Белгілі режиссер әрі әдебиетші Ғалым Доскен өмірден өтті
Белгілі режиссер және қоғам қайраткері Ғалым Доскен 11 қараша күні өмірден өтті.
Қаралы хабарды Болат Мүрсәлім жеткізді.
- Қашан көрсең жайдары, сөйлеп кеткенде арғы мен бергіні, Батыс пен Шығысты сапырып отыратын, қазақтың әнін, күйін, жалпы ұлттық дүниесін түгендеп, соның жоқшысы бола білген Ғалым ағамыз о дүниелік болған екен. Ғалым ағадай биік, Ғалым ағадай парасатты басқа адамды дүниеде кезіктірдім бе, жоқ па, білмеймін. Қабағы түксиіп, күркіреген күндей көрінгенімен, жаны баладай нәзік, досына асық, төңірегіне жиған бауыр-қарындастарына әкедей қамқор жан еді, – дейді ол.
Ғалым Доскен 1960 жылы 19 шілдеде дүниеге келген. Филолог, әдебиет сыншысы, режиссер, сценарист. Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған.
Еңбек жолы: «Қазақстанның республикалық телевидение және радио корпорациясы» ЖАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары (2001-2002); «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасы (2002-2006); «Ел» продюсерлік орталығының көркемдік жетекшісі (2007 жылдан бастап).
«Сәулені күту», «Ұлы дала астаналары», «Маңғыстау қабірлерінің түсі», «Жоғалған жарық хроникасы» және т.б. фильмдірінің, «Тоғыз құйрықты ақ түлкі», «Сиқырлы флейта», «Билейтін құс» кітаптарының, «Жезтырнақ» балеті либреттосының, аудармалардың авторы.