«Бергенін аласың, көңілің қалады» – Малы көп, малшысы жоқ Қызылорда
Сыр елі қашаннан малсақ аймақ. Қызылқұмы мен Қарақұмы, Арқаның бергі беті мал ұстаған шаруаға қолайлы өңір.
Мал шаруашылығына молынан инвестиция, субсидия құйылатыны да сондықтан. Дегенмен мал шаруашылығының қарқынды дамуына қарамастан, шаруа қожалықтары мал бағатын адамдар жоқтың қасы дейді.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметі бойынша, 1-қыркүйекке дейін Қызылорда өңірінде 419,9 мың сиыр, 869,9 мың қой мен ешкі, 253,9 мың жылқы және 65,3 мың түйе тіркелген. Кей шаруашылықтарда 2-3 табыннан мал бар. Алайда жоғары жалақы төленбегесін малшылар аз ақшаға келгісі келмейді.
Облыстық фермерлер қауымдастығының төрағасы Омархан Пашкенов кеңес заманында мал шаруашылығына мемлекет тарапынан ерекше назар аударылып, әр ауылда 60-70 мыңға дейін қой мен ешкі ұсталатын дейді.
«Ол кезде мал азығымен қамтамасыз ету мәселесін мемлекет шешіп, жайылымға шыққан малшыларға жалақысынан бөлек қосымша сыйақы тағайындалатын. Жоғары көрсеткішке жеткен малшыларға қосымша мал да берілетін. Егемендік алғаннан кейін мал шаруашылығы жекеменшікке өтті, содан бері шаруа қожалықтары мал азығы, жұмыс күші және басқа да мәселелерді өздері шешуге мәжбүр болды. Бұл да өз кезегінде малшы мамандығына деген қызығушылықтың азаюына алып келді», – дейді.
О.Пашкенов бұл мәселені шешу үшін басқа мемлекеттердің тәжірибесін зерттеуді ұсынады. Мысалы, кейбір елдерде мал шаруашылығын тиімді жүргізудің вахталық әдісі қолданылады. Осы тәсілді ұстанған «Нұр Береке М» шаруашылық басшысы Мақсат Ақмырзаев, вахталық әдіс арқылы мал бағудың артықшылығы мол дейді. Ол соңғы бірнеше жылда орын алған құрғақшылыққа байланысты жаңа жайылымдарға көшуге мәжбүр болғанын, қажетті кезде мал бағуға көмектесетін адамдарды табу үлкен жұмысқа айналғанын айтады.
«Малшы болу оңай емес. Малды түсініп, оған дұрыс қарай білу керек. Бұрынғы малшылар малдың күйін көзбен-ақ анықтап, жайылымдарды жақсы білетін. Ал қазіргі малшылардың көпшілігінде бұндай жоқ», – дейді.
Шаруа қожалықтарының басшылары малшыларға 200-300 мың теңгеге дейін жалақы ұсынғанымен, жұмысқа қызығушылық танытушылар саны аз. Кейбір шаруашылық басшылары жалақыны айлап төлемей, жұмыскерлердің сенімін жоғалтқан жағдайлар да кездеседі. Осы себепті бұрынғы малшылардың көбі тұрақты әрі жеңіл жұмыс іздеуге мәжбүр.
«Малшыға сұраныс көп, алайда көбі ауызша келісілген 300 мың жалақыны бермей, көбіне 150-200 мың теңге ұстатады. Құжат рәсімделмегеннен кейін бергенін аласың, одан кейін көңілің қалады. Әрине, бұдан кейін ешкім мал баққысы келмейді», – дейді бұрынғы малшы (атын атамауымызды сұрады).
Мал шаруашылығының күрделілігін ескерсек, бұл салаға бір адамның толыққанды еңбегі жеткіліксіз.
«Төрт түліктің өз ауруы бар. Жыл сайын оларды түрлі ауруларға қарсы егу керек, бұл шаруашылыққа қосымша шығын, әрине. Дегенмен мал басын алып қалу үшін бар ақшаңа дәрі-дәрмектерін аласың, емдейсің», – дейді тағы бір қожалық иесі Нұрғазы Байманов.
Қазақ халқында «Жаңбырда диқан демалады, дауылда балықшы демалады, малшы өлгенде демалады» деген нақыл бар. Бұл сөз малшы мамандығының қаншалықты ауыр екенін білдіреді. Осы саланың өзекті мәселелерін «төрдегілер» қағаздарына түртіп, мал шаруашылығындағы кешенді шаралар тізіміне енгізіп қойса дейсің. Мәселен, малшы тапшылығы мәселесін шешуде әлемнің мал шаруашылығымен айналысатын елдерінің тәжірибесін зерттеу керек. Көптеген елдерде бұл саланы алға жылжытудың маңызды қадамы ретінде кооперативтік жүйені айтады. Яғни бұл жүйе арқылы бірнеше шаруа бірігіп, ортақ малды бағып, шығындар мен міндеттерді өзара бөліседі. Осылайша, әрбір шаруашылыққа жүктеме азаяды, яғни бір-бір «жүктен» көтергесін, еңбек шарттары да әлдеқайда жеңілдейді. Сондай-ақ ортақ жайылымдар мен инфрақұрылымды да бірлесе пайдалану да табысты арттырады.
Нұрбек Дәуренбеков
Қызылорда облысы