Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

«Бес баласының анасын шәкіртіне сыйлаған»: даулы сұқбаттың арты не болды?

 Құрбанәлі Ахмет
Фото: скриншот

Бірнеше күннен бері желіде Құрбанәлі Ахмет Ишан есімді тұлғаның журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатындағы екінші әйелін шәкіртіне «сыйға тартқаны» туралы сөзі қызу талқыға түсті.

Екі аптада сұқбат 367 мың қаралым жинаған. Біреулер діндарды әйелін адам ғұрлы көрмей тауарға теңеді десе, енді біреулер діндарды сынаудың орнына оған таңданған журналистің өзін сөз етіп жатыр. 

Құрбанәлі Ахмет пен Жанар Байсеміз
Фото: скриншот

Сұқбат неге дау тудырды

Журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында Құрбанәлі Ахмет екінші әйелін қайын атасы «сыйлағанын» және оны бірінші әйелінің рұқсатынсыз алғанын айтқан. Екінші әйелінен бес баласы бар екенін де айтып қалады. Айтуынша, біраз уақыттан кейін отбасында жанжал туындап, екінші әйелі ажырасуға ниет білдіріп, басқа адамға тұрмысқа шығатынын айтқан. Осыдан кейін ол әйелін өзінің шәкірттерінің біріне тұрмысқа берген. Әйеліне шәкірттерінің арасынан ұнатқанын таңдатқан.

«Ол қабырғам кейін менімен ұрысып қалып “болды, сенімен ажырасамын, байға тиемін” деп жынданды. “Сен ақымақсың ғой, мен саған бай тауып берейін” дедім де, жақсы шәкіртіме үйлендірдім», – деді ол.

Бұл сөздер әлеуметтік желі мен қоғамда қызу талқыға түсті. Алматы қаласының полициясы мен мемлекеттік органдары жүргізген тексеру нәтижесінде сұхбатта айтылған кейбір пікірлер Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына қайшы келетіні, сондай-ақ қоғамдық сана мен конфессияаралық келісімге кері әсер етуі мүмкін екені анықталды. 

Алматы қаласы Дін істері басқармасы өз құзыреті аясында Құрбанәлі Ахметке қатысты шара қабылдап, оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша діни қызмет саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартып, оған айыппұл салынды. Сондай-ақ Қазақсан мұсылмандары діни басқармасы оның Мүфтияттың мүшесі емес екенін мәлімдеді. Алматы полициясы журналист Жанар Байсемізге де 490 бапқа сай айыппұл салды.

Адамды «сыйға тарту» ауыр қылмыстың белгісі

Даулы сұқбат Парламент қабырғасында да талқыға түсті. Депутат Ермұрат Бәпи ел ішінде белең алып бара жатқан псевдодіни көзқарастарға қатысты өткір пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай «уағызшысымақ» топтар қоғамның санасын улап, ұлттық құндылықтарға қауіп төндіріп отыр.

Бәпидің пікірінше, бірнеше әйел алған имамның бір жұбайын өз шәкіртіне «сыйға тартуы» адамгершілікке жат қылық қана емес, сонымен бірге заңға қайшы.

Ермұрат Бапи
Фото: parlam.kz

«Мұндай әрекеттерді азаматтық неке туралы заңнаманы өрескел бұзу, дәстүрлі діннің беделіне нұқсан келтіру деп бағалау қажет. Ал адамды «сыйға тарту» – бұл адам саудасының белгілері бар ауыр қылмыс. Заңды белшесінен басып, өз білгенін «шариғат» деп түсіндіретіндерге тосқауыл қойылуы тиіс», – деді ол.

Журналист не дейді 

Желі қолданушылары Жанар Байсемізді сұқбат қонағына қатысты сұрақтың астына алды.

«Жанар ханым, қайдағыны қайдан тауып аласыз», «Жанар ханым , осы кісіні не үшін , не мақсатпен шақырдыңыз? Біріншіден тілі таза емес мына кісінің , таза қазақ емес, екіншіден әйелін шәкіртіне бере салатын не масқара? Қай қазақ өз әйелін біреуге қатын қылып беріп жіберген? Бұл анау талақ айтып жібере салатындардың қатары емес пе?», «Мынау ауғанның қашқыны гой» деген секілді пікірлерді қарша боратты.

Ахмед Құрбанәліге қатысты дау туындаған соң журналист әлеуметтік желідегі парақшасында өз ой-пікірін жариялады. 

«Ешкіммен жауласқым да, дәлелдегім де, ақталғым да келмейді. Бәрі өткінші», – деді ол.

Мәселе спикерде емес, журналисте

Журналист, медиасарапшы Есенгүл Кәпқызы сұқбаттың сынға ұшырауына журналист кінәлі, спикердің даулы пікіріне қарсы шығып, тойтарыс беріп отыруы керек еді деп есептейді.

Есенгүл Кәпқызы
Фото: internews.kz

«Мәселе спикерде емес, журналисте. Даулы адамды шақырған екен, журналист оған алдын ала сұрақтарын құрылымдап дайындалуы тиіс еді. Жанар енді бастаған жас маман емес қой. Ол мемлекеттік арналарда істеген, өмірлік тәжірибесі бар, сүзгіден өткен журналист ретінде өзін ғұлама, хазірет, әулие санайтын адамдармен сұқбатта әйел тақырыбына соғатынын, бәйбіше-тоқал әңгімесінің туындайтынын алдын ала ескеруі тиіс еді. Сол кезде оған қалай тойтарыс беремін дегенге дайын болып баруы керек еді. Мәселен, қанша бала-шағаңыз бар деп сұрақ қойған кезде ол «екі қабырғам бар» дейді. Сол кезде сөзді «Исламдағы қабырға сөзі қазіргі фенминистік көзқарастардың ушығып тұрған заманында әйелді кемсіту емес пе, сіз оны адам ретінде көзге ілмей отырсыз» деп бастау керек еді. «Екінші әйелімді әкесі сыйлады» дегенге «Сыйлағанға келе салатын ол тауар ма еді» деп бірден сұрақ қойса, жақсы полемика болар ма еді деп ойлаймын. Сосын «Шәкіртіме сыйладым» дегенде де таңырқап отыра береді. Өзі де әйел ғой, «Сонда әйел сіздерге сыйлай салатын, сата салатын ойыншық, тауар ма, баяғы феодалдық көзқараста қалып қойғансыздар ма, исламды көпшілік әйелді адам ғұрлы көрмейтіні үшін сынайды, осы сынға қатысты бір жауаптарыңыз бар ма, әйелді тең дәрежелі өмірлік серік ретінде құрметтеуді, сол арқылы исламға жұрттың көзқарасын өзгертуді ойлаймайсыздар ма» деп өзіне қарсы сұрақ қоюы керек еді», - дейді ол. 

Медиасарапшы Қазақстанда көп әйел алуға заңмен тыйым салынғанын да алға тартып, журналистің әйел құқығы мәселесін көтеруі керектігін де ескертті. 

Қызметінен шеттететін жаза керек

Есенгүл Кәпқызының айтуынша, сұқбаттың көздеген мақсаты жоқ, тек қаралым жинау үшін құрылған.

«Журналистің мақсаты қоғамдық мүддемен қабысуы керек қой. Қазір құқығы тапталып, зәбір көріп жүрген, бәйбіше-тоқал тақырыбынан зардап шегіп жүрген әйелдер көп. Осы мәселені көтеруі керек еді. Бұл сұқбатта қоғамдық мүдде ескерілмеген, жай кликбейт болып тұр. Арнасына адамдарды шақырып, қаралым жинау керек болған. Мұндай тілшілерді журналистік қауымдастық қатты сынға алуы керек. Әлемдік тәжірибеде журналистік этикаға қарсы әрекет еткендерді әкімшілік жаза ма, әріптестік жаза ма, қызметінен шеттететін белгілі бір жаза тағайындайды. Бізде ондай жоқ. Бізде заңдар ұнатпайтын адамдарға ғана жұмыс істейді. Бұл өкінішті жағдай», - дейді медиамаман.

Осыдан екі жыл бұрын елімізде әйелдер мен балалар құқығын қорғайтын заң күшейтілді. Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық, сталинг атаулының бәрі заңмен құдаланады. «Айтылған сөз атылған оқпен тең» екенін ескерсек, аталмыш сұқбаттан кейінгі қоғамның реакциясы журналистің қоғамдағы рөлін тағы бір айқындап, сөз салмағанына абай болмағандар ертең халық алдындағы абырой-беделінен айырылатынын меңзеп тұрғандай.