Белгілі дәрігер Камал Ормантаев өмірден өтті

Қазақстан педиатриясының негізін қалаушы академик Камал Ормантаев ұзаққа созылған науқастан кейін қайтыс болды.
Академиктің қайтыс болғанын оның ұлы Жарас Ормантаев хабарлады.
«Бүгін түнде менің қымбатты әкем, Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы, академик Камал Ормантаев дүниеден өтті», - деп жазды Жарас Ормантаев Facebook парақшасында.
Камал Ормантаев – қазақстанағы балалар хирургиясы, педиатрия, травматология және анестезиологияның негізін қалаушы. Қазақстанда бірінші болып балалардың кеуде қуысының туа біткен деформациясы бойынша торакопластика жасады.
Камал Ормантаев 1936 жылы 11 қыркүйекте Қызылорда облысында дүниеге келген. 1953 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне оқуға түсті.
1959 жылы АММИ балалар хирургиясы кафедрасының клиникалық ординатурасында тәлім алды.
1961 жылы клиникалық ординатураны, 1965 жылы госпитальдық хирургия кафедрасының аспирантурасын бітіріп, кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін еңбек жолын Алтай мемлекеттік медицина институтының балалар хирургиясы кафедрасында ассистент болып бастады. 32 жасында Алматы медицина институтының балалар хирургиясы кафедрасын басқарды.
1968-2012 жылдар аралығында Камал Ормантаев балалар хирургиясы кафедрасының тұрақты меңгерушісі болды. Оның жетекшілігімен кафедра Қазақстандағы балалар хирургиясының танымал ғылыми-практикалық және ұйымдастырушылық орталығына айналды.
Академик Камал Ормантаевтың арқасында травматология, комбустиология, урология, кеуде хирургиясы мәселелері бойынша жаңа теориялық әзірлемелер алынды.
Ол 320-дан астам ғылыми еңбектің, оның ішінде балалар хирургиясы бойынша бүкілодақтық оқу құралдарының тоғыз тарауы мен тоғыз монографияның авторы. Камал Ормантаевтың редакторлығымен 13 ғылыми мақалалар мен конференция материалдарының жинағы, сегіз әдістемелік ұсынымдар шығарылды. Шәкірттерімен бірге 22 өнертабыс жасап, тәжірибеге енгізген.