Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:35, 17 Маусым 2022

Бекзат Алтынбеков: Мақсатым – халықтың сенімін ояту

None
None

Атауы өзгерді, мазмұны жаңарады ма? Қазақстанның саяси жүйесінде көшбасшы болып отырған «Аманаттың» барлық сайлауларда басым дауыс иеленуі қаншалықты заңды?

Келешекте еліміздегі бірнеше саяси партиялары біріксе, «Аманатқа» қауіп пе? Көптен көкейде жүрген сауалымызды біз Қарағанды облыстық «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбековке қойдық. Аймақтық деңгейдегі өкілдің сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. Дегенмен неге біреудің салмағы басым?

Демократияның діңгегі Америка мен Англияның саяси аренасында бұрыннан екі партия басым салмаққа ие. Біздегі бағы мен бабы үнемі үстем болатын «Аманат» монополист партия емес пе? Бүгінде «Аманатқа» бәсекелес қандай саяси бірлестікті айтар едіңіз?

–  «Аманатпен» бәсекелеспіз деп жүрген саяси коалициялар көп. Бірақ мәселе сайлаушылардың мұң-мұқтажын көтеруде емес, гәп-проблеманы шешуге келіп тіреледі. Мүдделестердің көбі осы тұрғыдан келгенде, күрмеуден шығудың жолын таппай қиналады.

  «Аманаттың»ұтып отырғаны, партия мүшелерінің дені атқарушы биліктің өкілдері болғандықтан шығар?

–  Алдағы уақытта партияда демонополизациялық өзгерістер болады. Яғни облыс, қала, аудан, ауыл әкімдері төрағалықтан босатылады. Олардың партияға енуіне шектеу қойылмақ. Демек биліктегі кейбір шенеуніктердің басқа саяси ұйымды таңдауына мүмкіндіктері бар деген сөз. Айтпағым, партиялар халық аманатын іске асыру жолында бақталастық емес, шынайы бәсекелестікпен жарыса деген тілек бар. Себебі, көбіміз бақталастық пен бәсекелестіктің аражігін ажырата алмаймыз. Түптеп келгенде, дамыған елдерге тән бәсекелестік халықтың әлеуетін көтеру мақсатында болу керек. «Аманат» енді өз күшімен халық сенімінен шығуға талпынбақ. Олай дейтінім, бұған дейін мемлекет басшысы партияның төрағасы болып келді. Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Аманаттың» құрамында жоқ. Бұл демократиялық үрдістің нышаны. Қазақы ұғымен топшыласақ, кешеге дейін әкеге қарап арқа сүйеген саяси коалиция бұдан былай, өз ақылымен өмір сүреді.

 Құрамы жаңарған партияның бағдарламасына кімнің идеясы енгізілген?

 – Негізінен «Алашорда» қайраткерлерінің идеясы басшылыққа алынған. Бір сөзбен айтқанда, халықтың көкейкесті мақсат-мұратына қол жеткізу мәселесі қамтылған. Алғышартымыздың төркіні – мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтауды қазық ету.

Сіз өңір халқына меценат, кәсіпкер, оқу-ағарту саласының жанашыры ретінде танылдыңыз. «Аманаттың» облыстық бөлімшесінің атқарушы хатшы лауазымына қалай келдіңіз?

 – Саяси ұйымның жаңа белесі басталғанда, облыс әкімі Жеңіс Қасымбек аймақтық бөлімшенің жұмысын жандандыру керек, сол үшін шынайы халықтық одаққа айналдыруға қызмет жасасаңыз деген ұсыныс айтты. Жұртқа пайдам тисе, тәуекел деп жаңа лауазымды қарым-қабілетім жеткенше атқарып жатырмын. Мақсатым – айқын. Ол – халықтың саяси партияға деген жоғалған сенімін ояту.

Жаңа қызметке келгеніңізге үш ай болады екен. Осы уақыт аралығында не тындырдыңыз?

– Халыққа қандай пайдамыз тиді дегенге келер болсақ, Ата заңды өзгертуге байланысты өткен референдумда қала, аудан, ауылдық деңгейдегі елмен 33 кездесу өткізіп, қарашамен бірігіп конституциядағы 33 баптың тармақшаларын талқыладық. Сонымен қатар бұқараның өтініш-пікірлерін тыңдап, орындауға жоспар жасадық. Партияның облыстағы кеңсесіндегі «мобильдік қоғамдық қабылдауды» жиі өткізуді жолға қойдық. Өткен аптада Нұра ауданының тұрғындары келіп, жайылым жерлердің тапшылығынан тығырыққа тіреліп отырғандарын айтты. Кеше Нұра өңірінде атқарушы билік өкілдерімен бірге сапармен болып, жер иелерімен және тұрғындармен кездестік. Нәтижесінде сондағы 11 ірі жер иеленуші фермерлер мен компаниялардың әрқайсысы 10-19 мың гектар алқапты жергілікті халыққа жайылым ретінде беруге келісім берді. Сөйтіп, мәселе 3 жақты меморандум арқылы шешілді. Алда облыстық бөлімшенің ішкі құрылымында өзгерістер болады. Жақын арада билік өкілдері, қоғам белсенділері, медиа майталмандарымен «Талқылау» пікірталас алаңқайын бастаймыз. Әлбетте, алаңдағы басты бұқара халық болғандықтан, халықтың ой-пікірі талқыланады. Келесі аптада партиялық баспасөз орталығы ашылады. Мұның бәрі халықтың арман үмітін іске асыруды көздеу болып табылады.

Сұхбатыңызға рақмет, істеріңіз берекелі болсын!

Тегтер: