Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:45

Берденовке қатысты істе Сыздықбековтің аты аталды

Берденов
Фото: zhasalash.kz

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты сот процесі өтіп жатыр. Сот отырысында айыпталушы Ернар Жиембайдың қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің атын атауы жағдайдың саяси сипатын күшейтіп жіберді.

Оқыс оқиға 2025 жылдың 21 сәуірінде болды. Сол күні Берденовке әкімдік ғимаратынан шыққан сәтте аңшы мылтығынан бес рет оқ атылған еді. Қастандық жасаған – қалалық әкімдікке қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы басшысы Ернар Жиембай екені анықталды. Сотта жауап берген ол өз кінәсін жартылай мойындап, адам өлтіру ниеті болмағанын, тек қорқытқысы келгенін айтты. Ол шабуылға қызғаныш себеп болғанын, алайда жағдайдың түп-тамырында өзіне Берденов тарапынан жасалған моральдық қысым мен қорлау әрекеттері жатқанын жеткізді. Айыпталушының сөзінше, Берденов оны бірнеше рет көпшілік алдында кемсіткен. Бірде ол: «Түрің не болып кеткен, шашың да түсіп қалыпты, сен қайдан шықтың» деп, намысына тиген. Тағы бірде, жұбайы туралы да анайы сөздер айтып, әлеуметтік желіде әйелінің суреттеріне «лайк» басқан. Е.Жиембай бұл сөздерден кейін өзін қатты қорланғандай сезінген. Ол ерекше күтімді қажет ететін баласы, онкологиялық дертке шалдыққан әкесі және жақында ажырасқан әпкесі бар екенін айтты. Жұбайымен болған жанжал жығылған үстіне жұдырық болған. Келесі күні Е.Жиембай ажырасуға арыз берген. Ал 21 сәуір күні әкімдік ғимаратына келіп, Берденовке оқ атқан.

Сот процесі туралы БАҚ түрлі ақпарат таратып жатыр. Е.Жиембайдың сөзінше, Берденов одан қазіргі Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековке жала жауып, «қастандықтың тапсырыс берушісі» ретінде көрсетуін талап еткен. «Берденов маған «егер сотта сені жалдамалы кісі өлтіруші ретінде Сыздықбеков жұмсады деп айтсаң, мен сені кешіремін» деді», – дейді айыпталушы. Айыпталушының бұл сөзі сот залын ғана емес, жалпы қоғамдық ортаны да дүр сілкіндірді. Қала әкімінің атының аталуы істің артында ірі саяси ойындар бар деген болжамдарды күшейте түсті. Кей телеграм арналар Ернар Жиембайдың бұл сөзін жариялап, артынан өшіріп тастады.

Сот барысында белгілі болғандай, оқиға қарсаңында Е.Жиембай қызметінен шеттетілген. Оның айтуынша, жұмыстан қуылуының ешқандай нақты себебі болмаған, тіпті ешқандай сөгіс те алмаған екен.

«Бірде әкімдікке кәстөмсіз бардым, әйелім үтіктеп жатқанда көйлегімді күйдіріп алған еді. Ол менің түріме шүйлігіп, ескерту жасады. Кейін кабинетіне шақырып, жұмысымды қорғауға мүмкіндік бермей, слайдтарымды ұнатпағанын айтып, мені қуып шықты. «Сен кімсің өзі» деп балағаттады, сотқа берем деп қорқытты. Соңында жұмыстан кетуге мәжбүрледі», – дейді айыпталушы.

Бұдан бөлек, Ернар Жиембай отбасылық қиындықтар да күйзелісін күшейткенін айтады. Жұбайымен қарым-қатынасы нашарлап, жұбайы оны үнемі әкім орынбасарымен салыстырып отырған. Бұл да қастандықтың бір нұсқасы ретінде қаралып жатыр.

Сотта айыпталушы оқ атқан күні мас болмағанын, шабуылды қорқыту мақсатында ғана жасағанын жеткізді. Ол сондай-ақ полиция тарапынан ұсталған кезде соққыға жығылғанын және тергеу барысында қысым жасалғанын да алға тартты.

Ал Руслан Берденов 6 тамыз күні мәлімдеме жасады. Ол Жиембай тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелерді «шантаж, қысым көрсету әрекеті және қоғамды адастыру» деп бағалайды. Оның айтуынша, Ернар Жиембай қастандықтан соң адамдары арқылы әкім орынбасарының қорғаушыларымен байланыс орнатуға тырысып, «достасуды» ұсынған. Кешірім берілсе, шу көтермейміз, ал бас тартқан жағдайда «ақпараттық жарылыс» жасаймыз деп сес көрсеткен екен. Тіпті айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген мәлімдеме жасалатынын да айтқан.

«Мен қандай да бір қысым мен арандатуға жол бермедім. Бастапқы ұстанымым өзгерген жоқ. Қақтығыстың түп-төркіні – кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім. Ал қоғам назарын «қызғаныш», «жеке қатынас», «жұбайы» секілді жалған себептерге бұру – манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын. Бұдан да сорақысы – бүгінде бұл жалған мәлімдемелерге қала әкіміне қатысты тұстарды да қосып жатыр. Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын және оларды мойындамаймын», – дейді Берденов.

Прокуратура нұсқасына сәйкес, айыпталушы оны жұмыстан босату туралы әңгімені естіп қалып, қылмыс жасаған. Ал айыпталушының сөзінше, әйелімен кикілжің, жұмыстағы проблемалардан арылу үшін сол кезде Ернар Жиембай досымен бірге аң аулауға бармақ болады. Мылтығын дайындап, оқ-дәрі сатып алған. Алайда оны әкімдікке қайта шақырып, жұмыстан өз еркімен кету туралы өтініш жазуын сұраған. Содан кейін Ернар Жиембай әкімдік ғимаратынан шыққан Берденовті көріп, ойланбастан мылтығын ала жүгірген.

«Мен дәлдеп атуға шебермін. Егер оны өлтіргім келсе, өлтіріп те жіберетін едім. Тек қорқытқым келді», – дейді айыпталушы.

Руслан Берденов «денсаулығына байланысты» сот отырысына қатысқан жоқ. Судья оның келесі отырыстарға міндетті түрде қатысуын талап етті. Бұл іс бойынша тергеу Қылмыстық кодекстің «адам өміріне қауіпті тәсілмен кісі өлтіруге оқталу» бабымен жүріп жатыр. Ернар Жиембай 15 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Соттың қалай аяқталары әзірге белгісіз. Бірақ кейінгі уақытта Берденов қызметінен кетеді екен деген де болжам тарап жатыр. Ал «тапсырыс беруші» ретінде аты аталған Сыздықбеков әлі үнсіз.

Айымгүл Мақсұтқызы