Бекжан ӘШІРБАЕВ: Қара халықтың жаңа әкелері, Көрсет ДНК сараптамасын!.. (Поэзия)

ҮРЛЕНГЕН ШАР
Қазақстаным – жаңа, шырайлы,
Өтеді барлық тойым бай.
Жақсарды тұрмыс – баласы жайлы
Ата-анасының ойындай.
Көңілде тұрған кетік қаланбай,
Ауды ғой талай ар жүгі.
Атына мініп кетіп қалғандай,
Жақсы адамдардың барлығы.
Кедейленсем де сіңірім шығып,
Жылы еді ойым – жазғы ауа.
Үрленген шардың ғұмырын сүріп,
Шаттанғым келді азғана.
Тартылып суым, бу ғана қалып,
Айналып бұлтқа томсардым.
Уақытынан бұрын уралап алып,
Доп теппей қанша гол салдым.
Іші қалса да жылда жасырын,
Жайнаттым сыртын үйді әктеп.
Мен білсең – Эйфель мұнарасымын,
Кім айтты саған жираф деп?!..
Шындық айтқанның тілі бұралып,
Түсінбей қалды тақсырлар.
Түрмеге бәрің тығылып алып,
Жасырын неге жатсыңдар?..
Бұлаңға салар түлкі демесін,
Билікте бар ма шын арлан?
Үтік басқанға үркіме, досым,
Жануарларға сыналған...
P.S.
Бүкір боп қалдым бүге деңгейді,
Тақырып таппай «ыңғайлы».
Ақындар неге жүре бермейді
Өлеңін жазып гүл жайлы?..
Қорқамын –
Қалмай мақтаған әдет,
Ертең де менен ер шығып:
«Түсінік жазып» ақталам ба деп,
Айтқаным үшін кешігіп...
АР ЖАҚТАН ҮНСІЗДІК ЕСТІЛДІ
Іштегі запыран, зілді аңғар,
Позицияң бері ме, әрі ме?
Бір нәрсе айтайын, тыңдаңдар:
Бәріңе! Бәріңе! Бәріңе!
Қанағат болмай тұр «қой» дейтін,
Алтынға арбалды бектер кей.
Адамдар тілінде сөйлейтін,
Жыландар көбейіп кеткендей.
Микрофон қосылмас заманда,
Тасталар тайғанақ ұран сан.
Билікті оятып алам ба,
Даусымды қаттырақ шығарсам?
Таңменен таласып тұрды олар,
Сөгуге жетеді бар шамаң.
Тынығып алсын да мырзалар,
Өтірік айтудан шаршаған.
Ызадан түр кеткен тотығып,
Сөз шығын етпеймін кереңге.
Мұнайдың үстінде отырып,
Мұңайған халықты көрем де.
Ойланбай беремін тегінге,
Кетсе де жайылып, тамырлап.
Мен жаза кеспеймін жеңіл де,
Ұсталған балаға нан ұрлап.
Әкелмей қалғанда үйге түк,
Іздейді момын жан күнесті.
Базарда арбасын сүйретіп,
Көлігін мінетін тым ескі.
Жантықтың ақталған қай ісі?..
Жағымпаз, жасырын бар күштер.
Айналам мәдени қайыршы,
Жан-жағым әуесқой әртістер.
Сый сонда – отырса төрде кім,
Ал шындық шыңғырды қақпанда.
Бас тартқан біреуді көрмедім,
Кеудеге мыс, темір таққанда.
Еуропа күтеді тағы алдан,
Біздерден алысқа ұзаған.
Карольдің егізі саналған,
Шуттардың шуына шыдаған.
Қоғамда ісі – артта, жағы – алда,
Барлығы бір-бірін алдайды.
– Алло, бұл кім екен?
– Ақорда.
– Неге ешкім телефон алмайды?..
Елім-ай, астың ба сен белден,
Қосылғыш, қосмекен, қостілді?
… Балықтың тілін де меңгерген,
Ар жақтан үнсіздік естілді...
АР СОТЫ
«Аспанда ұшқан құстың да
көлеңкесі жерге түседі»
Бұқар жырау
Шендісі қымбат сағат тағатын,
Шаруасы ылғи қап ақтаратын:
Қара халықтың жаңа әкелері,
Көрсет ДНК сараптамасын!..
Көндіре алмаймын тілді ырқыма,
Тағайын қалай мінді жұртыма?
Ақының отыр қағаз досымен,
Бағыштап жырын шындық рухына.
Құбылды қанша замана сертім,
Өседі күнде баға да еркін.
Пошташы қыздың айлығы қанша,
«Күнбағыс», айтшы, аға газетім?
Қайда қарайды заң ошақтары,
Бітпейді неге алашақтары?
Бүгінгілердің есінде шығар,
Тарих жазылар болашақ бары.
Босатар зындан бір күн зәгінен,
Ар кескен қиын үкім бәрінен.
Жерге кіретін билет таппайсың,
Шетелге қашып құтылғаныңмен.
Өлеңімнің жоқ жаңсақ дерегі,
Рухни шығай малсақ дегені.
Бос уақытын да жеуге арнағанның,
Қолында қанша саусақ бар еді?
Айналмай тиер ұят жебеге,
Асағанды олар мият көре ме?
Мінбеде тұрған министрлерім,
«Көшпелі түрме» сияқты неге?
Тойымсыз жанды күдікке ілінген,
Ұмытар ұрпақ сызып белінен.
Бұл уақыт алға жылжытпайды екен,
Жылжымайтын көп мүліктеріңмен.
Мансабын сүйген күрек-еріндер,
Үптейтін бәрін үлек едіңдер.
Түрме бастығы дауыстап жатыр:
«Ашық тұр есік! Кіре беріңдер!».
ЖЕТІ ЛАҚТЫҢ ЗАРЫ
Орманымның саяси өрті қаптай,
Жылға суы бітелді еркін ақпай.
Аңғал халқым тағы да сеніп қалды,
Есік ашқан қасқырға жеті лақтай.
Арғы-бергі тарихты қаузар болса,
Бедел сату өндірмес саудаңды онша.
Мансап деген қалмай ма көр алдында,
Көз алдымда құлады таулар қанша?!
Біздің елде алдымен айлаң тұрар,
Ақылдының сау миын айран қылар.
Сені – ешбір танымал еместігің,
Ең танымал адамға айналдырар.
Алғашында көріндің жандай тұмса,
Кімге обалы сенімдер оңбай сынса.
Сахнада сөзіңе сүйсінген ел,
Сәлеміңді қайтесің алмай тұрса?
Жүре бермек ойдасың бұғып әлі,
Жабылады дейсің бе жылы бәрі?
Ант бересің нешінші талпыныстан,
Жылдың үздік «сиқыршы, ұрылары»?
Бойын биік көрсетіп тәжі ғана,
Құлауына қалғандай аз жыраға.
Баклажанды қазақша аударғандай,
Тез айналды-ау бұларың әжуаға...
САЯСАТ АЛАҢЫНДАҒЫ ОЙЫННАН РЕПОРТАЖ
Біз мінген көліктің жарылмаса екен доңғалағы ертең,
Албаты маңғыстап барам,
Адасып оңға да, солға да кетем.
Алаң торыған тайыншадай төбеттер,
Бөгенайы бөлектер,
Ұғар ма сенің жайыңды, сірә?
Қазақ билігі ең соңғы қайыршысына
Қай ғасырда ескерткіш орнатады екен?!.
Көңіл демдер,
Жүзді реңдер,
Ағалардың алқауын көрмеу
Тәубешіл інілердің кеудесін таспен бастырды.
Тоя жеп, қалғанын ертеңге қоя жеп,
Алдында тұрмаған соң ас түрлі,
Осынау ұлы теңсіздік пен әділетті ашыну –
Халықты билікке қас қылды.
Қалай татуластыруға болады енді қой менен қасқырды?
.........................................................................................
Ал, әлгі көпбалалы аналардың әлеуметтік талаптары
«Жоспарланбаған жүктіліктей» билік-әкені састырды.
Мәтібиі момынын қинап ұстаған,
Мондыбас болса да,
Бұл заман – мансабы барды сыйлағыш заман.
Тізім бойынша тексеріп:
Сөгіс беретін келмегендерге,
Әлі бал жеп көрмегендерге,
Оның дәмін түсіндіруге арналған
Шаршаған жоқсыздар ма жиналыстардан?!
Қазір көп адамнан ақыл таппайсың титімдей,
Қасапшының итіндей
Саясат бар ғой жалаңдар.
Содан қалған жанымда жарам бар –
Желтоқсан деген!
Біз тарихтан білеміз не боларын қазақты орыс басқарса,
Талай былық шығатын сияқты,
Құс қоясындай ол істі ақтарса.
Иә, бізде уақытша жүргендер бар қоныс тапқанша.
P.S.
Ақпараттық әлімжеттік күшейді:
Айдап салып елді-елге,
Сыйып отырғаныңды қызғанатын бір шеңберге.
Темекі шегуге тыйым салынған орында
Бомба жарылады соғыс басталса...
ҚОРҒАСЫН ОҚ АТЫЛДЫ
Сексен алты батыры тұрған мығым,
Кішірейтіп тастады тұлғаңды кім?
Желтоқсанның қылмысты құжаттары,
Қалтасында кетті ғой жуған кірдің.
Жаңаөзенде сұралды адал хақың,
Амал бар ма қан дағын ағартатын?
Дүниенің эфирі кері айналып,
Көрсетпейді-ау қайталап ажал сәтін.
Қаңтардан соң ауысты талай айлар,
Алаңдағы бәрібір қалады айбар.
Періштесін жоғалтты көп шаңырақ,
«Кіші өлім» деп прокурор ағай ойлар.
Аңғал халқы ақынын сөкпесі анық,
Көз көреді екен де кетпесе ағып.
«Әруақтар сотынан» жылап шығып,
Қарғады ана емшегін көкке сауып.
Мантиясын кигеннің даусы мықты,
Шерушілер шетінен жау шығыпты.
Кешірімге «жанды су» іздеп едім,
Ертегіден таппадым… таусылыпты.
ЖАЛҒЫЗ ОТАНЫМ
Бұлбұл құстың әнін тыңдап баулардан,
Қайсар рухты алдым мұздақ таулардан.
Сағынышым барда тұрар жарқырап,
Туған жердің тасы қымбат гауһардан!
Адастырмас мені тұманда аппақ.
Анық басам қадам ұрандап аттап.
Ерлерім көп елден жыраққа кетіп,
Топырағын жүрген тұмарда сақтап.
Бұл өмірдің заңы маған бағынса,
Кешіремін жиі адам жаңылса.
Сапарларға шықсам аспан жолымен,
Асығамын қайта оралғанымша.
Ұлы далам менің – мәңгі мақамым,
Гүлзарыңның сүйем сәнді қатарын.
Жұтқан бақыт сенің жұпар ауаңды,
Жүрегімдей қымбат жалғыз отаным!
АНА ТІЛІНЕ АРАША
немесе суицидтік мінез-құлықтың алдын алу
Жақсылардың қалған теріп жаңқасын,
Тәу етемін туған жердің әр тасын.
Ойға қалам музейлерден көргенде,
Динозавр, мамонттардың қаңқасын.
Әлем біздің мойындайды деңгейді,
«Ел көңілі даласындай кең» дейді.
Неге бірақ Алғыс айту күнінде,
Отандастың тілі «Р»- ға келмейді.
Болашағың набыт болар жәйітті аңда,
Аман қалам тоқтататын тәйт барда.
Өз шындығым алар бәрін түзетіп,
Өз тіліңде өтірік айт, айтсаң да!
Намыстының соры артта, бағы алда,
Немкеттілік құлатпасын тағы орға.
Сене бергін, сөндіреміз жабылып,
Өрт болғанын өз тіліңде хабарла!
Келін түсті әкеп үйге ырысты,
Қуғыншылар әдетінше «құрысты».
Дәу жеңгесі, қарасаң да сөздікке,
Өтінемін, өз тіліңде ұрысшы!
Ертеңіме алаң көңіл, жүндейді ой,
Күдігіңді таң ататын түндей жой.
Өз жеріңде өз тіліңде сөйлемеу –
Өз-өзіңе қол салумен бірдей ғой!..
ҚАЙШЫЛЫҚ
немесе саясат алаңыдағы соңғы би
Айыра алмас жасандыдан жақұтты,
Қорқам елден түсінігі тар тіпті.
Жоғалтқанда мемлекеті іздейтін,
Ақынынан қылмыскері бақытты.
Айналаны басқандай ма марту шын,
Кітап ашпас надан қалай нар тусын?
Қазір аға қызметкерден ғылыми,
Дүкендегі сыйлы кіші сатушың.
Айтса бақа батпағына сай əнін,
Үнсіз тыңдар көп көкемді аядым.
Бірақ олар кешірмейді сені оңай,
Байқаусызда басып кетсең аяғын.
Алдарқатып шығай жұртын шайқымен,
Кернейлетіп тойға мінер бай күрең.
Бұл заманның қаһарманы болып жүр,
Топ кептерді үркіткендер тəйтімен.
Жас тоқалдай бұзылмаған бəдені,
Қимаймыз ғой билік деген бəлені.
Сахнадан сыйың барда кете біл,
Аяқталған би сияқты əдемі!..
ТАЗША БАЛАНЫҢ САЯСИ ТЕЗИСТЕРІ
(Өтірік өлең)
Сайлауда менің атым оза шапса,
Отырам отырмаған тоба таққа.
Кекірік ата беріп шаршайсыңдар,
Тойғанша тамақ ішіп болашақта.
Шулатпа отын жоқ деп пеште бүгін,
Сыйлаймын жылы сөздің десте гүлін.
Қысқасы, бір күн тойған дастарқанның,
Жүрмейсің он күн айтып «естелігін».
Халқымнан мұндай жылы рай күтпегем,
Дауыстар құламасын айнып төмен.
Дубайда, Анталияда демалсаң да,
Артылып қалатындай айлық берем.
Аламын оталатын күшті елімнен,
Серт берем құламауға үстелімнен.
Шындықты айтып-айтып тастайсыңдар,
Дауыстап болмаса да, іштеріңнен.
Танылмай, жүруші едім әсте еленбей,
Мәртебем өсіп қалды бас жегендей.
Билікке жету жолы келтең екен,
Арасы Алматы мен Қаскелеңдей.
Барармын Парижге де, Мысырға да,
Таңдармын кәстөмімнің түсін жаңа.
Өзіме жеке күзет ұстар болсам,
Ұстаймын шыбын қору үшін ғана.
Пиаршым, образымды бер сыйлы етіп,
Оралам акула боп, дельфин кетіп.
Перғауын жасатпаймын президенттен,
Жүремін әрқайсыңмен селфилетіп.
Сылынып бойымдағы артық етім,
Жұрт үшін жасап қоям тәртіп еркін.
Сылағы түскен жерді қабырғада,
Жай тұрмай, жамап тұрар портретім!..
ӘЛЕУМЕТТIК ПАРАЛЛЕЛЬ
Сатып алар ештеңе жоқ тиынға,
Тұрмыс ауып бара жатыр қиынға.
Дастарқаны тым жұпыны көрiнер,
Диқан үйi жарты құрсақ биыл да.
Кеудесiнде қарсы келiп екi ұран,
Ол отырар тоқ күндерден көшiп ән.
Жаңа қазақ сұхбат берiп сол сәтте,
Сүйiктi асын айтып жатар экран.
Бас бармақпен ешкiм бермес бағамды,
Сайтан дағды сапыруда санамды.
Тоңазытқышы толмай қалып жеңгемнiң,
Сол кәстөммен көрдiм тағы ағамды.
Қайта ашылып бiтеу тұрған жарамыз,
Жуан ата балаларын бағамыз.
Қабат үйдi жертөледен қызықтап,
Ащудастай қышқылданып барамыз.
ҚАЙРАУ
Соты жүрмес торғайлардың,
Сұңқар біткен қорғайды арын.
Азаматқа өмір сынақ,
Тапқан кім бар оңай бағын?!
Шаттық қосып шаттығыңа,
Әр таң төксін ақ шұғыла.
Жарыста озу былай тұрсын,
Жеңілмегін жаттығуда.
Ұлыңды атта күнде ойнатып,
Қызыңды өсір гүл жайнатып.
Сүйіншілер сәт көбейсін,
Кернейлетіп, сырнайлатып.
Жұдырық боп жұмылмасаң,
Жеңілдейді жүгің қашан?!
Жеңіс егіз туылмайды,
Ала алмайсың шыңыңды асан.
Қалайы көп, мыс қадірлі,
Алтын іздеу – күш кәдімгі.
Туың төмен түспеу үшін,
Досқа айналдыр дұшпаныңды.
ПАРФЮМЕРИЯ САЛОНЫНДАҒЫ ОЙ
Он сегіздің жанарынан жас көрдім,
Үміт сөнбес қалғанынша тас белгің.
Суда жүзу спортының шеберін,
Сарбазы алар құрлықтағы әскердің.
Бұлт жасырған күннің көзі – сараң бай,
Өмір деген ақыл айтқыш ағаңдай.
«Мінездері үйлеспеген» жандардың,
Махаббаты мерзімі өткен тағамдай.
Жүрек құрғыр атқақтайтын бар себеп,
Көз түйссе, қызарады алша бет.
Шаштаразда кезек күтіп жігіт тұр:
«Шашымды анау практикант қыз алса»,– деп.
Байырқалы күтесің де таңды алдан,
Сәттеріңе ұмтыласың шам жанған.
Танысқанда қыздан құжат сұрамас,
Шекарашы жасайды өмір аңғалдан.
Оңайлықпен жұбың сенер қане ертек,
Алар оны қызғанышы тағы өртеп.
Әйел деген ауа райы секілді,
Жайлы болса деп тілейді бар еркек.
Өтірік сөз жүреді-ау көп жәрдемге,
«Бақыттымын!» дейді анау қыз шалмен де.
Әйеліне адал еркек бір пайыз,
Бір пайыздың ішінде ағам, ақ жеңге!..
БАҚЫТ ЖАРНАМАСЫ
Атымды жазған кестелеп алғаш,
Көңілім іздеп сені алаң.
Күтуден ұзақ ештеңе болмас,
Өмірің ғана тең оған.
Жылжиды жылдар оранып айды,
Қоштастық сөніп от бірде.
Бақыттың қандай болары жайлы,
Жарнама жасап кеттің бе?!
Жылытты жанды отың тоңғанда,
Батырдың енді бал мұңға.
Кемпірқосақтан көпір салғанда,
Аспанға шығып алдың ба?!
Таңдарым қайда алтын арайлы,
Жанарда ойнар жас арман.
Тауларға таулар жақындамайды,
Тағдыры солай қашалған.
ОЙНАШЫ ЕНДІ, СЫРНАЙЫМ!
Бір тамаша түске еніп,
Шырқау ғажап, о, қандай!
Аспандағы құс келіп
Иығыңа қонардай.
Көңілім бар мәңіг жас,
Шабыттана айтам ән.
Ұясына қарлығаш
Оралғанда қайтадан.
Ойнашы енді, сырнайым,
Мұңды әуен көшірген.
Сен түсінші гүл жайын
Көңілімде өсірген.
Ей, бозторғай, шырылдар,
Сен даланың сағаты.
Жүрек тербер үнің бар,
Қалмас жанның тағаты.
Бойды жеңбей қорқыныш,
Нұрын төксін сый жанға.
Еркіндігін тоты құс
Алтын торға қиған ба?!
ҚАРАГӨЗ
Айтылмаған сыр жатыр тұнық көзіңде,
Жүрегіңді бердің бе жығып сезімге.
Мен гүл алып баратын туған күндердің,
Отырмадың сен неге күліп төрінде?!
Өмір мұңсыз бола ма іздесе жұбын,
Өзің жайлы ой ғана түнде серігім.
Біз танысар едік қой сәуір кешінде,
Кеттің неге бұрылып бір көше бұрын?!
Көктемде ерте ашқанмен өріктер гүлін,
Азғана күн жалғайды көрік беруін.
Тұрушы едім сен түсер аялдамада,
Болса егер бойымда көріпкелдігім.
Ей, қарагөз, жүргенсің қайда жасырын,
Сезім билеп алды да – айран ақылым.
Кеш сүйдің деп сен мені кінәламашы,
Кеш білдім ғой Жер Күнді айналатынын.
ГҮЛ-ҒҰМЫР
Сезім деген – түрленуі тың жердің,
Тағдырыңа өкпе айтпашы кеміткен.
Туған күнде сыйланатын гүлдердің,
Туған күні болмайды екен неліктен?..
Көздерің бар жүрек сөзін растайтын,
Өсегінде не тұр дейсің ортаның...
Бұл өмірдің суығы ұрып тастайтын,
Жылға толмас армандардан қорқамын.
Тулап-тулап қызғаныштың торында,
Тәубе айтарсың болғаныңа жарты еге.
Табиғаттың билігі жоқ қолымда,
Жасыл түске берер мәңгі мәртебе!..
БАҚЫТ ТІЛЕУ
Тоғыз болмай келіп алар жұмысқа,
Қыздар қашан шығар екен тұрмысқа?
Алғаш жауған қар оятқан үміттер,
Аяқталып келе жатыр бұл қыста.
Жұлдыздары жұп құраңдар ғаламның,
Мен бәріңнің тағдырыңа алаңмын.
Мүмкін сізге түсініксіз көрінер,
Бағын тілеу танымайтын адамның.
Қызық па өмір ешкім сені қызғанбас,
Кетер ме естен алған сәтің гүлді алғаш?!
Бақыт деген – қалыңдық ол тойдағы,
Үміт деген – қасындағы қызжолдас.
Жүректер-ай, сезім қылы шертілген,
Сабыр етші сәттеріңде бөртінген.
Арманым жоқ құтқара алса бір әнім,
Секіргелі тұрған қызды көпірден...
ҚҰРБАНДЫҚ
Жұлдызсың, сен үшін бәрі – ура!
Бүрышта тұрасың сүйісіп.
Қолтаңба бересің аруға,
Қолдарың байқамай түйісіп.
Ұмытып ауыздың тобасын,
Мінесің суайттық саңдағын.
Мотормен жүргендей боласың,
Сезбейсің кеудеңде жан барын.
Берген серт қалмайды күшінде,
Жалауын бір қыздың жығасың.
Жиырма төрт сағаттың ішінде,
«Ол елді» тастап сен шығасың.
Еркесің халыққа танылған,
Қалады ол арқалап жарты үміт.
Кремль есігі салынған,
Үйіңе кіруге тартынып.
Көрмейсің той шықса үй бетін,
Ол болса күтеді асығып.
Сен қойған концерттің билетін,
Сақтайды сырт көзден жасырып.
Өкпелер… Саған не сөгісі?!..
Алма төс әр тұста жүр қаңғып.
Ақымақ келетін көбісі
Іздейсің жаңадан құрбандық.
Сезімге жоқ сенде шын қарау,
Серписің сәтінде тұяқты.
Бұрымды бақытын бұрмалау –
Бұл саған ритуал сияқты.
Айналып сахна сәніне,
Тамсанар көркіңе алау жүз.
Пәк сезім туралы әніңе,
Қосыла бастайды анау қыз...
АҚ ДЕГЕЛЕК
Ақ дегелек, ақ дегелек,
Өмір қалды сәскеге кеп.
Ұштың қайда, айтшы құсым,
Жанды сырлы сәтке бөлеп.
Шығыс шошып, батыс ығып,
Желпінем бе жарты ішіліп?!
Басып жатқан жұмыртқаңнан
Сүйгенімнің хаты шығып...
Ләйлек құсым – жақсы ырымсың,
Маған да бір бақ бұрылсын.
Жүректегі шерді шайып,
Рухқа айналған шаттығымсың!
Ләззат сыйлап қайғысы кем,
Аумай қапсың ай түсінен.
Үнділердің Лакшмиі,
Жұматайдың Ләйлісі ме ең?!
Ақша бұлт боп келді керуен,
Түсімде сол меңді көргем.
Табиғаттың адамдарға
Елшісі едің сен жіберген!
ӘУЕ ЛАЙНЕРІНДЕГІ ӘҢГІМЕ
Аңсап, іздедік алысты ізгі,
Сүзіп келеміз көкті әне.
Әуе кемесі ап ұшты бізді
Алланың үйі – Меккеге!
Намазға ұйып, арыңды тыңдап,
Толқыған жүрек жиі ұрды.
Құнанбай барған малын шығындап,
Қажылық сапар бұйырды.
Көбінің діндар арғы аталары,
Әңгіме айтсаң – жол жақын.
Ғарышкеріміз Талғат ағаны
Ортаға алдық топ ақын.
Шартерлі рейс басқан қамшыны,
Біз сұхбат құрдық бал-шырын.
Қасымда отыр аспан батыры
Жария қылмас бар сырын.
Ойланбай қалмас ақыл егесі,
Тура сұрадым былай да:
« – Айтыңызшы, аға, расымен осы,
Сенесіз бе сіз Құдайға?».
Биікті шолып қанатты тұлға,
Иманнан алған шын бәйгі.
Көзіме ұзақ қарап тұрды да,
Баяндап берді бір жайды.
« – Жаныңа серік сыйлы кісімен,
Соққы бересің бар жауға.
Космоста тұрған үйдің ішінен
Шығасың сыртты барлауға.
Келетін жандай айналып қырдан,
Оралатынмын сау күнде.
Скафандраға байланып тұрған
Үзіліп кетті бау бірде...
Тағдыр сынағы тағы да қыстап,
Артады ауыр жүк неге?
Иллюминатор жарығы алыстап,
Айналып қалды нүктеге.
Жуғанын тілеп келбетімді арай,
Іштегі айнама қарадым.
Көзге көрінбес молекуладай
Кішкентай болып барамын.
Арманды қайттім ертеңге көшер,
Көре ме ұлын тірі өлкем?
Қала баласы балконмен өлшер
Кеңістіктен бұл тым үлкен.
Мініп алатын таяуға атын,
Қашықтан талай ел ықты.
Жерге де кейде жаяу баратын
Оталдырамыз көлікті.
Хақты танысаң – анығың қырық,
Күдігің жеңсе – ар сағым.
Тоқымдай жердің қадірін біліп,
Топырағымды аңсадым.
Сақтаған өлмес сенімді бүтін,
Бір ойда болу досқа тән.
Соңғы минут та – сенің минутың,
Үмітіңді үзбе ешқашан!
Мінезге берер маршал атағын,
Шегінбей ұстар тылды нық.
Қасқайып тұрып қарсыласатын
Рухыңды алма сындырып.
Күте алсаң көмек жолда келеді,
Құбыладан сездім жылы леп.
Сүйген құлына ол да сенеді
Көктегі Ұлы Құдірет!
Демегін маған: «Ертек бастады»,
Бітер сәтінде бұл басқыш.
Кабина жаққа әкеп тастады
Қолымнан демеп жұмбақ күш.
Не болар еді жоғалғанымда,
Сөнгенде жанған шырағым?!..
Өмірге қайта оралғанымда,
Орамал кеппей жыладым».
Сабақ алдық та жайттан құсалы,
Тереңге бізді сүйреді.
Мұсабаевтың айтқан мысалы –
Кәсіби жанның түйгені!..
Шуағын төгер ерке таңдайсың,
Намазға тұрсаң тең елмен.
Алла әмірін екі ете алмайсың,
Тартылыс заңын жеңгенмен.
Алға ұмтылсаң титығың құрып,
Мұң болар кейде бір адым.
Дұға-тілектің сыйқырын біліп,
Раббыңнан көмек сұрағын.
Қатеңді танып жарға құлаған,
Жүргізгін іштей ой санақ.
Екі әлемнің сардары болған
Мұхаммед атын қайталап.
Құлшылық қылар бәрі жығылып,
Жаратқаныма ғашықпын.
Мәуліт айының мәнін ұғынып,
Мерекелеуге асықтым.
Бастайды алға көшті мықтылар,
Құраннан алар әлем нәр.
Азанның даусы естіліп тұрар,
Ғарышта ұлы әуен бар!
P.S.
Темір құстарға толар аспаны,
Жидда қаласы ашты әлем.
Әуе лайнері қона бастады
Бауырлап жерді баппенен.
Танысып жаттым бар сырмен жаңа,
Біткенге сенбей мұнша бақ.
Қағбаны көрген рәсімнен ғана
Жүзімді реңдеп мың сауап!!!