Берлиндегі бес қонақ және үй сыртындағы Ресей
2023 жылы АҚШ, Қытай, Еуропа Одағы, енді, міне, Германия сынды қуатты елдер Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан бірігіп, Орталық Азия аталатын дамушы аймаққа «мұқтаж» екенін байқатты.
Мұқтаждығы сол, бұрын жекелеген мемлекеттермен сауда-саттық жөнінде ғана сөйлесетін Батыс Украина-Ресей соғысынан соң Орталық Азияны «стратегиялық серіктестік» дейтін деңгейге жетті. Ежелден орыстың отары болып, Совет Одағы ыдыраса да Кремльдің қас-қабағына жалтақтап отыратын елдердің жетекшілері де осы сәтті пайдаланып қалуға барын салып жатқандай. Бес президент қолтықтасып Қытайға да, жетектесіп АҚШ-қа да барған. Өткен аптада бірінен соң бірі шұбырып Германия астанасы Берлинге ұшты.
БЕРЛИНДЕГІ МӘЛІМДЕМЕ
Орталық Азия елдері президенттерінің ең алды боп Германияға Қазақстан басшысы барды. Өзгелері әуежайдағы ұшақтарына қарай аяңдап келе жатқанда Қасым-Жомарт Тоқаевты Берлинде неміс үкіметінің арнайы адамдары күтіп алды. 28 қыркүйек күні елден бұрын жеткен қазақ президенті Германия канцлері Олаф Шольцпен жеке кездесіп, одан шыға сала кәсіпкерлерін қабылдап, кешке қарай Berlin Global Dialogue форумына да қатысып үлгерді. Басқа төрт әріптесіне қарағанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапарының маңызы жоғары. Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан мен Қырғыз Республикасының басшылары «жұмыс сапармен» барса, қазақ президентінің жүрісі «ресми сапар» деп аталды.
Берлиндегі алғашқы күні-ақ қазақ президенті жаһан назарын өзіне аударды. Одан журналистер санкция тізіміндегі тауарлардың Қазақстан арқылы Ресейге жеткізіліп жатқаны туралы сұраған. Қасым-Жомарт Тоқаев, әрине, оны жоққа шығарды. «Бұл мәселе тұрғысында Берлиннің қорқуына негіз жоқ» деді ол. Осы сөйлемінің алдында Тоқаев «Қазақстан Ресейге салынған санкциялардың тәртібін қатаң сақтайды» деген. Ақпарат құралдары осы тезисті бас тақырып етіп шығарғанда бір сәт қазақ президенті құдды Мәскеуге қарсы шыққандай көрінді. Әлеуметтік желі шулап, сайттар мен газеттер жарыса жазған соң Ресей сыртқы істер министрлігі сипай қамшылап болса да «ескерту» айтуға мәжбүр болды. Тоқаевтың ескі танысы Сергей Лавров басқаратын ресейлік ведомство хабарламасында «Тату-тәтті көршілік қарым-қатынасымызға сырттың теріс ықпалын тигізбеу мақсатында қазақстандық әріптестерімізбен ары қарай да қоян-қолтық жұмыс істеуге мүдделіміз. Бұның ішінде екі елдің мүддесіне сай келетін әрі қос мемлекетке өте зор пайдалы сауда-саттық, экономикалық алыс-беріс те бар» делінген. Үнемі өктем сөйлеп, төбеден қарап үйренген Кремль Орталық Азия басшыларының батысқа сапарларын жақтыра қоймайтыны рас. Бірақ Украинада өзі бастаған былыққа өзі белшесінен батып отырған елге оңтүстіктегі көршілерімен тату отырғаннан басқа амал да қалмаған. Жан-жақ шулап жатқан сөзді елемегендей айналып өтуге келмейді, қатты айтып, дызақтап кетуге болмайды. Алайда өзінің «бар» екенін, бәрін «бақылап» отырғанын көрсетіп, осындай мәлімдеме жасауға мәжбүр болған. Ресейден мұндай сөздің айтылатынын алдын ала білгендей Қасым-Жомарт Тоқаев та Германиядағы кездесулерде Қазақстан мен Ресейдің тығыз байланыста екенін жиі қайталай берді.
Ресейлік News.ru сайты бұл тақырыпты талқылап, өз сарапшыларына талдатқан. Саясаттанушы Вадим Трухачев «Қазақстан неге Ресейге қарсы санкцияны қолдайды?» деген сауалға «Олар да батыстың санкцияларынан қорқады. Олар Қырым мен Донбастағы жағдайдың Петропавл, Қостанай, Орал, Павлодар мен Өскеменде қайталануынан қауіптенеді» деп, ашық дұшпандық пиғылын байқатқан. Тоқаев мәлімдемесінің тағы бір себебін ол «қазақ элитасы батыс елдерінде жасырылған байлығы, ұрлаған қаражатының бұғатталуынан да қорқады» деп тәпсірлейді. Бірақ екінші сарапшы, Ресей ғылым академиясының Орталық Азияны зерттеу орталығының қызметкері Станислав Притчин Тоқаев санкция тізіміндегі тауарлардың Қазақстан арқылы өтіп жатпағаны туралы батыстың «естігісі келгенін» айтты дейді. «Бұл өзі қызық конфигурация. Бәрі ештеңе білмейтіндей, Қазақстанды санкция тауарларын тасымалдауға пайдаланбай отырғандай түр жасайды» дейді ол. Қисынға келетін жауап та осы. Бұған дейін Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Батыс елдері санкция салған 7 мыңға жуық тауардың тізімін бергенін, олардың бәрін бақылау мүмкін емесін, көбі Ресейге жеткізіліп жатқанын мойындаған.
Жалпы, Қазақстан президенттері (бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде де) Еуропаға, АҚШ-қа сапарлаған сайын алдарынан шығатын ең үлкен әрі әбден мезі қылған сауалдың бірі – «Ресей мен Қытайдың ортасындағы Қазақстан». «Қайда барсаң да Қорқыттың көріндей» болған сұрақтарға Қасым-Жомарт Тоқаевтың да әбден еті үйренгендей. Жауабы дайын. Бірде мына қырынан, бірде ана қырынан айтып, Пекин мен Мәскеуден теріс айналу ниеті жоғын байқатады. Мәселен, 2020 жылдың 15 ақпан күні Тоқаев «Мюнхен қауіпсіздік конференциясында» АҚШ-тың ардагер дипломаты Ричард Н.Хаас жүргізген «Орталық Азияның жаңаруы» атты жарыссөзге қатысты. Ричард Н.Хаас аман-саулықтан соң Тоқаевтан «Қазақстан географиялық тұрғыда Қытай мен Ресейдің ортасында орналасқан. Айтыңызшы, бұл өзі жақсы нәрсе ме, жаман нәрсе ме, әлде жай ғана нәрсе ме?» деп сұрады.
Қитұрқы сұрақты қарасаңызшы. Формасы сұрақ болғанымен, мазмұны жауап бұл сөзбен америкалық әккі дипломат қазақ президентін сынап көріп жатыр. Үшеуінің бірін таңдаса да ертең ақпарат құралдары іліп әкетіп, неше түрлі тақырып қойып, сан-саққа жүгіртетіні де аян. Бірақ тұтас ғұмырын дипломатияның қыр-сырына арнаған Тоқаев саспады. «Жаман да, жақсы да, басқа да емес. Бұл – шындық!» деді. Тоқаевтың Берлинге сапарында да осы ескі сауал алдынан шықты. «Берлин жаһандық диалог» алаңында да жүргізуші одан «Қазақстан Қытаймен де, Ресеймен де шекараласады. Осы ретте биполяр немесе мултиполяр саясатты қалай іске асырмақ?» деп сұрады. Бұған қазақ президенті «алып екі елмен көрші болу – сәттілік» дейтін жауап айтты. Ол Қазақстанның географиялық тұрғыда үлкен екі мемлекеттің ортасында отырғанын, сондықтан достық қарым-қатынас айрықша маңызды екенін тағы қайталады. Қарап отырсаңыз, сұрақты қалай айналдырып қоюға да, жауапты да өңін неше құбылтып беруге де болады. Бірақ өзгермейтін ақиқат – маңдайдағы жазу. Мыңдаған шақырым ортақ шекарасы бар диктатуралық жүйедегі елмен Қазақстан қаласа да, қаламаса да көрші. Қашып құтыла алмайды.
«ОРТАЛЫҚ АЗИЯ – ГЕРМАНИЯ» САММИТІ
Саммит қыркүйектің 29-ы күні өтті. Орталық Азия президенттері (Түркіменстаннан президенттің әкесі, бұрынғы президент Гурбанғұлы Бердымұхамедов) әуелі Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің резиденциясына жиналды. 10 күн бұрын Нью-Йоркте қабылдаған Джо Байдендей емес, Штайнмайер қонақтың әрбірін жеке өзі шығып қарсы алды және дастарқан жайып, шай берді. Штайнмайер баспасөз қызметі кездесуде Украина мен Ресей соғысының жағдайында Еуропаның және Орталық Азияның қауіпсіздігі сөз болғанын мәлімдеді. «Азаттық» радиосының хабарлауынша, президенттер сарай ішінде отырғанда сыртта он шақты тәжік, өзбек, қазақ азаматы бірігіп, наразылық білдіріп тұрған. Олар Орталық Азия басшыларын «диктатор» деп атап, Германия билігін бес президенттен өңірдегі адам құқығының сақталуын қатаң талап етуге шақырған. Сырттағы белсенділерді іштегі президенттер естіді ме, белгісіз. Халықаралық ақпарат құралдары да кездесудің геосаяси сарынына көбірек назар аударып, жергілікті жердегі саяси жағдайға терең бойламады.
Штайнмайерден шай ішіп шыққан соң президенттер бундесканцлер Олаф Шольц сарайында «Орталық Азия – Германия» саммитінде бас қосты. Дөңгелек үстел әр елдің басшысы кезек сөйлеп, баяндамаларын оқыған. Негізгі тақырып – геосаяси ахуал, сауда-экономикалық қарым-қатынас, жасыл энергия, климаттың өзгерісі сынды мәселелер. Саммиттен хабар таратқан неміс басылымдарының бірі ZRD.Heute сайты Орталық Азия елдерінің Германия экономикасына маңызы артқанына басымдық береді. «Неміс халқы Қытай мен Ресейдің көлеңкесінде деп есептейтін Орталық Азияның бес елінде шамамен 80 миллион адам тұрады. Бұл – Германия халқының санына жете қабыл. Алайда олардың жер көлемі бізден 11 есе үлкен. 27 мемлекет мүше Еуропа Одағының аумағымен шамалас. Украинада соғыс басталған соң шикізатқа бай бұл мемлекеттер Германия үшін аса маңызды. Қазақстанның мұнайына, уранына, темірі мен түсті металдарына неміс кәсіпорындары қызығып отыр» деп жазады ZRD.Heute. Шетелден инвестиция тартуға мұқтаж Қазақстан билігі де осы қызығушылықты байқаған. Қасым-Жомарт Тоқаев Олаф Шольцпен кездесуінде қазақ даласында құны 46 триллион долларға бағаланатын игерілмеген, әлі толық зерттелмеген қазба байлық барын айтқан. Қырғыз президенті Садыр Жапаров саммитте Орталық Азияға ортақ мәселенің бірі – су екенін атап өткен. Ол таудағы мұздақтардың жыл сайын азайып, таусылуға жақын қалғанын ескертіп, халықаралық қауымдастықты бұл шетін мәселеге назар аударуға шақырған. Сондай-ақ кездесуде қырғыз президенті өз елінен жұмыс іздеп Германияға баратындарға жеңілдік жасауға қол жеткізген. Тәжікстан президенті де Германияны таудағы қазба байлықты бірігіп игеруді, ол үшін заманауи жетілген техникасы мен технологиясын жөнелтуді, қаржы құйып, қолдау көрсетуді ұсынған. Түркіменстан мен Өзбекстан немістерді газ қорын айтып қызықтырған.
ГЕРМАНИЯҒА ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ МАҢЫЗДЫ МА?
Шольц қабылдауындағы бес президентке адам құқығын қорғау ұйымдарының қалай қарайтынын, қандай баға беретінін жақсы біледі. Бірақ өз халқының ертеңі үшін өз мүддесін күйттеген неміс канцлері әлемде Солтүстік Кореямен бір қатарда «ең жабық ел» деп аталатын Түркіменстанның диктатор басшысының қолын алуға мәжбүр. Тәжікстаннан келген Эмомали Рахмонның да 30 жыл билікті бермей отырған автократ басшы екені екінің біріне аян. Қонақ қылып шақырған соң оның да қасы көзіне түскен кәрі жүзіне жымиып қарап, күліп сөйлеуге міндетті. Автократ президент Ислам Каримовтың мезгілсіз қазасынан соң билікті қолына алып, «Жаңа Өзбекстан» құруға уәде еткен Шавкат Мирзиеевтің де халқын демократияға бастайтынына сене қою қиын. Құрамындағы Қарақалпақстанды егемендік құқығынан айыра жаздап, соңы қантөгіске ұласқан дүрбелеңді, одан кейінгі қудалауларды канцлер әкімшілігі ұмыта қойған жоқ. Қырғыз Садыр Жапаровтың 2020 жылы халық толқуын пайдаланып, түрмеден Ақүйге бір аттап жеткені де есінде. Кемі 238 адам қаза тауып, мыңдағаны жараланған Қазақстандағы «Қаңтар қырғынын» да Шольц жақсы білсе керек. Осы аталған оқиғалар масштабы, зардабы тұрғысынан бәрін ондаған, жүздеген есе орайтын Украина-Ресей соғысының тасасында қала берді. Әйтпесе, халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы саммиттен бір күн бұрын Шольцтің Орталық Азиядағы адам құқығына назар аударуын талап еткен. Ұйым мұның алдында президенттер Джо Байденмен кездесерде де сондай мәлімдеме таратқан. Бірақ Байден де, Шольц та алдыңғы планға сауда-экономикалық қарым-қатынасты шығарды. Адамшылығын айту керек, Нью-Йорк декларациясына қарағанда Берлин декларациясы бұл тұрғыда көш ілгері. Шольц пен Орталық Азия президенттері қол қойған құжатта аймақтағы адам хақын қорғау, баспасөзге еркіндік беріп, азаматтардың сөз бостандығы құқығын шектемеу туралы да пунктер бар. Саммит сыртындағы наразы топ Эмомали Рахмонның кортежіне шикі жұмыртқа лақтырып, Гурбанғұлы Бердымұхамедовке «диктатор», Шавкат Мирзиеевке «Путиннің вассалы» деп айғайласа да Германия билігі өз мүддесі барын, Шольц мырза сол жолда кіммен болса да кездесуге дайын екенін көрсетті.
Анығында адам хақы сақталатын, демократиялы қоғамды ешкім ешбір елге сырттан таңа алмайды. Бұны «Азаттық» радиосына берген сұхбатында АҚШ елшісі Даниэл Розенблюм өз елінің ұстанымын ашық түсіндірді. Ол «АҚШ-тың Қазақстанда адам құқы мен демократияны насихаттаудағы мүддесі қандай?» деген сауалға «адам құқығы, демократия, азаматтық қоғам, тәуелсіз баспасөз, еркін сайлау секілді дүниелерді АҚШ мәжбүрлеп орната алмайды. Мәжбүрлеуге біз мүдделі де емеспіз. Бастама елдердің өзінен болуы керек» деп жауап береді. Жауап Қазақстанға ғана емес, Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ сөз.
Айгүл Баба