Бельгия Палестинаны мойындап, Израильге санкциялар енгізеді

Бельгия Сыртқы істер министрлігі Газа секторындағы жағдайды өзгертуге ықпал ету мақсатында БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайтынын хабарлады. Сонымен қатар, ел ұлттық деңгейде Израильге қарсы бірқатар қатаң санкциялар енгізбек.
Министр Максим Превоның айтуынша, Бельгия қыркүйекте өтетін Бас Ассамблея отырысында Палестинаны жеке ел ретінде мойындайды. Бұл шешім Аустралия, Ұлыбритания, Канада және Францияның ұқсас қадамдарынан кейін Израильге халықаралық қысымды күшейтеді.
Израильдің реакциясы
Reuters жазғандай, Газа соғысы үшін халықаралық сынның астында қалған Израиль Палестинаны мойындау бастамаларына наразы. Прево әлеуметтік желідегі жазбасында Бельгия «Нью-Йорк декларациясына» қосылатынын айтып, екі мемлекет құруға жол ашылатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, Палестина мемлекеті Израильмен қатар өмір сүре алады.
Министрдің айтуынша, Бельгия Палестинаны Франция мен Сауд Арабиясы бастаған бірлескен дипломатиялық бастама аясында мойындайды. Бұл қадам саяси белгі ретінде сипатталып, Израильдің қоныстандыру саясатын және басып алынған аумақтардағы әскери әрекеттерін айыптауға бағытталған.
«Бұл – Израиль халқын жазалау емес, оның үкіметін халықаралық және гуманитарлық құқықты сақтауға, жағдайды жақсартуға итермелеу», – деді Прево.
Санкциялар пакеті
Бельгия ұлттық деңгейде 12 түрлі санкция енгізеді. Олардың ішінде:
-
басып алынған аймақтардан келетін тауарларды импорттауға тыйым салу;
-
Израиль компанияларымен мемлекеттік сатып алуларды қайта қарау;
-
заңсыз қоныстарда тұрып жатқан бельгиялықтарға консулдық көмекті шектеу;
-
сот қудалау шаралары;
-
ұшу және транзитке тыйым салу;
-
екі радикалды Израиль министін, бірнеше зорлықшыл қоныстанушыларды және ХАМАС жетекшілерін «persona non grata» тізіміне енгізу.
Бұған қоса, Бельгия Еуропалық Одақ деңгейінде де Израильмен ынтымақтастықты тоқтатуға бағытталған шараларды қолдайды. Оған ЕО–Израиль ассоциация келісімін тоқтату, ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен техникалық серіктестікті доғару кіреді.
Халықаралық жағдай
БАҚ мәліметінше, Копенгагенде өткен жиында ЕО сыртқы істер министрлері Газа қақтығысы бойынша екіге бөлінген: кейбірі Израильге қатаң экономикалық қысым жасауды қолдаса, өзгелері мұндай шараларды үзілді-кесілді қарсы алған.
Прево Бельгия Израиль үкіметіне де, ХАМАС-қа да қысымды күшейтуге ниетті екенін айтты. Сонымен қатар, Палестинаны қалпына келтіру ісіне елдің адал екенін және антисемитизмге қарсы жаңа бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
АҚШ пен Израильдің ұстанымы
АҚШ өткен аптада Палестина әкімшілігінің президенті Махмуд Аббастың және бірқатар ресми тұлғалардың қыркүйектегі БҰҰ саммитіне қатысуына тыйым салатынын, визаларын жойғанын мәлімдеді. Дәл осы саммитте бірнеше елдің Палестинаны ресми түрде мойындауы мүмкін.
Израильдік ресми тұлғалардың сөзінше, Тель-Авив Франция және басқа да мемлекеттердің Палестинаны мойындауына жауап ретінде Батыс жағалауды аннексиялау мүмкіндігін қарастыруда.
Айта кетейік, 2024 жылы БҰҰ-ның ең жоғарғы соты Израильдің Палестина аумақтарын, соның ішінде Батыс жағалауды басып алуы мен ондағы қоныстарын заңсыз деп танып, Израильден ол жерлерден мүмкіндігінше тезірек кетуді талап еткен болатын.