Белсендіні қуған Сәденов
Өткен демалыста полицейлер Алматы қаласы мен Алматы облысында белсенді азаматтарды ұстады. Куәгерлердің айтуынша, бір күнде 12 белсенді қамалып, кейбірінің үйіне тінту жүргізілген. Құқық қорғаушылар бір күнде мұнша адамның қамауға алынғанына таңғалып отыр.
Жаппай ұстауға не себеп болғаны қазірше белгісіз. Ішкі істер министрлігі мен Алматы полиция департаменті ешқандай ақпарат таратқан жоқ. Екі мекеменің де баспасөз қызметіне хабарласып, мәлімет ала алмадық. Есесіне, ұсталған азаматтардың туыстары, адвокаттары және жергілікті қоғам белсенділерінің айтары көп.
Алматы полицейлері белсенділерді аң аулағандай, аңдып жүріп, ұстап жатқанын бірінші болып белсенді Абзал Достияров әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, 29 қыркүйек таңғы уақыттан бастап қала мен облыс аумағында азаматтар ұстала бастаған.
«Жексенбі күні 12 адам ұсталған. Кешке қарай оның алтауы бостандыққа шықты, өзге алтауы қамауда қалды. Қамаудан босаған азаматтардың телефонын полиция алып қалды. Оларға қылмыстық кодекстің 272-бабы бойынша (жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастыру) айып тағылып отыр. Ұсталғандардың кейбіріне екі айға қамау туралы санкция берілді. Бостандыққа шыққандары тергеуге келіп тұрады», – дейді А.Достияров.
Бейресми ақпарат бойынша, Алматы полициясы Жанат Қазақбай, Айдар Мүбәраков, Ерболат Әубәкіров, Ақмарал Шатемірқызы, Нұрлан Темірғалиев, Фазылжан Сыдықов, Азат Төлеухан, Рақыш Тоқмамбетов қатарлы белсенділер ұсталған. Бұлардың ішінде нақты кімдер босап, кімдер қамауда қалғаны белгісіз.
Үйден қару-жарақ пен есірткі іздеді
Ұсталған азаматтардың туыстары полиция жексенбі таңда күтпеген жерден келгенін айтады. 5-10 сақшы сау етіп келіп, ұйықтап жатқан белсенділерді төсегінен ұстап әкеткен. Тіпті үйді тінтіп, плакат, қару-жарақ, есірткі іздепті. Белсенді Фазылжан Сыдықовтың жұбайының айтуынша, полицейлер белсендінің үйі мен машинасын тінтіп, ештеңе таппаған. Тек «Бас кеспек болса, тіл кеспек жоқ» деген жазуы бар футболка тауып, тәркілепті. Ал Нұрлан Темірғалиевтің жұбайы Әсем полицияның әрекетін түсінбей отырғанын айтты.
«Жексенбі күні таңғы сағат 8:00-де арнайы жасақ келіп, үйге тінту жүргізіп, 11:30 шамасында жолдасымды ұстап алып кетті. Нұрлан көбіне әлеуметтік мәселелерді көтеріп, қоғамдық жұмыспен айналысатын. Осы жұмыстарына байланысты полицейлер бұған дейін де ескерту жасаған. Бірақ ол кісінің жұмысы басқа жақта болғандықтан, учаскелік полицейлер өзіне емес, маған айтатын.
Талғар ауданына қарайтын Гүлдала ауылында тұрамыз. Жексенбі таңда саяжайда болатынбыз, қасымызда немереміз болған. Таңғы сегізде келіп, сол саяжайды тінтті. Содан кейін үйге келіп, тінту жүргізді. Ештеңе таба алған жоқ. Не іздеп жүрсіз деп сұраған едім, есірткі және қару-жарақ іздеп жүргенін айтқан. Бірақ ешкім күш көрсеткен жоқ, біз де қарсылық танытпадық. Бәрі қағаз жүзінде болды.
Ұстап әкеткеннен бері әлі сөйлесе алмадым. Адвокаты сөйлесті. Екі күнге қамады. Әрі қарай тергеуге жаба ма, әлде бостандыққа шыға ма, екі күннен кейін белгілі болады. Жолдасымның жасы 54-те. Бала-шағасы, немересі бар, теріс әрекеті жоқ адам. Халықтың сөзін сөйлеп, әлеуметтік жағдайын жоғарыға жеткізуге тырысып жүрген кісі. Қиыншылығы бар адам көрсе, әкімдікке ертіп барып, проблемасын шешуге күш салатын. Мемлекетке қарсы ниеті жоқ, еліне адал адам. Оны неге қамап отырғанын түсінбеймін», – дейді Әсем.
Жаппай тұтқындаудың саяси астары бар
Адвокат Ғалым Нұрпейісов белсенділердің ұсталуын саяси тапсырыс деп санайды. Оның айтуынша, билік не үшін екені белгісіз, көлеңкесінен қорқып, түрлі сақтық шарасын жүргізіп жатыр. Бірақ шенділер нақты қылмыскермен күресудің орнына, халық арасынан террорист іздеуге кірісіп кеткен. Заңгер бұл үлкен қателік екенін айтады. Ал қамауға алынған 5 белсендіні қорғауына алған адвокат Төлеген Берліқожа істің саяси астары бар екеніне сенімді.
«Жанат Қазақбай, Нұрлан Темірғалиев, Фазылжан Сыдықов, Галина Аккузова, Нұргүл Жексембиева қатарлы 5 адамға заңгерлік көмек көрсетіп жатырмын. Бұлардың бәрі қоғамда әділдік талап етіп, өз ойларын ашық айтып жүрген белсенді азаматтар. Солар жақында пресс-конференция өткізіп, АЭС салу жөніндегі референдумға қарсы пікір айтқан. Сол жиналыста сөйлеген сөздерін тиісті органдар жазып алып, филологиялық сараптама жасатқан.
Бірақ мәселе осы жерден шығып отыр. Филологиялық сараптаманы өте күмәнді Абдулла Мирзаходжаев деген сарапшы жасаған. Ол биыл жазда сотталған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің сөзіне де сараптама жасаған, бірақ сол кезде оның лицензиясы жоқ екені белгілі болды. Алматыдағы сот та осы сарапшыны тауып алып отыр. Ал ол белсенділердің сөзінде жаппай тәртіпсіздікке шақыру, үкіметке қарсы шығуға үндеу бар деп қорытынды шығарып берген. Сол сараптаманы негізге алып, оннан аса адамды бір күнде қамап отыр. Біз мына сарапшыға сенімсіздік танытып, Астанадан филология ғылымдарының докторы Абай Қайыржановты алдырып, қайта сараптама жасатуды сұрап отырмыз. Өйткені жиналыста әркім өз пікірін айтқан. Бірі – АЭС-ке қарсымын деген, біреу – оны салдырмауды ұсынған, оған қарсы тұрумыз керек деген сөздер болған. Мирзаходжаев жасаған сараптамада осы сөздердің арасына билікке қарсы тұрайық, заңсыз митингке шығайық деген сөздер қосып жіберген. Белсенділер біз мұндай сөз айтқан жоқпыз деп таңғалып отыр.
Бұл – біздің елімізде АЭС құрылысын жүргізуге ынталы болып отырған олигарх топтардың саяси тапсырысы деп санаймын. Олар АЭС-ке қарсы адамдарға қысым жасап жатыр деген ойдамын», – дейді адвокат.
Жаңа Қазақстанда белсенділерге қысым күшейіп кетті ме?
Қазақстанда саяси көзқарасы бөтен адамды қудалау, белсенділерге түрлі айып тағып, айыппұл салу, түрмеге қамау әрекеті бұрыннан бар. Биліктен теперіш көрген, қысымға ұшыраған адамдар аз емес. Тіпті танымал саясаткерлер Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаевтың өліміне де билікті кінәлайтындар бар.
Биліктің былығын бетіне басып, кемшілігін көрсеткені үшін айыпты болған шынайы оппозиция өкілдері мен қоғам қайраткерлеріне үкімет ешқашан жылы қабақ танытпайды. Керісінше, екіұшты заң тармақтарына сүйеніп, жауапқа тартуға әуес.
Жаңа Қазақстан сөз бостандығына, бейбіт митинг өткізуге рұқсат береміз деп уәде еткен. Тіпті бейбіт жиналыс өткізу туралы арнайы заң қабылданды. Ол бойынша митинг өткізу үшін ресми рұқсат алудың қажеті жоқ, тек жауапты органдарға ескертсе болғаны. Бірақ мәселенің бәрі осы «ескертсе болды» дегеннен шығып отыр. Митинг жайлы «ескерту жасау» рұқсат алудан қиын.
Біз сөйлескен сарапшылар кейінгі жылдары белсенділерге қысым бұрынғыдан күшейіп кеткенін айтады. «Араздық қоздыру», «жалған ақпарат тарату», «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» деген сияқты баптармен белсенділердің аяғына тұсау салып тастаған. Бұл баптар билік үшін қажет кезде қажет жерден табылатын құралға айналған. Мысалы, белсенді азаматтың сөзінен «араздық қоздыратын» немесе «жалған ақпарат» табу қиын емес. Шенділер кез келген сөзді әртүрлі тәпсірлей салады.
Елімізде сайлау, референдум сияқты ірі саяси оқиғалар немесе оппозиция митингілері алдында белсенділерге қысым күшейіп кететіні бұрыннан белгілі. 6 қазанда АЭС салу жөніндегі референдум өтеді. Демек бір күнде 12 адамның ұсталуы биліктің көне әдетіне байланысты болуы мүмкін. Халықаралық құқықтық бастама қорының жетекшісі Айна Шорманбаева осындай болжам жасап отыр.
«Белсенділерді қудалау көбейіп келе жатқаны көрер көзге анық көрініп тұр. Билік саяси реформа жасап жатқанына сендіргісі келеді. Бірақ өз пікірін еркін білдіру, бейбіт түрде жиналу сияқты саяси құқықтар қатты шектеліп отыр. Заң формалды түрде өзгергенімен, іс жүзінде бәрі баяғы қалпында қалды. Кенеттен 12 адам ұсталып отыр. Себепсіз бір күнде мұнша адам қамалмайтыны анық. Халықтың АЭС құрылысына наразылығы жоғары екенін көріп отырмыз. Демек жобаға ашық қарсы шығып жүрген адамдарды қудалап жатқан болуы мүмкін. Бұл адамның ойын еркін білдіру құқығын шектейді. Елде саяси құқыққа қол жеткізу шектеліп отыр. Сол үшін қоғамда билікке деген наразы көңіл күй басым. Наразылық көп болғандықтан, қудалау да көп болады», – дейді құқық қорғаушы.
Сәденовтің есебі мен министрліктің марапаты
Осыдан 10 күн бұрын ішкі істер министрі Ержан Сәденов президенттің қабылдауына барып, елде қылмыс деңгейі төмендеп жатқанын айтып, мақтанды. Оның есебінше, Қазақстанда құқық бұзу әрекеті азайып, полицейлердің қылмысты ашу деңгейі қатты өскен (сақшылардың қылмыспен күрес қабілеті 45 пайыз артыпты). Осы кездесуде Сәденов президенттен елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамның қауіпсіздік деңгейін жақсарту жөнінде тапсырма алып қайтқан. Шамасы министр мырза тәртіп орнату дегенді белсенділерді қудалау деп түсінген сияқты. Ақордадан шыға салып, азаматтық пікірін айтқан тұрғындарды түрмеге тоғытып жатыр.
Сондай-ақ 27 қыркүйекте елдордада Astana Media Week деген медиа-форум өтіп, ІІМ баспасөз қызметі мемлекеттік органдар арасында «жыл үздігі» атанды. Ұйымдастырушылар министрлік пен өңірлік департаменттердің баспасөз хатшыларынан құралған команданы ақпарат саласындағы ашықтығы мен кәсібилігі үшін марапаттапты. Бірақ журналистер ІІМ баспасөз қызметінен ақпарат алу өте қиын екенін айтып жатты. Біз де белсенділердің ұсталуына байланысты мекемеден мәлімет ала алмадық. Астанадағы ресми өкіл жедел оқиғаға жедел жауап бере алмайтынын айтып, ресми хат жіберуді сұрады. Ал Алматы қалалық ПД баспасөз хатшысы телефонға мүлде жауап бермеді. Сәденов «ішкі істер органдары мен қоғам арасындағы алтын көпір сынды» деп мақтаған қызметкерлер есікті іштен іліп алып, қоғам сұрағына жауап бермей отыр. Марапаттарын жуып жатыр ма екен...
Қуаныш Қаппас