Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:41

Беларусь оппозициясының өкілі Николай Статкевич қайтадан колонияға қайтарылды

Николай Статкевич
Николай Статкевич Фото: picture-alliance/dpa/T. Zenkovich

Беларусьтің президенттік сайлауына қатысқан бұрынғы үміткер, 69 жастағы саясаткер Николай Статкевич түрмеден босатылғаннан кейін Литваға кетуден бас тартып, қайтадан колонияға қайтарылды.

 Бұл туралы «Наша Ніва» басылымы сенімді дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

11 қыркүйекте бірқатар саяси тұтқындармен бірге босатылғаннан кейін Статкевичтің қайда екені бірнеше күн бойы белгісіз болып келген. Кейін оның Витебск облысының Глубокое қаласындағы түзету мекемелерінің бірінде отырғаны белгілі болды.

«Наша Ніва» мен «Зеркало» басылымдарының жазуынша, ол босатылмай тұрып дәл осы Глубокоедегі колонияда «инкоммуникадо» режимінде (сыртқы әлемнен толық оқшауланған жағдайда) ұсталған.

Ресми мәлімет жоқ

Қазіргі уақытта саясаткердің тағдырына қатысты ресми ақпарат берілмей отыр. Басқа да мемлекеттік немесе тәуелсіз БАҚ-тарда Лукашенкоға қарсы шыққан оппозициялық саясаткер туралы мәлімет жарияланбады.

Саясаткердің жары Марина Адамовичтің айтуынша, Глубокоедегі №13 түзету колониясы Николай Статкевичтің нақты қайда екені туралы қандай да бір дерек беруден бас тартқан.