Берденовке оқ атылған қаруды полиция қызметкерлері сатты деген ақпарат тексерілмек

Қазақстан Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының бұрынғы әкім орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісіндегі қарудың қайдан шыққанына қатысты тараған мәліметтерді тексеріп жатыр.
Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген ІІМ министрі Ержан Сәденов қарудың айналымына байланысты полиция тарапынан салғырттық болғанын растады.
— Иә, өкінішке қарай, мұндай жайттар болды. Дәл «сатты» деуге болмайды, бірақ қызметкерлер тарапынан немқұрайлық болған. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында барлығы анықталады: кім кінәлі, қаруды кім берген – осы сұрақтардың бәріне жауап берілетін болады, — деді министр.
Айта кетейік, 2025 жылдың 21 сәуірінде Руслан Берденовке Шымкент қалалық әкімдігі ғимараты алдында оқ атылған. Сот дерегінше, қаруды қолданған Ернар Жиембай 20 тамызда 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол сотта тек қорқытқысы келгенін айтып, алайда біреудің «өлтір» деген сөзін естігенін жеткізген.