Бес бала мен үш адамның өмірін қиған жол апатына жүк көлігінің жүргізушісі кінәлі деп танылды

Батыс Қазақстанда бес бала мен үш адам қаза тапқан жол апатына жүк көлігінің жүргізушісі болған шетелдік азамат кінәлі деп танылды.
Бұл туралы КТК хабарлады.
Қазір Ақтөбе облысында бұл атышулы іс бойынша сот процесі жүріп жатыр. Тергеу жол апатына кінәлі жүк көлігінің жүргізушісі Сергей Соловьев деген қорытындыға келді.
Жүргізушіден жәбірленушілер моральдық өтемақы төлеуді талап етеді, жалпы сома 70 миллион теңге.
Сотта 37 жастағы Беларусь азаматы өз кінәсін толық мойындаған. Ол бір отбасының жалғыз асыраушысы, әйелі бала күтіміне байланысты демалыста екенін алға тартып, азаматтық талаптардың мөлшерін азайтуды сұраған.
Айыптаушы тарап жүк көлігінің жүргізушісін бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрағаны хабарланды.
"Құрметті сот, Сізден Сергей Юрьевич Соловьевті Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын", - деген сот отырысында Ақтөбе облысы прокурорының аға көмекшісі Әсел Таналиева.
Айта кетейік, 7 тамызда Самара-Шымкент тас жолының 862-ші шақырымында (Хромтау ауданы) үш ер адам мен бес бала болған көлік пен жүк көлігі соғысқан. Барлық жолаушылар мен жүргізуші оқиға орнында қаза тапты. Көлікте әкесімен бірге екі ұл – ағайындылар болған. Олар Маңғыстау облысында шағын футболдан жекеменшік турнирге бармақ болған.
8 тамызда полиция жүк көлігінің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды деп хабарлады. Құқық қорғау органдарының алдын ала мәліметі бойынша, жүк көлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кеткен.