Берденовқа оқ атқан Ернар Жиембайға үкім шықты

Шымкент қаласында әкімнің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша үкім шықты. Судья Әбінұр Қарабаев айыпталушы Ернар Жиембайды орташа қауіпсіздік колониясында 9 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.
Сонымен қатар сот Жиембайды жәбірленушінің пайдасына 30 АЕК (117 960 теңге) төлеуге міндеттеді.
Алдын ала тыңдау 28 шілдеде өтіп, сот процесі ашық түрде жүргізілді. Кеше айыпталушы соңғы сөзінде өз әрекетін «қасақана ауыр зиян келтіру» бабына ауыстыруды сұрап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, бостандығынан айырмайтын жаза қолдануды өтінген. Алайда сот оның уәжін қабылдамады.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Бауыржан Қараманов айыпталушыға қатаң жаза тағайындауды сұраған еді.
Айта кетейік, оқыс оқиға 2025 жылдың 21 сәуірінде болды. Сол күні Берденовке әкімдік ғимаратынан шыққан сәтте аңшы мылтығынан бес рет оқ атылған еді. Қастандық жасаған – қалалық әкімдікке қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы басшысы Ернар Жиембай екені анықталды.
Сотта жауап берген ол өз кінәсін жартылай мойындап, адам өлтіру ниеті болмағанын, тек қорқытқысы келгенін айтты. Ол шабуылға қызғаныш себеп болғанын, алайда жағдайдың түп-тамырында өзіне Берденов тарапынан жасалған моральдық қысым мен қорлау әрекеттері жатқанын жеткізді.
Айыпталушының сөзінше, Берденов оны бірнеше рет көпшілік алдында кемсіткен. Бірде ол: «Түрің не болып кеткен, шашың да түсіп қалыпты, сен қайдан шықтың» деп, намысына тиген. Тағы бірде, жұбайы туралы да анайы сөздер айтып, әлеуметтік желіде әйелінің суреттеріне «лайк» басқан. Е.Жиембай бұл сөздерден кейін өзін қатты қорланғандай сезінген. Ол ерекше күтімді қажет ететін баласы, онкологиялық дертке шалдыққан әкесі және жақында ажырасқан әпкесі бар екенін айтты. Жұбайымен болған жанжал жығылған үстіне жұдырық болған. Келесі күні Е.Жиембай ажырасуға арыз берген. Ал 21 сәуір күні әкімдік ғимаратына келіп, Берденовке оқ атқан.
Сот процесі кезіндеқала әкімі Ғабит Сыздықбековтің де аты аталды. Е.Жиембайдың сөзінше, Берденов одан қазіргі Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековке жала жауып, «қастандықтың тапсырыс берушісі» ретінде көрсетуін талап еткен. «Берденов маған «егер сотта сені жалдамалы кісі өлтіруші ретінде Сыздықбеков жұмсады деп айтсаң, мен сені кешіремін» деді», – дейді айыпталушы. Айыпталушының бұл сөзі сот залын ғана емес, жалпы қоғамдық ортаны да дүр сілкіндірді. Қала әкімінің атының аталуы істің артында ірі саяси ойындар бар деген болжамдарды күшейте түсті. Кей телеграм арналар Ернар Жиембайдың бұл сөзін жариялап, артынан өшіріп тастады.
Маңызды жаңалықтарды біздің telegram арнадан оқыңыз.