Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:12

Белградтағы наразылықтар полициямен қақтығысқа ұласты

Наразылық  Сербия
Фото: Djordje Kojadinovic/REUTERS

Сербияда үкіметтің отставкасын талап еткен көпшілікті полиция көзден жас ағызатын газбен таратты.

 28 маусымда Сербия астанасы Белградта кезекті жаппай наразылық шеруі өтті. Мыңдаған адам үкіметтің отставкаға кетуін және елде кезектен тыс сайлау өткізуді талап етті. Алғашында бейбіт түрде өткен акция кешке қарай полициямен қақтығысқа ұласты.

Наразылыққа ондаған мың адам қатысты

28 маусым — Сербияның ұлттық мерекесі Видовдан күні. Бұл күні Белградқа елдің түкпір-түкпірінен адамдар жиналды. Олардың қолында ұлттық тулар мен түрлі қалалардың атауы жазылған плакаттар болды. Наразылық білдірушілер Сербия әнұранын айтып, Нови-Сад вокзалындағы апат құрбандарын еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялады.

Сербия ІІМ дерегінше, акцияға шамамен 36 мың адам қатысқан. Алайда дрон арқылы түсірілген кадрларға сүйенген белсенділер бұл көрсеткішті 130 мың адамға дейін бағалады. Наразылық шерулері ел астанасының орталығындағы Славия алаңында басталды және бірнеше сағат бойы бейбіт сипатта болды.

Кешкісін жағдай шиеленісе түсті

Кеш батқан соң бірнеше жерде шерушілер мен құқық қорғау органдары арасында қақтығыс басталды. AFP агенттігінің хабарлауынша, наразылар полицияға тас лақтырған, ал тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ қолданған.

Сербиялық «Večernje novosti» газетінің жазуынша, кешке қарай демонстранттар арасында бетперде киген радикалдар көзге түсе бастаған. Олар пиротехника жағып, полицияға таяқ және кірпішпен шабуылдаған. «Blic» басылымы кемінде 11 адамның ұсталғанын хабарлады.

Вучич жақтастары да жиналды

Осы күні кешке Белград орталығындағы Пионерлер саябағында Сербияның билеуші партиясы — Сербия Прогрессивті партиясының жақтастары жиналды. Жиында президент Александр Вучич сөз сөйледі. Оның 30 маусым күні халыққа телеүндеу жасауы жоспарланып отыр.

Сербиядағы наразылықтар сегіз айдан бері жалғасып келеді

2024 жылғы 1 қарашада Нови-Сад қаласындағы жаңадан жөнделген теміржол вокзалында бетон жабыны құлап, 6-дан 74 жасқа дейінгі 16 адам қаза тапқан еді. Осы қайғылы оқиғадан кейін ел астанасы Белградта басталған наразылықтар біртіндеп Сербияның басқа қалаларына да тарады.

Наразылар жауаптылардың жазадан сытылып кетпеуін талап етіп, Нови-Сад мэрі мен премьер-министр Милош Вучевичтің отставкасын сұрады.

2025 жылғы 28 қаңтарда Вучевич отставкаға кететінін мәлімдеді. Ол бұл шешімді Нови-Садтағы трагедиямен және наразылық кезінде жарақат алған студент қызбен байланыстырды. Қала мэрі де қызметінен кетті. Алайда демонстранттар жаңа талаптар қоя бастады. Президент Вучич өз кезегінде «наразылықтар мені алаңдатпайды» деп мәлімдеген.