Бенинде әскери төңкеріс: президент биліктен тайдырдық деген топ телеэфирге шықты, бірақ билік бақылау қалпына келтірілгенін мәлімдейді
Бенинде 7 желтоқсанда әскери төңкеріс жасауға талпыныс тіркелді. Өздерін «Қайта құру жөніндегі әскери комитет» деп атаған топ ұлттық теледидар эфиріне шығып, президент Патрис Талон биліктен тайдырылғанын, конституцияның күшін жойғанын, барлық құрлық шекаралары мен әуе кеңістігінің жабылғанын жариялады.
Олар уақытша басқару подполковник Тигри Паскал басқаратын әскери кеңеске өтеді деп мәлімдеді.
Телестудиядағы мәлімдемеде арнайы жиналыс өтіп, онда «Патрис Талонды республика президенті қызметінен шеттету» туралы шешім қабылданғаны айтылды. Францияның Бениндегі елшілігі Котону қаласындағы президент резиденциясы маңында автомат дауысын естігенін хабарлап, француз азаматтарына қауіпсіздік үшін үйлерінен шықпауға кеңес берді.
Бүлікшілердің жетекшісі қашып кетті
24heuresauBenin басылымының мәліметінше, төңкеріс ұйымдастырушысы подполковник Паскал Тигри елден қашып кеткен. Басылым дерегіне қарағанда, бірнеше бүлікші қашқан, ал елдің қауіпсіздік қызметі оларды іздестіріп жатыр.
Бенин президентінің кеңсесі AFP агенттігіне берген түсініктемесінде телеэфирде көрінген топтың елдегі жағдайды толық бақылауға ала алмағанын айтты.
«Бұл тек теледидарды уақытша басып алған шағын топ. Армия бақылауды қалпына келтіріп жатыр. Қала мен ел толық қауіпсіз», - делінген ресми мәлімдемеде.
Президентке жақын адамдар да Патрис Талонның қауіпсіз жерде екенін мәлімдеді.
Талонның саяси жағдайы және кезектегі сайлау
67 жастағы Патрис Талон – Бенинде «мақта королі» атанатын ірі кәсіпкер. Ол 2016 жылы билікке келіп, екінші мерзімінің аяқталуына жақындап қалған еді. Талон бұған дейін үшінші мерзімге бармайтынын, 2026 жылдың көктемінде өкілеттігін тапсырып, келесі сайлауға қатыспайтынын айтқан. Президенттік сайлау 2026 жылғы сәуір айында өтуі тиіс.
Бениндеги төңкеріс әрекеті аймақтағы соңғы саяси дағдарыстардың жалғасы. Бар болғаны он күн бұрын көрші Гвинея-Бисауда президент Умару Сиссоко Эмбало биліктен құлатылған еді.
Кейінгі жылдары Батыс Африкада бірқатар елдерде – Мали, Буркина-Фасо, Гвинея және Нигерде әскери хунталар билікке келді. Бұл өңірдегі қауіпсіздік, саяси тұрақтылық және конституциялық басқару болашағына қатысты халықаралық алаңдаушылықты күшейтіп отыр.