Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:02, 28 Қыркүйек 2023

Беларусьтарға жаңа паспорт, орыстарға ескі «Нансен» арман

Беларусь паспорты
Фото: из открытых источников

Беларусьтің шетелдегі оппозициясы «Жаңа Беларусь» паспортын әзірлеп жатыр. «Жаңа Беларусь» – сыртқа, отанынан жыраққа қашқан жүз мыңдаған адамның үміті. Көбі енді қайтып елін көре ме, жоқ па белгісіз. 

Бір кездері АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы болған Кондолиза Райс «Еуропаның ең соңғы диктаторы» атаған Александр Лукашенконың жуық арада биліктен кететін ойы жоқ. Сол сияқты Владимир Путиннің де бүгін-ертең Кремльді босатып бере қоятын түрі көрінбейді. Ал соғыстан қашып, сыртта жүрген миллиондаған орыс алаңсыз жұмыс істеп, күн көргісі келеді.

«ЖАҢА БЕЛАРУСЬ»

Әр сабағына оқушылардан ұят болмасын деп, шашын түзеп, әрін жағып, киімін жөндеп кіріп әдеттенген ағылшын тілінің мұғалімі Еуропарламент залына да алдын ала дайындалып келген. Бұл жолы ол мұғалім емес – Беларусь оппозициясының жетекшісі, ал оны күтіп отырғандар оқушы емес – Еуропа одағы елдерінің депутаттары. Светлана Тихановскаяның үстінде көптен бері тастамай жүрген ақ блузка, көк кәстөмшалбары. Қолында қызыл түсті бір парақ қағаз бен ақ-қызыл-ақ, үш жолақты ала ту. Ту түсінікті – Беларусь жоғарғы кеңесі 1991 жылы 19 қыркүйекте бекіткен мемлекеттік рәміз. Оны кейін Александр Лукашенко билікке келгенде өзгертіп тастаған. Алайда ерте ме, кеш пе, Беларусь халқы сол алғашқы туды аспанға көтеретін күнді күтеді. Ал қызыл парақтың жөні басқа, ұстыны бөтен. Аз-кем аман-саулықтан соң Тихановская алдындағы 700 депутатқа: «Әрбіріңізге, әрбір елдің үкіметіне мына «Жаңа Беларусь» паспортын алып барамыз», – деді. Бақсақ, қызыл парақ – Беларусь оппозициясы Еуропа мамандарының көмегімен әзірлеген жаңа паспорттың мұқабасы екен.

Беларусь елінде қазір «екі президент» бар. Екеуі де өзін-өзі 2020 жылы өткен соңғы сайлаудан соң жеңімпаз деп жариялаған. Сол жылы сайлауды бақылаушылардың дерегіне, елдегі көңіл күйге қарап-ақ «картоп патшасының» жеңіліп қалғаны анық еді. Бірақ елді 30 жылға жуық билеп отырған Александр Лукашенко кеткісі келмеді. Кеткісі келмегені соншалық, қолына автомат алып, бейбіт митингішілерден резиденциясын қорғады. Атуға бұйрық беріп, қырып тастамаса да қолына алқызыл гүл мен ту ұстаған халқын таяққа жықты, тепкілетті, қаматты. Сөйтіп, билігін сақтап қалды. Жеңілген Светлана Тихановскаяны елден қуып, Еуропаға асырды. Қазір сол әрекетіне іштей өкінетін де шығар, бәлкім. Өйткені сайлауда да, сайлаудан соңғы халық наразылығы кезінде де өзін «оппозицияның батыл жетекшісі» етіп көрсете алмаған Тихановская қазір демократиялы батыс қоғамында қатты танымал саясаткерге айналды. Беларусь десе – Тихановская, Тихановская десе – Беларусь еске түсетіндей деңгейге жетті.

Үш жыл бұрынғы саяси қуғын-сүргіннен соң Батыс Лукашенкодан үзілді-кесілді бас тартқан. Оны президент ретінде мойындамайды, келіссөз жүргізбейді. Оның орнына қазір Тихановскаямен сөйлеседі. Солай болса да бәрібір. Тихановскаяның қолында ештеңе жоқ. Ел әлі де Лукашенконың уысында. Осы призмадан қараған Шығыс Минсктен теріс айналмады. Әрине, Ресейдің «ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында» отырған Лукашенко Путинге арқаланып, әртүрлі жиында алшаң басып жүре тұратыны да даусыз. Сондықтан оның ендігі тағдыры да Путиннің дәргейінде.

Тихановская мен оның командасы «Жаңа Беларусь» паспортын дайындап жатқаны туралы ақпарат сонау көктемде, мамыр айында шыққан. Шетелде жүрген жүз мыңдаған беларусь нәпақа табу үшін, заңды түрде жұмыс істеп, күн көру үшін қандай да бір құжат керек. Елден жырақтаған бірнеше жылда көбінің қолындағы қаракөк паспорттың (Беларусьтің қазіргі паспортының сыртқы түсі – ред.) мерзімі біткен. Бітпегендерінің күні жақын. Ұзарту үшін елге бару – басты қауіп-қатерге тігу. Қайта шыға алмай, қамалып қалуы мүмкін. Оның үстіне, Лукашенко қыркүйек айының басында тағы бір қаулы жариялады. 278 нөмірлі қаулыда шетелде жүріп паспорт мерзімі біткен беларусьтарды елге келуге міндеттейді. Қаулы азаматтардың бұрынғыдай сол шет мемлекеттегі Беларусь елшілігіне барып, арыз жазып, бірер айдан соң жаңа паспорт алу мүмкіндігін шектеді. Лукашенко Еуропаны паналаған отандастарын осылайша қысымға алды. Мұны көріп-біліп отырған оппозицияның жаңа паспортты жылдам әзірлеп, Еуропа парламентіне ұсынып отырғаны да содан.

«Беларусь болашағы Еуропаның болашағымен ұштасатынына сенем. Еуропаның келешегі тәуелсіз, демократиялы Беларусьпен бірге екеніне де күмәнім жоқ. Күндердің күнінде Еуропа одағы Беларуське есігін айқара ашатынына де сенімім кәміл. Ендеше, бұны іске асыруға бірге атсалысайық! Жасасын Беларусь! Алға! Украина! Еуропаға ұзақ ғұмыр!» – деді Тихановская Еуропа парламенті депутаттарына.

Депутаттардың іштей не ойлағанын кім білсін, бірақ бәрі өретүрегеліп, Беларусьтің «сайланған президентін» қол шапалақпен көмкеріп тастады. Екпінді, жалынды сөзге шапалақ жақсы әрине, алайда оның артындағы салмағы қанша тартатыны одан да маңызды. Еуропаның ондаған елін аралап, әрбірінің үкіметімен жеке сөйлесіп, олар сайлаушыларын көндіріп болғанша жаңа паспорт ескі құжатқа айналуы да ғажап емес. Тихановская «үкіметінің» жұмысы бастан асады. Батысты көндірсе де өзгелердің тілін қалай таппақ? Еуропа қабылдаса, Африка мен Оңтүстік Америка жаңа паспортты жатырқай қоймас. Ресейдің қабылдамайтыны айдан анық. Ал «Лукашенкомен аталас, Путинмен баталас» Орталық Азия елдері екі оттың ортасында қалмай ма? Қазақстан үкіметі әзірше бұл мәселеге бас ауырта қойған жоқ. Тихановскаямен ресми түрде бір рет те сөйлеспеген Қазақстан президенттерінің қазіргісі де, бұрынғысы да Лукашенконы бөтенсімейді. Бірі – Ақордада, екіншісі – үйінде қонақ қылып жатады.

«НАНСЕН ПАСПОРТЫ 2.0»

Отанынан шетелге қашқандардың басқа паспортпен өмір сүру тәжірибесі бұрынғы Совет одағы құрамында болған елдерге ертеден таныс. Патша үкіметі құлап, большевиктер билікке келген соң Ленин шетелге кеткендерді азаматтықтан айыратын декрет қабылдаған. Еуропаға ауған миллиондаған орыстың, «ақ эмигранттардың» қолындағы құжаты бір декреттің күшімен-ақ жарамсыз боп қалған. Осы кезде оларға Ұлттар Лигасы (1920-1946 жылдар аралығында өмір сүрген одақ – ред.) қолұшын созды. Ұйымның босқындар жөніндегі комиссары Фритьоф Нансен шетелдіктерді тіркеу, жұмысқа тұрғызу, балаларын сабаққа беру сынды т.с.с. шешімі қиын көп мәселені оңайлатудың бірден-бір жолы төлқұжат екенін жақсы түсінген. Нансеннің ұсынысымен сертификат 1922 жылы пайда болды. Кейін оны ел «Нансен паспорты» атап кетті. Әуелде паспорт Совет одағынан қашқан орыстарға арнап дайындалған, кейін гректердің геноцидінен қашқан 320 мың армянға да осы құжат берілді. Ол құжатты орыстың атақты жазушылары Владимир Набоков, Иван Бунин де төсқалтасына салып жүрді. Бірақ ол «Нансен паспортының» Еуропада тұрып жатқан жергілікті халықтың қолындағы паспорттан кемшілігі көп еді. Набоков автобиографиялық «Другие берега» кітабында бұл құжатқа аса қуана қоймағанын аңғартады. Ол «Бледно-зеленый несчастный нансенский паспорт был хуже волчьего билета» деп жазды. Жазушы паспорттың сырттан келген елді бәрібір ішке сіңірмей, бөлектеп, шеттетіп тұратын бөтендігі барын меңзесе керек. Қалай болғанда да бұл паспортты Ұлттар лигасында 52 мемлекет мойындаған. 1942 жылғы дерек бойынша «Нансен паспортын» 450 мың босқын алған.

Ресейдің жыраққа кеткен жұрты енді осы «Нансен паспортын» қайта тірілткісі келеді. Батыс елдері оларды украиндермен немесе беларусьтармен тең көрмейді. Соғыс ашқан агрессор елден келген нөпірге деген еуропалықтардың көзқарасы жақсы емес. Оларды өзге екі ұлттың өкілдерімен қатар жеңіл тіркемейді, қолындағы Ресей таңбасы бар паспорттарына қарап, жұмысқа да оңай ала салмайды. Бір жағынан өлім сеуіп, соғыс өрті шарпыған, екінші жағынан өзгеге кіріптар күй кешкен орыс босқындарына бұл да ауыр салмақ. Шығар жол – тағы да сол «Нансен паспорты» дейді Ресей оппозициясының бір бөлігі. Өйткені БҰҰ дерегінше 2021 жылы әлемде 11 миллион орыс отанынан алыста жүр. Олар да Беларусь оппозициясымен қатарласа жаңа бастама көтеріп, «Нансен паспорты 2.0» дейтін құжат жасауды қолға алған. Словакияда тұрып жатқан орыстар осы атаумен азаматтық бастама көтеріп, ашық хат жариялады. Онда орыстар Словакия үкіметінен жеңілдік, жәрдемақы талап етпейтіндерін, тек заңдық тұрғыда тіркеліп, ел қатарлы жұмыс істеуге, салық төлеуге, банктен есепшот ашып, айлық алуға рұқсат сұрайды. Бірақ жұмылған жұдырықтай жұмыс істейтін Тихановская командасындай емес, орыс оппозициясы өз ішінде ырың-жырың болды да қалды. Америкада тұратын эмигрант, шахматшы Гарри Каспаров ондай құжатты «жақсы орысқа» ғана беру керек деді. Оның сөзінше, шетелге кеткен орыстардың бәрі бірдей соғысты айыптамайды, Путиннің билік жүйесін сынамайды. Каспаровпен келіспегендер оның өзін сөкті, сөзін іске алғысыз етті. Осындай қарсылықтардан соң ақыры бұл бастама әзірше ұсыныс күйінен арыға бармады.

Ресейде 2024 жылдың наурыз айында президент сайлауы өтеді. Meduza сайтының (Қазақстан соты 2020 жылы бұл сайтты бұғаттап тастаған – ред.) хабарлауынша, Кремль сайлауға Путинмен қатар түсетін «қуыршақ кандидаттарды» қазірден-ақ дайындап қойған. Александр Лукашенко да орнын босатуға құлықсыз. Журналистердің биыл көктемде қойған «2025 жылы сайлауға кандидат ретінде қатысасыз ба?» деген нақты сұрағына ол «Әзірше білмеймін. Бірақ елімнің Украина жағдайына түскенін қаламаймын» деп, жалтара жауап берген. Сенімді серігі, досы Путиннің өзін қорғайтынына күмәні болмаса да халқын, беларусьтарын аямайтынын диктатордың іші сезе ме, түсініксіз. Қалай болғанда да жүйенің қысымына шыдамай босқан беларусьтар мен соғысқа барудан жалтарып, қашқын орыстардың шетелде тағы ұзақ жүруіне тура келетін сынды. Демек, олар үшін «Жаңа Беларусь» пен «Нансен паспорты 2.0» ұсыныстары күн тәртібінен түспейтін маңызды бастама. Әлі өзекті.

Айгүл БАБА