Бердіқұлов дәуіріне сапар

(Газет бетінен репортаж)
Сейдахмет Бердіқұловтың редакторлығымен «Лениншіл жастың» алғашқы нөмірі 1970 жылы 8 қазанда шығады.
***
Уақыттың табы қарияның әжім басқан жүзінен ғана көрінетіндей сезілуші еді. Олай емес екен. Дөңбекшіп өткен қаншама тарихтың куәсіндей болып, том-том тігіндіге айналған газет беттерін парақтап көріңізші. Сарғайған беттер сізді көрмеген жандармен жолықтырып, бармаған көшелермен алып жүреді. Шықпаған тауыңызға жетелеп, сүрмеген дәуірлерге бастайды.
«Лениншіл жас» газетін Сейдахмет Бердіқұлов басқарған жылдары шыққан нөмірлер тігіндісін оқи отырып, біз өткен ғасырдың соңғы ширегіне өтіп кетіппіз. Сейдахмет заманының лебін сезіп, Бердіқұлов дәуірінің келбетін көріппіз. Расымен ол кезең – Бердіқұлов дәуірі еді.
Партияның қатаң бақылауымен, комсомолдың ресми органы ретінде шығатын жастар газетінің қия басып, қиыс кетуіне әсте жол жоқ болатын. Темірдей тәртіптің кезеңін айтпаған күннің өзінде осы кезде шығатын ресми бас басылым мен партия газеттерінде де бұл күнде соншалықты еркіндік жоқ.
Газет комсомолға қарағандықтан, партия съездері мен жиналастарындағы баяндамаларды, хабарларды үзбей беріп отырған. Жұмысшы топқа баса назар аударып, Қазақстан Магниткасын Шерхан Мұртаза кезеңіндегідей бірінші планда ұстайды. Шетел жаңалықтары үнемі беріледі. КазТАГ, ТАСС агенттіктеріне сілтеме бере отырып, көбіне сырт елдердегі келеңсіз оқиғалардың хабарын жеткізеді. Ол кезеңде мереке күндері көп. Әр айсысына партия үлкен жиналыстар өткізіп, газет мерекелік нөмірлерін шығарып отырған. Ол күнгі газеттің алғашқы беті түрлі-түсті боп шыққан. Өткен ғасырдың еншісінде қалған қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігі мен күнкөрісін газет дәл бере алды ма, жоқ па – оны айта алмаймыз. Бірақ партия лебін, биліктің идеологиясы мен саясатын бұлжытпай жүргізіп отырған. Соның арасынан саңылау тауып, ұлттық мүддені көздеген материалдар жариялау бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарағанда, расымен қиын екен-ау.
Газет бетінен ескен әр маусымның лебі жүзіңізді шарпиды. Көктемде егін егу науқаны, мал төлдету, жазда жеміс жинау мен тракторшылар еңбегі, шопандар өмірі, күзде егін шабу мен қырман басы, қыста фабрика, зауыт жұмыстары, жұмыскерлері тоқтаусыз жазылып жатыпты. Әр бес жылдық меженің жеткені мен жетпей қалғаны есеп ретінде басылып тұрған.
КСРО Орталық комитетінің Бас хатшысы Брежневтің елдегі жиындары мен халықаралық сапарлардағы барлық сөздері, баяндамалары қатталған. Андроповтың тұсында газет беті бас хатшыға бұрынғыдай көп орын бермеген. Одан кейін де дәл Брежнев тұсындағыдай газеттің жартысын партия сөздері мен баяндамалары алмапты.
Оған қоса, жоғары биліктегі лауазымды тұлғалардың да әр ләмі газет бетіне түсіп отырған. Бұл Орталық комитеттің талабы болғаны түсінікті. Осы күнгідей сайттар мен әлеуметтік желі жоқ заманда қит еткен жаңалықтың шығар бір-ақ жері бар еді. Осынша нөпір ресмиліктің астына қалу – редактор мінезі болмаса қиын еді. «Лениншіл жастың» бағына орай тиражын 250 мыңға жеткізген Шерағаң да, оны сол биіктен түсірмей, қанатына қанат, арманына арман жалғаған Сейдахмет Бердіқұлов та мінез біткен басшылар болыпты.
Бұл күнде газет макеті деген жоқ. Секретариат жұмысы да тоқтаған. «Лениншіл жастың» макеті мен дизайнына қарап, газет секретариатының ізденіспен жұмыс істегенін байқайсыз. Дизайны жұтынып тұр. Бір беттік мақалалар жоқ. Қысқа-қысқа шолу, ақпараттар. Көлемді мақала, әңгімені бір бетке бермей, газеттің келесі сандарына бөліп беріп отырған.
Соңғы бетті спортқа арнап, әр түрінен болып жатқан жаңалықтардан мозаика жасаған. Әрі оқуға да қызық, әрі көрген көзге де тартымды. Бірақ редакторлығының соңғы кезіне дейін бұл үрдіс өзгерген. Сексенінші жылдары спорт дәл бұрынғыдай көп берілген жоқ.
Адамдар бір-бірін газет арқылы іздеп, сүйінші сұрасып, табысып жатады. Сол кездегі газеттің рөлі осындай сәттерде білінеді екен. Газет тек қана жаршы емес, байланыс құралы деңгейінде болғанын қазір сезіне қою қиын.
Сейдахмет Бердіқұлов спорт жаңалықтары мен репортаждарын бірінші беттен бере бастайды. Тіршіліктің әр қатпарынан жаңалық іздеп, әр қуысынан сәуле тауып, материал берген. Бәрін қамтуға тырысқан. Газет ақтарып отырып, шопан мен балықшы, сауыншы мен жазушы, ғалым мен еңбекші өмірінің қиын да күрделі кезеңдерінен ақпар береді. Оның үстіне жастар газеті болғандықтан мектеп оқушыларынан бастап, студенттерді де қадағалап отырған. Бұл сол кездегі басылымның әлеуетін көрсетсе керек.
Ол кезде газетке хаттар, өлеңдер көп келеді. Соған белгілі ақындарға шолу жасатқан. Оқырман өлеңін бағалаған. Сондай бір шолуды Қадыр Мырзалиев жасапты. Ақындыққа таласы бар әр оқырман үшін атағы аспандап тұрған Мырзалиевтің аузына ілігудің өзі газет оқырманын қандай бақытқа бөледі десеңізші.
***
Міне, теннистен КСРО біріншілігінің репортажы берілген. Оны жазушы Сәуірбек Бақбергенов жүргізіп отыр. Теннистің үлкен және кіші деп бөліне аталуына қарсылығын айтып қалады. «Бұл спорттың бір ғана – теннис деп аталатын түрі» дейді Бақбергенов. Футболдың репортаждарын белгілі журналист, кейін білікті баспагер Серік Әбдірайымов жазады. «Қайратты» құтқаратын Құралбек» дейді Секең даңқты қақпашының сейфтеріне сүйсіне.
Есті екеу, түсті төртеу қылған пандемия кезінде дүниеден өткен Шөмішбай Сариевтің әдебиеттегі тұсауын «Лениншіл жас» кесіп отыр. Бір топ өлеңі берілген. Шөмкең – 5-курс студенті.
«Қазақ инструментариясы. Ол қандай болу керек?» деген мақалаға көз тоқтатамыз. Ақжан Машанов, Ғазиза Жұбанова, Нұрғиса Тілендиев, Фатима Балғабаева, Болат Сарыбаев, Оразғазы Бейсенбаев сөйлейді. Бірі оркестр құрып, бірі қобызды жаңғыртқан, Машанов Фараби мұраларындағы аспаптарды алға тартса, Болат Сарыбаев ұмытыла бастаған ұлт аспаптарын қайта түрлендіріп жатыр. Сарыбаев жинақтаған ұлт аспаптарының 30 түрі осы кезде барлық ансамбльдер мен оркестрлерде қолданып келеді. Саны сол отыздан көп аса қойған жоқ.
«Үйлену тойының үлгісі қандай болу керек?» деп мәселе көтереді газет. Сонда айтылатын жырлар мен жар-жарға тоқталып:
Бір алтын мен бір күміс,
Тұс болыпсың, жар-жар.
Бір гүл менен бір жұпар,
Қос болыпсың жар-жар, –
деген шумақтың кейінгі айтылып жүрген жар-жарда жоқ екенін алға тартқан Едіге Тұрсынов осы күнде айтылып жүрген «Осы өмірге лайық семья құрып...» деген шумақтың қайдан шыққанына таңғалады. Осынша қарабайыр шумаққа қарағанда алдыңғы мысалда келтірілген шумақ мағыналырақ емес пе?!
«Ерлі-зайыпты болуға дайынсыз ба?» атты мақалада Майдан Сүлейменов отбасы құрудың мәселелерін көтеріп жазады. Сексенінші жылдардың ортасында ажырасудың тым көбейіп кеткенін айтып, дабыл қағады. Сол тұста бас қосып жатқан жастардың 4 пайызы материалдық игіліктерді алға қоятын көрінеді. Ал осы көрсеткіш қазір қай деңгейге жетті екен?..
«Лениншіл жас» байтақ даламызда болған өркениеттерден қалған тәбәріктей, кең сахарамыздың әр пұшпағында шашылып жатқан ежелгі ескерткіштерді түгендеп, циклды материалдар береді. Жошы хан, Ясауи, Қарахан кесенелерінің тарихы мен тағылымын оқырмандардың есіне салып отырады.
Енді бірде ұлттық кино, ұлттық театр бейнесі қалай қалыптасып келе жатқанын сөз етеді. «Көксерек», «Қыз жібек» фильмдерін талдап, Әкім Тарази, Виктор Пұсырманов, Камал Смайыловтарға сөз беру арқылы қазақ киносының орнын талқылап алады. Бұндай материалдарды әлгіндей сірескен ресми жазбалардың арасына сына қағып берген.
Қарап отырсаңыз, бұл тақырыптардың бәрі ұлттық бейнемізді жоғалтпаудың, сақтаудың қамы үшін жазылғандай әсер береді. Алда келе жатқан тәуелсіздікке бейсаналы түрде дайындық басталып кеткенін сезесің.
Газеттің ресми бөлігінде тағайындалып жатқан, жоғары кеңеске мүше болып жатқан адамдардың тегіне қарасаңыз, дені өзге ұлт өкілдері. Ал басылым өзі насихаттап, тілшілерін жіберіп, жаздырып отырған жұмысшы таптың шопан, механизатор, шопыр, тракторшы, спортшылардың бәрі – қазақтар. Бәлкім, қазақ газетінде қазақты жазбағанда кімді жазар деп ойларсыз. Жоқ. Ол кездің саясатын бақсаңыз, алдымен басқа ұлттың адамын жазу керек едіңіз.
«Париж шаңы»
«Парижде ай сайын әрбір шаршы метрге бес грамм шаң қонатыны есептеп шығарылған. Сонда париждіктер күн сайын 17 500 килограмм шаң жұтатын болып шығады».
«Лениншіл жас» тігіндісінен
***
«Лениншіл жастың» оқушыларға арналған беті – «Өркен». Еліміздің әр тарапынан келген оқушылардың шығармашылығын жариялап отырады. Оларға жауап хат жазады. Ұлықбек Есдәулетті, Ділдәр Мамырбаеваны, Серік Байхоновты көпшілікке осы «Өркен» беті таныстырыпты.
Ал «Арай» бетінде қарымды студенттердің мақалалары жарияланып тұрған. Артығали Ыбыраевтың әке туралы әңгімесі «Арай» бетіне шыққан. Әңгіме жастық сезіммен жазылған, студентке тән қолтаңба болса да, ерте кеткен ақынның аты да, жазбасы да жылышырай көрінеді. Қайсар Әлім, Асқар Егеубаев, Берік Байхонов, Қорғанбек Аманжол есімдерді баспасөз бетін осы газет арқылы ерте көрген. Құрылысшы Аманхан Әлімұлын, Көкшетауда мал бағып жүрген Жәркен Бөдешті, Қарағандыда жүрген Мұқатай Жылқыайдаровты мамандығына қарамай, өлеңінен танып, жолын ашқан да – «Лениншіл жас».
Сол кезде қандай жастардың өсіп келе жатқанын бақылай алған. Қазір сол жастардың ішінде кімдер әдебиетте қала алды, кімдер жаза алды, соны көріп отыр екенбіз.
***
Біз тамсана оқып, қайта-қайта қайырылып, оқи беретін Әбіш Кекілбайұлының «Бунинмен жолыққанда» мақаласы «Лениншіл жастың» бетінде жарық көріпті. Жазушының туғанына 100 жыл толуына орай жазылған мақалада оқырманына сырласуға асық қаламгердің жазушылық кредосы ашылғандай.
Сейдахмет Бердіқұлов газет бетінде өнерге, әдебиетке көп орын беріпті. 1970 жылдары «Азия және Африка елдері жазушыларының 4 конференциясына» дайындық қызу жүргізіліп жатты. Сонда дайындық кезеңінен бастап, соңына дейін әдебиеттің дамуына қатысты ақын-жазушылардың лебіздерін тоқтаусыз беріп отырған.
Мынау – Рымғали Нұрғалиевтің «Шын жүйрік ұзаққа шабады» мақаласы. Ілияс Есенберлинге арналған. Әдебиет есігін кеш қаққан Есенберлиннің атына әртүрлі сөздерге тоқтам болған сөз. Мопассан алғашқы әңгімесін 30 жасында жариялапты. Қырық жасына дейін 6 роман, 16 әңгіме жинағы, 3 сапарнама кітабы, бір том өлең мен хаттарынан тұратын кітап жазған. Гете «Фаусты» 80 жасында жазыпты делінеді. Шын жазушы болатын адам 40 жасында алғашқы кітабын шығарса да, ішкі дайындығы болса, қалай да кесек шығармалар тудырары сөзсіз екен.
Әзербайжан Мәмбетов 45 жасқа толғанда Серік Тұрғынбекұлы сұхбат алады. Әзекеңнің көзіне түскен жас режиссерлерді кімді білесіз десе, бірнеше адамның ішінде цирктің режиссері болған Қанат Саудабаевтың да атын атайды (Сол Саудабаев қазір қайда?).
Газет бетінде мерейлі жасқа толған қаламгерлерге арналған мақалалар да басылған. Бірақ алпыстан асқан, қадау-қадау тұлғаларға ғана арналыпты. Бәрін бірдей бере бермеген. Тігіндіні қарап отырып, ондай мақалаларға сирек ұшырарсыз. Сонда алдыңыздан шығатындар – Бауыржан Момышұлы, Қалихан Бекхожин, Әбділдә Тәжібаев, Хамит Ерғалиев. Дүниеден озғандар болмаса, қырық, елу жасқа арналған мерейтойлық мақала көрмейміз.
Мұқағалидың елу жылдығына Зейнолла Серікқалиев, Сәрсенбі Дәуітов арнайы мақала жазады. Сонда анасының әйгілі сөзі бар. «Бұрын адам болар ма екенсің деп ойлаушы едім. Бүгін тауға шығып кетіпсің. Мен етекте қалдым» дегенге саятын мойындау. Кейін Фаризаның мақаласы мен Тұманбайдың өлеңі шығады. Ақын даңқы бірден шарықтап кеткені байқалады. «Райымбек, Райымбек» поэмасы да осы елу жылдығында басылыпты.
***
Сейдахметтің сарбаздары: Қуаныш Жиенбаев, Мағира Қожахметова, Кәдірбек Сегізбайұлы, Серік Әбдірайымов, Сейітқазы Досымов, Жұмагүл Солтиева, Жарылғап Бейсенбаев, Ырым Кененбаев, Мерғали Ибраев, Марат Қабанбаев, Жұмабай Шаштайұлы, Жанболат Аупбаев, Қонысбай Әбілев, Ербол Шәймерденов, Гүлзия Пірәлиева, Қонысбек Ботбаев, Несіп Жүнісбаев, Шәкизада Құттыаяқов, Қамбыр Керейқұлов.
***
Бұл – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Нұрғиса Тілендиев» мақаласы. Талантты композиторымыз қандай мақтауға да лайық, әлбетте. Бұл мақалада «Куә бол» әнінің шығу тарихы жазылыпты. Тахауи Ахтанов «Махаббат мұңы» пьесасын жазып, ол бітер-бітпестен режиссер Пұсырманов қоймақ болады. Содан Нұрғисаға осыған музыка жаз деп қолқа салады. Пьесаны оқып шыққан соң Тілендиев кейіпкерлер сезіміне елітіп, осы әнді жазған екен.
Мына бір мақалада Әбу Сәрсенбаев «Ақша бұлт» өлеңінің тарихын айтады. 1943 жылы жазылған өлеңді ақын окопта жатып жазған екен. Кейін Ғабит Мүсіреповтің «Майданнан келген жылы леп» деген мақтауын «кірпігіме қуаныш моншағы болып ілінді» деп еске алады.
Газет кезеңдерді бір арнаға тоғыстырып жібереді екен. Жетпісінші жылдардың ішінде жүріп, кенет сонау қырқыншы жылдарға өте салу түкке де тұрмайды. Осы сәттен сексенінші жылдардың аурасына да оп-оңай еніп кетесіз.
Демография жайын қозғап, ұлт саны мен сапасына алаңдап жүрген Мақаш ақсақал Тәтімовті сонау жетпісінші жылдардан кездестіресіз. 70-жылдары еліміздегі қазақтардың саны 4 миллион болған екен. Қазір 13 миллионнан асты.
Ол кезде де Жазушылар одағының гуілі газет бетінен түспепті. Бір пленумға айқара бет арнайды. Сонда жазушыларға қойылған сұрақтардың бірі жастарға қатысты. «Жастардан үміт күтесіз бе?» дегендей. Сонда Бердібек Соқпақбаев: «Жастардан түңілу – болашақтан түңілу. Мен бұл мәселеде оптимист болғым келеді» депті.
Комсомолдың 50 жылдығында Шыңғыстай ауылында болған кездесуде ардагер Орымхан Қашқынбаев сөйлейді. Соғыста Мәншүк Мәметовамен бірге болған екен. «Мен қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова қалай қаза тапқанын көрдім. Оны алғаш рет жерден көтеріп алып, блиндажға әкелгенде, көзімнің жасын көл етіп жерлеген де мен, оқушылар. Қазір батыр апаларың туралы кітап жазылып, кино түсіріліпті. Оның қаншалықтысы шындыққа жанасатынын менен жақсы білер ешкім жоқ, өкінішке қарай, менен сұраған да ешкім жоқ», – дейді майдангер.
Қажымұқанды көрген Курск облысының адамдары хат жазады. Кезінде бірге күрескен немесе Қажымұқан күрес тәсілдерін үйреткен жандар қарт палуанға жолығып, өткен өмірлерінен сыр шертеді. Біз де Мұқанов жазған Қажымұқан бейнесін елестетіп, қандай болды екен деп елеңдеумен отырамыз.
КСРО мен АҚШ арасындағы салқындықты «Лениншіл жастың» да бетінен сезесіз. Ара-тұра АҚШ-қа, оның басылымдарына шолу жасап, мұқатып отырады. Осы күні Ресейдің қараптан-қарап отырып, АҚШ-пен жауласып отыруы сол баяғыдан қалған әдет па деп ойлайсыз.
Найзағай геологтарға көмектеседі
«Шарт-шұрт найзағай ойнайды, сатұр-сұтыр нөсер құяды. Москва антенналары алыстағы Америкадағы найзағайларды сезеді. Австралиядағы радиоқабылдағыштарға қиырдағы Шпицберген аспанындағы электр зарядтары кедергі жасайды.
Геофизиктер найзағайды жер астын зерттеуге мәжбүр етті, яғни аэрогеологтар найзағаймен қаруланады. Бейне алып радиоқабылдағыш секілді найзағай толқындары жер қабытына сіңіп, «кен бар» деп радиоқабылдағышқа белгі береді. Бір сөзбен айтқанда найзағайдың геологтарға пайдасы әлі де көбейе түсетін түрі бар».
«Лениншіл жас» тігіндісінен
***
Басылым бетінде басқа басылым қонақ болады. Мысалы, «Жалын» журналы қонақта. Сонда жариялаған материалдардың жақсыларынан үзінді береді. Бұл осы күні де басылымдар бірін-бірі насихаттау үшін қолдануға тұрарлық әдіс.
«Лениншіл жас» әлем әдебиетінің озық үлгілерін, роман, повестерден үзінді жариялап отырған. Ал Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармаларға пікір айту, ұйымдастыру баяғыдан қалған жол екен.
Аян Нысаналин тұрақты жазып, әдебиет сөзін айтып отырған. Бірде Гейненің өлеңдерін қазақшаға аударудағы шалағайлықты сөз етеді. Қазір аудармадағы шалағайлықты дәл солай талдап, екшеп, таразылайтын мақалалар жазылмайды. Нағима Сағындықованың «Аударма зергерлікті тілейді» дейтін мақаласы да осы көркем аударма мәселесіне арналған.
Әшірбек Сығаев театр өнеріне үнемі баға береді. Талантты актер, режиссер Райымбек Сейтіметов туралы бірнеше мақала жазады. Оның актерлық, режиссерлік қадамдарын жоғары бағалайды.
Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы сияқты сатириктер сықақ әңгімелерімен, пародия, фельетондарымен қоғамның бір бейнесін жазса, Марат Қабанбай адамдардың рухани, тұрмыс-тіршілігінің тамырын басады.
Әр кезеңде қоғамның әр саласын бақылап, бағамдап отырған осындай тұлғалар болатынын кейде сезбей де қаламыз-ау.
***
Сейдахмет Бердіқұлов алдын көргендер оның тақырып қойғыштығын айтар еді. Үнемі жақсы тақырып тауып қою қиын. Бірақ «Лениншіл жас» тігінділерін парақтап отырып соған көзіңіз жетеді. «Секундтар сәл-пәл жүйріктеу...» конькишілердің жарысына қойылған тақырып. Мысалы, «Дүр сілкінген дүние» әлемде болып жатқан әртүрлі келеңсіз құбылыстарға арналған мақала тақырыбы. «Мазасыз минуттар» өрт сөндірушілерге арналған материалдың аты. Күләш Ахметованың бір мақаласы «Адресі – адамдар жүрегінде» деп аталады.
***
«Лениншіл жастың» жолы айқын еді. Атында да тұр. Ал оған редактор болудың жолы бұралаң болатын. Сол бұралаң сүрлеуден белін қайыстырмай, басылымды да, өз басын да абыроймен алып шыққан Сейдахмет Бердіқұлов есімі бүгін бізге аңыз болып жетіп отыр. Аңыздың ақиқаты – сұлулығында.
***
1986 жылдың 12 қарашасында Сейдахмет Бердіқұловтың атымен газеттің соңғы нөмірі жарық көрді.