орында тұр. Оған «Қаражыра» көмір өндіру кәсіпорнының 20 пайыз акциясы, «Алтыналмас» алтын өндіруші компаниясының 22 пайыз акциясы тиесілі. Бұдан бөлек, ол Kaz Green Energy мен Unitair акцияларына да ие.

Қазақстандық байлардың тізімінде бар Мирболат Әбуов та «Қазақстан Даму банкінен» несие алуға өтініш берген. Егер банк оның өтінішін қанағаттандырса, Әбуов ол қаражатқа темір өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр екен. Мирболат Әбуовты қазақстандықтар Тимур Құлыбаевтың серіктесі ретінде жақсы біледі. Банктен арзан несие алғысы келетіндердің тізімі мұнымен бітпейді. Шымкенттік миллиардер Серікжан Сейітжанов та арзан несие алуға талпыныс жасап жатқандардың бірі. Ол Шымкенттегі көп салалы аурухана құрылысын салу үшін несие алуға өтінім беріпті. Серікжан Сейітжанов – мұнай, бұрғылау және құрылыс компанияларының акцияларына иелік ететін «Оңтүстік» қаржылық, сауда-өндірістік корпорациясының қожайыны. Оның бұдан өзге де ірі кәсіптері бар.

ҚДБ-дан арзан несие алуға шетелдіктер де өтінім берген. Олардың арасында түрік кәсіпкері Феттах Таминже де бар. Астанадағы ең ірі ғимараттар – «Хан Шатыр», «Астана Арена», Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Назарбаев университетін осы Таминдже иелік ететін компаниялар салған. «Хан шатыр» Астанада 2010 жылы ашылған. Оның құрылысының бас мердігері Түркияның Сембол Констракшн (Sembol Constractoin) құрылыс серіктестігі. Ал бұл компанияның президенті Феттах Таминже. Сондай-ақ түрік кәсіпкері басқаратын бұл компания 2006 жылы құрылысы салынған Бейбітшілік және келісім сарайы, 2009 жылы пайдалануға берілген «Астана Арена» футбол стадионына, «Нұр Әлем» павильоны-сферасы, «Нұрлы жол» вокзалы, Конгресс холл сияқты нысандардың құрылысына да қатысқан. Таминже 2005 жылы Астанада Rixos President қонақ үйін де ашты. 2008 жылы Таминжені экс-президент Назарбаев «Астанаға 10 жыл» медалімен де марапаттады. Бұдан бөлек түрік кәсіпкері Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалында Safari Hotel, Ақтауда Rixos Water World Aktau, Түркістанда «Керуен сарай» туристік кешенін салуға қатысқан. «Қазақстан Даму банкі» солардың ішінде екі жобаға Rixos Water World Aktau, Түркістанда «Керуен сарай» туристік кешенін салуға қарыз берген. 2020 қолданысқа берілген Ақтаудағы Rixos қонақ үйінің құрылысына – 68,41 млрд теңге жұмсалған. Оның 42 млрд теңгесі банктен кредитке алынған. Ал «Керуен сарай» кешеніне қатысты ҚДБ есебіне сәйкес, жобаның түпкілікті құны 87 миллиард теңгені құрады. Осы соманың 40 миллиард теңгесі банктен несие ретінде алынған.

Өтініш берушілер қатарында «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, Павлодар мұнай-химия зауытында жаңа сутегі өндіру қондырғысын салуды жоспарлап отырған шетелдік French Air Liquide компаниясы да бар. Бұдан бөлек, Израиль азаматтары Менахем Шалом, Мосенсон Йсроэл Қазақстанның батысында құс фабрикасының құрылысы үшін ҚДБ-дан арзан несие алсақ дейді. Айтпақшы, ҚДБ-ға сұғын қадап отырғандар арасында бұрынғы шенеуніктер де бар. Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі және энергетика вице-министрі болған Талғат Ахсамбиев те өтінім бергендер тізімінде тұр.

Айта кету керек, арзан несие алуға өтінім берген байлар мен шенеуніктердің банктен қанша сома көлемінде несие сұрағаны ашық көрсетілмейді. Оларға қанша сома берілгені тек жоба мақұлданғанда ғана анық көрсетіледі екен.

Ал банктің бұған дейінгі жобаларға берген қаражатына келсек, банк былтыр KEGOG АҚ-ның ВЛ-220-500 Кв филиалдарын қайта құруға 10 млрд теңге, Hyundai жеңіл автомобильдерін шығаратын зауыт 17 млрд теңге, «Кентау трансформаторлық зауыты» АҚ экспорт алдындағы қаржыландыру 3 млрд теңге, «Проммашкомплект» ЖШС дөңгелектер өндірісі үшін үздіксіз құйылған дайындаманы экспортқа дейінгі қаржыландыру 12 млрд теңге, тағы басқа жобаларды қаржыландыруға миллиондар мен миллиардтарды беріп келген. «Қазақстан Даму банкі» былтыр жалпы саны 45 жобаға қолдау көрсетіпті. Жобалардың жалпы сомасы 1,2 трлн теңгеден асады. Байқағанымыз, «Қазақстан Даму банкі» 2015 жылдардан бері көлік-логистика, машина жасау, энергетика, туризм, металлургия, мұнай-газ химия өнеркәсібі салаларына қаржы беріп, қолдауда белсенділік танытқан. Бірақ сарапшылар қазір бұл секторлардың ілгері басқан аяғы кейін кетіп жатқанын айтып жүр.

Еліміздің су жаңа ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров «Қазақстан Даму банкі» жобаларды қаржыландыруда былтыр ең үздік көрсеткіш көрсетті деп есептейді. Ол сондай-ақ олигархтардың банк арқылы арзан несиеге өтініш беруіне қатысты: «Бизнес, жоба болғаннан кейін олар «Қазақстан Даму банкіне» өтініш береді. Оны «Қазақстан Даму банкі» еш тоқтата алмайды. Бәрі ашық. Өтінімдер электронды жүйе арқылы келеді» дейді.

Ал қаржыгер Арман Мусин банктің бұған дейінгі жұмысы ашық болды деп айту қиын дейді. «Қазақстан Даму банкі» – мемлекеттік қаржы институты. Банктің жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесі – 100 пайыз. «Қазақстан Даму банкінің» құрылтайшысы – үкімет. «100 пайыз мемлекетке бағына тұра, банк 24 жылдың ішінде нақты салаларды дамытуға септігін тигізе алмады. Банк жұмысын, есебін жалпы халыққа ашық жүргізді дей алмаймыз» дейді ол.

«Экономика және құқық» институтының маманы экономист-сарапшы Ажар Күмісханованың да банктің қызметіне көңілі толмайды. Маманның ойынша, агросекторға, ауылдың бәсекелестік қабілетін арттыруға қатысты ірі жобалар бізде болмады емес, болды. Бірақ ҚДБ-ның ауылды қолдауға қатысты ірі жобаларды қаржыландырғаны некен-саяқ. Қазір ауылдағы шаруалар арзан несиеге мұқтаж. Ауыл-аймақтарда техникалар тозған, шағын кластерлер ауылдарда мүлдем жоқ.

«Ауылдың өндірістік қабілетін 30 жыл бойы көтере алмай келе жатырмыз. Елде оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығыста тұратын халықтың ахуалы, тұрмысы нашар. Орталық Қазақстан, Солтүстік Қазақстанның халқы егіншілікпен айналысып, өз күндерін өздері көріп жүр. «Қазақстан Даму банкі» әу баста ауылға қатысты инвестициялық жобаларды қаржыландырғанда, ол өз нәтижесін берер еді. Бірақ банк олигархтардың жобасын қолдап, мұнай газ, тау кен, энергетика өндірісінде жүргендерді қолдап келді. Тіпті «Қазақстан Даму банкі» арқылы ірі мегаполистерде ойын-сауық орталықтарының құрылысын салуға қаражат алғандар да болды. Бұл – мемлекет үшін емес, жекелеген адамдардың баюы үшін жасалатын жобалар ғой. Үкімет болашақта бұл банк арқылы экономиканы, халықты қолдаудың жаңаша тетіктерін қарастыру қажет», – дейді А. Күмісханова.

Банкке қатысты айтылатын тағы бір сын – теңгерімнің жоқтығы, алалаушылық.

«Осыдан екі жыл бұрын ҚДБ «ПетроКазахстан Ойл Продактске» 2 млрд доллар қаржы берсе, «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайын» реконструкциялауға – 92,5 млрд теңге берген, Түркістанда «Ке­руен сарай» кешенін салуға Turkistan Silk Way Harbor компаниясына 87 млрд теңге бюджет қаржысын жұмсаған. Міне, осы деректерден-ақ банктің қаражатты кімге қалай беретіні көрініп тұр. Меніңше, мұндай әрекеттерді тыю керек. Олигархтарға арзан несие беруді доғару керек, банк арқылы өндіріске, ауылдың кәсіпкерлік қабілетін арттыруға, шағын және орта бизнеске арзан несие берудің тетіктерін қарастырмай болмайды», – дейді қаржыгер А.Мусин.

Қаржыгерлер мен экономистер 2004-2005 жылдары-ақ ҚДБ-ны ішінара жекешелендіруді ұсыныпты. Осы арқылы банкті листингтесе, бир­жа талаптарына сәйкес оның қыз­метінің ашықтығы қамтамасыз етілетін еді. Екінші жағынан, оның акцияларының бір бөлігін сол кездің өзінде жекеменшік жинақтаушы зейнетақы қорлары (ол кезде елде Жинақтаушы Зейнетақы қоры болған) сатып алып, табыс таба алатын еді. Бірақ ол кездері үкімет ҚДБ жекешелендіруге, оның жұмысын реформалауға түбегейлі қарсы болды да, банктің 100 пайыз акциясы үкімет қо­лында қалды. Сөйтіп, бұл банк биржаға жат олигархтарға жақ болды. Осы себепті елдегі шенеуніктер де, олигархтар да «Қазақстан Даму Банкінен» айырылғысы келмейді. Олар үшін жобаларын 1,5 пайызбен қаржыландыратын ҚДБ «майлы жілік». Айтпақшы, ҚДБ кейбір ірі жобаларға 1,5 пайызбен несие берсе, кейбіріне несиені 15 пайыз ставкамен береді екен. Қалай десек те аталмыш банкке сауатты реформа керегі анық. Елді дамытады деген банктің тек «таңдаулы байларға» арналған банк атануы жақсы баға емес.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: