Бесеу – алтау болса, Орта Азия оңала ма?
Қарашаның басында АҚШ-қа барып, Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездесіп қайтқан Орта Азиядағы бес елдің президенті араға он күн салып Ташкентте қайта бас қосты.
Осы екі кездесудің арасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге сапарлап, Кремль қожайыны Владимир Путинмен жолығып үлгерді. Қысқасы, қыс жақындап, күн суытқан тұста аймақтың саяси температурасы жоғарылап тұр.
Мамандар қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты Орта Азияның маңызы артып келе жатқанын айтады. Мысалы, Ақ үй Ресей мен Қытайдың ықпалын тежеу үшін және өзіне қажетті қазба байлыққа қол жеткізу үшін бұл аймаққа назар аударып отыр. АҚШ-тан бөлек, Қытай, Ресей, Еуропа елдері де C5+1 форматында Орта Азия елдерімен байланыс орнатуға ынталы. Атап айтқанда, 2025 жылы 9 қазанда Душанбеде екінші «Орта Азия – Ресей» саммиті, маусымда Астанада «Орта Азия – Қытай» саммиті, сәуірде Өзбекстанда «Орта Азия – Еуроодақ» саммиті өтті.
Бір жылда Орта Азия басшылары осынша елмен бірыңғай субъект ретінде кездесу өткізді. Демек біздің аймаққа қызығушылық бар деген сөз. Мұндайда жарқын болашақтан үміті бар кез келген мемлекет мүмкіндікті мүлт жібермей, халықаралық деңгейде тиімді келісімшарттар жасауға тырысады. Ал Орта Азия елдері қандай қадам жасап жатыр? Сарапшылар өңірдегі 5 мемлекет жеке өз алдына әлемдік аренадан ойып тұрып орын ала алмайды, сол үшін бірыңғай аймақ ретінде әрекет еткені жөн деп санайды.
Бауырластық па, бәсекелестік пе?
Осы тұста Орта Азия елдері бірігіп, халықаралық саясатта елеулі ойыншыға айналуға дайын ба деген сұрақ туындайды. Президенттер салтанатты жиындарда бауырлас халықпыз деп бір-біріне елжірей сөйлеп жатады, өзара ынтымақтастық нығайып келеді деп жалынды мәлімдемелер жасайды. Бірақ мұның көбі әдемі сөз ғана екенін көпшілік жақсы біледі. Мысалы, былтыр өңір ішіндегі сауда-саттық көлемі небәрі 11,5 млрд доллар болды. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы Қазақстанның ЕАЭО елдерімен өзара саудасы 30 млрд доллардан асқан.
Мұндай есек аяңның себебі не? Ең алдымен, сөз жүзінде «бауырмыз», «доспыз» деп даурыққанмен, аймақ басшыларының ешбірі шынайы одақ құруға ұмтылған емес. Керісінше, іштей бәсекелес болып, «өңір көшбасшысы» атануға ұмтылады. Президенттерден тартып, қарапайым халыққа дейін көрші елден көші озғанын мақтан тұтады. Билік басындағылар кез келген жұмысына «Орта Азияда теңдесі жоқ» немесе «Орта Азиядағы ең ірі» деген қалпақ кигізуге әуес. Ал халық спортта, өнерде бір-бірінен озғанына мәз. Мысалы, қырғызды көкпардан, өзбекті бокстан жеңсек, мерейіміз тасып қалатыны жасырын емес.
Екіншіден, Орта Азия елдері Кеңес одағының шекпенінен шыға сала бір-бірінің тәуелсіздігін мойындап, бірге дамуға уәделесіп, консультациялық кеңес құрған. Содан бері жыл сайын кездесіп, кеңес өткізіп келеді. Бірақ көрші елдер арасында шешілмеген шекара дауы бар. Тіпті кей президенттер өзара дүлдараз екені де жасырын емес. Мысалы, Өзбекстан мен Қырғызстан, Қырғызстан мен Тәжікстан, Тәжікстан мен Өзбекстан арасында шекараға байланысты дау туған. Тіпті кейбірінде қан төгілді. Қырғызстан мен Тәжікстан күні кешеге дейін жерге таласып, бір-біріне оқ жаудырып, тас атысып келді. Бұл мәселе Түркі мемлекеттері ұйымының саммиттерінде бірнеше мәрте айтылды.
Абырой болғанда, Қазақстанның Орта Азиядағы көршілерімен шекара дауы жоқ. Қырғызстанмен 2001 жылы, Өзбекстанмен 2002 жылы, Түркіменстанмен 2001 жылы шекара белгілеу мәселесін біржола шешкеміз. Бірақ бұған қарап, Астана «бауырларымен» бал жаласып отыр деуге тағы келмейді. Суға, газға байланысты дау-дамай үнемі болып тұрады. Бішкек билігі жазда Талас өзенін, Ташкент Сырдарияны буып тастап, қазақ даласын қаталатқан кезі аз емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Өзбекстан қыстың көзі қырауда газ жібермей, Алматыны тоңдырғанын халық әлі ұмытқан жоқ. 2017 жылы Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан билігін сынап, шенділер халықтың байлығын ұрлап жатыр деп айыптаған. Бұған жауап ретінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев шекараны жауып, транзитті тежегені есте. Айта берсек, мұндай оқиғалар көп.
Үшінші әрі маңызды себеп, аймақ басшыларының көбі билікті ұзақ уақыт шеңгелінен шығармай отырған диктаторлар. Тіпті билік әкеден балаға мұраға қалған жағдайлар да бар. Көбі билікке әділетсіз сайлау арқылы келген. Мұндай басшыларға тиімді халықаралық одақ құрып, мемлекеттің дамуын ойлағаннан гөрі билігінен айырылып қалмау әлдеқайда маңызды. Мамандар авторитарлы елдер ешқашан тең құқылы ұйым құра алмайды деп санайды. Осы тұжырымға тоқтасақ, Орта Азия елдерінен оңтайлы одақ шығарына сену қиын.
«Екінші дүниежүзілік соғыс біткен соң Ялта конференциясы өтіп, әлемді бөліске салғанын білеміз. Дәл қазір жүріп жатқан процесті Ялта конференциясымен салыстыруға болады. Қазір де ірі елдер әлемді бөліп жатыр. Бірақ бұл жолы саяси тұрғыда емес, экономикалық жағынан бөліп алуға әрекет етіп жатқаны белгілі. Яғни, әлемде үлкен өзгеріс болып жатыр. Осыған орай Орта Азия аймағының да маңызы артып келеді. Бұрын әлемде дамыған Батыс мемлекеттері қожайын болса, қазір оларға альтернатива пайда бола бастады. Қытай, Үндістан сияқты дамушы елдер күшейіп келеді. Біздің аймақ та осы мүмкіндікті тиімді пайдалануы қажет», – дейді саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев.
Ташкентте не талқыланды?
16 қараша күні Өзбекстан астанасында Орта Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуі өтті. Жиынға аймақ елдерінің президенттерінен бөлек Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев қатысты. Әлиев жай қонақ ретінде келген жоқ, Ташкентте Консультативтік кеңеске толық құқылы мүше болып қабылданды. Баку Орта Азиядан алшақ жатқанмен, мұндағы елдермен Каспий теңізі арқылы шектеседі, оның үстіне бауырлас мемлекет ретінде бізбен қатар тұруға әбден қақысы бар.
Ташкент төрінде жиналған президенттер консультативтік кездесудің тиімділігі дәлелденгенін атап өтті. Олар әлем елдерінің аймаққа назар аударуы өңірдегі бес елдің өзара байланысының арқасы деп санайды. Жиында Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев кездесудің форматын «Орта Азия қауымдастығы» стратегиялық платформасына өзгертуді ұсынды. Бұл ұсыныс қазіргі кеңесті одақ деңгейіне көтерудің алғы шарты болуы мүмкін.
Консультативтік кездесудің қорытындысы бойынша президенттер бірнеше құжатқа қол қойды. Мемлекеттер сауда, өнеркәсіп, логистика және өзге салаларда әріптестікті тереңдетуге уәделесті. Сондай-ақ әлемдегі геосаяси жағдай жылдам өзгеріп жатқан тұста аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты күшейтуге келісті.
Орта Азия елдерінің басшылары жыл сайын кездесу өткізіп жүрсе де, өзара байланыс жақсарып кетті деу қиын. Бұрын аймақ басшылары араға біршама уақыт салып, формалды, бір реттік кездесулер өткізсе, кейінгі бірнеше жылда тұрақты форматта жиналып жүр. Мысалы, Ташкентте Консультативтік кездесудің жетінші отырысы өтіп отыр. Бұл формат 2018 жылы басталған. Алғашқы отырысы Астанада өтті. Одан кейін президенттер Ташкентте, Ашхабатта, Шолпан Атада, Душанбеде кездесті. Астана мен Ташкент кездесуді екі мәрте қабылдады. Кеңес соңы Мирзиеев айтқандай, қауымдастыққа, одаққа ұласа ма, белгісіз. Құрамында Түркия сияқты ірі ел бар Түркі мемлекеттер ұйымының өзі саяси салмағы бар институтқа айнала алмай отырғанда, Орта Азия одағы құрылып, оның маңызды орталыққа айналарына сенім аз.
Жиналыста Орта Азия елдерінің Еуразиядағы негізгі транзиттік торапқа айналуға мүмкіндігі мол екені айтылды. Бұл пікірмен келісуге болады. Біздің аймақ шығыс пен батысты, оңтүстік пен солтүстікті байланыстыратын тоғыз жолдың торабында орналасқан. Тек осы мүмкіндікті пайдалана алсақ болғаны. Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы мен Астананың арманына айналған Транскаспий бағыты аймақ үшін өте маңызды. Транскаспий бағытын жүзеге асыруға Әзербайжанның да маңызы зор, шығыстан шыққан жүк Каспий теңізі арқылы Бакуге жетіп, әрі қарай Еуропа асады. Осы тұрғыдан алғанда C5-тің қатарына Әзербайжанның қосылғаны құптарлық қадам.
Сондай-ақ кеңесте сирек кездесетін металдарды өндіру, жасанды интеллект саласындағы серіктестік, су қауіпсіздігі, терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес және мәдени-гуманитарлық байланыстар жайлы сөз болды.
Ермахан Қалмырзаев, саясаттанушы: Орта Азия елдерінің бір-біріне деген сенімі артып келеді
– Әзербайжанның Ташкенттегі кеңеске толық мүше болуы мен Түркіменстанның белсене атсалысуы – Орта Азия елдері бірлестігінің жандана бастағанын білдіреді. Егер өңірлік алаң әлсіз, символикалық қана мәнге ие болса, оған сырттан ешбір мемлекет бет бұрмас еді. Демек Бакудың қатарға қосылғаны Орта Азиядағы интеграцияның ішкі шеңберде ғана қалмай, түркі кеңістігі мен Каспий-Кавказ бағытындағы кең ауқымды геосаяси факторға айналып келе жатқанын байқатып отыр. Сондай-ақ Түрікменстанның жаңа саяси мінезі де аймақтағы интеграцияға серпін бермек. Көп жылдар бойы бейтараптығын қатаң сақтап, аймақтық форматтарға өте сақ қарап келген Ашхабад кейінгі кезде ортақ іске жиі араласа бастады.
Осы кеңестің өзегі саналатын қазақ-өзбек қарым-қатынасы әзірге оң бағытта өрбіп келеді. Өзбекстан есікті айқара ашқан соң қазақ кәсіпкерлері ол елдің қаржы нарығында бой көрсете бастады. Бұл екі ел арасындағы кешенді барыс-келістің бастауы деп есептеймін.
Ташкент саммитінің саяси мәнін аймақ елдерінің бір-біріне деген сенімінің күшеюі десек, экономикалық өлшемін бұрын-сонды болмаған транзиттік интеграцияның басталуы деп бағалауға болады. Кейінгі кезде көлік дәлізі, логистикалық хаб, трансшекаралық инфрақұрылым туралы нақты жобалар ұсынылып, бірқатары іске аса бастады. Бұл өңір экономикасының оңтүстікке, батысқа және шығысқа қатар ашылатын көпбағытты модельге айнала бастағанын білдіреді. Орта Азия елдерінің ынтымақтастығы аясында оңтүстік бағытта Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан нарығына жол ашып, екінші жағынан, Иран арқылы Парсы шығанағына қанат жаюға мүмкіндік туады. Осы үрдістердің бәрі бір арнада тоғысса, Орта Азияны Еуразияның жаңа стратегиялық өзегіне айналдырады деп есептеймін.
Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасы
Орта Азия басшыларының кездесуінен бір күн бұрын Қазақстан президенті мен Өзбекстан басшысы кездесу өткізді. Кездесуде екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су-энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығы талқыланды. Тоқаев Мирзиеев қонақжайлылық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, сапарының басты мақсаты – қос халықтың достығын нығайту екенін атап өтті. Өзбек басшысы да екіжақты ынтымақтастық дамып келе жатқанын айтып, екі елдің тату көрші әрі шынайы дос екенін айтты.
Сондай-ақ Ташкент тарапы Тоқаевтың сапарын «өзбек-қазақ стратегиялық серіктестігі мен одақтастық тарихындағы жаңа кезеңге жол ашатын қадам» деп бағалады. Ал Ақорда барынша салқынқандылық танытып, оңтүстіктегі көршімізбен қарым-қатынасты нығайта түсетін келіссөз жүргіздік деумен шектелді.
15 қарашада Тоқаев пен Мирзиеев видео байланыс арқылы Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен жобаларын іске қосу рәсіміне қатысты. Қос тарап өнеркәсіп, құрылыс, мұнай-газ химиясы, қаржы, логистика және туризм салаларында жалпы құны 1,2 млрд доллар болатын 7 жоба әзірлепті. Қос президент символикалық түймені басып, бірнеше жобаны бастап берді. Атап айтқанда, Сырдария және Түркістан облыстарында «Орталық Азия» өнеркәсіп кооперациясы орталығы, Ташкентте Tenge Bank бас кеңсесі жұмыс бастады. Сондай-ақ Ташкентте «Астана» қонақүйінің, ал елордада – «Ташкент» қонақүйінің құрылысы басталды. Сондай-ақ Мирзиеев Қазақстан президентін «Олий Даражали Дустлик» («Жоғары дәрежелі достық») орденімен марапаттады.
Қуаныш ҚАППАС