Бес елден дайындық курсына келген бір топ студент комиссия қорытындысына наразы

26.09.2019, 20:00

3

Моңғолия, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Түркіменстаннан Қазақстанға келіп, дайындық курсына өту үшін емтихан тапсырған 40 шақты жас 26 қыркүйекте «Нұр Отан» партиясы кеңсесіне жиналып, комиссия шешімінің қорытындысына наразылық білдірді. Дайындық курсына емтихан 13 қыркүйекте өткен, ал комиссия қорытындысы 25 қыркүйекте кешке шыққан.

Жастар өздерін Еуразия ұлттық университетіне қабылдамағанына наразы. Олардың пікірнше, «комиссия әділ шешім қабылдамаған, себебі тіпті төмен ұпай алғандардың өзі Еуразия университетіне өтіп кетіп, жоғары ұпай алғандарды аймаққа жіберген».

Білім және ғылым министрлігінің өкілі Айгүл Жұмабекова Моңғолиядан келген студент Аймөлдір Білімханқызын жұбатуға тырысып жатыр. Нұр-Сұлтан, 26 қыркүйек 2019 жыл. /> Білім және ғылым министрлігінің өкілі Айгүл Жұмабекова Моңғолиядан келген студент Аймөлдір Білімханқызын жұбатуға тырысып жатыр. Нұр-Сұлтан, 26 қыркүйек 2019 жыл.

— Өзім 15 балл алғанмын. Бірақ менен төмен алғандарды Еуразия университетіне қабылдаған да мені Қарағандыға жіберген. Еуразия университеті басында жоғары балл алғандар қабылданады деп айтқан еді. Біз «8 балл алғандарды қабылдама деп тұрған жоқпыз, бәрімізді қабылдаңыздар» деп тұрмыз. Өйткені біздің ол жақта тұратын жеріміз жоқ, баратын ақшамыз да жоқ. Емтихан нәтижесі шыққан соң бізді жатақханадан қуады. Оның үстіне астанада оқығымыз келеді, — деді Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан келген Аймөлдір Білімхан.

«Отандастар» қорының өкілі Бақыт Сарайқызының айтуынша, Еуразия университетіне қабылданғандар арасында тіпті емтихан тапсырмаған «екі бөтен студент те» болған. Қор өкілінің дерегінше, биыл университет бойынша дайындық курсына 396 бала тіркелген. Оның 310-ы емтихан тапсырған. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті басында 100 квота бөлген екен, бірақ қор өкілдерінің өтінішімен квота санын 140-қа жеткізген.

— Еуразия университетінің өзі қанша бала болса да қабылдай аламыз деп отыр. Ендеше барлық баланы неге қабылдамасқа? «Шақыр, шақыр» деп айтады. Енді келіп еді, олардың жағдайын жасай алмай отыр, — деді Бақыт Сарайқызы Азаттық тілшісіне.

Еуразия ұлттық университетінің халықаралық байланыс департаментінің маманы Абай есімді қызметкер «студенттердің шағымынан хабардар екенін, бірақ мәселені университет шешпейтінін» айтты.

— Өйткені комиссия құрамын білім және ғылым министрлігі бекітеді. Біз өткен студенттерді ғана қабылдаймыз. Министрлік шешіміне қарсы шыға алмаймыз. Бірақ қолымыздан келгенше көмектесуге тырысамыз, — деді ол.

Білім және ғылым министрлігінің өкілі Айгүл Жұмабекованың айтуынша, биыл республика бойынша дайындық курсына 1000 орын бөлінген. «Комиссия әділ шешім шығармады, төмен балл алғандар Еуразия университетінде қалып қалды» деген студенттер шағымына байланысты не айтасыз? деген сұраққа ол:

— Биыл бізде әр қатысушы үш жоғары оқу орнын таңдады. Бәрі сол таңдауға негізделген. Бір оқу орнына мысалы жүз орын бөлінсе, орын жетпей қалғандар басқа жоғары оқу орнына кетеді. Еуразия ұлттық университетіне 915 бала түсті. 85 бала тек осы университетті таңдаған. Сол себепті оларды осы жерде қалдырдық, — деп жауап берді.

Ресми дерек бойынша, жыл сайын дайындық курсына 1200-1400 орын бөлінеді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Коронавирус жұқтырған 4 адам қайтыс болды
    11:31
  • Кәдеге аспаған диплом
    17.09.2020, 11:16
  • Бетпердені автобуста сатып алуға болады
    20.08.2020, 16:26
  • Өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан тағы 6 адам қайтыс болды
    16.09.2020, 09:45
  • Жәрмеңке қайта жалғасады
    11.09.2020, 21:58