Берік Ағыбаев: Бай елде кедей қазақ болмау керек!
Берік Ағыбаев: Алматы қаласы №5 сайлау округі бойынша ЖСДП атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат:
Менің саясатқа қызығуыма әкем себепкер болды.
Ол өте белсенді, намысшыл, принципшіл, әділдік жолындағы кісі. Сол қасиеттерінің арқасында елге өте абыройлы, ортасында сыйлы. Бала күнімнен маған көп ақыл айтатын. Сол ақыл-кеңесінің бірі «Жігітте бір ғана намыс болады. Оны жоғалтсаң, өмір бойы қайтып орнын толтыра алмайсың. Бір күндігін ойлайтындар қателеседі, бір жылдығын ойлайтындардың да ісі шала. Жігіт жүз жылдығын, мың жылдығын ойлап, жоспарлау керек» дейтін.
Ол саясаткер немесе философ болмаса да, өмірлен көргені мен түйгенін айтады. Жүз жылдығын, тіпті мың жылдығын ойлайтын адам ешқашан қателікке ұрынбайды дегені тегін емес. Шынын айту керек, ақылмен қарекет қылмасаң, сенің әділетсіз ісің үшін ұрпағың жауап береді, зардабын тартады. Сол себепті кез келген уақытта азамат шындық, әділдік жағында болуы керек!
Менің Алматыда оқып, білім алғанымды әкем қатты қалады. Тілегі қабыл болып оқуға түстім. Алып қаладан ауылға барғанда «Қайда бардың, не көрдің, досың, танысың кім?» деп, бәрін сұрайтын. Әке мен бала емес, менімен тең тұрып сөйлесетін. Қателіктерім болса, бетіме айтып түзетіп отырады. Сондай ақыл-кеңестерінен кейін Алматыға рухтанып қайтатынмын! Алдағы күндерге нақты жоспар құратынмын. Соның бәрі тастай тәрбие екен.

Студент кезімде Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов ағаны іздеп, «Жалын» журналының редакциясына соқтым. Ағамызбен танысып, әңгімелесіп, әр сөзінен, ұстанымынан шабыттанып, рухтанып қайттым. Кітабына қолтаңбасын қойып берді. Сол кездесуден кейін саясатқа қызығушылығым артты. Мұхтар ағадай бола алмасақ та, өмірде табанды болу керек деген ұстанымға келдім. Ел ісіне араласуды өзіме міндет деп санадым. Өте белсенді студент болдым. Жастар ұйымдарында жетекшілік жасадым. Тарих мамандығы бойынша магистратура, PhD докторантураны аяқтадым. Қазақстан тарихы бойынша ғылыми зерттеулер жүргіздім. Жас ғалымдарға арналған жобалардың жеңімпазы болдым. Алаштың 100 жылдығына арналған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының фотожинағын жарыққа шығаруда жауапты болдым. Қазақстан ауылдарын аралап, қазақ классиктерінің кітаптарын тегін таратып, жастарға дәріс оқыдым.
Не жасасам да, қандай шаруаны қолға алсам да, барлық істерде елге пайдам тисе деген азаматпын. Ел ісіне араласуды абырой санаймын. Ұлтыма, қазағыма пайдамды тигізетін саясаткер болу – басты мақсатым! Әңгіме басында айтқанымдай, Мұхтар Шаханов ағамыз менің саясаттағы кумирім, өмірдегі ұстазым. Шаханов – саяси миссиясын толық орындаған саясаткер. Олай дейтінім, Мұхтар аға қазақ тілінің мүддесі жолында қайтпай, жалықпай табандылықпен күресті. Бүгінгі күні билікте қазақша ойлайтын, қазақша сөйлейтін азаматтар болса, сол еңбектің артында Шахановтың қажыр-қайраты тұр. Шаханов бұл жолда өз мақсатына, дегеніне жетті. Жай ғана жеткен жоқ, абырой-беделмен, сатылмай-сатпай, сынбай, арандамай жетті. Ондай жеңіс көзі тірі бірде-бір саясаткерде жоқ.
Ал менің саясаттағы және өмірдегі миссиям – қазақтың ауызбіршілігі, ынтымағы, береке-бірлігі. Осы жолды ұстанып келемін! Береке-бірлік деген жаттанды, жауыр болған ұран шығар. Бірақ менің айтып отырған бірлігім – қазақтың ынтымағы.
Бұл ойымды былай жеткізгім келеді: мен ұлы жүзбін – Бауыржан Момышұлымын! Мен Орта жүзбін – Мұхтар Шахановпын! Мен кіші жүзбін – Махамбетпін! Төремін – Абылаймын! Намысын нанға сатпайтын, рухы сынбайтын, шыңдайтын азаматымын. Қазақ баласының басы біріккенде ғана жеңімпаз ұлтқа айналады. Ол сан-мың жылғы тарихтан белгілі. Берік болсын іргеміз, бөлінбесін мүддеміз деген ұранды ту етемін!